Салық кодексі:  баж салығы архаизмге айнала ма?..

Салық кодексі:  баж салығы архаизмге айнала ма?..

Салық кодексі:   баж салығы  архаизмге айнала ма?..
ашық дереккөзі
601
  Жаңа жыл көлік жүргізушілері үшін жағымды жаңалықпен басталды. Өткен жылдың 28 желтоқсанында мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Біріншіден, елімізде көлік құралдарын тіркеудің ережесі өзгерді. Екіншіден, бірқатар айыппұлдардың көлемі азайды. Үшіншіден, темір тұлпарлардың мемлекеттік нөміріне көлік иелерінің атын жазу ұсынылды. Сондай-ақ, мемлекеттік нөмірді қайта алу кезінде баж салығын екінші рет төлемеу үшін, (2018 жылдан бастап жыл сайынғы АЕК көлемінің өсуіне байланысты 6 798 теңге) агенттіктің нұсқауымен салық кодексіне өзгертулермен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде жаңа құжат көлік иелерін артық шығыннан босатты. Осыған дейін көлік иелері автокөліктерін есептен шығарған кезде қайта тіркелген көлікте бұрынғы мемлекеттік нөмірін қалдыру үшін 2,8 АЕК көлемінде баж салығын қайта төлейтін. Бұл талапты ішкі істер министрлігі мен арнайы ХҚО қатар қоятын. Агенттіктегілердің айтуынша, бір жылда орташа есеппен 11 мыңға жуық азамат 63 млн теңге мемлекеттік баж салығын төлеп, мемлекеттік нөмірлерін өздерінде қалдыруға өтінім береді. Биылға дейін автокөлік иелері жоғалған немесе жарамсыз болып қалған мемлекеттік нөмірлерге де мемлекеттік баж салығын төлеуге немесе көлік құралын қайта тіркеуге міндетті болған. Мемлекеттік нөмірлердің көшірмесін жасау үшін орташа есеппен жылына 1,9 мың азамат 11 млн теңге қаржы жұмсап жүрді. Жаңа салық кодексі бойынша қосымша шығындарды қысқарту мақсатында бұдан былай автокөлік иелері мемлекеттік нөмірге 6 798 теңгенің орнына 3 399 теңге төлейтін болды. Жаңа құжатқа сәйкес, жол ережелерінің бұзылуына қатысты 22 түрлі айыппұлдың көлемі азайтылды. ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы Нұрсейіт Әбішев мәлімдегендей, жаңа заң бойынша шекті жылдамдықты 10-нан 20 шақырымға асырған жүргізуші бұрынғыдай 10 емес, 5 АЕК-пен жазаланатын болды. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұраққа көлігін қойып кеткен он екі мүшесі сау азаматтар осыған дейінгідей 120 мың емес, 22 мың теңге төлеуге міндеттелді. «Жол полициясы қызметкерлерінің талабына бағынбай, қасақана қашқан жүргізушілер былтырға дейін 1 жыл көлік құралын басқару құқығынан айырылатын. Жаңа заң жазаның дәл осы түрін 6 айға қысқартты және жүргізушіні бюджетке 68 мың теңге төлеуге міндеттеді. Жолдың қарсы бетіне шығып кеткен жүргізуші әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша, бір жыл темір тұлпарын тізгіндей алмайтын. Жаңа заң жазаны жұмсартып, 30 АЕК мөлшеріндегі айыппұлға ауыстырды», – деді Нұрсейіт Әбішев. Оның айтуынша, кодекске сәйкес, жол жүру ережесін бұзған адам өзіне салынған айыппұлды 7 күннің ішінде төлесе, бұрынғыдай 50%-дық жеңілдікке ие болады. Көлігінің шамын күндіз жақпаған жүргізушілерге ескерту жасалады. Егер ереже бұзу қайталанатын болса, жүргізуші 7 мың теңге айыппұл арқалайды. Бұл үкімет жол жүру ережесін бұзатын көлік жүргізушілерге жеңілдік жасап отыр, бұдан былай жол жүру ережесін өрескел бұзғандар ғана қатаң жазаланады, ұсақ ереже бұзғандар тәртіпке шақырылады дегенді білдіреді. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев ақысын төлеген жүргізушілерге шет мемлекеттердегідей темір тұлпарларының мемлекеттік нөмірінің орнына өздерінің есімін жазу мәселесін көтерді. «Бізде де автокөлігінің мемлекеттік нөміріне есімін жазып алғысы келетін байлар бар. Неге қолданысқа осыны енгізбеске? Нөмірдің бағасын бюджетке қомақты қаржы түсетіндей көлемді етіп қояйық. Ертеңгісін атын жазып алып жүретін адам болса, жүре берсін», – деді Омархан Өксікбаев. Оның пікірінше, мемлекеттік нөмірдің орнына адамның аты мен көліктің қай аймақта тіркелгенін нақтылайтын белгі болса жеткілікті. Үкімет 2015 жылы қымбат нөмірлерді ашық саудалауды заңдастырғаны белгілі. Ал өткен жылы ішкі істер министрлігі халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 15 мың 760 vip-нөмір сатып, қазынаға 5 жарым млрд теңге түсірді. 001, 009 және 777 деген нөмірлер 517 мың теңгеден сатылды. Осы сандардың қасына аты-жөндерінің алғашқы әріптерін орналастыруды сұраған көлік жүргізушілері үкіметке 646 мың теңге төледі. Ал 100, 200, 300 деген нөмірлер 300 мың теңгеден саудаланды. Айта кету керек, 2008 жылы БАӘ-де кәсіпкер 14 млн долларға мемлекеттік нөмір сатып алса, 2014 жылы Ұлыбритания азаматы өзінің есімін білдіретін F1 мемлекеттік нөмірін иемдену үшін 10 млн доллар жұмсаған. Ал 2016 жылы Қырғызстанда 777 ААА деген мемлекеттік нөмір онлайн-аукцион арқылы 25 мың АҚШ долларына сатылған. Бізде әдемі нөмір мен әдемі сериялық әріпке ие болғысы келген адамдар бюджетке 646 мың теңге төлейді.

