КӨП КЕШІККЕН КЕСІМДІ ПІКІР... НЕМЕСЕ ОРЫСША ДЕМОКРАТИЯҒА 500 МЛН. РУБЛЬ

КӨП КЕШІККЕН КЕСІМДІ ПІКІР... НЕМЕСЕ ОРЫСША ДЕМОКРАТИЯҒА 500 МЛН. РУБЛЬ

КӨП КЕШІККЕН КЕСІМДІ ПІКІР... НЕМЕСЕ ОРЫСША ДЕМОКРАТИЯҒА 500 МЛН. РУБЛЬ
ашық дереккөзі
536
«Отты көсеген өшіреді, көршіні көсеген көшіреді» деген қағиданы ұстанған алпауыт елдің кейбір қасаң пікірлі азаматтары, ақпарат құралдары маңайдағы көрші мемлекеттердегі саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық, халықтар арасындағы сыйластықты көре алмай, қызғаныштан ішкен астары атау-кереге айналып жүреді ылғи. «Финанс» журналының ұсынуы бойынша,«таяу жылдарда Ресей бұрынғы КСРО-ны қайта тірілтуге бел шеше кіріспекші көрінеді, Қазақстанды өз құрамына қосып алу жөнінде жоспар бар» деген мәнзелдес суық сөз таралған еді. Ең сорақысы сол, соңғы кездері біздің ел тарапына айтылған осындай мәнсіз, орынсыз дүрбелең, абыржушылық туғызуды мақсат тұтқан арамза пікірлер, болжамдар көрші елдегі БАҚ-тарда жиі бой көрсете бастағандығы. Тәуелсіз қазақстандықтарды осынау тосын тұжырым тағы да қатты алаңдатқаны аян. Жұртшылық арасында түрлі алып-қашпа пікірлер белең алып, әлгі бір көргенсіз сөз сан-саққа жүгіртілді. Әсіресе, мемлекеттік билік институттары, ең әуелі, Сыртқы істер министрлігі тарапынан батыл да шешімді жауап берілуін талап етушілер қатары ұлғая түскені де рас. Тәуелсіздік – саяси ойындарда саудаға салынатын құндылықтар қатарына жатпайды. Мемлекетіміздің беріктігі мен баяндылығын әртүрлі ұшқары пікірлердің бодауына байлап беруге ешбір адамның, ұйымның қақысы жоқ! Амал қанша, Қазақстанның әртүрлі деңгейдегі билік органдары аузына су толтырып, ғасырдан да ұзаққа созылған талай аптадан астам уақыт бойы ләм-мим демей, үнсіз қалуды жөн деп тапса керек. Тек көп ұзатып барып ғана Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев мырза Мәжіліс депутаттары алдындағы үкімет сағатында сөз сөйлеп, жоғарыда айтылған жағдайға байланысты Үкіметіміздің табанды көзқарасы мен ұстанымдарын мәлімдеді. Ол Ресей БАҚ-тарында тілге тиек етілген, екі мемлекетті біріктіріп, соның нәтижесінде әлдеқандай Одақтық мемлекет құрылуы турасындағы жоспар жөнінде сөздің еш негізі жоқ екенін баса айтып өтті. Бұл тұрғыдан Қ.Тоқаев мырза: «Ресеймен қосылу немесе онымен бірігу туралы ешқандай жоспар болған емес. Мұндай жалған лақап мемлекеттеріміз арасында түсінбестік, ел ішінде қоғамдық пікір өршітуге әдейі жасалған қадам», – деп ресми мәлімдеді. Дегенмен, бұндай батыл, кесімді жауапты қазақстандықтардың тым ұзақ күткені қынжылтады-ақ. Мұндай шетін мәселелерде Қазақстанның сыртқы саясатына тікелей жауапты министрліктің көп жағдайда бейқамдық, шектен тыс жайбасарлық танытуы көп ретте ел азаматтарының көңілін жасытып, намысын қамшылайтыны бекер емес. Бір өкініштісі, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі осындай кезеңде ылғи да кешеуілдетіп әрекет жасайды және мұндай жағдайда жасалар мәлімдеулері көбіне-көп батылсыз, жалтақ боп келеді. Әрине, айналамыздағы елдердің көбінде саяси ахуал мейлінше шиеленісіп, дүрбелең болып жатқанда, халықаралық жағдай күн өткен сайын күрделене түсіп отырғанда жеті өлшеп, бір кесу керек те шығар. Оның үстіне, сыртқы саясатта көп векторлы бағыт ұстанатын еліміз шетін жағдай, арандатушылық әрекеттерге ұрынудан сақ болуға еріксіз мәжбүр. Бірақ, Ұлыбританияның кәрі көкжалы, күрделі саясаттар айдынында дауылпаздай шарықтаған сэр Уинстон Черчилль бірде: «Саясаттың да серті болады. Оның біріншісі кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде еш уақытта кешікпеу керек. Шешімді де тез қабылдаған жөн… Екіншісі – асықпау! Ұлттық мүддеге нұқсан келетін жағдайда шешім қабылдауға ешуақытта асықпау керек. Сағыздай созып, сөзбұйдаға салып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек!», – деген екен. Яғни, жайбасарлықтың да жөні бар. Әйтпесе, кезінде Ресей Думасының вице-спикері В.Жириновский Қазақстанның тарихы, әсіресе, қазақ тіліне қатысты жөнсіз мәлімдемелер жасаған кезде, Сыртқы істер министрлігі оны елімізге енді қайтып қадам жасамайтын адам – «персона нон грата» деп жариялағаны Отанымыздың шынайы патриоттары мен нағыз ұлтжанды азаматтарының айызын қандырған еді. Еліміздің беделі биік, аса мәртебелі мемлекеттік институты – Сыртқы істер министрлігі қажетті тұста осындай айқын мәлімдемелер жасап, батыл қадамдарға барып отырса Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық беделі одан әрмен биіктеп, алуан түрлі елдер амалсыз санасатын мемлекеттердің бірі боларына күмән жоқ. Осы тұрғыдан алсақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы 7 мың 591 шақырымға созылған шекарамызды түпкілікті белгілеп, делимитациялау және демаркациялау жөніндегі екі мемлекет Президенттері Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путин қол қойған келісімді көршілес қос елдің Парламенттері таяуда бір мезгілде ратификациялауы, әсіресе, Қазақстан азаматарын өлшеусіз қуанышқа кенелткені сөзсіз. Бұл ұлы оқиғаның саяси, қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық, теңдессіз тарихи маңызы жөнінде алда талай келелі әңгіме болар. Әрине, әрбір ұлы тарихи оқиға өз кезінде шынайы, әділ бағасын алып жатса құба-құп. Қазақстанның таяу және алыс болашағына шексіз әсерін тигізетін бұл мәміленің ежелден көршілес, тату-тәтті, досжар өмір сүріп келе жатқан елдерде толық қолдау табуы, еш кикілжің, талас-тартыссыз заңды түрде бекітілуі Ресей мен Қазақстан алдағы уақыттарда да стратегиялық әріптес болып қала беретініне күмән туғызбайды. Және осы іс ҚР Сыртқы істер министрлігінің үлкен жеңісі деп бағалануы керек. Дегенмен, осы аптада РФ Мемлекеттік Думасы шет елдерде демократияны, жалпыадамзаттық құныдылықтар: бостандық, сөз еркіндігі, ашық қоғам, азаматтық, құқықтық мемлекет құруды түбегейлі қолдауға көмектесетіндерін, шет елдік ұйымдарға көмектесуге 2006 жылы 500 млн.рубль бюджеттен бөлінетінін мәлімдеді. Мемдуманың вице-спикері Вячеслав Володиннің айтуынша бұл қаржы ресейліктердің демократиялық құқықтары бұзылған елдерде жұмсалмақшы. Әсіресе, бұл шараның посткеңестік Тәуелсіз мемлекеттерге, ең әуелі Балтық теңізі жағалауындағы мемлекеттер – Эстония, Литва, Латвияға қарсы бағытталатыны айқындалып отыр. Осы уақытқа дейін өзге мемлекеттердің ішкі істеріне мұндай қол сұғу әрекеттері тек құпия қызметтердің, тіпті, елшіліктердің көмегімен астыртын атқарылатын. Және мұндай құпия әрекеттер