Діни бостандықты шектеу неге байланысты?

Діни бостандықты шектеу неге байланысты?

Діни бостандықты шектеу неге байланысты?
ашық дереккөзі
420

«Ресейдегі діни бостандықтың басты жаулары – Орыс православие шіркеуі мен ФҚҚ»

АҚШ түсінігіндегі «шектен тыс бостандық» кейде өзге мемлекеттердің шекпеніне сай келе бермейді. Десек те, бостандық пен демократияны американдық стандарттармен өлшейтін батыс сарапшылары әрбір елден бір олқылық табуды әдетке айналдырғандай. Кондолиза Райстың бұл жолғы баяндамасынан анық болғаны – американдық сарапшылардың сынынан Франция, Германия, Бельгия сияқты еуропалық елдер де айналып өте алмады. Діни зерттеушілер бұл мемлекеттерге «бірқатар ағымдарға секта ретінде қарайды» деп айып тағып отыр. Қарт Еуропаның баурайындағы елдердің дін дегенде көбіне консервативтік ұстанымдарын танытып жататыны бар. Содан болар, католик дінін ұстанатын Франция мен Германия Америкадан ағылған протестанттық ағымдарды жарылқап отырған жоқ. Бұл елдерде байырғы ұлттық негізі мен ұстанатын ортақ діні болған соң, оларға кірме діндердің қажеті де шамалы.

Бірақ әлемде әлі де империалистік пиғылдан айыға алмай, уысында бірқатар автономиялық елдерді ұстап отырған елдер де бар. Ресей – көпұлтты, көп дінді мемлекет. Бірақ онда қазірше бір ғана діннің – христиан дінінің, бір ғана шіркеудің – православ шіркеуінің дүрілдеп тұрған кезеңі. Орыс православие шіркеуінің монополиясы Ресейдегі ауруханалар мен мектептерге, түрмелер мен әскери орындарға жайылған. Оның үстіне лаңкестік ушыққан заманда орыстар ислам дінінің өкілдеріне оң қабақ таныта алмай отыр. Тіпті, екі туыстас шіркеу арасындағы дүрдараздық кесірінен православие өкілдері католик дінінің өкілдеріне оппозицияда болып алған. Кондолиза Райстың пайымдауынша, РФ-дағы діни бостандықтың басты жаулары – орыс православие шіркеуі мен Федералдық қауіпсіздік қызметі екен. АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің баяндамасына сенсек, ресейлік билік Ата Заңдағы діни бостандыққа қатысты баптарды белінен басып отырса, федералдық және жергілікті атқарушы органдар діни азшылықтың құқықтарына нұқсан келтіруде.

Қоғамдағы онша аңғарыла бермейтін жәйттерді мүлт жібермейтін американдық сарапшылар елдегі діни теңсіздікті Путиннің жанына ылғи қай дін өкілін ертіп жүретінімен де түсіндіріп бағуда. Президенттің жыл сайынғы федералдық жиынға арналған жолдауында Орыс православие шіркеуінің төрағасы Патриарх Алексий II премьер Михаил Фрадков пен Путиннің ортасында отырса, басқа дін өкілдері олардың арттарынан жайғасыпты. Ресейдегі діни жағдай да дәл осындай көрінеді. Әлбетте, сарапшылардың бұл сөзіне қосылмасқа болмас. Ресей мұсылмандарының жалпы саны 22 миллионнан асса да, орыстар бұл санақты әрқалай бұрмалап, «халықтың не бары 14 пайызы ғана мұсылмандар болуы мүмкін» деп топшылайды. Бірақ Қазақстанға қарағанда, Татарстан, Башқұртстанда ислам дінінің дамуы көш ілгері кеткенін мойындауымыз қажет. Мәселен, Татарстанда халал стандарты мемлекеттік деңгейде қабылданған соң, зауыттар тағамдарды халал стандарты бойынша дайындайды. Ал, Қазақстанда бұл мәселе енді-енді бой көтеріп жатыр. Дін уағызбен таралады. Содан болар, Татарстанның республикалық телеарнасында татарлар ұстанатын мәзһабқа сай діни хабарлар таратылуда. Қазақстандық телеарналарға келсек, біздегі БАҚ-тарда қазірше евангелистер мен кришнаидтердің жолы болып тұрғаны анық. Оның үстіне татар елінде Ислам қағидаттарын ұстанатын экономика негіздері, банк ісі, несие беру, инвестиция құю, сақтандыру қорлары, т.б. факультеттер ашылған. Бізде бұл мәселе қазірше басы ашық күйінде. Біреудің қол астындағы автономиялық елде осындай оңды мәселелер бой көтеріп жатқанда, дербес Қазақстанның діни мәселелер түгіл мемлекеттік тіл проблемасын шеше алмай отырғаны таң қаларлық жәйт.

