Нәпсіге құл болғандар

Нәпсіге құл болғандар

Нәпсіге құл болғандар
ашық дереккөзі
817
Жарқын болашақ – жастардың  қолында.  Қоғамдағы  жастардың жағдайын  жақсартуға  тырысқанымызбен, оны түзеуге  біраз  кедергілер  жол бермей жүр. Нақтырақ айтсақ, ол – жас түгіл ересек адамзаттың санасын улайтын, талай жанның  түбіне жеткен құмар ойындар. Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі де осы. Азарттық ойындардың қаптап кетуі, аппараттардың  шексіз саны бүгінгі жастардың  басына  бәле болып жабысқан.  Осы мәселемен күресу мақсатында басшылық  2007 жылы  12 қаңтарда 17 баптан тұратын «Ойын бизнесі туралы» Заң қабылдаған болатын. Соның салдарынан  Республика бойынша ойынханалар мен ойын автоматтарының залы Алматы облысындағы Қапшағай қаласы мен Ақмола облысының Щучинск ауданында ғана орналасу керек деп шешіп, жаппай көшіріле бастады. Қаржы қызметкерлері қала ішіндегі ойын орталықтарында рейд жүргізу барысында  біраз «ойын ошақтарын» сөндіргендей болған еді.  Бірақ бұл мәселе мұнымен тоқтап қалған жоқ.  Бұлай деуге себеп, мәселен Алматы қаласында кей көшелеріндегі дүкендерде тұрған азарттық ойындардың аппаратыны тұрғанын  көп көзіміз шалады. Аппараттың алдында араша үймелеген үлкенді-кішілі  адамдардың жүргені тағы бар.  Бұл құмар ойындары талайды өзіне жіпсіз байлап, қан қақсатып жүргені жасырын емес. Әуелі тіккен ақшасын екі есе көбейтіп алып, артынан  он есе, тіпті жүз есе қарызға белшесінен батып жатқандарды да көріп жүрміз. «Ойын бизнесі туралы»  Заңның  15- бабында  Қазақстан Республикасының  жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарының құмар ойындарға  және  бәс тігуге қатысуына тыйым салынады  деп  көрсетілген. Бірақ  оны  бақылап жүрген өкілетті органдар жоқ. Еліміздің кез келген аумағындағы дүкендерде  тұрған аппараттың алдына күніне қаншама жасөспірім балалар келіп-кететінін ешкім білмейді. Бүгінгі қоғамның дертіне айналған құмар ойындарының қызығына батып жүрген жастармен сөйлестік. Олар өздерінің «аурудан» айыға алмай, шарасыз күйде жүргенін мойындады. Кейіпкерлердің өтініші бойынша есімдерін өзгертіп бердік. Мақсат:  Жасым 30-да. Үйленбегенмін. Экономист мамандығын аяқтап, диплом алдым. Қазір саудамен айналысамын. Тапқан табысымның көбі осы ойындарға жұмсалып кетеді. Соның салдарынан да үйленбей жүрген шығармын.  Алғаш студент кезімде  кено ойнап бастадым. Содан бері арпалысып келе жатырмын.  Бірде ұтамын, бірде ұтыламын.  Қазір өзімді бұл аппаратқа жолатпауға  тырысып жүрмін. Жарас:  Жасым  25- те. Бойдақпын. Өзімді бұл ойынға тәуелдімін  деп айта алмаймын. Мына аппараттарға салған ақшаларымды қайтарғым келетін шығар. Осыдан 3 жыл алдын осы ойын арқылы жеңіл автокөлік ұтып алған болатынмын. Содан бері талай көліктің ақшасы кетті. Әрине бұның дұрыс емес екенін бәрі біледі. Бірақ сонда да  ұтамын деген ой осыған әкеліп тұрады. Жеңіс:  Үйленгенмін. Бір  ұлым бар.  Осы ойын деп әйеліммен көп ұрсатын едім. Тапқан табысымды аппараттарға салып, дымсыз үйге баратын кездерім көп болатын.  Алғашқыда ұтып жүрдім, қызығушылығым да арта түсті. Содан қалтамда артық ақша тұрса, аппаратқа барып салатын едім. Қазір де сол жағдай. Қойғым –ақ келеді. Бірақ қолымнан келмей жүр. Әйелім де осы әдетім үшін талай  төркініне кетіп қалатын. Қазір тығылып ойнап жүрмін. Бұл құмар ойындарының шырмауына түскен жандардың бірнешеуі ғана. Алайда осы аппараттардың арқасында Қазақстанның түпкір-түпкірінде қаншама оқиғалар орын алып жатыр.  Мамандар бұл дертке «лудомания» деп деген ат берген. Бұл ауруға көбінесе жастар  ұшырайды. Лудомания жасөспірімдердің психологиясына, рухани  дамуына,  сапалы білім алуына кері әсерін тигізеді. Құмар ойындарының құлына айналған адам түрлі қылмысқа барады, қарызға батады. Ал құмар ойындарына Ислам дінінің көзқарасы қандай? Бұл тұрғыда alashainasy.kz  сайында мәлімдегендей, «құмар» негізі арабша сөз, бірақ аятта құмар сөзі емес «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл  жолмен мал табу мағынасын білдіреді. Асыл дінімізде құмар ойындары  харам етіліп, лағынеттелген. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?».                                                                                                                        Құран кәрімде құмар ойындарының адамды мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, айналасына, қоғамға, қоршаған ортаға, моральдық құндылықтарға тигізетін кесірінің бірдей екендігі анық айтылған. Сонымен қатар, құмар ойындары жос-жаран мен туған-туыстың арасына да іріткі салады. Ақшаның елесі оған еліткен жанды адастырып, көзін тұмандатып, жақын- жұрағаттарын ұмыттыратындығы сөзсіз. Оған берілген жан барша дүниені ұмытып, барлық есіл- дерті ақшаға ауып, соны қалай ұтып алуды ғана ойлайды.  Былайша айтқанда, оның мақсаты құмарға тігілген ұтысты жеңіп алу ғана болады. Бірақ бәрі олар ойлағандай емес. Оның арты үлкен қасіретке жолықтыруы  әбден мүмкін. Сол себепті қабылданған Заңның орындалуына толықтай күш салып, әуелі өзімізді тәрбиелей алсақ мұндай мәселердің саны қоғамда азаяры анық.

Тоғжан Нарбай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің

4-курс студенті

 

Серіктес жаңалықтары