413
«7 – 20 – 25»: Баспаналы болудың жаңа тетігі
«7 – 20 – 25»: Баспаналы болудың жаңа тетігі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда ұсынған бес бастамадан кейін тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүргендердің кеудесінде үміт оты қайта жанғандай. Жаңа «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында еңбек етуші әр қазақстандық тұрғын үйді жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын өсіммен ала алады.
Осыған сәйкес, сәуірде «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы өзгертіледі. Бұл жайлы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Жиында Үкімет мүшелері Мемлекет басшысының бес бастамасын іске асыруға бағытталған арнаулы «Жол картасы» жобасын қарап, қабылдады.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру жөніндегі жол картасының жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, құжатты мүдделі мемлекеттік органдар және Ұлттық банк бірлесіп әзірлеген. Жалпы, президенттің бес бастамасын жүзеге асыруға арналған жол картасы 35 іс-шарадан тұрады. Ол үшін 3 Кодекске, 12 заңға, үкіметтің 6 қаулысына және Ұлттық банк басқармасының 3 қаулысына өзгерістер енгізілмек. Әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруді көздейтін бірінші бағыт шараларының негізгі орындаушысы – Ұлттық банк және Инвестициялар және даму министрлігі. Жол картасының негізгі іс-шаралары «7 – 20 – 25» бағдарламасын бекітуге және оны іске асыру үшін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге бағытталған. Шілде айына дейін Ұлттық банк жанынан ипотекалық кредиттерді сатып алатын арнайы еншілес ұйым құрылмақ. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша инфрақұрылымды қаржыландыру жылына тағы 20 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Жаңа «7 – 20 – 25» бағдарламасының нормаларын ескере отырып, «Нұрлы жерге» түзетулер енгізіледі. Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға» қатысты екінші бағытқа Ұлттық экономика министрлігінің өзі жауапты. Министр өте ірі көлемде табыс табатындардан көбірек салық алу мәселесін зерделейтіндерін мәлімдеді. Оның анық-қанығы күзге қарай айқындалмақ.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің айтуынша, осы жол картасы бекітілгеннен кейін, яғни бүгіннен бастап, орталық және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының бес әлеуметтік жобасын нақты іске асыруға кіріседі. Әрине, көптеген қазақстандықтарды арзандатылған ипотекамен баспана алу жайы қызықтырып отырғаны мәлім. Осы орайда Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев «7 – 20 – 25» бағдарламасын әзірлеуді бастап кеткенін хабарлады. Ол жаңа бағдарламаны жасақтау кезінде бұрынғы бағдарламалардың тәжірибесі ескерілетінін жеткізді.
– Қазақстанда 2000 жылдардан бері тұрғын үй құрылысын ұзақмерзімді қаржыландыруды ынталандырудың және ипотекалық жүйесін дамытудың түрлі тәсілдері қабылданды. Мысалы, ипотекалық кредиттерді секьюритизациялау жүйесі 2000 жылдары іске қосылды. Ол азаматтардың төлем қабілеттілігі қазіргіден көп төмен болған сол жылдары-ақ ипотекалық несиелендіруді дамытуға нақты серпін берді. Сонымен бірге, «Тұрғын үй құрылыс жинақ» жүйесі іске қосылды. Ол өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, – деді Д.Ақышев. Қаржылық реттеу жетекшісі, сондай-ақ, халықпен жұмыс істеу кезінде «қолданыстағы қаржы инфрақұрылымының мүмкіндіктерін пайдалану» керек деп мәлімдеді. «Тек банктердің ғана халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар екені және ипотекалық кредиттеу бойынша жаппай қызметтерді көрсете алатыны анық. Бұл болашақ бағдарламаның барынша қамтылуын қамтамасыз етеді. Сондықтан Ұлттық банк өткен жылдардың неғұрлым сәтті тәжірибесін пайдаланып, Мемлекет басшысы айқындаған талаптармен «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске қосады. Яғни, ипотека жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен 25 жылға беріледі, бастапқы жарна – 20 пайыз. Ең бастысы, ипотекалық кредиттерді секьюритизациялаудың міндетті тетігімен бірге, екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекалық кредиттеудің нарықтық қағидаттары пайдаланылады», – деп нақтылады Д.Ақышев.
