2023
"Шеврон" – Қазақстанның сенімді серіктесі
"Шеврон" – Қазақстанның сенімді серіктесі
Қазақстандағы мұнай өндірісінің үштен бір бөлігін өндіретін, жалпы экономиканың дамуына үлесі үшін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік бағдарламалары үшін де Қазақстандағы ең беделді компаниялардың бірі саналатын «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы қызметіне биыл 25 жыл толады.
2017 жыл: Рекордтық деңгейде мұнай өндірілді
1873 жылы Лос Анжелесте (АҚШ) құрылған, мұнай-газ өнеркәсібі қызметінің барлық салаларына: көмірсутектерді барлауға, өндіруге, тасымалдауға және өткізуге қатысатын, сонымен қатар, мұнай химия өнімдерін өндірумен бірге оларды бөлшек сауда бағасымен сату ісімен де айналысатын «Шеврон» компаниясының дүниежүзілік мұнай өндіру саласында үлесі мол. Корпорация 90-нан астам мемлекетте жұмыс істейді. 23 елде мұнай мен табиғи газды барлап өндіреді, бұл мемлекеттердің ішінде Қазақстан да бар. Қазақстанда компания бірнеше жобаға қатысады, атап айтқанда, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының басты құрылтайшысы. 1993 жылы 6 сәуірде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Теңізшевройл» БК қызметіне қатысты келісімдер туралы арнайы Жарлыққа қол қойып, ҚР Президенті мен «Шеврон» директорлар кеңесінің төрағасы Кеннет Дерр «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы 40 жылдық келісімге қол қойылған-ды. Биылғы жылы «Теңізшевройл» кәсіпорнының Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 25 жыл. Осы 25 жыл ішінде компания Қазақстанның ең ірі әрі сенімді инвесторларының біріне айналды. Аталмыш корпорация салықпен бірге есептегенде елімізге 123 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Әлеуметтік салада ТШО «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасының табысты тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасын бастады. Соның нәтижесінде Құлсары қаласын сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту жобасы бойынша 50 мың тұрғын өз үйлерінде таза суға қол жеткізді. 2017 жылдан бері Атырау облысының денсаулық сақтау және білім беру салаларына қолдау көрсету мақсатында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалды. Тек мұнай саласына ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау сынды әлеуметтік салаларға да инвестиция құйып келе жатқан аталмыш компанияның атқарған жұмыстарын саралап көрген едік. 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы арасында «Теңізшевройл» (ТШО) бірлескен кәсіпорнын құру туралы Құрылтай шартына қол қойылды. Арада үш жыл өткенде корпорация Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) қосылып, оның ең ірі жеке инвесторына айналды. Алматы қаласында елдегі ең алғашқы халықаралық стандарттағы «Шеврон» жанармай құю станциясы ашылып, кейіннен Астана мен Атырау қалаларында да осындай станциялар іске қосылды. Әлемдегі ең ірі мұнай және газ кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игеру мақсатында Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (ҚПО) консорциумына мүше болды. Теңіз кен орнынан Ресейдің Новороссийск қаласы маңындағы Қара теңіз портына дейін созылған КҚК шикі мұнайды экспорттау құбыры іске қосылды. «Шеврон» компаниясының Қазақстан экономикасын әртараптандыруға бағытталған жобасы – Атырау поли-этилен құбыр зауытында (АПҚЗ) құбырларды өндіру басталды. ТШО-ның шикі мұнайды өндіру қуатын шамамен 80 пайызға арттырған екінші буын зауыты мен Шикі газды айдау нысаны да жұмысын бастады. АПҚЗ-да Қазақстандағы алғашқы метал-пластикті құбыр өндірісі басталды. КҚК қуатын арттыру жобасының ашылу рәсімі өтті. Қазақстанда мұнай және газ саласының мамандарын даярлайтын алғашқы Теңіз академиясы құрылды. 2013 жылы Қазақстан Республикасымен серіктестігінің 20 жылдық мерейтойы аталып өтті. Атырау құбыр арматурасы зауытында (АҚАЗ) темір қақпақшалар өндірісі басталды. 2016 жылы Теңіз кен орнының өндірістік қуаттылығын арттыру – Келешек кеңею жобасы-Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыру жөнінде соңғы шешім қабылданып, былтыр рекордтық деңгейде 28,7 млн тонна мұнай өндірілді.«Шевронның» арқасында жаңа кәсіпорындар ашылуда
2012 жылдың сәуір айындағы «Шеврон» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонмен кездескен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Елімізде мұнай өндіру 20 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Бұл Қазақстанның қолда бар әрі ұтымды активі. Біз өндіру көлемін одан әрі ұлғайтуға мүдделіміз. Сонымен қатар, қазақстандық компанияда қызмет ететін жұмысшылардың 80 пайызы – Қазақстан азаматтары. Сіздердің тапсырыстарыңыздың арқасында отандық кәсіпорындар ашылуда. Қазіргі уақытта елімізде маңызы үлкен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Біз үш ірі мұнай нысаны – Теңіз, Қарашаған және Қарашығанақ кәсіпорындарын құру, өз кен орындарында қызмет көрсету үшін осы бағдарламаларға белсенді қатысуы тиіс деп есептейміз», – деген болатын. Қос тараптың бірлескен жобаларының ең көлемдісі – Теңіз кенішін игеру. Бұл кеніштегі мұнайдың алғашқы қоры 2022 жылы алынады деп жоспарланған болатын. Елбасы тарапынан берілген жоғары бағаға «Шеврон» корпорациясының бас атқарушы директоры Джон Уотсон өте риза болды. «Тарих қойнауында қалған 25 жылға көз салсам, Н.Назарбаев пен бұрынғы атқарушы директор Кеннет Дерр үлкен тәуекелге бел буған екен. Президент «Шевронға» сенім артса, «Шеврон» жас мемлекетке инвестиция салып, екі жақ та тәуекелге барды. Осы екі тұлғаның бір-бірін түсініп, ортақ жетістікке жетеміз деген сенімдері бізге көп пайда әкелді. Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұрғанын нық сеніммен айта аламыз. Оған дәлел Теңіз өндірісінің кеңеюі сынды жаңа жоба, жоба құны 37 млрд АҚШ долларына тең. Бұл компания үшін де, Қазақстан үшін де тиімді. Жаңа жоба Қазақстанда жаңа жұмыс орнын ашуға, инвестиция тартуға және мұнай өндірісін арттыруға мүмкіндік береді. Серіктестерімізге, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазақ халқына 25 жыл бойы сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді», – дейді Джон Уотсон. ТШО осынау 25 жыл ішінде ел экономикасының дамуына бірқатар үлес қосқандығын былай қойғанда, болашақта да бірқатар жобаларда бірлесе жұмыс атқарады. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар нысандармен қатар, біраз жұмыс орындары да ашылмақ. Ең басты құндылығымыз адам десек, адамның өмір сүруі үшін жағдай жасап отырған компания Қазақстанның дамуына да өз үлесін қосып келеді.Әлеуметтік жобаларға да көңіл бөледі
Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы арасында 1993 жылы қол қойылған келісім нәтижесінде «ТеңізШеврОйл» құрылып, Қазақстан тарихындағы ең алғашқы ірі шетелдік инвестициялық жобаға айналды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасы әрі қолдауымен Қазақстанда қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастырылып, бұл «Теңізшевройл» сынды компанияларға өсуге және ел экономикасы үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Қазақстан экономикасына инвестиция құйған бұл кәсіпорынға тиесілі табыстың басты кілті – дарынды әрі жоғары білікті мамандар. ТШО бүкіл еліміздегі ең ірі мұнай өндіруші компания ретінде Қазақстан мұнайының үштен бірін өндіреді. 2017 жылы ТШО құрылған уақыттан бастап 3 млрд баррель мұнай өндірісіне қол жеткізді. 1993 жылдан 2017 жылға дейін ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей қаржы төлемдері 125 миллиард АҚШ долларынан астам соманы құрады. Бұған ТШО-ның жергілікті қызметкерлеріне төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген тиісті дивидендтер, сонымен қатар, мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер кіреді. Өндірістік қуатты арттыру мақсатында табысты жүзеге асырылған ТШО-ның алдыңғы ЕБЗ/ШГА жобасы тәжірибесін негізге ала отырып, ККЖ өндіріс қуатын жылына шамамен 12 миллион тонна немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттырып, осылайша, мұнай өндірісінің жылдық көлемін шамамен 39 миллион тоннаға немесе тәулігіне 850 мың баррельге жеткізуді көздейді. ҰЕҚБЖ атқылайтын ұңғылардың ернеулік қысымын төмендетіп, қолданыстағы алты кешенді технологиялық желінің кіре берісіндегі қысымды арттыру арқылы Теңіз кен орнында жұмыс жасайтын зауыттардың толық қуатпен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында 30 мыңнан астам қазақстандықтар ел ішінде жұмысқа тартылды, бұл жобада қызмет етіп жатқандар санының 92 пайызына тең. Сондай-ақ, қазақстандық жабдықтаушыларды ККЖ-ҰЕҚБЖ үшін жобалау, сатып алу және модульдерді дайындау қызметтеріне белсенді түрде жұмылдыруда. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам қазақстандық компания алдын ала іріктеуден өтті. 2017 жылы «Шеврон» қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 2,5 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы шығындаса, оның 1,1 миллиард АҚШ долларынан астамы ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында жұмсалды. Жергілікті бюджетке үлес қосу мақсатында 1993 жылдан бастап ТШО қазақстандық компаниялардың 24 миллиард АҚШ долларына тең өнімі мен қызметін пайдаланды. «Шеврон» компаниясы – экономиканың дамуына үлесі үшін ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік бағдарламалары үшін де Қазақстандағы ең беделді компания. 1993 жылдан бастап «Шеврон» өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 1,4 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. 2017 жылы «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының бюджеті 25 миллион АҚШ долларына жетті. Аталмыш қаржының негізгі үлесі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалды. Бағдарлама аясында 110-нан астам әлеуметтік маңызға ие инфрақұрылым нысандары салынып, дәрігерлер, мұғалімдер және техникалық мамандар үшін мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Аталған ірі жобалар мен игі істер жалғасын таба беретіні сөзсіз.