Мұнай және газ: АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР

Мұнай және газ: АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР

Мұнай және газ: АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР
ашық дереккөзі
743

Ал Қазақстандағы жағдай керiсiнше, егер 2003 жылы жерiмiзден – 50,0, 2004 жылы — 53,6млн. тонна мұнай және газ конденсаты өндiрiлсе, үстiмiздегi жылы бұл көрсеткiш — 60,0 млн. тоннаға жетiп жығылмақшы. Келешекке назар аударсақ, ресми мәлiмдемелер бойынша елiмiзде 2010 жылы — 100,0, ал 2015 жылы — 150,0 млн. тонна мұнай өндiру көзделiп отыр. Әрине, жерiмiзде жүздеген миллион жылдар бұрын жаратылып, пiсiп-жетiлген мұнайды өз пайдасын бәрiнен жоғары қоятын шетелдiк компаниялардың күшiмен көп көлемде өндiру үшiн айрықша – ақыл, бiлiм, саяси көрегендiлiктiң керегi жоқ. Ол ешқандай жетiстiкке жатпайды, керiсiнше, әлсiздiгiмiздi аңғартады. Егер бүгiнгiдей бiзде өндiрiлген мұнайдың 85 пайызын арзан шикiзат ретiнде шетке сату саясаты әрi қарай жалғаса беретiн болса, онда отандық озат ғылымға, жоғарғы технологияға негiзделген өндiрiсi, тұрақты нарық экономикасы бар өркениеттi мемлекет болуымыз неғайбыл. Себебi – шикiзат экономикасының табиғаты ұлт ретiнде дамудың ең басты жауы – жүйелi жемқорлықты тудырады, ондай мемлекетте шынайы ғылым, сапалы бiлiм болмайтыны тарихи шындық.

Осы орайда, аталмыш 2015 жылға дейiн халқымыздың саны оралмандарды қоса есептегенде небәрi 18-19 миллионға жететiн болса, ондай адам саны аз мемлекетке неге жылына 150,0 млн. тонна мұнай өндiру қажет екенiн көпшiлiктi сендiретiндей дәлелдi түрде әзiрге ешкiм айта алған жоқ.

Бiрақ, мұнайға байланысты бүгiнгi әңгiме арқауы саясат немесе экономика емес, қазақ айта беретiн – «алмақтың да салмағы бар» – демекшi, сутектi қазба – байлықтарды өндiрудiң ұлғаюының кен орындары орналасқан аймақтағы экология және жер қойнауына тигiзетiн қатерлi әсерi жайында.

Мамандардың есебiнше, жерастынан алынған бiр тонна мұнаймен бiрге 500 кг iлеспе газ шығатын болса, оның құрамында 160 кг улы заттар болуы мүмкiн. Сондықтан iлеспе газды ауаға жiбере беруге, немесе бүгiнгiдей шырақ түрiнде өртеуге болмайды, адам жүйкесiне ауыр әсер етедi, ауруларға шалдықтырады, отқа өртеле қалған жағдайда одан бөлiнген күкiрт қышқылы ауаның жоғарғы қабаттарына көтерiлiп, жер бетiне жүздеген жылдар бойы қышқыл жаңбыр болып себелейдi.

Сонымен бiрге iлеспе газды жобасыз, есепсiз жер астына қайтадан жiбере беруге тағы болмайды, онда ол жерасты су көздерiн ұзақ мерзiмге ластауы мүмкiн.

Тап кәзiр, мұнай саласында бiзге ұлт ретiнде аса назар аударатын өмiрлiк мәнi бар ерекше жағдай – бұған дейiн жүз жыл бойы қазақ жерiнiң құрылығында мұнай жер қойнауындағы тұз қабаттарының жоғарғы жағынан өндiрiлiп келдi, оның құрамында тiршiлiкке қатерлi күкiрт болмайды, салыстырмалы түрде қоршаған ортаға тигiзетiн зиянды әсерi аз. Ал алдағы уақытта өндiрiлетiн мұнайдың басым бөлiгi, оның құрылықтағы қоры сарқыла бастауына байланысты Каспий теңiзiнiң қайраңындағы өте тереңдiкке орналасқан тұз қабаттарының астыңғы жағындағы күкiрттi мұнай болмақшы. Күкiрттi мұнайдың құрамындағы улы химиялық заттардың мөлшерi күкiртсiз мұнаймен салыстырғанда бiрнеше есе көп. Оның нақты мысалын Тенгиз кен орнындағы күкiрттi мұнай өндiрiсiнен көруге болады.

Белгiлi ғалым, ҰҒА академигi М. Диаровтың зерттеулерiнше, 1990-2003 жылдар аралығында Тенгизде 98,3 млн. тонна мұнай өндiрiлсе, оның салдарынан Атырау облысында ауаға 4.68 мың. тонна күкiрт қышқылы, 2.27 мың тонна азот қышқылы тарап, адам басына шаққанда 4,8 тонна улы заттар жайылған. Соның зардабынан тек тiркелген аурулардың саны 1990 жылмен салыстырғанда 2,3 есе өсiп, 153299 адамға жеткен. Аймақта соңғы он жылдың iшiнде итбалық, балық, құстардың жаппай қырғынға ұшырауы, өсiмдiктердiң көптеген түрлерi жойылып, жер қыртысының сортаңға, тақырға айналуы үйреншiктi жағдайға айналды.

Жергiлiктi дәрiгерлердiң есебiнше, Тенгиз кен орнынан 15 шақырым қашықтыққа орналасқан Сарықамыс ауылында тұратын 3450 адамның 90 пайызы әртүрлi ауруларға шалдыққан, орташа өмiр сүру жасы 46 жылға әрең жетедi. Уақыт өте келе, Тенгиздiң күкiртi бар қатерлi мұнайының зардаптары Сарықамыс ауылымен шектелмей, кен орнынан жүздеген шақырым алыс орналасқан өзге елдi мекендердi шарпитыны сөзсiз. Кезiнде кәсiби сараптамасыз, тұз қабатының астынан алынатын мұнайдың химиялық құрамы, қоршаған ортаға тигiзетiн әсерi ескерiлмей, күкiрттi заласыздандыратын технологиялық шаралар алдын-ала белгiленбей, бiрыңғай шетелдiк белгiлi компанияның мүдесi көзделiнiп, бiздiң үкiмет қол қойған келiсiм-шарттың жергiлiктi халықтың болашағына балта шауып отырған қасыретiн бүгiнде бүкiл Атырау өңiрi тартып отыр.

Әзiрге бұл тек бастамасы ғана. Егер Тенгизден бұған дейiн жылына шамамен 10-12 млн. тонна мұнай өндiрiлiп келсе, ал жоспар бойынша бұл сан жуықтағы жылдары 26 млн. тонна дейiн өссе, оған қосымша 2008 жылдан бастап қайраңдағы күкiрттi мұнай кен орны Шығыс Қашаған iске қосылса, аймақтағы экологиялық жағдайдың адам төзгiсiз жағдайға дейiн ауырлауы мүмкiн. Ғалымдардың пiкiрiнше, тек Тенгизден өндiрiлетiн бiр тонна мұнайдың құрамындағы улы заттардың бөлiну мөлшерi — 2,0 кг дейiн төмендегеннiң өзiнде (кәзiр — 5,27 кг), мұнайдың жалпы алынатын қорына шаққанда ауаға 6,2 млн. тонна күкiрт қышқылы, 4,7 млн.тонна азот қышқылы, теңiз бетiне осыған сәйкес 3,1 және 5,4 млн.тонна улы заттар тарайды. Нәтижесi – Атырау, Маңғыстау облыстарын экономикалық, әлеуметтiк күйзелiске ұшырататын экологиялық ауыр апат.

— «Сонда ондай апатты болдырмау үшiн не iстеу керек» — деген сұраққа жауап бiреу; мұнаймен iлеспе газды шырақ түрiнде өртеуге үзiлдi-кесiлдi тиым салу, оны жер асты су көздерiне зиянын тигiзбейтiндей жағдайда тереңдегi газ қабаттарына қайтадан жiберу. Осы мәселе жайында бұдан бұрын баспасөз беттерiнде жазылған, бiрақ мемлекеттiк басқару құрылымдары оған құлақ аса қойған жоқ. Ең соңғы рет, кеше ғана Мәжiлiсте, Сенатта талқыланып, жер қойнауын пайдалану және мұнай алыс-берiстерiн реттеу туралы заңға енгiзiлген толықтыруларда, iлеспе газды шырақ ретiнде өртеуге тиiстi мекемелердiң келiсiмiмен рұқсат етiлген. Түссiнiксiз жағдай. Жалпы жерiмiздегi орны толмас табиғи қазба — байлықтарды өндiру шаруасымен айналысатын шетелдiк фирмалар бiздiң заңымыздың солқылдақ, әлсiз тұстарын өз мақсатарына шебер пайдалануды әлдеқашан үйренген.