Ол сондай-ақ, бұрынғының теріс тәжірибесі де, атап айтқанда, қарыз алушылардың кредиттік тәуекелін жете бағаламауға жылжымайтын мүлік бағасының құлдырауы қосылып, ақыр соңында ипотекалық қарыз алушыларды мемлекет қорғауға мәжбүр болғанын ескеру қажеттігін нықтады. ҰБ басшысы жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асырудың төрт негізгі кезеңін айқындағандарын мәлімдеді.
Данияр Ақышев атап өткендей, жаңа компанияның капиталы Ұлттық банктің есебінен қалыптасады. Компания банктерден ипотекалық несиелерді сатып алады. «Ипотекалық несиелердің алғашқы пулы жасалған бойда біз оның барлығын сатып аламыз. Бұл ретте, әр адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады. Мемлекеттік бағдарламаларда әскерилер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар және тағы басқа санаттар бар. Жаңа бағдарламада ондай категориялар болмайды. Біз заемдардың барлығымен жұмыс істейтін боламыз», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков. Оның айтуынша, жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшін құрылатын компания мен Қазақстанның ипотекалық компаниясының айырмашылығы бар. Соңғысы ипотекалық несиелерді субсидияласа, алғашқысы несиелерді сатып алады. «7 – 20 – 25» бағдарламасының тиімділігін арттыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту нормалары және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үй заемдарын беру параметрлері қайта қаралады. «Банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып, ипотекалық несиелерді секьюритизациялау тетігі қалпына келтірілмек. Яғни, ипотекалық несиелерді сатып алу үшін нарық талаптарына сәйкес қаражат тартатын болады. Құрылатын жаңа компанияны қаржы агенттігі ретінде тану керек. Жаңа бағдарлама әркімге жеңілдік шарттарын береді. Алайда бағдарлама масылдыққа жол бермеуге тиіс. Берілген несиелер толықтай қайтарылуы қажет», – деді Данияр Ақышев. Бас банкирдің сөзінше, бағдарламаға ресми кірісі бар ел азаматтарының бәрі қатыса алады. Бастысы, төлем жасауға қабілетті болуы қажет. Бүгінде банктермен бірлесе, бағдарламаның шарттары пысықталуда. «Мәселен, тұрғын үйдің бағасы 7 млн теңге болса, онда ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл қазақстандықтар үшін қолайлы. Тұрғын үй құны әртүрлі болғандықтан, ірі қалалар мен өңірлер бойынша баспана құны сараланатын болады», – деді ҰБ басшысы. Атап өтерлігі, бағдарламаның қазіргі өлшемдері әзірше жоба күйінде қалып отыр. Сондықтан мұның бәрін мемлекеттік органдар және банктер қайта пысықтайтын болады. Президенттің бес бастамасының бірі – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бағыты 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ал тиісті іс-шаралар тамыз айында аяқталуы қажет.
Жақын арада Ұлттық банк басқармасы 100 пайыздық мемлекеттік меншіктегі арнайы еншілес компанияны – Бағдарлама операторын құру мәселесін қарайды. Үкіметтің отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатына қатысқан Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қатысты ұйымдастырушылық жұмыстар аяқталмақ. Ал екінші жартыжылдықтан бастап банктер ипотека бере бастайды.
Сондай-ақ, отырыста Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев президент бастамасында қарастырылған 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық мамандыққа, 5 мыңы басқа мамандықтарға, 3 мыңы магистратураға және 1 мыңы PhD бағыттарына бөлінетінін айтты. «Ұлттық бірыңғай тестілеу уақыты жақындап қалды. Қай мамандыққа қанша грант бөлінетіндігін, қай мамандыққа бәсекелестік жоғары екендігін білу маңызды. Сондықтан гранттардың саны мамандық бойынша барлық министрлікпен алдын ала келісіп, жоба ретінде бір айдың ішінде жариялануы қажет. Әр министрлік 20 мың грант туралы нақты ұсынысты бір жетінің ішінде тапсыруы қажет», – деді Ерлан Сағадиев. Сондай-ақ, министр студенттерге арналған жатақханалардың құрылысы туралы: «Жатақханалар оқу орның аумағына салынуы керек. Егер ол аумақтан қажетті жер табылмаса, әкімдіктен жер алуы қажет. Тіпті, болмаса жер сатып алынады. Бұдан кейін жатақхананың жобалық-сметалық құжаты дайындалуы керек», – деді өз пікірін тәптіштеп. Бұдан өзге биылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, сондай-ақ, «Наурыз» мейрамының мерекелік күндерінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының қымбаттауына жол бермеу шаралары пысықталды.