ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIКТЕН ҰТҚАНЫМЫЗ НЕ?

ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIКТЕН ҰТҚАНЫМЫЗ НЕ?

ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIКТЕН ҰТҚАНЫМЫЗ НЕ?
ашық дереккөзі
367

Өйткенi Желтоқсан кезiнде Л.И.Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақ жастары ең алдымен Қазақстанда қазақты кемсiту практикасына наразылық бiлдiру үшiн шықты. Олардың көпшiлiгiн қалада туып өскен қазақтардың емес ауылдан шыққан қазақтардың құрауы, оның iшiнде әлгi шөл мен шөлейiттегi ауылдардан келгендердiң басым болуы тап осыны бiлдiредi. Бұлар республикадағы ең кем саналған қазақ халқының, оның iшiнде ең шеттетулi алыстағы ауыл жұртының өкiлдерi болған. Қазақстанда басшылықтың ауысуы Желтоқсан оқиғасына тек түрткi ғана болды. Ал оның нағыз себебi албырт және адал көңiлдi жастардың өз жерiнде тiптi орыс айдап әкелген келiмсектер тарапынан да шеттетiлiп, теперiш көрген халықтың намысын жыртпай болмайтынын түсiнуi болды. Олар жеңiлiс тапқаннан кейiн орыс пен қазақтың арасында жүргендердiң бiр адамдай болып қазаққа өшiге, кектене шүйiлуi де көп нәрсенi аңғартатын болса керек. Сол кезде бiр шындықтың бетi ашылды.

Қазақстанға арып-ашып не босып келген, сосын кеңпейiл халқымыздың қонақжайлығын көрген бұрынғы айдалушылар мен жер ауушылардың көбiнiң қазақты жек көруi, оған ыңғайы келгенде барынша жамандық жасауға дайын болуы жағынан орыс-славяндарды да шаңына iлестiрмейдi екен. Сол тарих бiзге жақсы сабақ бердi. Бiрақ бiз, өкiнiшке қарай, одан тәлiм алмадық. Үлкен халықтың кiшi халықты бағындыруы тарихта жиi болып тұратын жайт. Бiрақ көп жағдайда сол үлкен ұлт бағындырылған елге қайдағы басқа бiреулердi ертiп әкелiп, екi ортада басындырып қоятыны да болады.

Осыған жол беретiн елдiң күнi түбi қараң болады. Соны түсiнетiн бағынышты кiшi халықтар басқа ерме кiшi ұлттар өкiлдерiн қоқаңдаттырмаудың бар амалын iстейдi.

Мәселен, Әзiрбайжан жақта болып көрген бұрынғы және қазiргi мұнайшы қазақ жiгiттерiнiң кез-келгенi сiзге Бакудегi солардың саласына қатысты кәсiпорындардағы кадрлар бөлiмiнде отырғандардың бос жұмыс орны болса да, қазақ сияқтыларды ашықтан-ашық жуытпайтынын айта алады. Бұрынғы КСРО-ның барлық ұлттық республикаларында дерлiк осындай практика кеңiнен тараған.

Ал Мәскеудiң қысымымен үшiншi ұлт өкiлдерiн қабылдауға мәжбүр болған кейбiр ұлттық республикалар державалық орталық сәл әлсiреген кезде-ақ әлгiлердi аяқ астынан қырып-жойып айдап шықты.

Бұның мысалы ретiнде 1989 жылы өзбектердiң Ферғанада және жалпы Өзбекстанда 1944 жылы Грузияның Месхетия аймағынан көшiрiлiп апарылған түрiктерге iстегенiн атауға болады. 45 жыл өткен соң өзбек елiнен аман-сау қашып шыға алған түрiктердiң бiразы Ресейдiң Ставрополь өлкесiне апарылып уақытша жайғастырылды. 1989 жылдан берi өткен 15 жылдың iшiнде Грузия оларды ақыры керi қабылдамай-ақ қойды.

Жаңа 2004 жылдың тура басында сол мемлекеттiң президентi болып сайланған М.Саакашвили сол сайланарының алдында ол елбасы болған жағдайда Месхетия түрiктерiнiң елге кiргiзiлмейтiнiн ашықтан-ашық жария еттi. Осы жерде Грузияның осы жас президентiн демократия мен адам кұқықтары мәселелерiне келгенде iшкен асын жерге қоятын бүкiл Батыс Еуропа мен АҚШ лидерлерiнiң барынша қолдайтынын айта кету керек болар. Сондықтан болар, сол Америка басшылығы ақырында барып Ставрополь өлкесiндегi жергiлiктi орыстар арасында да сыймаған Өзбекстаннан көшкен түрiктердi өз елiнде босқындар ретiнде қабылдайтын болды. Қазiр осыған дайындық жүрiп жатыр. Өзбекстаннан қашқан түрiктер тiптi кең деп саналатын орыстардың арасына да сыймай қойды.

Ал солардың Ферғана мен өзбектiң басқа да аймақтарынан 1989 жылы Қазақстанға жан сауғалап қашып босып келгендерi осында тым жақсы тұрып жатыр. Ресейдiң Ставрополь өлкесiндегi жергiлiктi халық билiк басындағыларға «келiмсек түрiктердi көшiрiп жiберiңдер» дегендегi әлгiлерге таққан кiнәсi олардың наркотик саудасына белсендi түрде араласатыны болатын. Бәрiмiз де талай рет бiздiң Ұзынағаш пен оның айналасындағы қазақтардың жергiлiктi жерде нашақорлықты негiзгi болып өршiтiп отырған осындағы түрiк отбасылары екенiн теледидардан айтқанының куәсы болдык. Естiмей-бiлмей жүрген нәрсемiз емес. Сонда да оларды сыйғызбайын деп жатқан ешкiм жоқ. Сонда қазақтан көрi кеңпейiлдi ешкiмнiң болмағаны ғой. Ал осы кеңпейiлдiлiктен көрген жақсылығымыз қандай екен?

Ешкiмдi ешкiмге қарсы қойғымыз келмейдi. Бiрақ «айтпаса – сөздiң атасы өледi» деген бар. Соғыс жылдары сол грузиялық немесе месхетиялық түрiктердi И.Сталин Қазақстанға да жер аударған. Ал 1978 жылы тамыз айында Алматыдағы М.Горький атындағы паркте үлкен ұлтаралық қақтығыс болды. Сол жолы дiнi мен тiлi бiр туысқанымыз деп жүрген түрiктер орыс-славяндармен бiрiгiп қана қоймай, соларға бас болып жүрiп, қарсы кездескен қазақтың бәрiн қырғынға ұшыратты. Әрине, өзбектердiң 1989 жылы Ферғанада iстегенi ешбiр кешiруге жатпайды. Қан төгiп, кiсi өлтiрген адам соттың алдында болмаса да, Құдайдың алдында ерте ме, кеш пе жазасын тартады… Бiрақ сол 1978 жылы түрiк жастарының Алматыда iстегенi қай адамгершiлiк заңы бойынша кешiруге жатады?! Бiрақ кеңпейiл қазақ кешiрдi. Дұрыс, кешiрiмшiл болу керек…

Алдыңғы жылы «Известия» газетiнiң бетiнде бiр чешен жiгiтi өздерiнiң Қазақстанда ешбiр жазығы жоқ қазақ жiгiттерiн қуып жүрiп, пышақпен қойша бауыздап қырғанын суреттеп берген. Сол чешендер соғыс жылдары осында бүкiл халық болып жер ауып келген. Қазақтан жамандық көрген жоқ. 2000 жылдар барысында соңғы орыс-чешен соғысынан тағы да 10 мыңнан астам чешен босып келiптi. Оларға ешкiм ештеңе деп жатқан жоқ. Сондағы қазақтың естiген «рахметi» әлгi «Известия» газетiндегiдей жайт. Депутат Ғани Қасымов соған қатысты мәжiлiсте тиiстi қатаң шаралар қолдану туралы ұсыныс жасап шыққан. Оның iшiнде Қазақстан территориясында «Известия» газетiнiң таралуына тыйым салуды ұсынған. Қолдау таппады. Қайта келекеге ұшырады. Негiзiнен жат ұлт өкiлдерi бақылауындағы орыстiлдi баспасөз бұл жайтты көңiл аударуға тұрмайтындай нәрсе қылып көрсетуге барын салып бақты. Сөйтiп, солардың дегенi болды. «Известия» газетiн Мәскеуде Раф Шакиров деген татар жiгiтi бас редактор ретiнде басқарған. Егер бұнда чешендердiң әлгiндей қылып татарларды қойша қырғаны туралы мақала жазылса, ол басар ма едi?! Әй, қайдам… Басқан күнде, Татарстанда қандай жағдай орнар едi?! М.Шаймиев бастаған қаны бар татар ұлтының көсемдерi ондай редакторды да, сондай мақаланы дайындаған журналистi де орындарынан қуып, албасты кейпiне келтiрмей, тынышталмаған болар едi. Ал қазақ болса өзiнiң намысын қорғағанды келеке еткенге ерiп, жырқ-жырқ етiп жөнсiз күлгеннен әрiге бара алмады…

Сосын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы барысында ұсталған өрiмдей жас қазақ қыздарын орыс және қазаққа жатпайтын келiмсектер iштерiнен, жыныстық органдарынан тепкiледi. Бұны да кешiрдiк. Осынымыз үшiн риза болып, рахметiн жаудырып жатқан кiм бар?! Ешкiм жоқ. Қайта басқа жұрт мазақ қылуға айналды. Жоғарыда айтылған «Известия» газетiндегi жарияланым — соның бұлжытпас куәсi.

Ол ол ма, ендi «мыналар өз пайдасын бiлмейтiн аңғал да момын ел екен» деп, ендi қазақ жерi мен елiн халықаралық ауқымдағы босқын келiмсектер қажетiне жаратуға күш салушылар көптеп табылып жатыр. Бұл салада не болып жатқанын сiз, қадiрлi оқырман, бiлесiз бе? Бiлмейсiз. Өйткенi жалпықазақтық ауқымдағы ұлттык қоғамдық пiкiр атымен жоқ. Мәселен, сiз БАҚ арқылы Бiрiккен Ұлттар ұйымының Босқындар жөнiндегi жоғарғы комиссариатының Қазақстандағы өкiлдiгi атынан сөйлеушiлердiң сөздерiн жиi естисiз. Оларды тыңдасаңыз, өз елiңiздiң мойнына босқындарға қатысты бiршама мiндеттер алып, әзiрше соларды толық түрде орындамай отырғанын естiп, ыңғайсызданасыз. Дұрыс екен. Ал фактiлер кандай?

Фактiлер түсiнiксiз. Басқаша айтқанда олар тек бiр нәрсенi ғана анық бiлдiредi. Сыртқы күштер босқындар мәселесiн Қазақстан турасында өзiне қалай ыңғайлы болса, солай қолданады. Мысалдарға жүгiнелiк.

Бiрiншi қайшылық. Бiр елден басқа мемлекеттерге көптеп босқындар қашып барып тiркелiп жатса, сол елдiң басқа босқындар үшiн баруға қолайлы ел есептелуi мүмкiн бе? Кез-келген басқа жағдайда бұл мүмкiн емес те, Қазақстанның жағдайында әбден мүмкiн. Неге дейсiз ғой? Өзiңiз қараңыз.

ТМД ауқымындағы «босқын» статусының баламасы – «мәжбүрлi қоныс аударушы». Ресми деректер бойынша, 1993-1998 ж.ж. Ресейде соғыс болып жатқан Чешенстан мен Тәжiкстаннан қашқандармен қатар Қазақстаннан барған 300 мың орыс-славян ұлттарының өкiлдерi тiркелген. Ал сол орыстiлдiлерге күн көрсетпей жатыр деп күнде еститiн Прибалтика елдерiнен келiп тiркелгендер жоқтың қасы. Бұл қалай дейсiз ғой? Осы жердегi мәселе әлi жүздеген мың адамды Ресей Федерациясының «мәжбүрлi қоныс аударушы» ретiнде мойындауы емес, сол БҰҰ-ның Босқындар жөнiндегi жоғарғы комиссариатының сол елдегi өкiлдiгiнiң Қазақстаннан көшiп барғандарды «босқындар» ретiнде танып, көмекке қыруар қаржы бөлуi. Мiне, Мәскеуде шығатын және бiзде кеңiнен таратылатын газеттердiң бiрiнде «Алматыдан Орталық Ресейге барып, әлгiндей статуспен тiркелген орыс әйелiне қоғамдық қызметi үшiн БҰҰ тарапынан «джип» машинасы берiлгенi» айтылады. Ал ондай машина кем дегенде 25-30 мың доллар тұрады. Сонда БҰҰ-ның босқындармен айналысатын бөлiмшесi ақша шашарға амал таппай отыр ма?!