мемлекеттер арасындағы байланыстарға ара-тұра өлшеусіз нұқсан келтіріп, еларалық кикілжіңдер тудыратыны, екі жақтың да елшілік қызметкерлері масқаралықпен қуылып жататыны ежелден қалыптасқан әдет. Ресей өз жерінде демократия үлгілері даусыз орныққандай енді өзгелерге шамшырақ болуды көздеп отыр және осы мақсатқа заңды түрде орасан зор қаржы бөлмекші. Өз елінде Шешенстан трагедиясына жол берген, ұлтаралық қарым-қатынастарды әбден шиеленістірген, адам өмірін қастерлей білмейтін ресейліктер демократияны табан асты құрметтей қалды деу үстірт көзқарас. Олар жобалап отырған іс-шаралардың түпкі мақсаты қитұрқылыққа толы: қой терісін жамылған қасқыр сияқты ел ішінде дүрбелең туғызу, айрандай ұйыған қоғамды іріту, түптің түбінде бейбіт елдерде дүрбелең тудыру. Мұндай зымыстан әрекеттер мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт ел – АҚШ-та ежелден қалыптасқан үрдіс. Олардың Мемлекеттік департаменті «демократия» атын жамылған қитұрқылық әрекеттері арқылы талай елді ала тайдай бүлдіргені жасырып-жабар жайт емес. Олар мұндайда Үкіметтік емес ұйымдардың (НПО) көмегіне сүйенуді тиімді санайды. Және мұндай мақсатқа жылына миллиардтаған доллар бөлуде. Югославия, Ауғанстан, Ирак, Латын Америкасындағы бірқатар мемлекеттердегі төңкерістер осының нәтижесі. Еліміздегі Үкіметтік емес ұйымдардың жағымды істері аз емес шығар, бірақ олардың кейбірі мемлекетіміздің мүдделері шын сынға түскен шақта сырт айналуы, тіпті, қарсы әрекет жасаулары да мүмкін. Тіпті, таяудағы Франциядағы дүрбелеңге кімдер ықпал жасағаны әлі күнге құпия? Мүлдем жұмбақ… Бірақ, әлдебір мемлекеттің құпия қызметі астыртын әрекет еткені айқын аңғарылады. Iргеміздегі Ресей осындай өрескел қадамға барып отырғанда Қазақстан жұртшылығының алаңдаушылығы да орынды. Өйткені, бұл саясат бізді айналып өтпейді. Соңғы жылдары біздің елімізде де Үкіметтік емес ұйымдар (НПО) жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай өріп шыға келді. Кей деректерде – 3 мың делінсе, енді бір деректер бойынша 5 мыңға жуық көрінеді. Қалай айтсақ та аз емес және түбі күмәнді олардың біразын кімдер қаржыландырып отырғаны және жұмбақ. РФ Мемдумасы қазір НПО-ларды бақылауға алу жөніндегі заң жобасын талқылауға даярлануда. Кейбіреулер мұны 2008 жылғы президент сайлауына алдын-ала дайындық десе, кейбіреулер өмір қажеттілігімен түсіндіріп әлек. Бұл елде жүздеген мың НПО-лар бар, келесі жылдарда олар қалай күн кешпекші. Бұл әлі жұмбақ. Әйтеуір, елдегі демократия аяусыз шектелері ықтимал. Бірақ, «бакс» бармақты жалау бар да, оны ақтау да керек болатыны күмәнсіз. Әлгі сансыз ұйымдар біздің елде де бүлдіргіштік әрекеттерін өрістетуі ықтимал және ондай өрескел шаралар «демократия» атын жамылары белгілі. Айтқан жерден аулақ, туған Қазақстан осындай қитұрқылардан шет болса деп тілеу керек. Бұл жағдайда еліміздің Сыртқы Iстер министрлігіне кезекті рет маңызды салмақ жүктелгелі отыр. Ол Ресей Федерациясының тосын әрекетіне батыл әрі күлбілтесіз баға беріп, қалыптасқан жаңа жағдайға орай қоғамды дайындап, ішкі және сыртқы саясаттағы қадамдарымызды белгілеуі тиіс. Күрделі уақыт кешігуді кешірмейді!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары