Тағы да Баукең туралы

Тағы да Баукең туралы

Тағы да Баукең туралы
ашық дереккөзі
361

Александр Бектiң ол жайында жазған “Волоколамское шоссе” ро­манын сиясы кеппей жатып-ақ ағыл­шындар өз тiлiнде сөйлеттi. Бау­кеңнiң сондағы әскери такти­касын қарулы күштерi тәсiлдерiне ендiрген. Бостандық аралы Куба­ның басшысы Фидель Кастро ис­пан тiлiнде жарық көрген сол кi­тап­ты әр солдаттың қолына ұста­тып, Баукеңдi үлгi тұтты. Израильдiң Әскери Академиясында да оның соғыс әдiс-тәсiлдерiн талқылаған еңбектерi оқылады. Батырдың “Москва үшiн шайқас” пен “Пси­хология войны” кiтаптарын Ресей­дiң ардагер генералдары нағыз со­ғыс шындығы деп бағалады. Әлемге танылып, ұлтының мерейiн көтер­ген батырымызды бiз сол деңгейде қастерлей алдық па? Көз алдымызда жүргенде қадiрiн бiлме­генiмiз рас. Басқасын былай қойғанда, “Ұшқан ұя” романы баспада сүрленiп жатып шықты емес пе? Өмiрден өтiп кеткен соң да шырайын шығарып жатқанымыз шамалы.

Мiне, Ұлы Жеңiстiң 60 жылдығы келе жатыр.Ресей қазiр зор дайындық үстiнде. Ал бiз Баукеңе Алматының 28 гвар­диялық Панфиловшылар атындағы саябақтан ескерткiш ашамыз деумен күн артынан күн, жыл артынан жыл өткiзiп келемiз. Идея бар, нақты iс жоқ. Офицерлер үйiнен мұражайын да ашайық дегенiмiз қашан.Ол да сөз жүзiнде қалып қойды. Тым болмаса, Баукеңнiң әлi жарық көрмеген “Соғыстың соңғы солдаты” романын да басып шығара алмасақ, кiмге кiнә арта­мыз? Астанадағы кең көшенiң бiрiне Баукеңнiң аты берiлiп, еңселi ескерткiшi қойылса жараспай ма? Исi қазаққа ортақ, ұлттың рухын көтеретiн тарихи тұлғаға бүкiл облыс орта­лықтарынан ескерткiш орнатсақ артықтық етпес, сiрә. Ал бұған Үкiметтегiлер не дейдi? Әдеттегiдей тағы да үнсiз қалар ма екен?

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары