475
«Жасыл планетаны» таңдаған балалар
«Жасыл планетаны» таңдаған балалар
«IITU Robocon Games» байқауында Алматы қаласы мен Алматы облысындағы 15 мектептің оқушылары ойын алаңында бас қосып, заманауи технологияларға қатысты білім мен білікті сарапқа салды. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ұйымдастыруымен, «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылған бұл байқаудың қорытындысында жеңімпаздар анықталды.
Жыл сайын өткізілетін «IITU Robocon Games» биыл «Жасыл планета» тақырыбын таңдапты. Қоршаған орта мен табиғаттың бүгінгі ахуалы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін ескерсек, байқаудың маңыздылығы байқалады. Байқау барысында ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова ханым: «Рухани жаңғыруды негізге алған елімізде балаларды жас кезінен бастап инновациялық технологияларды жетік меңгеруге баулу қажет Робот құрастыру – балалар бастауыш сыныпта жүргенде-ақ заманауи технологиялармен жақын танысуға мүмкіндік беретін сала. «Шеврон» компаниясының арқасында мұндай байқауларды қалааралық деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік туды. Робот құрастыру арқылы балалар ересек өмірге мектеп қабырғасында жүргенде дайындалады», – деді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы алты ай ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысындағы 15 мектептің оқушылары 2 роботты құрастыруға күш салған. Қойылған талап бойынша, роботтар санаулы минуттарда ағаштар мен бұталарды отырғызу, Жер шарын көгалдандыру, соңына қарай Айды адамдардың өмір сүруіне қарай бейімдеп, ол жаққа ағаш отырғызумен айналысу сияқты бірнеше тапсырманы мүлтіксіз орындауы тиіс. Тапсырманы орындау барысында балалар мен олардың ұстаздары механика, электроника, бағдарламалау мен басқа да аралас салаларды пайдаланған.
Бүгінде робот құрастыру мектептерде жоғары сынып оқушыларына пән ретінде үйретіледі. Бірақ «IITU Robocon Games» байқауын ұйымдастырушылар аталған пәнді балаларға бастауыш сыныптарда енгізу керек деген ұстанымда. Балалар мен жасөспірімдер үшін аса пайдалы жоба туралы ой бөліскен №166 физика-математикалық лицей командасының капитаны, 10 «А» сыныбының оқушысы Елшат Досқалиев: «IITU Robocon Games» чемпионатында бақ сынап жатқаныма қуаныштымын. Біз құрастырған роботтар Arduino микроконтроллерінің платформасында дайындалды. Болашақта «Internet of Things – IoT» саласының маманы болғым келетіндіктен, Arduino шеңберіндегі тәжірибе жинақтау өте маңызды», – дейді.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті «Мехатроника және зияткерлік жүйелер» зертханасының меңгерушісі Нұрлан Кәрімжанның айтуынша, робот жасаудан жарысу оқушылардың ой-өрісін, білім көкжиегін айтарлықтай кеңейтеді: «IITU Robocon Games» байқауының нәтижесінде біз еңбек нарығына мамандар шығарамыз. LEGO EV3 конструкторымен салыстырғанда, Arduino микроконтроллері негізінде робот құрастыру – 12-18 жас аралығындағы балаларға арналған күрделі жүйе».
Сонымен, 2017 жылғы ІІІ чемпионатта 1-орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия оқушылары иеленсе, 2-орын «Мирас» мектебінің тәлімгерлеріне бұйырды. Ал 3-орын «Makerspace» зертханасының қанжығасында. Ал 4 және 5-орынды №165 арнаулы лицей мен Назарбаев зияткерлік мектебінің Алматы филиалының оқушылары өзара бөлісті. Жеңімпаздарға Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің білім гранты мен бағалы сыйлықтар табыс етілді