Мақсат – шынайы әрі нақты нәтиже

Мақсат – шынайы әрі нақты нәтиже

Мақсат – шынайы әрі нақты нәтиже
ашық дереккөзі
278
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Сапар барысында ол бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, партияның қалалық активімен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, сондай-ақ, жастармен кездесті.

Ұлт саулығы – басты назарда

Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай әлеуметтік бағыттағы жұмыс барысын одан әрі күшейту көзделіп отыр. Соған байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсетуге бағытталған барлық партиялық жобалар қайта қаралып, олардың өзектілігі арта түспек. Ең басты мақсат – бұл жобаларды партиялық қолдау көрсетудің мейлінше тиімді құралына айналдырып, сол арқылы халыққа нақты әрі айтарлықтай пайда әкелу. Сапар аясында Мәулен Әшімбаев Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған күндізгі орталық бөлімдерінің біріне арнайы ат басын бұрды. Аталған бөлім «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отанның» тікелей бастамасымен және қолдауымен ашылған болатын. Бүгінде мұнда 30 бала жартылай стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтерді тегін алып келеді. Жалпы қала бойынша 200 балаға қызмет көрсетіп отырған осындай 3 бөлім жұмыс істейді. Таяуда Жетісу және Наурызбай аудандарынан тағы 2 бөлім ашу жоспарлануда. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары балаларды оңалту және бейімдеу жұмыстары жүргізілетін арнайы кабинеттерге бас сұқты. Аталған медициналық мекеме қызметкерлерімен кездескен Мәулен Әшімбаев мұндай осы саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Өз сөзінде ол алдағы уақытта партия ерекше қажеттілігі бар жас қазақстандықтарды қолдауға айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Жүздесу соңында балаларға «Нұр Отан» партиясының атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Ал Орталыққа қазіргі заманғы «Дэльфа» логопедті жаттығу құралы тарту етілді. Бұл жаттығу құралының көмегімен кейбір балаларда кездесетін түрлі сурдологопедті мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік бар. «Дельфаның» көмегімен дыбыстан бастап мәтінге дейінгі кез келген сөйлеу бірліктерімен жұмыс істеуге болады. Сондай-ақ, сөйлеген кездегі демді түзеуден сөздің лексикалық-грамматикалық жағын дамытуға дейінгі әртүрлі логопедті тапсырмаларды орындауға және дұрыс сөйлеуді ойын жағдайында үйретуге барлық мүмкіндік қарастырылған.

Кәсіпкерлерді қолдау артады

Алматы қаласындағы базарларды шаһардың сәні мен сәулетіне сай ету, халыққа жайлы жағдай жасау, санитарлы-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ, сауда-саттықтағы көлеңкелі экономиканың алдын алу мақсатында сауда орындарын жаңғырту жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Соған сәйкес базарларды қазіргі заманғы талаптарға сай сауда орындарына айналдыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде 16 базар осындай жаңғыртудан өткізілді. Нәтижесінде жаңа сауда алаңдарында 20 мыңнан астам кәсіпкер мен 25 мың адамды жұмыспен қамтуға жағдай жасалған. Сапар барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Алматыдағы ең ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде болып, қаланың шағын бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлермен еркін пікір алмасып, осы саланы одан әрі дамытудың қыр-сырын талқылаған Мәулен Әшімбаев жақын арада партия тарапынан шағын және орта бизнес саласына айтарлықтай қолдау көрсетілетінін айтты. Нақты айтқанда, Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай «Нұр Отан» шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған жаңа жобаны қолға алмақ. – Мемлекет басшысы 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Елбасы саясатының басты қолдаушысы ретінде «Нұр Отан» партиясы да бұл тапсырманы жүзеге асыруға белсене қатысуы керек. Кәсіпкерлерді қолдап, олардың мүддесін қорғау – партиямыздың басты міндеттерінің бірі болуы тиіс. Өйткені олардың қатарында біздің саяси ұйымның жақтастары мен мүшелері өте көп, – деді Мәулен Әшімбаев.

 Ел ертеңі – білімді жастар

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары оңтүстік астанамыздың жастарымен де арнайы кездесіп, әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбітті. Кездесу SmArt.Point коворкинг-орталығында өтті. Аталған орталық түрлі стартаптарды жүзеге асыратын орын ретінде де белгілі. Бұл жер аптаның жеті күнінде тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Мұнда сөйлесу бөлмелері, ойынға арналған орындар және спорт залы бар. Сондай-ақ, 50 адамға дейін еркін сыятын, жанға жайлы, барлық қажетті техникалармен және жиһаздармен жабдықталған конференц-залдары да жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Кездесуде Мәулен Әшімбаев Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ел жастарының жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап отырғанына назар аударды. Өз кезегінде жас қазақстандықтардың да еліміздің дамуына үлкен үлес қосып отырғаны, әсіресе олардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі әңгімеге арқау болды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жас өнертапқыштар мен инноваторларды Елбасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отанның» ұйымдастыруымен өтетін жастар арасындағы дәстүрлі республикалық инновациялық жобалар байқауына қатысуға шақырды.

Партия жұмысы жаңғырады

Сапар соңында Мәулен Әшімбаев Алматы қаласының әкімі, партия қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек бастаған шаһардың партиялық активімен кездесті. «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы 750 бастауыш партия ұйымдарының басын біріктіретін, 80 мыңнан астам партия мүшесі бар ірі партиялық құрылым. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары филиалда жаңадан ашылған Office of political analysis кеңсесінің жұмысымен танысты. Бұл жерде сараптамалық ресурстарды, әртүрлі болжамдарды және үлгілеулерді жедел басқаруға, олармен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының алғашқы мультимедиалық музейінде болды. Музей бар болғаны 10 шаршы метр аумақты қамтиды. Оның басты ерекшелігі де осы. Мұнда алдыңғы қатарлы цифрлы технология кеңінен қолданылған. Соның арқасында келушілер арнайы LED-экраннан Елбасы, партия Төрағасының өмірбаянын тамашалай алады. Одан бөлек, музейде дәстүрлі сөрелердің орнына интерактивті панельдер (multi-touch-screen)орнатылғаны да айтуға тұрарлық бастама. Қалалық партия активімен кездесуде Мәулен Әшімбаев Елбасының партия қызметін жаңғырту және «Нұр Отанды» ауқымды «қайта жүктеу» туралы тапсырмасы туралы кеңінен айтып, оны жүзеге асырудың басым бағыттарын ұсынды. Олардың қатарында кадрлық аудит, сараптамалық ресурстарды нығайту, партиялық білім беруді жетілдіру сияқты бірқатар игі бастамалар бар. – Елбасы біздің алдымызға «Нұр Отанды» ХХІ ғасырдың талаптарына сай заманауи, тиімді, жоғары технологиялы партия ретінде қайта қалыптастыруды міндет етіп қойып отыр. Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін айқындап алдық. Біз енді шынайы әрі нақты нәтижелер үшін ғана жұмыс істейтін боламыз, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.  

Серіктес жаңалықтары