520
Ата жұртқа үміт артқан жандар
Ата жұртқа үміт артқан жандар
2014 жылғы дерек бойынша әлемнiң 55 елiнде 17,5 млн қазақ бар екен. Бұл ресми дерек. Шын мәнінде, әлемде қанша қазақ барын ешкім дәл білмейді. Алмағайып заманда қаншама жұрт шекара асты. ХХ ғасырдың басына дейін біздің жер болып келген бірқатар аймақ түрлі кезеңдегі шекара бөлінісі кезінде өзге мемлекеттерге өтіп кетті. Бұл – тарихи шындық.
Бұл аймақтарда тіркелген қазақ санақ кезінде есепке алынбаған бауырларымыз болуы да ғажап емес. Тіпті, Өзбекстанда төлқұжат бойынша өзбек болып жүрген қандастарымыздың да көп екені белгілі. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, қазір әлемдегі қазақтардың саны 50 миллионға жуық көрінеді.
Сондықтан қазақтар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Іле-қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларда, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, тағы бірнеше өңірдегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көп шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, аспанасты еліндегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың адам болған.
Бұған дейін ақпарат құралдарында Қытайдағы қазақтардың қысым көріп, қудаланып жатқаны туралы мәлімет тараған еді. Аспанасты еліндегі жергілікті қазақтар ғана емес, тарихи отанына оралып, Қазақстан азаматтығын алған бауырларымыздың да басына қара бұлт үйірілген. Белгілі бір себептермен Қытайға барған Қазақстан азаматтарының да қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпараттың ел кезіп жүргеніне біршама уақыт. Былтыр жыл соңында Қытайдағы қандастарға қатысты мәселені көтерген сенатор Нұрлан Қылышбаев бұл мәселенің қаншалықты шындыққа жанасатындығын анықтауды сұраған болатын. «Ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желілерде Шыңжаңда қоныс тепкен бір жарым миллионнан астам қандасымыздың заңдық құқықтарының шектелуі туралы әңгіме кең таралуда. Шынымен де, Қытайдағы этникалық қазақтар қысым көріп жатыр ма? Бұл іске Сыртқы істер министрлігі араласып, мән-жайды анықтауы керек», – деп мәлімдеген-ді Нұрлан Қылышбаев.
Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылдың сәуір айынан бастап тарай бастады. Сондай-ақ, бұл мәселе 2017 жылдың 23 маусымында Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында баса айтылды. Қытайдағы қандастарымыздың қысым көріп жатқандығы туралы Германиядан келген қандас Өмірхан Алтын мемлекет басшысының алдында айтып бергені есте. «Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына және халықаралық адам құқықтарына қайшы әрекет жасап отыр. Қытайдағы бауырларымыздың құқықтары тапталып, қиын-қыстау кезеңді бастан кешуде. Сондықтан қиындыққа душар болып отырған ағайындарымызды да естен шығармайық», – деген Өмірхан Алтын. Құрылтайға қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдай туралы білмегенін, енді бақылауда ұстайтынын айтқаны есімізде.
Бір айта кетерлік жайт, таяуда ғана Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпарат ресми түрде расталды. Журналистердің сауалына жауап берген ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қытай тарапына дипломатиялық нота жіберілген. «Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Өйткені ұсталған азаматтардың туыстары бізге қажетті мәліметтерді ұсынды. Аталған мәліметтер расталды. Сондықтан Қытай тарапына ресми түрде дипломатиялық арналар арқылы дипломатиялық нота жібердік. Толық мәлімет алынған соң, оның барлығын бізге өтініш білдірген Қазақстан азаматтарының туыстарына міндетті түрде беретін боламыз. Біз олармен де тығыз байланыстамыз», – деді Қайрат Әбдірахманов.
Жат елде тауқымет көрген бауырлардың атамекеніне жалтақтай қарауы бекер емес. Олар – бізге, біз – оларға керекпіз. Қазақ елі шетелдегі қандастарды түгелдей дерлік көшіріп алуға қауқары жетпесе де, неге әлемдік тәжірибені өз мүддемізге сай пайдаланбайды? Бүгінде шетелдегі диаспораны елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты пайдалану – өркениетті мемлекеттің бәрінде кездеседі. Мысалы, Израиль мемлекетінің қазіргідей биік деңгейге көтерілуі – шетелдегі диаспорасының жаппай көмек беріп, қолдау жасауының нәтижесі. Соңғы кезде Қытай мемлекеті де ел экономикасын өркендетуге сырт жерлердегі диаспораны барынша тиімді жұмылдыруда. Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап шетелдегі ағайындармен байланыс жасауға айрықша көңіл бөлуінің басты себебі де, міне, осыған байланысты еді.
Осыған орай, тәуелсіздік алған жиырма алты жыл ішінде Қазақстанның бүгінгідей биік деңгейге көтерілуіне шетелдегі қазақ диаспорасының да айтарлықтай үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары шетелден этникалық қазақтардың көптеп келуі Қазақстанға үлкен демеу болды. Бос қалған елді мекендер оралмандармен толықты, экономикамыздың түрлі салаларында, шағын және орта кәсіпкерлікте, ауылшаруашылығында істің көзін тауып, аянбай жұмыс істейтін азаматтар көбейді. Ана тіліміздің, ұлттық болмысымыздың қайта жаңғыруына да қандастардың қосқан еңбегі мол. Демографиялық жағдайымыздың жақсарып, халқымыздың санының өсуіне де ерекше ықпал етті.
Халық саны қалай артып отыр?
Жақында «Омск здесь» сайты «Омбы облысының тұрғындары Қазақстан мен Украинаға жаппай көшіп жатыр» деген ақпарат жариялады. Айтса айтқандай, 2017 жылы Омбыдан Қазақстанға 5 мыңға жуық адам көшіп келген. Омбы облысы бойынша мемлекеттік статистика федералдық қызметінің аумақтық орган мамандары берген мәліметке қарағанда, «2017 жылдың көші-қон нәтижесі бойынша Омбының көптеген тұрғыны шетелге қоныс аударған. Оның ішінде 4721 адам – Қазақстанға, 323 адам – Арменияға, 696 адам – Украинаға көшкен. Сонымен қатар омбылықтардың 320-сы Германияға, 21-і Вьетнамға, 27-сі Грузияға, 20-сы АҚШ-қа, 11-і Канадаға кеткен». Бір жылдың ішінде өңірден кеткен адамның саны 63 мың 935 адам болған. Ал келген адамның саны 54 мың 82 адам. Осылайша, көші-қон шығыны 2016 жылмен салыстырғанда 66 пайызға өскен. Омбыдан басқа елдерге көшкендердің саны 7,6 мың, оның 789-ы ТМД елдерінен тысқары елдерге кеткен. «Қаладан кетіп жатқан омбылықтардың көпшілігі еңбекке қабілетті адамдар», – деп жазады ақпарат құралы. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің ресми дерегінше, 2018 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 18 миллион 157,1 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар үлесі – 10 миллион 426,5 мың немесе 57,4 пайыз, ал ауылдықтар саны – 7 миллион 730,6 мың адам немесе 42,6 пайыз. 2017 жылдан бері қазақстандықтар саны 231,2 мың адамға немесе небары 1,3 пайызға өсті. Ал ел үкіметінің хабарлауынша, Қазақстанға «екі қолға бір күрек» іздеп келетін шетелдіктердің саны 5 миллионға жеткен! Оның ішінде тек шамамен 2 миллионнан астамы ғана ішкі істер органдарында тіркеледі. Келімсектердің 90 пайыздан астамы ТМД елдерінің азаматтары екені мәлім болды. Әсіресе, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтарының қатары басым. Еңбек мигранттары да баспана астында тұруы, тамақ, су ішуі, тұрмыстық және басқа қызметтерді тұтынуы керек. Мұның салдарынан коммуналдық қызметтерге жоспарланбаған артық салмақ түседі. Сарапшылар