Желіге байланған жеткіншектер

Желіге байланған жеткіншектер

Желіге байланған жеткіншектер
ашық дереккөзі
885

Интернет ұғымы ХХ ғасырдың аяғында пайда болса да,  пойыздың жылдамдығын еске салатындай жылдам қарқынмен кең қанат жайып келеді. Әйгілі Ер Төстік ертегісінде Төстік жыл санап емес, ай санап, күн санап өсіпті деп бейнелейтін. Сол Ер Төстіктің ер жетуі сияқты дамып отырған бір сала болса, ол – бүкілғаламдық желі – Интернет.

Ал интернет болса қазір адамдардың уақытын ұрлаумен қатар, санасын да жалмап барады.  Мейлі той болсын, жиын болсын , бәрі бір кездескенде емен- жарқын тілдеспейді.  Жаппай телефонға үңілу үйреншікті әдет болып барады.

Ересектер тұрмақ, жеткіншектердің  халі көңіл қуантарлықтай  емес. Жас бала жылай берсе, қолына телефон  ұстатып , оны жұбатуға осылай тырысамыз.  Ес білмей тұрып ұялы телефонға жармасқан сәбидің ертеңі не болмақ?

Зерттеу нәтижелері  балалардың жартысынан астамы, атап айтқанда,  56%-ы  бос уақытын виртуальды әлемде өткізетін болып шықты.

 Әсіресе жас шамасы 8-10 жастағы балалардың компьютерге байланып  отыруы ерекше қауіп тудыруда. Мұндай жастағы балалардың 40 пайызы интернеттен көзін алмайды.

Балалар әсіресе әлеуметтік желілерде көп отырады. Екінші орында - онлайн-ойындар. Ал үшінші орында - бейнероликтер сақталатын сайттар.

Tengrienws.kz сайтында « Қазақстанда балалар әлеуметтік желілерге басқа елдегі қатарластарынан көбірек кіреді», - деп жазады.

Зерттеу мәліметтеріне сенсек, қазақстандық балалар әлеуметтік желілерге компьютерлік ойындар мен Интернеттегі өзге де қызықты контент үшін кіреді. Еліміздегі  жасөспірімдер ғаламтор белсенділігі жағынан Латын Америкасының балаларына ғана жол береді екен. Сонымен, Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі балалардың шамамен 43 пайызы интернет-коммуникация құралдарын  қолданады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш бір жарым есе жоғары - 74 пайыз.

Мамандардың айтуынша, егер балалар әлеуметтік желілерге қызықпаса, онда олар компьютерлік ойындарды көбірек қолданады. Ал ересектерге арналған сайттарға келер болсақ, сарапшылар балалардың мұндай сайттарға кіру жағдайларының азайғанын айтып отыр. "Бұл категория көп уақыттан бері көш бастап келген еді, бірақ жағдай өзгерді. Қазақстандық балалардың           1 пайызына да жетпейтін бөлігі эротика  тақырыбын іздейді екен. Ал Қытайда балалардың 23 пайызы ересектерге арналған сайттарға кіреді", - дейді Зертхана сарапшылары.

2015 жылдың соңында суицидті насихаттауға арналған парақшаларға қазақстандық 1863 жасөспірімнің тіркелгені анықталды.  Қазақстан 10 жылдан бері жасөспірімдер арасындағы суицид жөнінен әлемдегі алғашқы үш елдің қатарына кіреді.

Бүгінгі күнде елімізде 16 жасқа толмаған балалардың интернетке  кіруіне заңмен  тыйым салынуы мүмкін. Осындай бастама көтерген депутаттар бірде-бір жеткіншек ата-анасының рұқсатынсыз  ғаламтордан жеке парақша ашпауы тиіс деп отыр. Өйткені интернетте суицидті ашық жазатын сайттар мен жат ағымды насихаттаушылар  көбейген.

Жеткіншектер бос уақытын онлайн немесе компьютердегі ойындарға арнайды. Кей ата-ананың  ол ойындар балаларға не үйретіп жатқанымен шаруасы болмай жатады.  Соңы өліммен, атыс-шабыспен  аяқталатын ойындар баланы қатігез  қылып тәрбиелеп, ойын  басқа арнаға бұруы әбден мүмкін. Бүгінгі күні қоғамда жасөспірімдердің қылмысы көбейіп жатқанының бір себебі осы шығар.

