312
АҚШ Қазақстанға 30 млрд доллар инвестиция құйды
АҚШ Қазақстанға 30 млрд доллар инвестиция құйды
Америка Құрама Штаттары Қазақстанға инвестиция салуда алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Бұл туралы «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің бұл жолғы сапарының басты мақсаты - Америка Құрама Штаттарының жаңа әкімшілігімен сенімді байланыс орнату болып табылады. Кездесу АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен болатындығын ерекше атап өту керек. Бұл - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жетінші сапары», - дейді Рахым Ошақбаев Қазақстан Президентінің АҚШ-қа ресми сапарына қатысты «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген пікірінде. Сарапшының сөзіне сүйенсек, Қазақстанның АҚШ-пен ядролық қарусыздандыру саласында айтарлықтай жемісті қарым-қатынас орната білді.
«Егер естеріңізде болса, америкалық тарап Қазақстанның өңірлік қауіпсіздік саласындағы және ең алдымен Ауғанстанға қатысты ұстанымын ерекше атап өткен болатын. АҚШ сонымен бірге, Біріккен Ұлттар ұйымына төрағалық етуде Қазақстанның үміткерлігіне қолдау білдірген. Қазақстанның аймақтық форматта да Америкамен ынтымақтастығы жақсы жолға қойылған», - дейді ол. Сондай-ақ Рахым Ошақбаев сондай-ақ, екі елдің экономика саласындағы байланысын атап өтті. «АҚШ Қазақстанға қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі. 2005 жылдан бері АҚШ біздің елге 30 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция салған. Қазақстанда 500-ге жуық америкалық компания жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, осы сапардағы міндет - екі елдің арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайту болып табылады», - дейді сарапшы.