264
Алматы облысының әкімі су басқан ауылдарға келді
Алматы облысының әкімі су басқан ауылдарға келді
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов су басқан ауылдарға өзі барды. Өңір басшысы үш ауданда болып, ондағы ахуалмен танысты, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында еріген қар суынан бірқатар үйлердің ауласына су кірген. Жағдайды сараптаған әкім жұмыс істеп жатқан техника санын көбейтуді тапсырды. Керек болса өрт сөндіру көліктерін де су соруға жұмылдыру қажеттігін айтты. Қарасай ауданында Амандық Баталов Қырғауылды және Абай елді мекендеріне ат басын бұрды. Бұл жерде қазір еріген қар суының салдарын жоюға 3 экскаватор мен жүк көлігі және 25 адам жұмыс істеп жатыр. Арықтардың арналары тереңдетіліп, жағасы құм салынған қаптармен бөгеттер тұрғызылуда. Құтқарушылар мұқтаж тұрғындардың бәріне көмек көрсетуде. Аудан орталығы Қаскелең қаласында облыс әкіміне аудан әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар бойынша аудандық комиссия төрағасы Нұржан Сатубеков есеп берді. Қала көшелері мен аулаларына жиналған судан тазарту жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылған. 10-шақты техника тоқтаусыз жұмыс істеуде. Нұржан Сатубеков Шамалған ауылында да су басқанын айтып ол жерде де жұмыс күшейтілгенін жеткізді. Қызыл су ауыл маңындағы алқаптарға бағытталып, 80 адам жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Кеше кешке қарай Жамбыл ауданы төтенше жағдай жариялаған болатын. Өңір басшысы өзгелерден көбірек зардап шеккен Қайназар ауылында да болды. Құтқарушылар мен ұлттық гвардия жауынгерлерінің жылдам қимылдағанының арқасында су ауылдан тыс бағытқа бұрылды. Амандық Баталов су кірген бірнеше үйде болып тұрғындармен кездесті. Әңгіме барысында бұл баспаналар ешқандай рұқсатсыз салынғаны анықталды. Екі үйдің де құжаттары толық болмай шықты. Бірінде жалғыз басты ана, екіншісінде созылмалы аурумен ауыратын науқас тұрып жатыр. Екі отбасының ауыр жағдайы ескеріліп, облыс әкімі аудан басшыларына зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Арнайы құрылған комиссия үй-үйді аралап, қызыл судан зардап шеккендердің тізімі жасалатын болды. Өңір басшысы сапарды қортындылай келе жағдай толық сараланып, акт жасалғаннан кейін қажетті көмек көрсетілетінін тілге тиек етті.