Ресми анықтама бойынша «босқын – нәсiлдiк, дiни нанымы, азаматтық, ұлттық белгiлерi, белгiлi бiр әлеуметтiк топқа жататындығы немесе саяси сенiмдерiне байланысты қудалау құрбаны болуы мүмкiн екендiгiнiн толық негiзделген қаупi төнуi себептi өзi азаматы болып табылатын елден тыс жерде мәжбүрлi тұрып жатқан және осындай қауiптердiң салдарынан өз елiнiң қорғауын пайдалана алмайтын немесе пайдаланғысы келмейтiн шетелдiк, немесе өзiнiң бұрынғы кәдуiлгi тұрғылықты елiнен тыс жерде тұрып жатқан, осындай қауiп кесiрiнен оған қайтып орала алмайтын не қайтып оралғысы келмейтiн азаматтығы жоқ адам».

Ендi мына бiр қызыққа қараңыз. Ресей өзiнiң орыс тiлдiлерiн қабылдап, iшiндегi қалағандарына «вынужденный переселенец» статусын берсе, Қазақстан ол жақтан келген қазақтардың квотаға iлiккендерiне «оралман» атағын бередi. Айырмашылығы: ондағыларға Бiрiккен Ұлттар Ұйымының УВКБ-сы (Управление Верховного комиссара по делам беженцев) қаржылай көмек былай тұрсын, өте қымбат (бiзде тек асқан байлар ғана мiнетiн) «джипке» дейiн сыйға тартады, ал бұндағыларға (Ресейден келген қазақтарға) соқыр тиын да татырмайды. Сонда Бiрiккен Ұлттар Ұйымы үшiн Қазақстаннан Ресейге барған орыс-славян адам да, ол жақтан Қазақстанға келген қазақ – адам емес болғаны ма?!

Ресейдiң өз баспасөзiнде келтiрiлген көптеген мәлiметтерге қарағанда, ел астанасы Мәскеудiң өзiнде тал түсте «бритоголовые» дегендердiң моңғол тектес азиаттарды қуып жүрiп, шынжыр темiрмен өлiмшi қылып сабауы өте жиi кездесетiн жайт екен. Сол орыс журналистерiнiң өздерiнiң айтуына қарағанда, көшедегi жұрт та, милиция да жауыздардың бұл әрекетiн сөзбен не ыммен қоштайды екен. Сөзiмiз босқа айтылды демес үшiн бiр-екi сiлтеме келтiре кетейiк:

«В Волгограде на улице 17-летний скинхед Артем Сиракузов напал на прохожего, внешность которого показалась бритоголовому нерусской. В стычке скинхед ножом зарезал мужчину. Убитый оказался пенсионером Омаром Абдурухмановым, казахом по национальности» («Скинхед убил казаха», «Новые Известия»).

Ал «Алматыда не Астанада бiреудi тек нәсiлi еуропалық адам болғаны үшiн қуып жүрiп ұрады екен» дегендi жазбақ түгiлi, ешкiм естiген де емес. Қазақстан мен қазақтар туралы неше түрлi жаман нәрсенi жиренiшпен жазуды әдетке айналдырған талай мәскеулiк не батыстык журналистердiң де бұлай деп айтуға себеп таба алмауының өзi көп нәрсенi аңғартса керек.

Әрине, бұл жерде мәселе туғызып отырған БҰҰ-ның ресми саясаты емес, оны жер-жерде жүргiзiп отырған соның қызметкерлерiнiң өздерiнiң нәсiлдiк симпатиялары мен антипатияларына сай бiреулердi артығынан мүсiркеп, екiншi бiреулердi шектен тыс алалауында болса керек.

