590
Астанада жаңа тұрғын үй бағдарламасы қабылданады
Астанада жаңа тұрғын үй бағдарламасы қабылданады
Астана әкімдігінде қала активі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру механизмдерін талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қала активінің отырысы барысында елорда әкімі Әсет Исекешев «20-7-25» әлеуметтік бастамасының маңыздылығына тоқталып өтті. «Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі - «әлеуметтік маңыздылық проблемасы». «20-7-25» әлеуметтік бағдарламасы тұрғын ипотекасының қалың бұқараға қолжетімділігін жоғарылатып, тұрғын үй секторына жаңа дем береді. Енді жұмысы бар әр тұрғын үшін талаптары ыңғайлы ипотекалық займды ала алады. Бұл банк секторын жандандырып қоймай, тұрғын үй нарығының белсенді түрде дамуына серпін беріп, өндірістің дамуына сеп болады. Осы ретте жаңа жұмыс орындары да құрылады», - деді әкім. Әсет Исекешев, сондай-ақ алдағы бір айдың көлемінде Астанада жаңа тұрғын үй бағдарламасының қабылданатынын жеткізді. «Елбасының жаңа әлеуметтік бастамасын есепке ала отырып, мен өзімнің орынбасарым Сергей Хорошунға, басқарма басшыларына қалалық қолжетімді баспана бағдарламасын әзірлеуді тапсырдым. Ол бағдарламада Мемлекет басшысы көтерген бастаманың ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Бір айдың ішінде біз алдағы бес жылда салынатын тұрғын үйдің, коммуникациялардың көлемін, олардың орналасатын аудандарын анықтап алуымыз керек. Бағдарлама дайын мәслихаттың қарауынан соң қабылданатын болады», - деді Әсет Исекешев. Айта кетейік, 2018 жылы тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру аясында Астанада жалпы ауданы 78,3 мың шаршы метрді құрайтын 6 тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осылайша, кезекте тұрған азаматтар үшін елорданың коммуналдық тұрғын үй қорынан, сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында 1500-ге тарта пәтер ұсынылады деп жоспарланған.