Ирактағы сайлау: МYДДЕЛЕР МЕН МIНДЕТТЕР
Ирактағы сайлау: МYДДЕЛЕР МЕН МIНДЕТТЕР
ШЕЙIТТЕРДЕ – КҮМӘН, СҮННИТТЕРДЕ – ҮМIТ БАСЫМ
Үстiмiздегi жылдың 15 желтоқсанына жоспарланып отырған Ирактың Ұлттық ассамблея (Парламент) сайлауында 334 партия қатысуға ниет бiлдiрдi. Олардың 100-ге жуығы 21 коалициялық күшке бiрiккен. «Ас-Сабах» басылымы Ирактың Орталық сайлау комиссиясы 228 сайлауалды тiзiмдi тiркеп үлгергенiн хабарлауда. Ал Ирак парламентiнiң спикерi Аббас әл-Байятидiң деректерiне сүйене отырып, хабар таратқан спутниктiк «әл-Жазира» 2005 жылдың 30 қаңтарындағы парламенттiк сайлауда ел парламентiндегi 275 орынның 176-сын иемденген және қазiргi кезде Ирактағы ең iрi парламенттiк фракция болып табылатын «Бiрiккен ирактық альянс» блогын құрғанын айтады. Блокты негiзiнен шейiттiк бағытты ұстанатын «Ислам төңкерiсiнiң жоғарғы кеңесi», «Ад-Дава», «Әл-Фадилия» мен Ирактың вице-премьерi Ахмед Чалябидiң «Ирак ұлттық конгресi» партиялары және «Ас-Садр» қозғалысы құрап отыр. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, Ирак халқының 60 пайызын құрайтын шейiттер бұл сайлауда өткен сайлаудағыдай жеңiске жетуi күмәндi. Өйткенi, «Бiрiккен ирактың альянс» шейiттердiң рухани көсемi Аятолла ас-Систанидiң қолдауы мен қорғауынан қағыс қалды. Екiншiден, Ирак үкiметiнiң құрамына кiрген сайланушыларының елдiң күн тәртiбiнде тұрған мәселелердi шешуде дәрменсiздiк танытуы шейiттiк бағыттағы сайлаушылардың наразылығын тудырғандықтан, алдағы сайлауда олардың саяси белсендiлiгiне керi әсер етпек. Ирактағы 2005 жылдың 30 қаңтарында өткiзiлген парламенттiк сайлаудан алдағы сайлаудың басты ерекшелiгi – желтоқсандағы сайлауға сүнниттер байкот жарияламайды. Сүнниттердiң «Ирак ислам партиясы», «Ирак халқының конференциясы» және «Ұлттық келiсiм кеңесi» сияқты негiзгi 3 партиясы «Ұлттық келiсiм фронты» деп аталатын ортақ блокқа бiрiктi. Күнi кеше ғана елдi шулатып, әлем назарын өзiне аударған Ирактың бұрынғы қорғаныс министрi Хазим Шаалян саяси додаға «Ұлттық демократиялық күштер» блогының атынан қатысуға бел байлап отыр. Шаалянның блогында 10-ға жуық ұсақ партия мен 250-ден астам саяси және дiни қайраткерлер бар. Ирак халқының 20 пайызын құрайтын сүнниттер 30 қаңтардағы сайлауда мұздай қаруланып алып, сайлауға байкот жариялаған болатын. Осының салдарынан сүнниттердiң еншiсiне 275 орынның небары 17-сi бұйырды. Парламенттiк орынның қалғанын шейiттер мен күрдтер иеленген. Күштерiн бiрiктiруге бел байлаған сүнниттердiң көсемдерi алдағы парламенттiк сайлауда саяси белсендiлiк нәтижесiнде көп орынға ие болатындықтарына үмiт артып отыр: «Кезектi сайлау тепе-теңдiктi сақтауға мүмкiндiк беретiн Ұлттық ассамблеяны жасақтауға жағдай жасайтындықтан, бiз үшiн өте маңызды» («Ислам» партиясының көсемдерiнiң бiрi Айяд ас-Самараи).
СҮННИТТЕР АРАСЫНДА АЛАУЫЗДЫҚ БАСЫМ
Алайда сүнниттiк саяси қайраткерлердiң бiрқатары елдегi саяси оқиғалардың ешқайсысына қатыспауға нық бекiнгендiктен, бұл сайлаудан да шет қалмақшы. Солардың бiрi Абдел Салам әл-Кубейси: «Күштеп жаулап алынған жердегi саяси әрекеттерге араласудың ешқандай мәнi мен мағынасы жоқ» деп мәлiмдедi. Одан кейiнгi кезекте күрдтердiң «Күрдстанның демократиялық партиясы» мен «Күрдстанның патриоттық одағы» сияқты негiзгi саяси күштерiнiң басын қосқан күрд партияларының блогы келедi.
Жыл басындағы секiлдi парламенттiк сайлау процесi Ирактың 18 провинциясында ғана емес, шет мемлекеттерде де ұйымдастырылмақ. «Қиын-қыстау кезеңде елден жыраққа бас сауғалап кеткен 4 миллион ирактық дауысын әлемнiң 20 мемлекетiнен бередi. Ресми құжаттар 15 желтоқсандағы сайлау нәтижесiнде түзiлетiн Ұлттық ассамблея толық мерзiмге сайланған Ирактың демократиялық парламентiнiң қызметiне жол ашатынын айтады. Өйткенi, сайлау нәтижесiнде Ирактың қазiргi Ибрагим әл-Жафари басшылық етiп отырған уақытша үкiметiнiң орнын ауыстыратын тұрақты үкiметi құрылмақ. Ал шейх Ануар Неда әл-Лихаби жетекшiлiк ететiн «Патриоттар» тiзiмiн қоғамға онша танымал емес сүнниттiк партиялар мен саясаткерлер құрапты. «Ұлттық келiсiм кеңесiне» мүше болса да, күнi кешегi референдумда Ирак Конституциясының жобасын мақұлдаған «Ирак ислам партиясына» қарсылық ретiнде «Ұлттық келiсiм фронтына» енуден бас тартқан сүнниттердiң көсемi Салех әл-Мутлак өз блогын құрғанын мәлiмдедi. Күрдтер Ирактың бұрынғы уақытша үкiметiнiң басшысы Айд Алявимен бiрге коалиция құру арқылы үкiмет басына келуге мүмкiндiгi бар. Аляви өзi басшылық ететiн «Ирактың ұлттық келiсiм» партиясымен бiрге қоғамда үлкен беделге ие «Ирактық коммунистер партиясы», сүнниттiк беделдi саясаткер Аднан Пачачидiң «Тәуелсiз демократтар» партиясымен бiрiге отырып, өзiнiң жеке блогын құрды.
«ӘЛЕМДIК АЛПАУЫТТАР — ЖЕМҚОР»
Сайлауға қатысты iшкi саяси ахуал осылайша өрбiсе, Ирактың сыртқы саясатында да бiр беймазалық бар. Өткен аптаның соңында «Weir Group», «DaimlerChrysler», «Siemens», «Daewoo International», «Volvo», «Bayoil», «Coastal Corp» сияқты басқа да әлемдiк деңгейдегi аса iрi өндiрiстiк компанияларға «Саддам Хусейн үкiметiне пара бердi» деген айып тағылды. Ұлыбританияның «The Times» басылымының деректерiне сүйенсек, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы тарапынан жасалған есепте Жер шарының түрлi мемлекеттерiнiң 2200-ге жуық компаниясы Саддамның үкiметiне 1 миллиард фунт-стерлинг көлемiнде пара бергенi айтылған. Айтпақшы, Саддамды «жарылқағандардың» қатарында ресейлiк «Газпром» мен «Лукойл» компаниялары да бар. Сонымен қатар француздардың «BNP» банкi де Ирактың Иорданиядағы, Ливан мен Бiрiккен Араб әмiрлiктерiндегi есепшоттарына он миллионға жуық «көк қағазды» жөнелтiп үлгерген. Мұндай келеңсiздiктердiң Ирак халқының сайлау алдындағы саяси белсендiлiгiне қалай әсер ететiндiгiн ешкiм тап басып айта алмайды. Бiрақ халықаралық сарапшылардың пiкiрiне сүйенсек, елдегi тұрақсыздық пен қауiпсiздiк мәселесiнде кепiлдiктiң жоқтығы ирактықтардың бiр-бiрiне деген сенiмiнiң де жоғала бастауына әкеп соққан.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