281
Музей туризмінің мүмкіндігі мол
Музей туризмінің мүмкіндігі мол
Анкарада ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауы мен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі мен «Kazmuseum.kz» қорының ұйымдастыруымен қазақстандық музейлердің қызметкерлері «Музей реставрациясы, қор сақтау және музей туризмі» атты халықаралық конференцияға қатысып, тәжірибе алмасты.
Жиынға Түркия республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Мәдени мұралар және музейлер бас дирекциясының басшысы Ялчын Курт бастаған музей басшылары мен қызметкерлері, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің дипломаттары, түрік зиялы қауым өкілдері мен Астана, Алматы, Талдықорған, Түркістан, Атбасар, Жезқазған, Есік қалаларынан келген қазақстандық делегация қатысты.
Жиынды ашқан Я.Курт түркі әлемінің рухани байлығы және бүгінгі күнге дейін сақталған тарихи жәдігерлер туралы егжей-тегжейлі мәлімет беріп, бауырлас екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастың нығаюына зор үлес қосқан Елбасының рөлін атап өтті. Бұдан кейінгі кезекте музейлерді дамыту бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты күшейтуге ниет білдіргендігін жеткізді. Сондай-ақ, Анадолы жерінің өзі аспан асты музейі екендігін айта келе, «Түркияның музейлері орталықтандырылған басқару жүйесі арқылы басқарылады. Қазіргі уақытта дирекцияға тікелей 201 мемлекеттік, 239 жеке музей қарайды. Түркия бойынша музейдегі экспонаттардың саны 3 млн-нан асады. Музейлеріміз дербес құндылығымен ерекшеленеді. Жұмыстары жағынан да сан алуан екендігін айтқым келеді», – деді бас директор.
Түркия тарапы «Түркиядағы музей ісі», «Реставрация және консервация бағытындағы жұмыстар», «Экспозициялар, жаңа музейлердің ашылуы» сынды тақырыптар бойынша баяндама жасаған болса, өз кезегінде қазақстандық делегация Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша негізгі бағыттарды атап өтіп, музей саласының дамуы және жаңа технологияны пайдалану мәселелеріне қатысты ақпарат берді.
Жиын соңында шараның ұйымдастырылуына қолдау білдірген Түркияның Мәдениет және туризм министрлігіне алғыс айтқан «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс: «Музей ісі саласында Қазақстанның қалыптасқан өз дәстүрі бар. Дегенмен біз дәстүрді жетістіктермен толықтырып отыруды қалаймыз. Оған өзара тәжірибе алмасу, ықпалдастықтар арқылы жетуге болатынын түсінеміз. Сондықтан біз Түркияның озық тәжірибесімен танысуға ниеттіміз», – деп түрік қатысушыларына алғыс айтты.
Конференцияның қорытындысы ретінде Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы музей қызметкерлерімен кездесу өткізді. Шара барысында елші екі ел арасындағы қарым-қатынастары туралы мәлімет берді. «Қазақстан музей мамандарының белсенділігіне тәнтіміз. Анкарадағы іссапар сіздер үшін пайдалы болатындығына және жинаған біліктілік пен көрген-білгендеріңізді ел мүддесі үшін жұмсайтындарыңызға кәміл сенеміз. Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып отырған іс-шара қыруар. Қазіргі таңда түрік ағайындар бұл бағдарламаға қызығушылық танытып отыр. Осы бағытта қызмет етуіміз қажет. Түркияда музей саласы туризмнің өзегіне айналған. Бізге де осы саланы ары қарай дамыту бойынша жұмысымызды жалғастыруымыз керек», – деді А.Сапарбекұлы.
Қазақстандық мамандардың тәжірибе алмасу және біліктілігін арттыру сапары Анадолы мәдениеттері музейінен басталды. Музей директоры Енвер Сагыр Түркия музейлерінің ерекшеліктерімен таныстыра отырып, қазақстандық әріптестерімен алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендігін жеткізді. «Музей ісі саласында Түркияның өз ерекшелігі бар. Бізде бұл салада белгілі стандарттар қалыптасқан. Сондықтан музей ғимаратын салу ісінен бастап, ішкі әрбір жұмысына жіті мән береміз. Музейіміз археологиялық қазбалар кезінде табылған құндылықтармен тығыз байланысты болғандықтан, қазба жұмыстарын да жүргіземіз. Негізінен бұл іспен еліміздің жоғары оқу орындары айналысады. Оқу орындары ұйымдастырған қазба жұмыстары әрине музейлермен бірлесе жүргізіледі», – деді Е.Сагыр.
Сонымен қатар қазақстандық музей қызметкерлері Этнография музейі, Сурет және мүсін музейі, «Түркия ІІ Ұлы Ұлттық Мәжілісі» республикалық музейі тәрізді ірі музейдің де жұмыстарымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Атап айтсақ, музейлердің қор толықтыру, тарихи нысандарды музейлендіру, балалармен жұмыс істеу, экспозиция залдарын күтіп ұстау, «музейлер баршаға қолжетімді болуы керек» деген мақсат-мүддеге сай жұмыс істеуі мамандар көңілінен шықты. Олар Анкараның реставрация және консервациялау зертханасының тәжірибесімен жақыннан танысуға мүмкіндік алды. Зертхана директоры Ченгиз Оздуоғлы туризм саласының және соның ішінде музей ісінің дамуына байланысты зертхана жұмыстарына сұраныстың өте жоғары екендігін айтты. «Түркия бойынша дәл осындай 10 зертхана бар. Барлығы да музейлер мен музейлік мекемелерге қызмет көрсетеді. Жұмыстарымыз негізінен қабылдау, ресми тіркеу, алдын ала қорытынды жасау, тексерістен өткізу, келіп түскен экспонаттарды мамандарға бекіту және реставрациялау, тапсыру тәрізді кезеңдерден тұрады. Бұл істегі тәжірибеміз өте мол», – деді Ч.Оздуоглы.