ЕЛ IРГЕСI БЕКIДI

ЕЛ IРГЕСI БЕКIДI

ЕЛ IРГЕСI БЕКIДI
ашық дереккөзі
381

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеу қаласында қол қойған еді.

Шекараның жалпы ұзындығы 7591 шақырым.

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын белгілеуді жүргізу қажеттігі, оның Қазақстан мен Ресей арасындағы өту сызығы ешқашан заңды түрде белгіленбегендіктен, ресми түрде хатталмағандықтан туындаған. Осы жағдай шекара арқылы жүретін адамдар мен жүктерге тиісті бақылауды қамтамасыз етуде, сондай-ақ экономикалық контрабандаға, есірткілер тасуға және жасырын көші-қонға тосқауыл орнатуда шекара бөлімшелері мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметін қиындатқан.

Енді Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық рәсімдеу шекара арқылы өткізу пункттерінде кедендік, шекаралық, санитарлық және басқа да бақылау нысандарын тәртіпке сала бастауға мүмкіндік береді.

Аталған заң жобасы Мәжілістің комитеттерінде талқыланып, комитет мүшелерінен қолдау тауып отырғанымен, министрдің баяндамасынан кейін халық қалаулыларының қызу да қуанышты талқылауына түсті. Депутат Амангелді Айталы «Мұндай нақтыланған шекара тарихымызда болған жоқ. Екі жақ та ұтылған да жоқ, ұтқан да жоқ. Тек тарихи әділдікке жүгінді. Тарихи әділдік жеңді», — деп баға берсе, депутат Зейнолла Алшымбаев: «Біз осы жолы бабалар аманатын орындағалы отырмыз. Әйтеке би өлер алдында «Елімнің іргесі берік болып, бір тудың астына жиналғанын көре алмай арманда кетіп барам деген екен. Біз болсақ сол бабалар армандаған Тәуелсіздікті көріп, іргемізді бекітіп жатырмыз», — деп тереңнен қозғап жұртты толқытты.

Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдірахманов: «Бұл тарихи оқиға, тарихи сәт. Мен екі мемлекет арасында жасалған келісім-шарттардың ортасында болып едім. Өткенді еске алсақ, кезінде Кеңес Одағы мен Қытай арасында кішкентай аралдар үшін талас болып, үлкен өрт шыға жаздаған. Бүгінге қарасақ, Палестина мен Израиль арасындағы жер дауына әлем алаңдап, не болып жатқанын көріп отырсыздар. Осындай қателіктерге ұрынбай, екі үлкен мемлекеттің шекарасын қылдай бөліп отырған келісім-шарт жасауда Елбасымыздың беделі ерекше. Бұл заң жобасы тарих жүгін арқалап келіп отыр оны қолдайық», — деді.

Әріптестеріне қосылған Тоқтар Әубәкіров пен Төлеген Мұхамеджанов та өзіндік жүрек лебіздерін білдіріп осы тарихи оқиғамен бәрін құттықтап, еліміздің әнұранын орындауды ұсынды.

P.S. Кеше Мемлекеттік Дума депутаттары да Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын бекіту туралы» заң жобасын мақұлдады. РФ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Владимир Волков: «Бұл құжат қазақстандық-ресейлік ынтымақтастық серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басқанын дәлелдейді. Сонымен қатар өзара тиімді, тең құқылы және екі мемлекеттің де мүдделеріне сәйкес келеді» деді. Заң жобасын 312 депутат мақұлдады, 47-сі қарсы болды, ал екеуі қалыс қалды.

Сәуле Досжанова

Серіктес жаңалықтары