248
Қостанайға 300 отбасы көшіп келеді
Қостанайға 300 отбасы көшіп келеді
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары бойынша былтыр Қостанай облысына 30 отбасы қоныс аударды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова айтқандай, былтыр облысқа 109 оралман отбасы көшіп келген. «Олардың жолақысы, тұрғын үй, коммуналдық төлемдеріне мемлекеттен субсидия бөлінді. Былтыр аталған қажеттіліктерге 50,7 млн теңге жұмсалды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру бағдарламасына қатысқандардың барлығы әлеуметтік келісім-шарттарға қол қойды. Тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді», - деді Әбенова. Белгілі болғандай, биыл Қостанайға елдің басқа өңірлерінен 272 отбасы қоныс аудармақ. Бұған қоса 25 оралман отбасы астықты аймаққа бет бұрады. «Қазір қостанайлық делегация Маңғыстау облысындағы бос орындар жәрмеңкесіне қатысуда. Сонымен қатар наурыз-сәуір айларында басқа облыстарда өтетін жәрмеңкелерге қатысып, Қостанайға келуге қызығушылық танытқан мамандарды іздейміз. Биыл облыс бойынша нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларына 1 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған», - деп түсіндірді басқарма басшысы.