Елімізге ескі көлік  кіргізілмейді

Жаңа жылдан күшіне енген «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексі бұған дейін де талай өзгеріске ұшырады. Бұл ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміздің тарихындағы үшінші кодекс. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің кедендік әдістеме департаментінің директоры Қуат Рақымов: «Бұл құжат бизнестің тікелей қатысуымен дайындалды және ол кедендік рәсімдерді оңайлатуға, кәсіпкерлердің уақыттық және қаржылық шығындарын төмендетуге бағытталған. Сондай-ақ, сыртқы экономикалық қызметті жүргізудің либералды шарттарын орнатады. Кодекстің негізгі жаңалығы – электрондық кедендік декларациялаудың басымдылығы болып табылады. Яғни, енді қағаз түріндегі декларациялау тек қана авариялық жағдайлардағы ақпараттық жүйелердің ақаулары сияқты ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады», – дейді. Кедендік заңнаманың барлық жаңашылықтары мен оңайлатулары сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетумен отандық экономиканы дамыту үшін жағдай жасауға арналған. Дегенмен сарапшылар мен бірқатар бизнес қоғамдастықтар тарапынан «бұдан былай кедендік декларациялау елімізде тек электронды түрде жүретін болса, кедендік рәсімдеу кезінде ақпараттық жүйенің істен шығуы біраз қиындық тудыра ма?» деген қауіп бар. Бірақ жауапты орган Atameken business channel порталына берген түсініктемесінде оқиғаның бұлай өрбуіне де сақадай сай отырғанын мәлімдеді. «Иә, біз осындай жағдайдағы өз іс-әрекетімізді де қарастырдық. Ақпараттық жүйе жарамсыз болып қалса, немесе істен шыққан кезде тауарларды шығару және декларациялау қағаздық құжат негізінде жүргізіледі. Яғни, сыртқы экономикалық қызметтің қатысушылары үшін жүйелердің істен шығуы қосымша жүктемелерге әкеп соқпайды. Бұдан бөлек, қағаз түріндегі декларация транзит кедендік рәсіміне орналастырылатын тауарларды, жеке пайдалануға арналған тауарларды, сондай-ақ, халықаралық тасымал көлік құралын декларациялау кезінде ұсынылады», – дейді мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі. Оның айтуынша, заңнаманы бұзу тәуекелі жоқ болған жағдайда, кедендік декларацияларды кеден органдарының лауазымды тұлғаларының қатысуынсыз – ақпараттық жүйелерді қолданумен автоматты түрде тіркеу және шығару мүмкіндігі қарастырылған. Жаңа кодекс кейін төлеу мүмкіндігін енгізумен бірге, оны пайдалану үшін банктің кредиті секілді қандай да бір процент төлеуді қарастырады. Ел үкіметі осылайша, салықты бір ай кешіктіріп төлеу үшін кәсіпкердің мемлекетке қанша қаржы төлеуге тиістігін де анықтады. Бизнесті жүргізуді оңайлату мақсатында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін кедендік баждарды кейін төлеу немесе бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Кейіннен төлеудің әрбір күнін қолданғаны үшін ұлттық банк орнатқан ресми қайта қаржыландыру (рефинансирование) ставкасы бойынша 1/360 мөлшерінде процент төлеу қажет болады. Мысалы, егер кедендік баждардың төленетін сомасы 1 миллион теңгені құраса, 1 ай үшін пайыздар 8500 теңгені құрайтын көрінеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, жаңа кодекстің осы нормасы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кедендік декларацияны толтыру бойынша қызметті көрсету үшін кедендік өкілдерге, яғни брокерлерге жүгіну қажеттілігіне байланысты шығаратын қаржылық шығындарын қысқартады. Өйткені осы қызметті кеден органдарының ұсынуы енді ақысыз негізде жүзеге асырылатын болады. Кеден дегенде, қазақстандық бизнесті Еуропадан Ресей арқылы Қазақстанға тауарларды транзитпен өткізу мәселесі толғандырады. Көбінесе, біздің жүктер сансыз тексерістер кесірінен Ресей аумағында бірнеше күнге дейін тұрып қалады. Жаңа кодекс осындай жағдайларға игі септігін тигізбек. Бекітілген нормаға сәйкес, транзитті ашу кезінде кеден органдары енді тұлғаларға қайда орналасатыны бойынша шектеу қоя алмайды. Транзит бойынша ережелерде транзит кезінде тауарларды шығаруды растайтын құжаттарды кеден органдарының талап етуі заңнамадан алынып тасталған. Сол сияқты елімізге ескі көліктер кіргізілмейді. Ресейден тек «Еуро-4» талабына жауап беретін көліктерді ғана әкелуге рұқсат етіледі. Кодекстің қабылдануы қазақстандықтарға шетел көлік құралын 1 жылға дейін уақытша әкелуге мүмкіндік береді. Бұрын бұл мерзім 6 айға дейінгі уақытты ғана құраған. Бірақ бұрынғыдай әкелу тек кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету жағдайында ғана мүмкін болады, яғни кеден органына қаржылық кепіл ұсыну қажет. Жалпы алғанда, автокөліктерді әкелу тәртібі өзгеріссіз қалған.    

Серіктес жаңалықтары