УВКБ ООН-ның Қазақстандағы бөлiмшесiнде iстеушiлер ағылшын тiлдi, асып кетсе орыс тiлдi адамдар. Көбiне бұлар — алыс шетелдiктер. Бiрақ жай шетелдiктер емес, Ресейде оқыған немесе ұзақ уақыт жұмыс iстеген дамыған әлем не Таяу Шығыс өкiлдерi. Өкiнiшке орай олардың сөздерi мен мiнез көрсетулерiнен орыстардың бiрқатарына тән қазақты кемсiте басынушылық танылады. Ал көздегендерi әлгiлердiкiнен әлдеқайда кеңiрек. Олар бүкiл оңтүстiктен неше түрлi жағдайға ұшырап берi қарай босқандарды Қазақстанға қабылдату үшiн көп еңбек сiңiрiп жүр.

Сонымен Кеңес Одағы Қазақстанды державаның оңтүстiгiнiң көптеген халықтарын қабылдауға мәжбүр етсе, ОБСЕ мен УВКБ ООН сияқты халықаралық ұйымдар Орта Шығыс пен Оңтүстiк Азиядан ысырылып шыққан қазаққа жат ұлттар мен ұлыстар өкiлдерiн қабылдап, жағдай жасайтын қорық қылуға көп күш салып жатыр. Осы орайда, олардың барлығы өткен ғасыр барысында қазақтың түрлi ұлттан талай адамды қабылдап, оларды төрiне шығарып, өзi есiк аузына қарай ысырылғандай мiнез танытқанын ескерiп отырғанына күмән жоқ.

Екiншi қайшылық. Өз жерiнен бар-жоғы 5 жылдың iшiнде тек Ресейге қарай 300 мың «мәжбүрлi қоныс аударушы» шығарған мемлекет өзiн сырттан жалпы босқындар қабылдауға жарамсыз ел ретiнде танытса, әбден түсiнiктi болар едi-ау. Бiрақ iс жүзiнде Қазақстан мен бауырлас Қырғызстан өзiне қандас емес босқындарды қабылдау жағынан ТМД ауқымында Ресеймен бiрге алғашқы 3 орынды иемденедi. Ал өз халқы санына қатысты түрде есептегенде, қазақ пен кырғыз елдерi алғашқы 2 орында.

Сонда олар кiмдердi қабылдап отыр дейсiз ғой. Қырғыздар тәжiктерге пана берген. Ал 1990 жылдардың бiрiншi жартысында Тәжiкстанның Джиргатал сияқты аудандарында жергiлiктiлердiң қырғыздарға жаппай зорлық-зомбылық жасап, қырғынға ұшыратқаны туралы қырғыз баспасөзi уақытында көп жазған. Қазақстан чешендердi және ауғандарды қабылдаған. Чешеннiң «Известиядағы» «рахметi» туралы айттық. Ал ендi Ауғанстан туралы. Сол Ауғанстан елiндегi қазақтарға жергiлiктiлер сұмдық жауыздық пен қатыгездiк көрсетiп, бұлардың аман қалғандары көршi Иран мен Пәкiстанға қашып барып жан сауғалаған. Оларды Қазақстанға бiздiң мемлекетiмiздiң өзi көшiрiп алды. УКВБ ООН да, ОБСЕ де, Астананы адам кұқығы мен халықаралық кұқық тұрғысынан жазғырып, неше түрлi шығын көтерiп, мiндеттемелер алуға итермелейтiн қаптаған беделдi ұйымдардың бiреуi де бұған көк тиын ақша бөлген жоқ. Пәкiстандағы аз ғана қазақтарды әкетерден бұрын бiрнеше күнге баспана мен азық жағынан қамтамасыз ете тұру жөнiнде Қазақстан үкiметi азын-аулақ көмек сұрағанда, әлемде осыған құлақ асар ешкiм табылмады. Тек осы мысалдың өзiнен жағдайдың қазақ үшiн қаншалықты терiс қалыптасып жатқанын көруге болады.

Әлгi босқын қабылдаған ТМД елдерiнiң тiзiмiнде Өзбекстан, мәселен, атымен жоқ. Ауғанстан елiнде 1 млн. өзбек қандасы болса да, Ташкент ауған босқындарын қабылдаудан үзiлдi-кесiлдi түрде бас тартады. Жақында ол елде оқуын бiтiрген он шақты ауған жастарын Өзбекстан «қалдыруға заңым жiбермейдi» деген соң, оларды жер түбiндегi Испания қабылдады.

Мiне, ақиқат осындай…

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары