ЕЛ БОЛҒАН, ЕҢСЕ КӨТЕРГЕН КҮН ЕМЕС ПЕ?!

ЕЛ БОЛҒАН, ЕҢСЕ КӨТЕРГЕН КҮН ЕМЕС ПЕ?!

ЕЛ БОЛҒАН, ЕҢСЕ КӨТЕРГЕН КҮН ЕМЕС ПЕ?!
ашық дереккөзі
370

Осыдан тура 15 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 25 қазанында мемлекеттiң егемендiгi туралы Декларация қабылданды. Бұл Декларация "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы" Заңның негiзiн қалаған едi. Мiне содан берi бiз 25 қазанды Республика күнi ретiнде атап өтемiз.

Жалпы, кез-келген мемлекет өзiнiң мемлекеттiк рәмiздерiне ерекше мән бередi. Ал, республиканың тәуелсiздiгi мен егемендiгi жаряланған күн де ұлттық рәмiздердiң бiрiне жататыны анық.

Осы 15 жыл iшiнде Қазақстанның жеткен табысы — мемлекеттiлiктi қалыптастырып, тәуелсiздiк тамырын тереңдеттi. Тәуелсiздiкпен бiрге жеткен нарықтық экономиканың өтпелi кезеңiн табысты экономикалық реформалар арқасында жеңе бiлiп, ТМД мемлекеттерi арасында ең алдыңғы қатардағы озық мемлекетке айналды.

Елдегi тыныштық пен бейбiтшiлiк жайлы инвестициялық климатқа жол ашты, елiмiз қазiр шетелдiк инвестиция тарту жағынан ТМД мемлекеттерiнен қара үзiп кеттi. Орталық Азия аймағындағы барлық шетел инвестициясының 80%-дық үлес салмағы Қазақстанға тиесiлi.

Қазақстан Азия аймағындағы стратегиялық маңызы зор мемлекет. Сол үшiн оған АҚШ та, Батыс та, Ресей де, Қытай да сынай қарап отыр. Бұлардың iшiнде бiздiң ең сенiмдi әрiптесiмiз – Ресей. Ресейдiң көңiлiне жаутаңдап отырған бiздiң елде шешiлмеген кешендi бiр мәселе бар. Ол – ұлт мәселесi, қазақ мәселесi.

Бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрген алып КСРО құлайды деген ешкiмнiң өңi түгiлi түсiне енбедi. Алайда, тас қамалдан босанған өзге ТМД мемлекеттерi тiзгiндi жеке қағып, өзiнiң ұлттық құндылықтарын ұлықтай бастады. ТМД-дан ең әуелi бас тартқан Балтық жағалауы елдерi бүгiнде Еуроодаққа мүше болды. Ресейдiң iшкi және сыртқы ықпалынан тез айығып, бiрден отарсыздандыру саясатын жүргiздi. Ресей десе ләппай тақсырлап келген Украина да ондағы революцияның жемiсiмен ұлттық дамуды таңдап алды. Тiлi мен дiнi ұқсас, мәдениетi мен дiлi ұқсас орыстың әсерiнен олар да бойын аулақ салды. Бiзге жеткен кейбiр мәлiметтер бойынша, Украина Ресейде шығатын басылымдардың кiруiне мүлдем тиым салып тастаған. Сондай-ақ, аймақта тиiмдi жобалардың бiрi есептелiнетiн бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке (БЭК) Украина тек еркiн сауда әрiптесi ретiнде енудi мақұлдап отыр. Бұның бәрi Қазақстанның кез-келген интеграциядан бас тартпайтындығын танытады.

Сондай-ақ, Қазақстанның тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн мәлiмдемелердi де аракiдiк естiп қаламыз.

Қазақстан тарапынан бұл мәлiмдемелерге төменгi дәрежедегi шенеунiктер "ол мүмкiн емес" деген солқылдақ үн қатады. Осының бәрi бiздегi ұлттық саясаттың әлсiздiгi салдарынан орын алып отыр. Егер, Қазақстанда байырғы ұлттың мұң-мұқтажы ескерiлiп, мұндағы тыныштық байырғы ұлт есебiнен емес, өзге ұлт есебiнен орын алып отырса, ешкiм оның тәуелсiздiгiне күмән келтi¬ретiн сөз айта алмас едi. Ал, ондай сөздерге ұлттық пейiлдегi тұлғалар бiрден соққы берiп, екiншi рет мұндай әңгiменiң қайталанбауына жол ашар едi. Кейбiреулер бұны оппозицияның арандату үшiн ұйымдастырған саясаты дегендi айтады. Солай-ақ болсын, бiрақ, мемлекет мұндай мәлiмдемелердiң айтылуына жол берiп, елдiң бiртұтастығы мен тәуелсiздiгiне күмән келтiрiп жатқандарды қалай да жазалауына болар едi ғой. Демек, бiздегi жалтақтық өзге түгiл қарапайым тұрғындардың өзiне қолымыздағы барымыз бен нарымыз – тәуелсiздiкке күмәндануына мүмкiндiк берiп отыр.

Сол себептi, бүгiнгiдей iрi мейрам көп той-томалақтың бiрi ретiнде елеусiз ғана өтпеуi керек. Бiз үшiн тәуелсiздiк ұғымынан қастерлi, қасиеттi ұғым болмағаны жөн. Қазақтың ұланғайыр даласын найзаның ұшы, бiлектiң күшiмен қорғаған сарбаздары еркiндiктiң дәмiн сезiнген, сезiнгенде қасықтай қаны қалғанша, елi үшiн күрескен. Атырау мен Алтайдың арасындағы шетсiз-шексiз алып мекен ата-бабаларымыздың ұлттық патриоттығының арқасында бiзге жеттi. Отаршыл күштер бiрнеше ғасыр бойы рухымызды басып, жiгерiмiздi жаншығанымен, қазақтың қайта туар күнi бар екен. Туды. Ендi осыны ұлықтай бiлгенiмiз абзал.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары