Хас шеберлер байқауы

Хас шеберлер байқауы

Хас шеберлер байқауы
ашық дереккөзі
1216
Алматыдағы SmArt.Point кеңістігінде орналасқан Трансформа театрының сахнасында «ШЕБЕР-2017» Қазақстан қолөнершілерінің республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бірнеше жылдан бері ұлттық қолөнер фестиваліне айналған байқаудың марапаттау шарасында көрме ашылды. «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен өткізіліп келе жатқан шара еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады. «Шеврон» компаниясының өкілі Лейла Айтмұханованың айтуынша, ««ШЕБЕР» – 2006 жылдан бастап «Шеврон» корпорациясының бастамасымен және қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақстандағы қолөнер және дәстүрлі кәсіпшілікті жаңғырту» бағдарламасының бір бөлігі. Жобаны Қазақстан қолөнершілер одағы «Our Heritage» қоғамдық қорымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігімен және «Орталық Азияның Еуразия Қоры» (ОАЕҚ) КҚ-мен бірлесе отырып жүзеге асырды. Қазақстандағы қолөнерді дамыту жобасы елде 25 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан «Шеврон» компаниясы әлеуметтік инвестицияларының ең қомақтыларының бірі. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, байқау 2009 жылдан бастап осымен тоғызыншы рет өткізілген. Басты мақсаты – Қазақстандағы қолөнер индустриясының дамуын ынталандыру, дарынды және келешегі бар қолөнершілерді іздеу, сонымен қатар отандық қолөнер бұйымдарын жасаушылардың жетістіктері мен әлеуеті туралы қалың көпшілікті ақпараттандыру. Бағдарлама іске асырылған жылдар ішінде жоғары жетістіктерге қол жеткізіпті. Атап айтқанда, Қазақстан қолөнершілер одағы құрылған. Ұйымның қызметі қолөнершілердің кәсіби білігін арттыру, қоғамдағы маңызын жоғарылату, мәдени және рухани құндылықтарды, елдің тарихи және этнографиялық мұраларын келешек ұрпақ үшін сақтау мен дамытуға, қолөнер индустриясын өркендетуге бағытталған. Одақ қолөнер өнімдерінің сапасын арттыру мен ассортиментін кеңейту, халықтық кәсіптерді дәріптеу және насихаттау мақсатында байқаулар, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізеді, қолөнершілердің кәсіби жетілуіне, олардың кәсіпкерлік қабілеттерінің дамуына атсалысады, оқыту және кеңес беру жұмыстарын жүргізеді, оқу құралдарын, бюллетеньдер және басқа да баспа өнімдерін шығарады. Жыл өткен сайын байқауға қатысатын қолөнер бұйымдарының сапасы жоғарылап, Қазақстанның ең үздік шеберлерін анықтау әділқазылар алқасына қиындай түскен көрінеді. Биыл байқауға қатысуға 90 өтініш келді, жұмыстардың сапасының жоғары болғаны сондай, жоспарланған 20 жұмыстың орнына ақтық сайысқа 36 жұмыс қатысты. Жұмыстардың көпшілігі елдің әр аймағындағы жас қолөнершілердің қолынан шыққан туындылар: Түркістан, Шымкент, Қостанай, Қызылорда, Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан облысы. Байқау жұмыстарын өнертанушылардан, суретшілерден, ЮНЕСКО, «Шеврон» корпорациясы мен ОАЕҚ өкілдерінен құралған беделді сарапшылар комиссиясы анықтады. Он номинация бойынша жеңімпаздар жарияланды: «Мұрагер», «Жоғарғы шеберлік», «Асыл ұстаз», «Жоғарғы сапа», «Жаңашылдық», «Дарынды бастау». «Төлтумалық», «Экодизайн», «Ұлттық мәдени бренд», «Қазақстандық ұлттық кәдесый» және «Озат iскер» номинациялары бойынша, сондай-ақ, шеберлердің пікіріне сай, 2017 жылдың ең үздік шеберіне Қазақстан қолөнершілер одағының бірегей марапаты – «ХАС ШЕБЕР» табысталады. Ол – ерекше дизайндағы күміс медаль және сертификат. Сонымен, жеңімпаздарға келсек, «Асыл ұстаз» аталымы бойынша Гүлмира Терлікбаева, «Жаңашылдық» – Қайырбек Жексембаев, Бауыржан Жетпісәлиев, «Жоғары шеберлік» – Жолаушы Тұрдығұлов, Еркін Байсұлтанов, Сағындық Бейсенбаев, Сейфулла Рыстан, «Төлтумалық» – Мереке Айдарша. Жеңімпаздардың барлығына Үндістанда өтетін «Қолөнер. Би. Музыка» атты халық­аралық фестивальге жолдама берілді. Сонымен қатар барлық финалистер мен фестивальге қатысушылар сыйлық ретінде жетекші зергер-ұсталардың бірі, «МҰРАГЕР» номинациясы бойынша жеңімпаз, Халық­­аралық Сапа белгісінің иегері Аман Мұқажановтың жұмыстары бейнеленген ашық хаттар топтамасына ие болды. «ШЕБЕР-2017» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінің аясында белгілі қазақстандық зергер Илья Казаковтың «Шамандар дауысы» аталатын күміс әшекейлерінің жаңа топтамасы және алматылық суретші Айжан Бекқұлова мен Ақтаудың жетекші шебері Сағынаева Әуестің тандемінен туындаған «Қазақтар теңізші болғанда» атты этникалық киізден жасалған киімдер топтамасы, жарық шамдар шоулары мен жанды мүсіндер шоуы көрсетілді. Фестиваль барысында қолөнер бұйымдарының көрмесі ашылды. Аталған көрменің негізін «Шебер» байқауының және «ЮНЕСКО сапа белгісі» (150-ден астам бұйымдар) халықаралық байқау жеңімпаздарының туындыларынан құралған коллекция қамтыды. Мәселен, Қазақстанның қолданбалы өнерінің қазіргі жағдайынан мәлімет беретін киіз, зергерлік өнер, біз кесте, керамика, ағаш ою, металды көркемдеп өңдеу, тоқымашылық және дәстүрлі киімдер. Оңтүстік Қазақстан облысының мұражайы мен АҚШ Конгресінің кітапханасы («Түркістан альбомы») дайындаған 19-20 ғасырлар тоғысындағы қазақтардың өмірі бейнелеген мұрағаттық фотосуреттер көпшілік үшін жаңалық болды. Сондай-ақ, фестиваль шеңберінде дәстүрлі қолөнер түрлері бойынша мастер-шоу өткізілді: киіз басу, дәстүрлі ілгекпен кесте тігу өнері – біз кесте, көзеші шарығында керамика жасау, басқұр тоқу, зергерлік өнер және т.б. Шеберлік сабақтарын республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері, атақты қолданбалы өнер шеберлері өткізді.

Серіктес жаңалықтары