«Бесеудiң хаты»
«Бесеудiң хаты»
Жұмбақтамай айтатын болсақ, әңгiмемiз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Оңтүстiк Қазақстан облыстық департаментi жөнiнде болмақ. Ұзақ жылдардан берi облысымыздың дәрiгерлiк-әлеуметтiк сараптама саласына басшылық жасап келе жатқан Аманкүл Жанқал министр Гүлжан Қарағұсованың бұйрығымен бiр күнде қызметiнен босады да қалды. Бұл – үстiмiздегi жылдың 19 қыркүйегi болатын.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Оңтүстiк Қазақстан облыстық департаментi бастығының орынбасары А.Жанқалға екi кiнә тағылған. Бiрiншiсi, ол облыстық дәрiгерлiк-әлеуметтiк сараптама бөлiмiнiң төрағасы бола тұра қызмет бабын пайдаланып, өзiне III топ мүгедектiгiн алған. Екiншiсi, үстiмiздегi жылдың 30 мамырынан 10 маусымына дейiнгi аралықта Санкт-Петербургтағы дәрiгер-сарапшылардың бiлiмiн жетiлдiру институтынан арнайы мамандар шақыртып курс-сабақтарын өткiзiп, оны тыңдаушылардың әрқайсысынан 250 АҚШ долларымен ақша жинаған. Бұл екеуi бойынша ОҚО қаржы полициясының тергеушiсi Д.Момбаев қылмыстық iс қозғапты.
Ендi қараңызшы! Аманкүл Жанқалдың шынында бiр көзi көрмейдi. Бұл туа бiткен кемiстiк. Кезiнде операция да жасаған. Бiрақ, нәтиже болмапты. Ауру – адам таңдамайды ғой. Қызмет бабын пайдаланып, жалған анықтамамен мүгедектiкке шығып алғаны жария болып жатса, бiр сәрi… Жоқ, әлде басшы адамның басы ауырып, балтыры сыздамауы тиiс деген заңның тармағы бар ма? А.Жанқал III топ мүгедектiгiне кабинетте отырып алып, өзi қол қоя салмай, бiр топ дәрiгердiң тексеруiнен өтiп, солардың қорытындысынан кейiн шықты емес пе? Жалған диагноз қойған болса, сол мамандар айтсын ендеше… Басшы болса да, басқа болса да егер дене кемiстiгi бар болса, мүгедектiк топқа шығуға, кiм болсын құқылы емес пе?
Елiмiзде дәрiгерлiк-сараптама мамандары арасында медицина ғылымдары кандидаты дәрежесiне қол жеткiзген екi-ақ адам бар: А.Жанқал – соның бiреуi. Бұл әсiресе, аталмыш департамент үшiн қуанышты, тiптi, ретi келгенде мақтанатындай жағдай болуы тиiс едi. Жанарының кемiстiгiне қарамай, А.Жанқал әрине, қызметкерлерiнiң де бiлiктiлiгi жоғары болғанын қалайды. Медицинада күн сайын жаңалық. Оны газет-журналдардан оқу бiр бөлек те, сол мамандардың тәжiрибесiн көзбен көрiп, iске асыру бiр бөлек. Яғни, жүз мәрте қағазға үңiлу, сол мамандармен бiр мәрте жүздесiп, әңгiмелескендей болмайтыны айдан анық. Осы мақсатта А.Жанқал Санкт-Петербургтың дәрiгер-сарапшыларын Шымкентке шақырып, 10 күн курс -сабақтарын өткiзген. Әрине, мұның мамандарымыз үшiн тиiмдi болғаны сөзсiз. Нарық заңына салсақ, қазiргi заманда ақшасын төлемесең, ешкiмнiң ешқайда аттап баспайтыны белгiлi. Курс тыңдаушылардың әрқайсысынан жиналған 250 АҚШ доллары Санкт-Петербургтағы дәрiгер-сарапшылардың бiлiмiн жетiлдiру институтының кассасына төленген. Сосын профессорлардың келiп-кетуi шығынын жапқан. Яғни, бұл жерде А.Жанқал аталмыш қаржыны жеке басына пайдаланып, жымқырып кеттi деуге негiз жоқ. Әңгiменiң ашығын айту керек:бұл осы iстiң көлеңкесiнде тұрған белгiсiз бiр топтың отты көсеп, үрлеп, тiптi, май құйған тiрлiгi демеске амалың жоқ. Министр Г.Қарағұсованың А.Жанқалды қызметтен босату жөнiндегi бұйрығында «өзiне жүкелген мiндеттердi орындамағаны үшiн…» деген жолдар бар. Сөйтiп, министрлiктiң ОҚО-дағы департаментiнiң бастығы Фарид Ақбердиевке қатаң сөгiс жарияланды. Бiрақ, осы тұста А.Жанқалдың мiндетiн уақытша атқару департаменттегi методологиялық және дәрiгерлiк-әлеуметтiк сараптамаларды бақылау бөлiмiнiң бастығы Төрехан Дауытовқа жүктелуi бұл мәселеде бiраз нәрсенi аңғартса керек. Дәрiгерлiк-әлеуметтiк сараптама мәселесi бойынша кемшiлiк кездессе, бұл жазадан осы iске тiкелей жауапты Т.Дауытов та құр қалмауы тиiс едi. Ал, ол керiсiнше креслоға отырды.
Әрине, бастықтың креслосында уақытша болса да бөгде адам отырған соң, ұжымда басқаша жағдай қалыптасатыны белгiлi. Бiрақ, сәйкестiк пе, әлде, шынында астарында жымысқы пиғыл жатыр ма, А.Жанқал қызметтен босаған соң, көп ұзамай-ақ , оның сiңлiсi – №9 Төле би аудандық дәрiгерлiк-әлеуметтiк сараптама бөлiмiнiң бас маманы Рахима Жанқалова «аттестациядан өтпей қалды» деген сылтаумен, аттестациядан өтуге жiберiлмеген. Тек, комиссия төрағасы Елдубай Махатов мырза оған «сiз аттестациядан өтпедiңiз» деп ауызша айта салған. Сегiз жыл бойы осы саланың ыстық-суығына батқан бiлiктi маманға уақытша басшы Т.Дауытов неге ара түспедi? Жанқалованың аттестацияға кiрмегенiн көзбен көрiп отыр ғой. Бiлiктi басшы қызметкерiне сүйеу болып, ең болмағанда сөз жәрдемiн бередi емес пе?
Р.Жанқаловаға «атқарып жүрген қызметiне сай емес» деген кiнә тағылыпты. Ол Қарағанды медицина институтын тәмамдаған. Және 1997 жылдан берi осы Төле би аудандық МСӘК-те еңбек етiп, алты мәрте бiлiмiн жетiлдiру курстарынан өтiп, неврология мамандығы бойынша бiрiншi бiлiктiлiк санатын иемденген. Ендi келiп, араға сегiз жыл салғанда Р.Жанқаловаға «бiтiрген факультетiң басқа» деп кiнә тағып отыр. Бұл кiнә тағудың астарында Аманкүл Жанқалдың кадрларын қудалау саясаты жатқан жоқ па?! Бұл бәлкiм «бiссмiлләсi» шығар. Түркiстандағы дәрiгерлiк-әлеуметтiк сараптама бөлiмiнiң бастығы Н.Махамбетовтың да, осы бөлiмнiң бас маманы Д.Исабекованың да осындай қуғынға ұшырауы жоғарыдағы ойды сабақтай түседi.
Р.Жанқалова аталмыш департаменттегi кадрлар бөлiмiнiң бастығы Сұлу Өксiкбаевадан өзiнiң жұмыстан босатылуы жөнiндегi бұйрықтың көшiрмесiн сұрағанда, ол бұл өтiнiштi орындаудан бас тартқан. Сосын амал жоқ, Рахима столдың үстiнде жатқан екi дана бұйрықтың бiреуiне қол созғанда, кенеттен С. Өксiкбаева: «Қайтар, әйтпесе бастық менi құртады» деп жағасынан шап берiптi. Онымен де қоймай, сол жердегi жұрттың көзiнше Р.Жанқалованы жұлқылап, тiптi қол жұмсаған. Осы оқиғаны айғақтайтын бiрден-бiр құжат – дәрiгердiң анықтамасы бойынша полиция iс қозғаған. «Сенген қойым сен болсаң…» деген, мiне, еңбеккерлердiң құқын қорғайды деген шаңырақтағы сорақы жағдай. Өксiкбаева не үшiн бұйрықтың көшiрмесiн бермеуге жанталасты? Әлде бұйрықтың бiр кiнәраты бар ма? Бiздiңше солай сияқты. Бұйрықта бес бiрдей қызметкердiң жұмыстан босатылғаны жазылған. Оған департамент директоры Ф.Ақбердиев, бөлiм бастығы Б.Нұрмаханов, аттестация жөнiндегi комиссия бастығы Е.Махатов және заң кеңесшiсi А.Диқанбаева қол қойған. Бiр емес, бiрнеше адам, ең бастысы, бастық қол қойған соң бұйрық күшiне ендi деген сөз. Бiрақ, ендi мына қызықты қараңыз. Бұл бұйрықтың не тiркеу нөмiрi, не жазылған айы-күнi жоқ. Сонда Ф.Ақбиердиев қалай «аузы-мұрны» жоқ бұйрыққа қол қойып жiберген? Әлде кез-келген күнi, кез-келген уақытта бұл бұйрыққа «ауыз-мұрынды» өзiмiз жасай саламыз дедi ме екен? Яғни, Ф.Ақбердиев бұрыннан осындай бұйрықтарға қол қойып, етi өлiп кеткенi де… Бұйрық қағазында адамның тағдыры жатыр. Сонда бұл департамент адам тағдырын ойыншық көргенi ме?
Бұйрықпен босатылған бесеудiң екеуi – жалғызбасты. Р.Жанқалова да, Г.Құрманәлиева да жалғыз басты ана. Жанқалованың кәмелеттiк жасқа жетпеген екi баласы бар. Басқа-басқа «халықты әлеуметтiк қорғау» деген аты құлаққа жағымды естiлетiн департаменттiң жалғызбасты аналарға жаудай тигенi несi?
Ендi бiр мәселе. Жақында ғана Елбасының жарлығымен жер-жердегi тәртiптiк кеңестер мен мемлекеттiк қызмет жөнiндегi басқармалар бiрiгiп, бұрынғыдан да күшейе түскенi белгiлi. Елiмiздiң мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi ОҚО басқармасы жақында Ф.Ақбердиевтiң бесеудi жұмыстан босатқан бұйрығын заңсыз деп тауыпты. Басқарма берген анықтамада, тiптi, аттестация жұмысын да заңсыз деп табылғаны ашық жазылыпты. Сөйтiп, екi аптаның iшiнде әлгi бесеудi қайтадан жұмысқа орналастыруды мiндеттеген. Содан берi екi апта өттi. Департамент тым-тырыс. «Iшiмдегiнi тап» деп отыр. Басқа-басқа, мемлекеттiк қызмет басқармасының айтқанына еңбек заңдылығын қадағалайтын бiрден-бiр мекеме – Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау департаментi жүрдiм-бардым қараса, басқадан не үмiт, не қайыр? Ендi қуғындалғандар қайда барып мұңын шағады? 1937 жылғы репрессияның қуғын-сүргiнiнде қоғам қайраткерi Тұрар Рысқұловтың Сталинге хат жазғанын Шерағаңның- Шерхан Мұртазаның «Бесеудiң хаты» атты шығармасынан қанықпыз. Ал, мына бесеудiң «хатына», мұң-зарына Ақбердиев құлақ асар ма екен, жоқ, Стекең, яғни Сталин сияқты жылы жауып қоя салар ма екен?
Е. АМАНЖОЛОВ