Мұнай және газ өндiрiсiнiң және бiр қатерлi салдары — жасанды зiлзала ошақтарының пайда болуы. Мысал жетерлiк. Көршi Өзбекстандағы газ кен орны Газлидегi 1975 ж.және 1984 болған 10 балдық жойқын сiлкiнiс, 1995 жылы Сахалиндегi Нефтегорск қаласын қиратып, көптеген адамдардың өмiрiн қиып кеткен жерасты дүмпулерiнiң себебi мұнай – газ өндiрiсi болғаны белгiлi. Өйткенi аталған жерлерде ғасырлар бойы ешқандай — зiлзала қаупi жоқ — деп, саналып келген болатын. Табиғаты жағынан осыларға ұқсас, Башқұртстанда, Татарстан және Батыс Сiбiрде, алыс шетел Мексика, Перу, Венесуэла елдерiнде пайда болған зiлзала ошақтарын зерттеген ғалымдар, олардың тiкелей мұнай, газ кен орындарымен геологиялық байланысын дау тудырмайтындай сенiмдiлiкпен дәлелдейдi.

Жасанды жер сiлкiнiс ошақтары жоғарыда әңгiме болған Тенгизде, Батыс Қазақстандағы газ кен орны Қарашығанақта әбден болуы мүмкiн екенiн бiздегi сейсмолог-ғалымдар соңғы кезде жиi айта бастады. Себебi, айтылған кен орындарындағы қазба-байлықтарға байланысты орасан зор қабатаралық жерасты қысымы бар, мұнай және газ алынған қабатта бiртiндеп қысымы төмен бос кеңiстiк пайда болып, жер қабаттары әртүрлi деңгейдегi қысымның әсерiнен соң зiлзалаға ұласатын қозғалыстарға түсуi мүмкiн. Мамандардың пайымдауларынша, қадағалау мүмкiншiлiгi бар табиғи зiлзаланың жер бетiнiң бейнесiн өзгертiп, жаппай қиратуға әкелетiн күшi 12 баллмен шектелсе, жасанды зiлзаланың күшi одан әлдеқайда артық болуы мүмкiн.

Жасанды зiлзала ошақтарының пайда болуына ықпал жасап отырған нәрсе — өндiрiсте қолданылатын технология. Соңғы 3-4 жыл iшiнде, жерiмiздегi бiраз мұнай кен орындарында «Жаңа технология» ретiнде қабылданып, мұнай қабаттарына үлкен қысыммен тау-кен жыныстарының құрылысында жарықшақтар туғызып, оларды кеңейтетiн сұйықтар айдау тәсiлi қолданыла бастады. Бiз үшiн жаңа тәсiл болып саналғанымен, шетелдiк фирмалар үшiн байырғы, тұрпайы бұл әдiс ұңғының мұнай беру қабiлетiн уақытша жоғарылатқанымен, оның жер қойнауына тигiзетiн әсерi атом бомбасы жарылысынан кем емес, жасанды зiлзала ошақтарын тудыру мүмкiншiлiгiнен басқа, жерасты тұщы су көздерiн жояды, қалғанының газбен ластану қаупiн күшейтедi. Бұл тәсiлдiң қатерлi салдарын сезiнген Батыс Еуропа, Америка құрлығындағы мемлекеттер өз жерiндегi мұнай өндiрiсiнде оны қолдануға тиым салған, басқаның жерiнде пайдалана бер.

Бiз ескеретiн тағы бiр жағдай – кәзiрде аты бiзге белгiлi шетелдiк компаниялардың өзге өркениеттi мемлекеттердiң жерiндегi мұнай, газ өндiрiсiнде қолданып жүрген, көп шығынды қажет ететiн технологиялары әлемдiк қалыптағы экологиялық талаптарға сай, жер қойнауына тигiзетiн әсерлерi барынша шектелген, қоршаған ортаны қорғап, адам денсаулығын сақтауға бағытталған шаралары мүлтiксiз орындалады.

Мұнай, газ кен орындарында жасанды зiлзала ошақтарын болдырмаудың алдын алатын шара — өнiмiнен босап қалған жерасты кеңiстiктерiн толтыру, жер қойнауының табиғи жаратылысын қалпына келтiретiн әдiстердi жобалап, оларды өндiрiске енгiзiп, мiндеттi түрде орындалуын қадағалау.

Бүгiнгi өмiр шындығы көрсетiп отырғандай, бабамыздан мирас болған қазақтың жерi, оның қойнауы тек халқымыз үшiн қасиеттi, қастерлi. Өйткенi ол болашақ ұрпақтарымыздың өмiр сүру аясы, отанымыздың тұғыры, сондықтан бұл өмiрлiк мәселеге тап кәзiргiдей атүстi, салғырт қарауға болмайды, мемлекет мүддесiн ойласақ, оны шын мәнiнде, көздiң қарашығындай қорғайтын уақыт жеттi. Ертең кеш болады.

Тоқтамыс Мендебаев, техника ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары