Ұлт тілі – ұлылардың тілі

Ұлт тілі – ұлылардың тілі

Ұлт тілі – ұлылардың тілі
ашық дереккөзі
319
  Кезекті Үкімет отырысының басты тақырыбы – су тасқыны зардаптарын жоюға арналды. Мұнымен қоса Үкімет мүшелері Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қорытындысына баға берді. Үкімет мүшелері күн тәртібіндегі негізгі мәселеге кіріспес бұрын,  Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің баяндамасын тыңдады. Оның байламынша, қолайсыз ауа райы жағдайының салдарынан елдің шығысында 230 тұрғын үй су астында қалған. Ол су басқан үйлерден 1 мың 526 адамның қауіпсіз жерге көшірілгенін айтты. «Қызыл жарты ай» қорының қызметкерлері 14 млн теңге сомасында 471 адамға материалдық көмек көрсетіпті. 7-25 наурыз аралығында облыста автокөлік жолдарын және су өткізу құбырларын су шайып кетуінің екі оқиғасы, тасқын судың жолдардан асып төгілуінің 17 дерегі тіркелген. Қазіргі уақытта 2 су шайып кету және 14 тасып төгілу салдары жойылды, қалған үшеуі бақылауда ұсталуда. Осыдан кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Ж.Сүлейменов пен Энергетика министрі Қ.Бозымбаевтың су тасқынына қарсы шаралар мен гидрометеорологиялық болжамдар туралы есебі тыңдалды. Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев облыстар, Астана мен Алматы әкімдеріне су тасқыны жағдайын ерекше бақылауға алуды және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Бұл жұмыстарды үйлестіру бірінші вице-премьер Асқар Маминге жүктелді. Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев күн тәртібіндегі мәселелерден тыс, Ресейдің Кемерово қаласында болған қайғылы оқиғаға байланысты бірқатар нақты тапсырма берді. Премьер көп адам қаза болған Кемероводағы қайғылы оқиғаны еске салды: «Мемлекет басшысы Ресей президентіне ресми түрде көңіл айтты. Біз бұдан сабақ алуымыз керек», – деген Премьер-министр осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне және өртке қарсы қызметтерге әкімдермен бірлесіп, барлық сауда орталықтарына тексеру жүргізіп шығуды, қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Қазақстанда 1 151 сауда және ойын-сауық орталықтары тіркелген. Олар жыл сайын тексеруден өтеді. Сонда қауіпсіздік техникасын бұзғаны анықталса, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (120 мың теңгедей) айыппұл салынады. Егер қайтара тексеру кезінде кемшілігін түзетпегені анықталса, айыппұл 100 АЕК-ке дейін өседі немесе сот арқылы объектінің жұмысы тоқтатылуы мүмкін. Былтыр 21 нысан осыған байланысты уақытша жабылған. Күн тәртібіне сәйкес, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек үшінші жыл қатарынан іске асырылып жатқан 2015-2019 жылдарға арналған «Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының» былтырғы жылғы қорытындылары туралы өз әріптестерін құлағдар етті. «Үдемелі» деген айқындауышы болған бұрынғы бағдарламаның орнын басқан жаңа бағдарламада негізгі күш-жігер өңдеу өнеркәсібіне шоғырландырылып отырған көрінеді. «2017 жыл қорытындысы бойынша бағдарламаның табысты іске асырылуы 2015 жылмен салыстырғанда, өңдеу өнеркәсібінің 5,7 пайызға өсуіне ықпал етті. Бұл өсім негізінен металлургия өндірісінің 13 пайызға, тамақ өнеркәсібінің – 8,5 пайызға, мұнай өңдеудің – 5,1 пайызға, химия өнеркәсібінің – 4,7 пайызға және фармацевтиканың 7,2 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді», – деді Ж.Қасымбек. Министр бағдарламаның негізгі нысаналы индикаторларына қол жеткізуде оң серпін байқалып отырғанын жеткізді. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2015 жылмен салыстырғанда, өткен жылы 10,5 пайызға өсіп, 15,5 млрд долларды құрады. Қазақстандық өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін 122 ел тұтынады. Мысал үшін айтар болсақ, Алматы ауыр машина жасау зауытының экспорт көлемінің күрт артуына байланысты тау-кен өндірісіне қажетті техниканың шетелдік нарыққа жеткізілімдері ауқымы едәуір, нақты айтсақ, 3 есеге ұлғайды. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың құны мен өтімділігінің жоғарылауы арқасында отандық аграрлық химия экспортының көрсеткіштері 2 есеге көбейген. «Теңге мен рубльдің валюталық паритетінің қалпына келуі» нәтижесінде отандық құрылыс материалдары қайтадан Ресейде сұранысқа ие болып, олардың сатылымы 1,8 есеге өскен. Сондай-ақ, ферроқорытпалар мен жалпақ прокаттың құны мен жеткізілім көлемінің өсуіне байланысты қара металлургияда бұл көрсеткіш 1,7 есеге жақсарды. – Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл сайын жаңа өндірістерді іске қосамыз. Осы 3 жылда Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 3 трлн теңге тұратын 378 жоба пайдалануға беріліп, 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Соның ішінде 2017 жылы 1,5 трлн теңге қаржыға 120 жоба жүзеге асып, 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылды, – деді Ж.Қасымбек. Ал биыл Павлодар облысында «Проммашкомплект» ЖШС-ның құны 51,5 млрд теңге болатын темір жол доңғалақтары өндірісінің кешені және Алматы қаласында «Эйжа Стил Корпорейшн» ЖШС-ның құны 27,7 млрд теңгеге жететін үлкен диаметрлі болат құбыр зауыты сияқты жаңа индустриялық нысандардың тұсауы кесіліп, ел игілігіне тапсырылмақ. Инвестициялар және даму министрі 2018 жыл соңына дейін 1 трлн теңге инвестиция құйылатын 150 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын жариялады. Онда шамамен 15 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Қазақ тілін ақысыз  үйрету керек

 Үкімет отырысында «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» өткен жылғы қорытындысымен Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бөлісті. «Жыл сайынғы жүргізілген зерттеулер нəтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруінде оң динамиканы көрсетті. 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 83,1 пайызды құрады. 2016 жылы көрсеткіш біршама төмен болатын. Үш тілді меңгерген ересек тұрғындар үлесі 22,3 пайызды құрады», – деді министр. Министрдің баяндамасынан соң Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар жүктеді. «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының өткен жылғы нəтижесі жаман емес. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың есептік кезеңдегі мониторингі оң үрдістің бар екенін көрсетіп отыр. Белгілі нəтижелерге қарамастан назар аударатын кейбір мəселелер бар. Біріншіден, халыққа қазақ тілін ақысыз, тегін үйрететін курстардың жұмысын белсенді жандандыру қажет. Сонымен қатар өзге тілдерді оқытып, үйрететін курстардың қолжетімділігін арттыру, оның ішінде интернет, ақпараттық ресурстар арқылы үйретуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Бұл Мəдениет жəне спорт министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы», – деді Премьер-министр. Оның айтуынша, тілдерді үйрену мен қолдануға жəне арнайы əдебиеттерді жарыққа шығаруға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Осыған байланысты халықтың арасында кеңінен сұранысқа ие заманауи оқу əдістемелік құралдарды, балалар кітаптарын басып шығару керек. «Екіншіден, қазақ тілінің латын графикасына көшуін іске асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Əліпбидің кезең-кезеңімен көшуі бойынша тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іс-шаралар жоспарының дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.    

Серіктес жаңалықтары