277
Қазақ журналистері сириялық босқындар лагеріне барды
Қазақ журналистері сириялық босқындар лагеріне барды
Бүгінде Түркия 3 млн 400 мың сириялық босқынға пана болып отыр. Қайырымдылық бойынша екінші орында тұрған Түркия мемлекеті 2012 жылдың ақпанынан бері сириялық босқындарға 30 млрд АҚШ долларын жұмсапты.
Газиантеп қаласына түнде жеттік. 400 мың босқынды сыйдырған бұл қаланың сыртқы кейпі де бөлек. Сұрқайы тартқан провинция депрессиялық көңіл-күйде. Біз Газиантеп қаласынан 50 шақырым жердегі Низип аймағынан бой көтерген лагерьге барып, босқындардың өмірімен таныстық. Түріктер біз сияқты "босқын" немесе "беженцы"деп айтпайды. Кіреберіс жерге "konaklama" деп жазылған. Жалпы, мұнда екі лагерь бар. Бірі - 2012 жылы, екіншісі - 2013 жылы ашылған. Соңғысындағы 900 контейнерде 3900 адам тұрады. Оның 1600-ы оқушы. Мұнда олар білім де алады, ем де алады. Кішкентай балақайлар үшін балабақша да бар. Ал емханада Сириядан келген алты дəрігер жұмыс істейді. Мұнда әйелдер киім тігіп, қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылданады. Оны арнайы тапсырыс беріп, сатып алатындар да бар. Ал қайырымдылық, адамгершілікті бәрінен биік қоятын Түркия сириялық отбасының әр мүшесіне ай сайын 100 лиродан береді. Оны азық-түлікке, керек-жарағына жұмсайды. Сол лагерьдің өзінде тауары арзан бағамен сатылатын арнайы дүкен бар. Тіпті, ер азаматтарына лагерьден сыртқа шығып, жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Ал бір отбасы 21 шаршы метр контейнерде тұрады. Соған қарамастан, ұрпақ санын да көбейтуде. Мәселен, суреттегі отбасы жақында бесінші баласы - Ибрагим Кемалды өмірге әкелген. Әрине, өз елінен безіп, жат елде бой тасалаған жандардың көзіне тіке қарай да алмайсың. Оған дәтің де бармайды. Әсіресе, балаларды көргенде жүрегім шымырлап қоя берді. "Келіңдер, суретке түсірем" деп едім, "О-о-о, понарома" деп жаныма топырлай кеткені. Жатырқап, қашып жүрген баланы кездестірмедік. Бала қайда да бала ғой. Бауырмал, көпшіл. Тіпті, бір бала жүгіріп келіп, әріптесіме кәмпит беріп жатыр. Қолындағыны бөліп беруге даяр. Бөгде елде, контейнерде не үшін тірлік кешіп жатқаны туралы қазір аса бас қатыра қоймауы мүмкін, бірақ ертең нағыз ұлтжанды азаматтар осылардың арасынан шығатынына сенемін. Өкініштісі сол, соғыс балалардың балалық шағын ұрлады... Жанары жәутеңдеген мына балалардың бәрінің басын сипап, махаббатымызды үйіп-төксек те, өз үйіне жетері жоқ. Туған Отанын аңсаған олар қырғиқабақ соғыстың тоқтаған күнін көруге асық. Алла мүсәпірлерді есіркесе екен. Құдай соғыстың бетін аулақ етсін... P.S. Айтпақшы, сириялық босқындар тұрып жатқан лагерьге Қазақстан журналистерінің алғаш келуі. Ал бұдан былай Сириядағы соғыс туралы ақпараттың бәрі осы көріністі көз алдыма әкелетін болды...