Ресми статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда 18 431 бала ішкі істер мекемелерінде «әлсіз топтар» есебінде тұр. Ал 2 654 жүгермекке әртүрлі қылмысы үшін үкім шығарылып, темір торға қамалған. Олардың 619 - ы – 14 пен 15 жастағы және 2035 - і – 16 мен 17 жастағы жасөспірімдер. Жағаңды ұстататыны сол, бір ғана 2012 жылы «жынды судан» ұрттап алып, ақылынан алжасқан 16 жасқа дейінгі 360 жасөспірім жасаған қылмыстары үшін жазаға кесілген. Денсаулық сақтау министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының мәліметтері бойынша, еліміздегі 11 мен 16 жас аралығындағы бозбала - бойжеткендердің 180 000 - нан астамы  көк түтінге құмар. Ал егер осы жас аралығындағы барлық балалардың саны  1 млн 518 мың екенін ескерсек, бозбала - бойжеткендердің 12 пайызының ағзасы никотинмен уланды деп есептеу керек. Онымен қоса, кішкентай есірткі құмарлардың қатары да көз ілеспес жылдамдықпен көбейіп барады. Мысалы, тіркеуге алынған 3 681 нашақор, токсикоман және психотроптық заттарды тұтынушылардың 600 - ден астамы – 14 жасқа дейінгі жас өскіндер.

Балалары қалай желіден алыстатуымызға болады?  Қазіргі уақытта олар айналысатын ұйымдар, клубтар, спорт түрлері жоқ емес, өте көп.  Неге жасөспірімдер оларға бармайды?

 Себебі компьютер клубтарына кіру бағасы арзан.  Мұндай клубтар сағатына 150-200 теңге шамасында. Қалтасында осындай ғана азын-аулақ ақшасы бар кез-келген бала компьютерлік клубтарда қалауынша интернетте отыра алады. Ал олар дәл сондай сомадағы ақшамен кинотеатрға немесе саябақтағы артакциондарға, фитнес клубтарға бара алмайды. Бос уақытын қызықты өткізгісі келетін жас жеткіншіктерге қандай амал қолданса болады?

Мәселен, Қытай билігі жастардың интернетке деген тәуелділігіне медициналық ауру деген баға беріп, қауіптің алдын алуға кіріскен. Яғни, желіге байланған жеткіншектерді кеселінен арылту үшін арнайы жаттығу лагерлерін ашқан.

Лагердегі жаттығуларды бұрынғы әскери қызметкерлер жүргізуде. Басты мақсат – жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Егер бір оқушы тәлімгердің талабын орындамаса, бүкіл, топ жазаланады. Дене жаттығуларынан бөлек жастар мұнда Қытай этикасынан да сабақ алады. Ән айтып, би үйренулеріне де болады. Ал, интернет тәуелділігінен емдеуді арнайы психолог мамандар жүргізеді.

 Бүгінде Қытайда дәл осындай  250 лагерь жұмыс істейді екен. Мұнда емделіп жатқан жеткіншектердің көпшілігін ата-аналары мәжбүрлеп жіберген. Біздің елімізде де осындай лагерлер ашылса, жағдайымыз оңалармеді?!

Иә, интернеттің пайдалы жағы да бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Керекті мәліметті тез табуға, алыстағы дос-жаранмен  электронды хат алмасуға, құжаттармен жұмыс істеуге көп септігін тигізіп жатады. Алайда оның да өз мөлшері бар. Әсіресе  жеткіншектер үшін. Үйдегі ата- ананың   бала тәрбиесіне  аса назар аударуы тиіс. Әрбір отбасыда бір-бір Wifi-дан бар.  Оның не үшін, қашан қолданылып жатқанын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Нұртөре Жүсіп: «Баяғы  қазақ дәстүрінде төрт түлік мал өсірген ата – бабамыз желіге құлынды байлаушы еді... Бұл күнде желіге адамның жұлыны байланған бір заман  болды»,- деп айтады.

 Ия, рас – ау!  Желіге жармасып жүріп, жұлынымыздың қалай үзіліп кеткенін байқамай қалмасақ болғаны.

Нарбай Тоғжан,  

Әл-Фараби атындағы

 Қазақ  ұлттық университеті

Журналистика факультетінің

4-курс студенті  

Серіктес жаңалықтары