ЕЛ БОЛАШАҒЫН САЙЛАУ – ӨЗГЕНІҢ ЕМЕС, ӨЗ ІСІМІЗ

ЕЛ БОЛАШАҒЫН САЙЛАУ – ӨЗГЕНІҢ ЕМЕС, ӨЗ ІСІМІЗ

ЕЛ БОЛАШАҒЫН САЙЛАУ – ӨЗГЕНІҢ ЕМЕС, ӨЗ ІСІМІЗ
ашық дереккөзі
377

Сонымен, Қазақстанның Президентін сайлауға үш күн қалды. Сайлау алды науқанның кемел кезеңіне келген шағы. Әу баста, Президент сайлауы елдікке сын екенін тілге тиек еткен Елбасы Н.Назарбаев бұл сайлауды барынша таза және әділ өткізетінін айтқан. Оппозиция өкілдері әдеттегідей бұған сене қоймады. Алайда, әзірге ешкім ешқандай анау айтқандай қысым мен қысастықтың табын аңғарып отырған жоқ.

Рас, ә дегенде президенттікке үміткерлердің кейбірі кесе-көлденең кездескен кедергілерді алдыға тартып, ана жаққа жете алмай жатырмыз, мына жаққа келе алмай жатырмыз деп әбігерге түсіп, көріп жатқан құқайларын өзінен іздемей, билікке өңгере салған әңгімелерін естігенбіз. Осы билік те қызық. Осындайда ақ-қарасын ашып алудың орнына тым-тырыс жатып алады да, күдіксізді күдікті етеді.

Жә, жарар, о бастағы «битке емес, билікке өкпелеп тонын өртеген» оппозицияның топырлаған мәлімдемелері бертін келе сап тиылғандай. Себеп, үгіт-насихат жұмыстарынан пәлендей қысым көріп отырған жоқ секілді. Кейбір сарапшылардың айтуына қарағанда, жарнамаға жарып тұрған үміткер – Жармахан. Не айтқысы келеді және қалай айтқысы келеді, ешкімнен кедергі жоқ. Әлиханның да сабыр мен салмаққа негізделген үгіт-насихаты ұтымды беріліп жүрген сыңайлы. Мэлстің олардан қалатын түрі көрінбейді. Сорбұлақ пен Балқаш мұңын жалаулатқан бас эколог тіпті Тараздағы құрдымға кетіп бара жатқан шағын «Комсомол» көлін де қалпына келтірмек ниетте. Халықтық коммунистер партиясының туын тік ұстаған Ерасыл да бұғып жатқан бұғыға ұқсамайды. Қысқасы, үміткерлер жарнамаға кенде емес. Ол дұрыс та шығар. Бір тәуірі, езіліп бара жатқан еңсе жоқ елде.

Нақ парасат пен пайымға арқа сүйейтін қазақ елінен бүлік шықса деп дәме еткендер де жоқ емес. Оны анау айтты, мынау айтты деп шұқшия шұқып отыратын жағдайымыз жоқ. Мақсатымыз да – ол емес. Бір нәрсе анық. Бұл сайлау – ертеңімізді сайлау. Үш күн қалды. Аз да, көп те уақыт емес. Iңірде жатып, тон пішкеннен ұтарымыз шамалы. Сондықтан мұқым дүние бізге көз тіккен шақта жалпыға бірдей сайлау құқығын – Республиканың он сегіз жасқа жеткен азаматтарының тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауға дауыс беруге қатысу құқығымызды («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының 4-бабы) пайдаланып, желтоқсанның 4-күні сайлау учаскелерінен табылғанымыз абзал болар. Өйткені, елдің болашағын сайлау – өзгенің емес, өзіміздің ісіміз.

Қазақ жұрты – парасатты халық. Ақылға, терең ойға бой жеңдірген ел. Түрлі-түсті кеселдер бізге жат. Мұны билік қана емес, оппозиция өкілдері де биік мінберден толғақты әңгіме еткені былайғы жұртты қуантады. Қай-қай үміткер болса да, «ел азаматы» деуге лайық тұлғалар. Парасатты да, өр тұлғалы. Жеңе де, жеңіле де біледі деп сенгіміз келеді.

Ғалымжан Мелдеш

Серіктес жаңалықтары