«Иеговаларға қол тигізбеңдер!»

Интернеттегі мәліметтерге сүйенсек, «Иегова куәгерлері» сектасына әлемнің 35 елінде тыйым салынған. Бірақ АҚШ-тың мемлекеттік департаменті бұл ағымның әлемнің бірқатар елдерінен қудаланып жатқанына аса алаңдаулы сияқты. Сырт елдерде діни теңсіздіктің тағы бір белгісі ретінде сарапшылар иеговистердің қудалануын алға тартуда. Бір айта кетерлігі, «Иегова куәгерлері» – Америкада өте танымал діндердің бірі. Бұл ағым адамды психикалық тоқырауға ұшыратып, сана-сезіміне қатты нұқсан келтіреді деген пікірлер болса да, американдық «шексіз демократия» сектаны құрықтауға шарасыз. Оның үстіне «іштен туған жыланды» америкалықтар қалайша қисын?! «Иегова куәгерлерінің» отаны – АҚШ. Жалпы, сырт елдерге діни экспансияны жүргізіп жатқан елдердің көшбасында Америка тұрғандықтан, діни ағымдар да осы елден таралуда. «Кришна танымы», сайентология, елушілдер, т.б. секталардың отаны да – АҚШ. Сондықтан осы елден таралған ағымдарды жарылқамай отырған әлемдік елдер Кондолиза Райс құзырындағы мемлекеттік департаменттің сынына жиі ілігеді. Отандық дінтанушылардың «діни экспансия алдын-ала жобаланған саясат» деп жүргені тектен-тек емес. Түптеп келгенде, «бөліп ал да, билей бер» қағидасы әрдайым олқылықсыз жүзеге асып отырған.

Айтпақшы, Американың мемлекеттік департаменті Қазақстандағы діни еркіндікті өте жоғары бағалаған. Тіпті, діни бостандығы жөнінен Қазақстан бұрынғы посткеңестік елдердің көшбасында тұрғандығын жеткізген. Бірақ мұндай абырой-беделдің бағасы да біз үшін жоғары болмақ. Шет елден ағылып келіп, елімізде мықтап тұрақтаған әрбір діни ағым өзінің жеке мүддесі үшін барынша жанталасатыны анық.

Түйін

Америка құрама ел болғандықтан, онда түрлі дін өкілдері тұрады. Діни бостандықтардың сақталуы құрама ел үшін сондықтан да маңызды. Ал, ұлттық мемлекеттер көбіне ел аумағында байырғы діннің өзге діндерден үстем болуын қалайды. Себебі әрбір мемлекеттің тірегі – негізгі ұлт пен ортақ дін екені даусыз. Діни бостандық дегенде, батыстық ұстанымдар көбіне шығыс елдеріне сай келмей жататыны белгілі. Бірақ кез келген елде діни бостандықтың шектелуі шетелдік миссионерлердің діни мақсат-мүдделерінің көлеміне байланысты болуы керек сияқты.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары