1162
Ел құрметтеген жан еді
Ел құрметтеген жан еді
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 106 жыл толуына байланысты мәдени-спорттық шаралар «Рухани жаңғыру» аясында өтті. Иә, тау алыстаған сайын биіктей түседі. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бірінші хатшы қызметіне екі мәрте тағайындалған (1960-1962 және 1964-1986 жылдар). Ол республиканы басқарған осынау жылдар бедерінде экономиканы көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартып қана қойған жоқ, әлеуметтік саланы да жоғары деңгейге жеткізді. Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Никита Хрушевтың әміршілдік саясатынан елді аман сақтай отырып, ұлттық салт-дәстүрдің жаңарып, өркендеуіне ықпал етті. Халық шаруашылығының қай саласында да ұлттық мамандар саны күрт өсті. Республикада мәдениет пен ғылым жылдан-жылға кең өріс алды.
Тұла бойы ізгілік пен парасаттан жаратылған жан алдына кім келсе де құрметпен қарсы алып, шаруасын шешіп беруден бас тартқан емес. Сондай жандардың естеліктерін оқығанда оның қарапайым да қайырымды, әрі биязы мінезіне сүйсінеріңіз анық. Д.А. Қонаев туралы жазушы Герольд Бельгерден сұхбат алғаным бар. Сонда қаламгер: «Бұрын Дінмұхамед Қонаевты телеарнадан ғана көруші едім. Ол туралы жақсы да, сыңаржақ пікірлерді көп естігенім рас. Өзімен кездесіп, пікір алыспаған соң кімді тыңдарыңды білмейді екенсің. Сондықтан үнемі қалыс қалып жүрдім. Бір жолы саябақта Қонаевпен кездесудің сәті түсті. Екеуміз бір сағаттан артық уақыт сөйлесіп, пікір алыстық. Әр түрлі сұрақтар қойып, іштей сынап та отырмын. Республика өндірісі мен ауыл шаруашылығын өте жетік біледі екен. Өнеркәсіп тақырыбында сөйлегенде мамандығы білікті инженер, ал ауылшаруашылығы жөнінде сөйлегенде зоотехник-агроном ба деп қаласың. Ұлттық мәдениет пен ұлттық әдебиеттен да хабары мол болып шықты. Тіпті менің шығармаларымның кейбірін ауызға алғанда еріксіз қайран қалдым. Сөйлеген сөзінен биік парасаты байқалып тұрды. Сұрақтарымның бәріне берген жауаптарына көңілім толып, өзіме рухани азық алдым. Енді менің құлағыма ол туралы айтылған сыңаржақ пікірлер кірмейді. Қысқасы, республиканы 25 жыл лайықты адам басқарған деген қорытындыға келдім», − деген еді.
Дінмұхамед Қонаев КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі ретінде шетелдерде болған талай маңызды жиындарға қатысып, Кеңес Одағы атынан маңызды құжаттарға қол қойды. «Қой аласы сыртында, адам аласы ішінде» демекші, кезінде Ставрополь өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Михаил Горбачев Кавказдың «Минводы» шипажайларына бара жатқан Қонаевты құрақ ұшып қарсы алады екен. Бірақ Горбачев КОКП-ның билігін өз қолына алған соң Қонаевқа деген көзқарасын мүлдем өзгертті. Ұзақ жылғы еңбегін жоққа шығарып, орнына Колбинді сайлатты. Қонаевты ешкіммен кездестірмей, үйқамақта оңаша ұстағанын жұрт жақсы біледі. Солай тағдырдың басқа салған қилы кезеңдерінен де сыр бермей өтті. Бар өмірін халыққа арнаған жан «Өтті дәурен осылай» естелік кітабында: «Осы кезге дейін ұзақ өмірімде көптеген жайттар кездесті. Оның жақсысы да, жаманы да бар. Бірақ бұл – менің өмірім. Басқалар сияқты менің басымда да «қаралы» күндер болды. Бірақ мен олардың бірде-бірін жадымнан сызып тастаған жоқпын. Сондай-ақ, ештеңеге өкінбеймін және ешкімге өкпелемеймін де», − деп жазған. Осы бір сөзінің астарында қаншама сыр жатыр. Колбин Қазақстаннан кеткен соң ғана жұртпен бұрынғыша араласып, арнайы шақыртулармен ел ішін аралап, құрметке бөленді.
Қонаев кейбіреулер секілді арзан атақ-даңқты да арман етпеген. Бертінде көпшіліктің ұсынысымен өзіне «визитка» жасатса керек. Көлемі сіріңкенің қорабындай қатырма қағаздағы аты-жөнінің астына «тау-кен инженері» деп жаздырыпты. Сол «визиткасын» алғандар: «Димаш Ахметұлы, мұныңыз қалай? Докторлық дәрежеңіз бен академиктік атағыңызды неге жаздырмағансыз?» − деп сұрапты. Ол: «Оның бәрі өтпелі де кетпелі. Ал тау-кен инженері деген өмірлік», − деп жауап берген. Атақтан гөрі мамандығын жоғары бағалағанын осыдан-ақ аңғаруға болмай ма?
12 қаңтар – Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Жыл сайын осы күні Алматы қаласындағы бұрын қызметтес болған және оны құрметтейтін қала тұрғындары тау тұлғалы жанның ескерткішінің алдына жиналып, тағзым етеді. Биыл да сол дәстүр жалғасын тапты. Ескерткіш маңында салтанатты қарауыл сап түзеп, қалың көпшілік пен мектеп оқушылары гүл шоқтарын қойды. Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев Қонаев туралы естелік айтты. Ол сөзінің соңында: «Қонаев халық үшін аянбай еңбек етті. КСРО-ның кезінде Қазақстанды экономикалық даму жағынан Одақ бойынша үшінші орынға шығарды. Қаншама қалалар салынып, өндіріс орындары ашылды. Горбачев пен Колбин оның сол ұшан-теңіз еңбегін бағалап, зейнеткерлікке құрметпен шығарып салудың орнына соңына түсіп, қаралаумен болды. Бұл жөнсіз айыптау оның денсаулығына нұқсан келтіріп, бақиға ертерек аттандырды. Бірақ халқын шексіз сүйген адал жанды елі ұмытпақ емес. Жыл сайын оның туған күні мен өмірден озған күнін құрметпен еске алуда. Ол ешқашан да ұмытылмайтын тұлға. Жыл өткен сайын оның аты осылай құрметке бөлене береді», – деді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Шабдарбаевтың бастамасымен 12 қаңтар күні «Рухани жаңғыру» аясында Дінмұхамед Қонаевтың туған күні құрметіне Қаскелең қаласында ас беріліп, дұға бағышталды. Сол күні қала іргесіндегі Алтын ауылда былтырдан бері республика көлемінде өткізу дәстүрге айналған жасөспірімдер арасында күрестен жарыс басталып, үш күнге созылды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мұндай игі шаралар сол күні Тараз, Шымкент қалаларында және туған ауылы – Алматы облысының Балқаш ауданындағы Бақанаста да өтті.