325
Қайсын жыры – түркіге ортақ құндылық
Қайсын жыры – түркіге ортақ құндылық
Қайсын Құлиев – поэзияға өзіндік үнімен келіп қосылған ақын. Оның жырларында таудың асқақтығы, тау өзенінің арыны басым. Өзі туып-өскен балқар жұртында Қайсын Құлиев өлеңдерін жатқа білмейтін адам жоқ деседі. Ал түбі бір түркі жұрты Қайсын жырларын қалай қадірлеп, қалай құрмет тұтып отыр? Бұл сұрақтың жауабына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті, ТҮРКСОЙ кафедрасының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел барысында қаныққандай болдық.
Қайсын Құлиевтің шығармашылығына арналған бұл жиынның өтуіне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Шығыстану факультеті мұрындық болды. Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре түбі бір түркі жұртының шығармашылық мұралары, ортақ құндылықтары бір екенін, түркі жұртының тілі, ділі, мәдениеті бір арнада тоғысып, әлемдік өркениетке бастап барар асыл қазынамызға арналуы тиіс екенін атап өтіп, Шығыстану факультеті мен ТҮРКСОЙ кафедрасының осы мақсатта бірталай шаруалар атқарып жатқанын тілге тиек етті.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстанның өкілі Асқар Тұрғанбаев Қайсын Құлиевтің 100 жылдық мерейтойы түркі әлемінде қалай аталып өткені жайлы: «2017 жылдың 1 қарашасында туғанына жүз жыл толған көрнекті ақынның мерейтойы балқар жұртында кең көлемде тойланды. Оған дүниежүзіндегі түркі халықтарының зиялы қауым өкілдері қатысып, Қайсын рухын асқақтатты. Қазақстан тарапынан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі қаламгерлер Темірғали Көпбаев пен Әділғазы Қайырбеков қатысқан болатын. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басты мақсаты – түркіге ортақ шығармашыл мұраларды насихаттау. Осы мақсатта Қайсын жылы түркі мемлекеттерінде кең көлемде аталып өтті. Былтырғы жылдың 7-8 желтоқсан айында Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Қайсын Құлиевтің мерейтойын өткіздік. Осы жылдың ақпан айының соңында Қырғызстанда өткен кеш Қазақстанда жалғасып отыр. Қазіргі жастар Қайсын Құлиевті ұмытып бара жатқандай. Біздің мақсат – түркі жұртына белгілі қаламгерлерді насихаттау, олардың шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру, әсіресе жастар арасында түбі бір түркі жұртының мәдени мұрасын толыққанды жеткізу. Себебі Қайсын поэзиясы кез келген түркі баласына ортақ мұра», – деп атап өтті.
Ақын, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай: «ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түркі дүниесіне қатысты шараларды ұдайы жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Қайсын да – түркі жұртына ортақ үлкен тұлға. Ол – үлкен тағдыр иесі. Ақындықтың бақытын да, азабын да кешті. Халқымен бірге айдауда да болды. Соғыстың да ауыртпалығын көрді. Сталиндік қуғын-сүргінді бастан кешкен балқар халқының қазіргі саны бар-жоғы 120 мыңның айналасында. 1944 жылдың 8 наурызында, бір аптаның ішінде балқарларды жер аударғаны белгілі. Олардың ең үлкен бөлігі қазақ пен қырғыз даласына қоныстанған. Деректер Қазақстанға 20 мыңға жуық балқарлардың келгенін айтады. Балқарларға сол жылдары тағылған небір аяусыз жалаға қарамастан, түбі бір туыс балқарды қазақ меймандос көңілмен қарсы алды. Қазір Қазақстанда мыңдаған балқарлар тұрады. Балқар деген халықтың байрағын көтеріп, балқардың алмас қылышы болып Қайсын Құлиев жасындай жарқылдады. Кішкентай Чегем деген ауылда туып, әлемге Қайсын Құлиевтің үні жетті. Ол тұтас халықтың үніне, жырына, намысына айналды», – десе, профессор, филология ғылымдарының докторы, әдебиет сыншысы Дандай Ысқақұлы Қайсын Құлиев шығармаларын оқыту мен түркіге ортақ әдебиет оқулығын жазу мәселесіне кеңінен тоқталды. Ал Түркі мәдениеті орталығының басшысы Ахмет Дағдуран тоталитарлық жүйенің ауыртпалығына қарамастан бір-біріне деген бауырластық сезімі жойылмаған түркі жұртының бауырмалдығы бүгінгі таңда да аса қажет екенін атап өтті. Қайсын Құлиевтің балқар жұртында болған ұлы тойына қатысып қайтқан қаламгер Әділғазы Қайырбеков: «Чегем шатқалында Қайсынның кіндігі кесілген екен. Сол үйді музейге айналдырып қойыпты. Үйге барар жолда «Қайсын Құлиевке дейін жүз қадам» деп жүз өлеңін тасқа қашапты. Бұл да Қайсын рухын асқақтатудың, Қайсын жырларына деген құрметтің ерек бір көрінісі», – деп балқар халқы туған ақынын қалай дәріптеп отырғанын айтып берді.
Шара барысында Қайсын Құлиевтің екі бірдей кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Тәңірінің қылышы» деп аталатын кітапта Қайсын жырлары жеті тілде сөйлеген екен. Одан өзге, Қ.Құлиевтің «Бұл таулар тұрып тұрғанша» атты, тау тақырыбында жазған өлеңдері түрік тілінде жарық көрген.
ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі Қыдыр Төрәлі кафедрада оқитын студенттердің алты бірдей түркі тілінде еркін сөйлейтінін айтқан еді. Кафедра меңгерушісінің сөзінің дәлелі ретінде Қайсын Құлиев жырларын студенттер бірнеше тілде айтып берді. Ақын Мақпал Мыса Қайсын Құлиевтің «Таң жұлдызы» өлеңін өз тәржімасында оқыды.