санкциялық қыспақ пен оқшаулану, экономикалық кері кету жағдайында көрші Ресей өз халқын жұмыспен қамту мақсатында еңбек мигранттарына тосқауыл қойып жатқанын айтады. Соның салдарынан, солтүстік көршімізде тіпті заңдастырылған еңбек мигранттарының саны былтыр екі есеге (тоғыз миллионға дейін) азайып кеткен және бұл үрдіс ары қарай жалғасуда. Мамандар мұны Ресейде экономикалық ахуалдың нашарлауымен, шетелдіктердің жұмыс істеуге рұқсат алу құжаттарын рәсімдеуінің қиындатылуымен, тиісті алым-төлемдерінің көтерілуімен түсіндіреді. Нәтижесінде посткеңестік кеңістіктегі мигранттар Қазақстанға келе бастады. Өйткені бізде, керісінше, шетелден жұмыс күшін тарту жеңілдеді. Егер бұған дейін мигрантты әкелуге тек ірі жұмыс берушілер мен компаниялар ғана құқылы болса, қазір тіпті кез келген қазақстандық өз үйіне бала күтушіні, аспазды, бағбанды, оққағарды және басқаларын жатжұрттардан тікелей алғыза алады. 2014 жылы Қазақстанда жеке тұлғалар қолында жұмыс істейтін шетелдіктердің қызметін реттеу үшін ішкі істер органдарының жеңілдетілген тәртіппен «еңбек патенттерін» беруі заң жүзінде бекітілді. Ішкі істер министрлігінің есепті дерегі бойынша ведомствоның көші-қон қызметінің бөлімшелері 2014 жылы небары 72 мың осындай рұқсат қағазын беріпті. Содан кейінгі 2015 жылы ұсынылған еңбек патенттерінің көлемі екі еселеніп, 141 мыңға жеткен. Ал 2016 жылы қазақстандықтар 322 мың қызметшісін шетелден алғызуға көші-қон қызметтеріне өтінім білдірген. Былтырғы 2017 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш орасан зор деңгейде өсіп, 446 мыңға жетіп отыр. Осылайша, қалтасы қалың қазақ отбасылары жаһандық ірі жұмыс берушіге айналуда. Әрине, еңбек патенті тегін берілмейді, ол бойынша жұмыс істейтін мигрант өз табысынан салық төлейді. Мемлекет қазынасына олардан жалпы көлемі 10,4 миллиард теңге түсім түскен. Бұл соншалықты көп те емес. Әр жылға шақсақ, 2014 жылы – 553 млн, 2015 жылы – 1,3 млрд, 2016 жылы – 3,4 млрд, ал 2017 жылы – 5,1 млрд теңгені құрайды. Ел үкіметінің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар бойынша, атап айтқанда полицияның мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізген «Мигрант», «Нелегал», «Құқықтық тәртіп», «Участок» секілді рейдтік және жедел-профилактикалық шаралары қорытындысында 2017 жылы еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған 109,8 мың шетелдік ұсталды. Соның ішінен 13,7 мың шетелдік елімізден аластатылды. Енді оларға бес жыл бойы Қазақстан аумағының шекарасын аттап өтуге тыйым салынады. Жұмысқа орналасуға рұқсат алмай-ақ, еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін 12,4 мың шетелдік әкімшілік жазаға тартылды. Осы орайда ел үкіметі Қазақстанда жұмыс істеуге ниет білдірген шетел азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттары, паспорттары міндетті түрде мемлекеттік тілге немесе ресми орыс тіліне аударылуға тиістігін еске салады. Бұл оны салық төлеуші ретінде тіркеу үшін қажет көрінеді. Ал Ресейдегідей елдің тарихын, мәдениетін және мемлекеттік тілді білуден емтихан тапсыру секілді мигрантқа қосымша талаптар бізде жоқ. Жырақтағы қандас жан сауғалап, түртпекпен тіршілік кешіп жатса, ел халқы еңбек мигранттарымен толыға түсуде. Кейбір дерек көздерінен «Қазақстанда 23 млн халық өмір сүреді» дегенді көзіміз шалды. Алайда бұл көрсеткіш кімнің есебінен пайда болды? Неге Қытайдағы, Өзбекстандағы этникалық қазақтардың елге көптеп оралуын қамтамасыз етпеске? Бізге санмен қоса, ұлттың сапасы да керек.