458
Назарбаева әскери телеарна ашуды ұсынды
Назарбаева әскери телеарна ашуды ұсынды
Ұлттық қорғаныс университетіне барған Қазақстан президентінің қызы әрі парламент сенатының халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің жетекшісі Дариға Назарбаева әскери қызметті насихаттайтын арнайы телеарна ашуды ұсынды. Бұл жайында жергілікті informburo.kz сайты сенат баспасөзіне сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның нақты қандай болатынын сенаттың баспасөз қызметі нақтыламады. Назарбаева ұсынысын әскерилерді оқыту сапасына арналған жиында айтқан. Ол Қорғаныс ұлттық университетінде шетелдік тыңдаушыларды ақылы түрде дайындауды да ұсынған.
Былтыр қарашада Назарбаева "бейбіт, тұрақты билігі, тұрақты саясаты бар, болашақ өмірімізді алдын ала көп жылдар бұрын болжауға болатын елде тұрып жатырмыз" деп мәлімдеген. Сол кезде қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Назарбаеваны бірінші дәрежелі "Ел қорғаны" медалімен марапаттаған. Ол медаль 2017 жылдан бастап "әскери қызметі үшін көзге түскендерге" беріледі.