1295
Боралдай сақ қорғанында этноауыл мен мұражай ашылмақ
Боралдай сақ қорғанында этноауыл мен мұражай ашылмақ
Сақ дәуіріне саяхаттайтын жәдігерлер жасалды. Боралдайдағы қорғандар қалашығындағы кешеннен тас дәуірін тамашалап қана қоймай, көне кезеңнің қағидасымен бір сәт өмір сүруге де болады. Қазақстанның киелі 100 нысаны бойынша «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер» тізіміне енген аумақта этноауыл мен мұражай ашылмақ.
Сақ дәуірінің салтынан көріністі қазіргіге жеткізу үшін мұражай қызметкерлері қамыстан қалқа тұрғызған. Кіре беріс сол жақ босағада екі бірдей төсек қойылыпты. Оның сыртында ауылдың абызына арналған жұмсақ орын тағы бар. Үш жақтағы тесік, терезені бітесеңіз ортадағы ошақ кәдімгідей адамдардың қыстан қысылмай шығуына мүмкіндік береді.
Сақ, үйсін тайпаларының тарихы ден танылған жәдігерлердің ішінде қоладан құйылған қазан мен қыш құмыра құнды. Алдағы уақытта қамыс үйде түтін түтетіп, тас ошақ арқылы тамақ дайындауға да болады. Жаппа үйге жарықта тартылған.
«Қазіргі таңда Алматы қаласында 140 тарихи мәдени ескерткіштер бар. Осы 140 ескерткіштің ішінде 6 нысан республиканың қасиетті 100 нысанының тізіміне енгізіліп отыр. 6 нысаның бірі осы біз тұрған Боралдай археологиялық паркі. Бұл макетте негізінен сол дәуіріде өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді. Сонымен қатар, ұстанған діні наным-сенімдерін білуге болады»,- деді Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі директорының орынбасары Сержан САРОВ.
Ұзындығы үш шақырым, ені 800 метрге жететін көне қорымда тас дәуірінен қалған 47 бейіт бар. 430 гектар аумақты алып жатқан археологиялық парктегі ең үлкен қорғанның биіктігі 14, диаметрі 100 метрге жетеді. Сақ және үйсін тайпаларының билеуші әулеттері жерленген жерден қабір астындағы жәдігерлерді де көруге мүмкіндік жасалған.
«Мұражайға кіру тегін болады. Ұлттық танымды танытатын дүниелерден бөлек Үлкен Алматы арнасына жақын жерде мұражай салынады. Туристерді қызықтыратын тағы қандай бағдарламалар жасауға болатынын ойластырып жатырмыз», - деді «Visitalmaty» туристік-ақпарат орталығының директоры Кәмила ЛҰҚПАНОВА.