БАҚЫЛАУШЫЛАР КІМГЕ ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙДЫ?

БАҚЫЛАУШЫЛАР КІМГЕ ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙДЫ?

БАҚЫЛАУШЫЛАР КІМГЕ ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙДЫ?
ашық дереккөзі
862
Қазақстанға тәуелсіз бақылаушылардың келуі 1998 жылдан бастау алған. Дәл осы жылы өткізілген президенттік сайлау алдында ”Әділетті сайлау үшін“ ұйымы билік тарапынан тарап кеткен еді. Таяуда бір топ журналистер, бақылаушылар ұйымын құрып, оған екінші рет “Әділетті сайлау үшін” деген ат берді. Олардың алға қойған мақсаттары — үміткерлер мен сайлаушылардың бостандығы мен таңдау құқығының сақталуын қадағалап отыру. Сол секілді құрамында М.Әуезов, О.Сүлейменов, Т.Шармановтай белгілі қоғам қайраткерлермен жасақталған Қ.Сұлтанов бастаған топ сайлауда тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысатын “Сайлауды бақылау жөніндегі комитеттің” құрылғандығын хабарлаған еді. “Көпшілік қауым бізді біржақты саясат ұстанды демесін деп, комитетіміз әр түрлі деңгейде барлық партия өкілдерін қамтыды”— дейді комитет төрағасы. Бұлармен қоса, Республикалық тәуелсіз бақылаушылардың жүйесі (РБТЖ) құрылды. Мамандардың пікірінше, сайлау болатын 4 желтоқсан күні 2 мыңдай бақылаушы-маман сайлау барысын қадағалайтын болады. РТБЖ-дан Democracy & Electіons ассоциациясы, Сайлаушылар лигасы, Жас кәсібилер қоғамы мен Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі секілді жастар ұйымдары да білек сыбанып кіріспек. Ал ТМД-дан келген CIS—EMO ұйымы сайлауды бақылауға құқықсыз делініп, аккредитациясын қайтарып алды. Енді Марина Богданович басқаратын 20 бақылаушы еліне қайтады. Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура CIS-EMO ұйымының бақылаушылық құқықтарын қайта қарау арқылы олардың халықаралық емес, Ресейде тіркелген тәуелсіз бақылаушылар екенін анықтады. Қазақстанда заң бойынша бақылаушыларды тіркеу үшін Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына ұсыныс жасаудың негізінде олар тіркеледі. Осыған орай, Сыртқы істер министрлігі құжаттарды тексеру барысында қате жібергендерін мойындады. Астанада ТМД елдері бақылаушылары миссиясының штаб жетекшісі Евгений Слободаның айтуынша, Грузия мен Молдова әзірге ешқандай түсінік бермеген. Ал, Украина болса, қатыспайтындығын ашық мәлім еткен. Сондай-ақ, президенттік сайлауды бақылауға Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілдерімен бірге Еуропалық одақтың бақылаушылар миссиясы да қатысады. Бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның ассамблеясында ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевқа Еуроодақтың басшысы Ферреро Вальднер айтқан еді. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында сайлау қарсаңында шетел бақылаушыларына, халықаралық ұйымдарға, шетел БАҚ-на арналған барлық техникалық құралдармен жабдықталған арнайы орталықтар ашылды. Осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясы 349 халықаралық бақылаушыны тіркеді. Оның 44-і ЕҚЫҰ-дан, 49-ы ТМД-дан, 31-і халықаралық ұйымнан, қалған 66-сы шетел бақылаушылар тобынан екен. Бірақ бұл көрсеткіш әлі артары сөзсіз. Өйткені, бақылаушыларды тіркеу қарашаның 28-іне дейін жалғасады. Дегенмен, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков дәл қазіргі мәліметке қарап, жалпы бақылаушылардың саны мың адамнан асып жығылатынын атап айтты. ЕҚЫҰ-ның бақылаушы миссиясының өкілі Одри Гловер Қазақстандағы сайлау процесінде бақылаушыларға есік ашық болуын тілейді. Ол ҚР Президенттігіне үміткер Н.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Б.Жұмағұловпен кездесу кезінде, біз белсенді түрде жұмыс жасап, сайлау процесіне әділ баға беруді қолға аламыз деп баса айтты. Сондай-ақ, сайлау күні оған 400 қысқа мерзімді бақылаушылар мен ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясынан делегаттар қосылады. Енді ТМД елдерінен келген бақылаушылар аймақтарға барып, сайлау алды жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын қадағалайды. Ресейлік арнайы өкілдер Қазақстанның солтүстік өңірлерінде, ал оңтүстікте Қырғызстанның бақылаушылары жұмыс істемек. Ал өз тарапынан Б.Жұмағұлов ашық және әділ сайлау болатындығында күмәнданбайды. Сол үшін де оған халықаралық бақыдаушылардың қатысуы заңдылық. Егер біз, ЕҚЫҰ-ға 2009 жылы мүше боламыз десек, ұпайымыздың түгел болуын осы бастан ескеруіміз қажет дегенді айтады. Жалпы, сайлау учаскесіндегі бақылаушының қатыстырылуы көбінесе әділетсіздікке жол бермейді. Сол секілді комиссия мүшелері өзінің көздеген заңға қайшы әрекетін жасай алмайтыны тағы анық. Егер сайлау барысынан олар мүлдем шеттетілсе, халық әділетсіздіктің болған-болмағандығын білмей, бей-жай күй кешер еді. Сондықтан да әрбір сайлауда орын алған жағдай бақылаушылар арқылы белгілі болады. Ал, негізінде Қазақстанда болған немесе болатын сайлау деңгейі тәуелсіз бақылаушылар тарапынан берілген бағамен тұжырымдалып жүр. Егер дұрыс баға берілмесе, дүниежүзі алдындағы беделіне айтарлықтай нұқсан келмек. Яғни, бақылаушылардың бұл процеске қатысуы — әлемдік тәжірибеде сайлау технологиясында қолданылатын тәсіл. Мұның астарында заң бұзушылықтарды болдырмау, үміткер мен сайлаушылардың құқығы тапталмасын деген ниет те бары рас. Өкінішке қарай, кейінгі кездері елімізге бақылаушылар болып келген мамандарды өз еркімен қоя беретініміз өкінішті. Олар да “құрғақ қасық ауыз жыртар” деген позицияны ұстанған көрінеді. Сондықтан сайлау процесінде ешқандай сын-пікір айтылмасын деп, азаматтарымыз жағымпазданып, олардың қалталарын қампитуды да әдетке айналдырған сыңайлы. Ал, біз бақылаушылардың бұл саяси науқандағы алатын ролі мен маңызын саясаттанушылар пікірінен аңғардық. Ерлан Қарин, саясаттанушы: — Меніңше, сырттан біреулерді төреші етудің қажеті шамалы. Әрине, ішкі саяси өмірде белгілі бір ойыншылардың позициясына қатысты сенімсіздік бар. Мысалға айтсақ, билік жағынан, оппозиция тарапынан сайлау науқаны мен нәтижелеріне қандай бір баға берілмесін, бәрібір де әр жақ өз мүддесіне қарай белгілі бір позицияны ұстанатыны сөзсіз. Сондықтан да қазіргі уақытта бізде қызықты жағдай қалыптасты. Билік және оппозиция тарапынан не айтылып жатса да, теңсіздікпен қарау пайда болды. Яғни, екі жақтың сайлауға қатысты бағасы шын мәнісінде әділ болады деп айту қиын. Оның үстіне сырттан келген бақылаушылар тең дәрежеде әділ төреші болады деу де қате пікір. Өкінішке қарай, соңғы уақытта, тіпті, әу бастан бері халықаралық бақылаушылардың белгілі тобы белгілі бір мемлекеттердің мүддесіне орай баға берілу байқалады. Мысалға, ТМД-дан жіберілетін бақылаушылар тобына байланысты осы уақытқа дейін Украинада, Қырғызстанда, Әзербайжанда болған сайлау кезінде сенімсіздік орын алған еді. ТМД-дан келген В.Рушайло бастаған бақылаушылар тобы бірде-бір сайлау науқанына қатысты сын айтқан емес. Керісінше, бәрі дұрыс болды деген жаңсақ пікір айтумен болады. Бірақ, Украина мен Қырғызстандағы сайлау науқанының әділетсіз өтуі, осы елдерде төңкерістің өршуіне түрткі болғаны белгілі. Мысалы, соңында Украинаның саяси басшылығы сайлауда жіберілген қателіктерді мойындағанына қарамастан, ТМД-дан келген бақылаушылар өздерінің бұрынғы позициясында қала берді. Содан кейін Украинадағы оппозиция талаптарына сәйкес, қайта сайлау өткізілгеніне қарай ТМД-ның бақылаушылар тобының жетекшісі Владимир Рушайло және басқа да жауапты тұлғалар жауапкершілігін ақтаған жоқ. Ал шын мәнінде, ол отставкаға кетіп немесе бұл қызметтен бас тартуы керек еді. Сол секілді басқаны айтпағанның өзінде, Қырғызстан мен Украинадағы сайлауға байланысты көп сын айтылғанмен, Рушайло бастаған халықаралық бақылаушылар тобы өз мүдделеріне қарай бақылау жүргізіп отыр. Мұндай жағдайда алдағы президенттік сайлау қалай әділ өтеді? Күмәнім бар. Ал ЕҚЫҰ-дан келетін бақылаушылардың бағасы бұларға қарағанда, шындыққа жақын. Бірақ, оның өзінде де, белгілі бір мүдделік байқалып, заң бұзушылық болды. Дегенмен, ЕҚЫҰ өкілдері мен Батыстан жіберілген бақылаушы топ сайлау әділ өтті, ешқандай наразылық болған жоқ деп баға берді. Осындай көзбояушылықтардан соң, бақылаушыларға қалай сенесің. Мұрат Лаумуллин, саясаттанушы: — Жалпы, қандай сайлау болмасын, бақылаушыларсыз өтпейтіні белгілі. Бізге екі үлкен топ келді. Біріншісі— ТМД елдерінен болса, екіншісі— Батыс елдерінің өкілдері. Олар барлық елдердегі өтіп жатқан сайлауды бақылап келеді. Меніңше, басқалардан гөрі ТМД-ның Рушайло бастаған бақылаушылары сайлауды барынша әділ бағалауға тырысады. Ал, батыстық бақылаушылар болса, көбінесе өз мүддесін көздейді. Сондай-ақ, күні таяу президенттік сайлау да анау айтқандай жаңалық әкелмейді. Мұнда да, әйтеуір, кемшіліктер іздеумен болады ғой. Негізінде жан-жақтан келіп жатқан халықаралық бақылаушылардың көптігі біздің елге деген қызығушылықтан туып отыр. Күні бүгінге дейін әлі ағылып жатыр. Бірақ таза шындық көп сайлауда қалыс қалады. Демек, обьективті шындық айтылмайды деген сөз. Ал оппозицияның арнайы бақылаушылары әр сайлау учаскесінде сайлаушылардың пікірін білуі арқасында өздерінің қорытындысын шығарады. Бізде Мұрат Әуезов бастаған тұлғалардан құрылған комиссия мүшесі жұмыс істеп жатыр. Бұл да сайлаудың ашық өтуіне алдын-ала кепілдік деуге болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары