Нұрбақ РҮСТЕМОВ: ҰЛТ ТАҒДЫРЫ СЫНҒА ТҮСКЕНДЕ ҮНСIЗ ҚАЛҒАН ЕМЕСПIН

Нұрбақ РҮСТЕМОВ: ҰЛТ ТАҒДЫРЫ СЫНҒА ТҮСКЕНДЕ ҮНСIЗ ҚАЛҒАН ЕМЕСПIН

Нұрбақ РҮСТЕМОВ: ҰЛТ ТАҒДЫРЫ СЫНҒА ТҮСКЕНДЕ ҮНСIЗ ҚАЛҒАН ЕМЕСПIН
ашық дереккөзі
729

Нұрбақ Рүстемов – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ұлттың мүддесін қозғайтын кез келген істі айғайлатпай, дабырайтпай, үндемей бітіргенді ұнататын бұл депутаттың атқарып жүрген жұмыстарын, әсіресе оңтүстіктегілер жақсы біледі. Мәжіліс депутаттығына қайта сайлануының сыры да осында жатса керек.

– Нұрбақ аға, сізді «Мәскеудегі комсомол мектебін бітірген» дейді. Ол мектепті бітірген жылыңыз КСРО-ның ыдырауымен тұспа-тұс келді ғой деймін, ұмытпасақ. Комсомолдың «қызығын» қанша уақыт көрдіңіз?

– Кез келген оқу немесе білім көтеру мектебі адам баласына жан-жақты пайдалы. Тәжірибе жинақтайсың, ой-өрісің кеңейеді. Пікірің зораяды. Жалпы, оқығанға, көрген-білгенге не жетсін? Қолдан келгенше оқу керек, әлемді аралау қажет деп ойлаймын. Аталарымыз айтқан ғой, «жақсы мен жаманды татқан біледі» деп. Мәскеудегі жоғары комсомол мектебінде оқу менің өмірімнің өтпелі бір кезеңі. Одан өттік. Ал өткел – үлкен өмірдің бастауы… Жалпы, комсомол ұйымы Совет үкіметі тұсындағы үлкен бір шыңдалу мектебі сияқты болды ғой. Адамның қалыптасуына оның үлкен септігі тиді деп ойлаймын. Комсомол – тұтас бір ұрпақтың сана-сезімін қалыптастырды. Ол бір өткен тарих. Тарихқа адам баласы қалай қарауы керек. Менің де комсомолға деген көзқарасым сондай.

— Комсомол болып жүріп, не нәрсені көбірек бойыңызға сіңірдіңіз?

— Тез шешім қабылдауды, содан кейін оптимизмді.

— Алғашқы жылдары қоғамдық жұмыстармен айналысып жүріп, кейін бизнеске бет бұрыпсыз?

— Ешкімге тәуелді болмас үшін солай істеуге тура келді. Адам біреуге материалдық жағынан тәуелді болса, ол бір тұсаулы ат сияқты, адымы ашылмайды.

— Сіз Парламент сайлауына екі рет түстіңіз, екеуінде де жеңіске жетіп отырсыз. Әсіресе, соңғы сайлаудың қалай өткені жайлы бүкіл БАҚ біткен шуласып жазып жатты? Сіз қаншалықты өзіңізді әділ сайландым деп ойлайсыз?

— Бұл осы мәселеге қалай қарауға байланысты. Мен, әкімшілік ресурс қатты қолдаған, көптеген жеңілдіктерді пайдаланған «Отан» партиясының атынан сайлауға түссем, әділ немесе әділетсіз сайлау туралы әңгіме айтуға болар еді. Мен «АИСТ» блогының аграрлық қанатынан түстім. Тек өз күшіме ғана сендім. Қазір мен сайлауда көрген қиыншылықтарды тізбелеп айтпай-ақ қояйын. Өзіңіз білесіз, сол кездегі депутаттардың көбі келесі айналымға өтпей қалды. Жаңадан қосылған адамнан гөрі ескіден келе жатқан, аманат арқалаған депутатқа екі есе қиын болды. Көпшіліктің көңілінде бұл ілгеріде не бітіріп еді деген сауал тұратыны анық. Сол күмәндардың бәріне жауап беру, өзіңнің бес жыл ішінде атқарған іс-шараларыңды жұртқа жеткізу оңай шаруа емес, сондықтан мен сайлау әділ өтті деген адамдар үшін әділ өттім, әділетсіздік іздеген адамдар үшін әділетсіз өттім. Бар айтарым осы…

— Сіздің «АИСТ»-тың мүшесі болуыңыздың сыры неде?

— Мен «АИСТ»-тың емес, Аграрлық партияның мүшесімін. Содан кейін сын сәтте тайқып кету менің әдетіме, көзқарасыма жат нәрсе. Жақсы бір мақал бар ғой: «Өткелде ат ауыстырмайды» деген. Адамның өмірлік мүддесі, ұстанған өзіндік кредосы болады. Сол сияқты партия деген де ауыстыра салатын киім немесе отырып кететін төбе емес. Ұзақ уақыт бойы қанаттас, қатарлас жұмыс істеген партиялас жолдастар бар дегендей… Қазір бізді біріктірер ортақ іс-шаралар жеткілікті. Жалпы сенің қай партияда болғаның маңызды емес, қайда жүрсең де еліңнің, отаныңның мүддесіне адал қызмет етсең болды. Сонда ғана азамат ретінде бір жақсылыққа, мақсатты іске қол жеткізесің деп есептеймін.

— Көпшілік кейде «АИСТ» блогын қалталылардың партиясы деп жүр және сайлауда «АИСТ» блогының көп жеңіске жетуін де сол ақшаның көптігінен дейді.

— Қарындасым, кейде ешқандай ақша, атақ-даңқ та шеше алмайтын қиын істер болады. Қазақта тағы бір жақсы сөз бар, «су да құятын жеріне құяды» деген. Сауатты, дұрыс жүргізілген шара жемісін міндетті түрде береді. «АИСТ» көп дауыс алса, азаматтар сол жолда өнімді еңбек етті. Нәтиже үшін күресті. Құр ақшаны таратып ешкім де ешқандай дауыс жинай алмайды.

— «Аграрлық» партияны құруда сіздің қаншалықты ықпалыңыз бар? Жалпы, «Аграрлық» партияның ұстанған бағыты не?

— Аграрлық партия менің ықпалыммен құрылды десем асылық болар. Қазір миллиондаған мүшесі бар, халық алдында өзіндік беделі қалыптасқан ірі партиялардың бірі. Партияның бүгінгі жетекшісі Ромин Мадинов деген азаматпен іскерлік, мүдделік қарым-қатынастан өзге достық, құрдастық жақындығымыз бар. Ел сыйлаған, ішкі дүниесі терең, іскер азамат. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың Қошке Кемеңгеров атты атақты жазушысы болған ғой, Ромин сол кісінің туған жиені. Қазір тізе қосып, бірлесіп еңбек етіп келеміз. Ал енді Аграрлық партияның ұстанған бағыты көп қой. Соның бастысы ауыл еңбеккерлерінің, диқандардың мүддесін қорғау, жер емген адамдарға жан-жақты көмек көрсету. Сол орайда, кластерлік жүйе бойынша жұмыс істеу бағытын қолдап отырмыз. Партияның бағыты жан-жақты. Ол енді өз алдына бөлек, үлкен әңгіме.

— Сайлау алдында халыққа уәде бергіш депутаттар сайланып алған соң уәдесін ұмытып кететіні бар. Уәдеңізді қаншалықты орындап жүрсіз?

— Мен үйіп-төгіп уәде бермеймін. Уәде берсем, орындаймын. Мен халық үшін ананы жасадым, мынаны қатырдым деп айта алмаймын. Ол үлкен әбестік деп ойлаймын. 1999-2004 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік нысандарын дамытуға Үкімет тарапынан жұмсалған қаржының үштен бір бөлігі Кентау-Түркістан өңіріне бұйырыпты. Егер Оңтүстік Қазақстан облысында 11 сайлау округі бар екенін ескерсек, бұл аз үлес емес. Бәріне төреші– халық. Халық жасалған істің бағасын бере жатар. Содан кейін, мына жайтты ескеруіміз керек, депутат деген барлық істі атқара алатын, барлық шаруаны шеше салатын құдірет емес. Бір өкініштісі, көптеген ағайындар депутаттарды «ақшалы қапшық» деп ойлайды. Біз де жіңішкені жіңішкеге жалғап жүрген жандармыз.

— Шағын қалаларды көтеру мәселесі анда-санда сөз болғаны болмаса, көбіне ұмыт қалады. Сондай шағын қаланың қатарында өзіңізді депутат қып сайлаған Кентау да бар. Сіз осы мәселені неге көтермейсіз?

— Бұл мәселені мен жүйелі түрде көтеріп келемін және алдағы уақытта да көтере беремін. Құдайға шүкір, қазір Кентау қаласының жағдайы жақсарып келеді. Ол алдағы уақытта да дами береді деп ойлаймын.

— Мемлекеттік тіл, жер мәселесіне келгенде қашанда М.Шахановтың, Айталының даусы естіліп жатады. Бұл жағынан, сіздің дауысыңызды естімейтініміз қалай?

— Ұлт тағдыры сын сәтке түскенде мен ешқашан үнсіз қалған емеспін. Бірақ аяулы дүниемізді «популизмге» айналдыруға болмайды. Айта берген сөздің дәмі кетеді, дуалы ауыздың құты кетеді. Ал енді ұлттық мәселеге келсек, біз осы уақытқа дейін ұлттық тұрғыда көп нәрседен ұтылдық, көптеген позицияларды беріп қойдық, табан тіреп, беріспейтін сәтте тайқып кеттік. Сол есе кеткен тұстарды ақырындап қайта орнына келтіруіміз қажет. Содан кейін, менің ұлттық мүддеге қатысты сана-сезім, дүниетанымым кейінгі кезде мүлдем өзгерді. Әрине жақсы жағына қарай. Мен бір жақсы достар таптым. Сол достарым ұлттық дүниетанымымды қайта қалыптастырды. Қазір сол орайда көптеген көркемшығармалар мен тарихи кітаптар оқып жүрмін. Бірақ, бұл басқа әңгіме, ол туралы кейінірек, арнайы айтып беремін.

— Президенттік сайлау өтер күн алыс емес, «Аграрлық», «Отан», «Асар», «Азаматтық» партиялары бірігіп, коалиция құрып, кандидат ретінде Н.Назарбаевты ұсынды. Коалицияға бірігудің себебі не?

— Бұл сын сәтте «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» деген сөз. Яғни, «Бірлік түбі – тірлік» дегенді білдіреді. Бұл – біздің мемлекеттің ертеңі бар екендігін, біздің біртұтастығымызды көрсететін игілікті, өнегелі іс деп білемін.

— Сіз өзіңіз депутат боп сайланған Оңтүстік өңірге көрші Өзбекстаннан ағылып келіп жатқан босқындарда шек жоқ. Оған себеп, Өзбекстандағы жағдайдың тұрақты болмай отырғандығы болса керек. Ағылып келіп жатқан босқындарға тосқауыл қойылмаса, ертең оның соңы қауіп тудырмайды деп ойлайсыз ба?

— Босқындарға шек қойылып жатыр ғой. Көші-қон полициясы босқындарды қайта елдеріне қайтарып та жатыр. Осы жағдайдың өзі Қазақстанның ТМД елдері ішіндегі экономикалық-әлеуметтік жағынан алдыға кеткендігін көрсетеді. Өзбекстанда халықтың тұрмысы өте ауыр. Соған шыдамаған жұрт қазір жалғыз Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге босып кетті. Тарихтың тегершігі қайта артқа айналды. Баяғыда большевиктер геноциді тұсында, отызыншы жылдары Арқадағы қазақ аштықтан босып, Өзбекстан өтсе, қазір керісінше, өзбек ағайындардың басына қиыншылық түсіп тұр. Мұндай қиын сәтте көмек қолын созу біздің алдымен мұсылманшылық, содан кейін адамгершілік борышымыз. Қолдан келгенше көршіге көмек көрсету керек. «Тоқ бала аш болам деп ойламайды» немесе «Басына іс түскен пақырға күлме, қайғысы көшер басыңа» деген аталы сөз бар. Сол себепті де, Қазақстанға Құдайдың бергеніне шүкіршілік етуіміз керек.

— Көрші Өзбекстан дегеннен шығады, сіз Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеген адамсыз ғой, шекара мәселесінен де Оңтүстікте көп даудың туындағанын өзіңіз білесіз. Тіпті, шекара мәселесі кісі өліміне де әкеліп соқтырды. Бұл жағдай осылай қайталана бере ме?

— Ондай басбұзарлық істерді жасаған негізінен өзбектер жағы еді. «Аш адам ұрысқақ» дейді. Өзбек ағайындардың жүйкесі бірнеше рет сыр беріп қалғаны рас. Бірақ біршама уақыт өтті, ондай келеңсіз жайттар қазір қайталанып жатқан жоқ қой.

— Күзгі науқан басталса болды, бензин бағасы шарықтап шыға келеді. Оңтүстікте бензиннің бағасы 100 теңгеден асып кеткен соң, халықтың ереуілге шығуына тура келді. Мұнайы көп елде мұндай дағдарыстың туындауына не себеп?

— Қазір бензиннің бағасы 50-60 теңгеге түсті ғой. Бұл тамыз айындағы баға. Бағаның бұлай арзандауы жаман емес. Мұнайдың бағасы әлемдік рынокта көтеріліп тұр. Сол сәтте жоғары бағамен мұнайды шетке сатуға тырысып қалуға әркімнің қақысы бар. Ешкімге тиым сала алмайсың. Қазір нарық заманы, үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады деген бар ғой.

— Өткенде Парламент мінберінде «ПетроҚазақстанға» байланысты сауалдар көтерілгенімен, бәрібір «ПетроҚазақстанның» акцияларын қайтарып ала алмадық. Акцияларын Қытай иемденіп жатыр, онсыз да қаптап жатқан қара Қытайға енді мүлдем шектеу жасай алмайтын сияқтымыз.

— Баяғыда есек келіп, түйеден: «Аға, неге сенің мойның қисық әрі ирек-ирек» деп сұрапты, сонда түйе мұңайып: «Е, е…бауырым, менің қисық емес, ирек емес жерім бар ма?» деген екен. Бір қайғы мың қайғыны қозғайды. Оның бәрі кезінде кеткен кемшіліктердің кесірі. «ПетроҚазақстан» дегеніңіз өз алдына дербес компания. Оған «Сен олай істеме, былай істе» деп біз ақыл-кеңес бере алмаймыз. Біздің ақыл-кеңесімізге зәру де емес. Акцияларын кімге, қандай бағамен сатамын десе өз еркі. Оны олардың «патша-көңілдері» біледі. Ал Қытай дегеніңіз қазір дүниежүзілік нарыққа әсер ете алатын алпауыт мемлекет. Оған да жөн сілтеу тіпті қиын. Нарық болғаннан кейін, оның үстіне, іргеңде көрші отырып, онымен экономикалық байланыс жасамау дегеніңіз тіпті мүмкін емес. Әйтеуір орнында бар ғой. Қазақ «орнында бар оңалар» деген. Дәтке қуат сол ғана…

— Сізді орыс партиясының жабылуына әсер еткен адам дейді. Бұл сөздің қаншалықты жаны бар?

— Орыс партиясын жапқан жоқпын. Ашылуына, тіркелуіне қарсы болдым. Егер орыс партиясын тіркесек, ертең Қазақстанды мекендейтін басқа да ұлтттар шыға келеді. Бізді неге тіркемейсің деп. Сонда не? Қазақстанда жүздеген ұлттың жүздеген партиясы бола ма? Бұл бағанағы сіздің «ұлт тағдыры сынға түскенде неге үндемей қаласыз?» деген сөзіңізге жауап.

— Айтпақшы, «Елім менің» әнін әнұран етейік деген ұсыныс бастаған едіңіз, оның соңы не болып жатыр? Әнұранға «Елім меніңді» ұсынуыңыздың себебі неде? Әнұран болмаса да, әнұрандай боп кеткен «Менің Қазақстанымды» ұсыну ойыңызға келмеді ме?

— Бұл арада ешқандай сыр жоқ. Қазіргі сөзі өте ауыр, әні де Кеңестік кезеңді еске түсіретін «тозақтан аман қалыппыз…» дейтін жадағай, рухани жарымжан әнұраннан гөрі елдің бәрі жатқа айтатын рухыңды көтеретін «Елім меніңді» әнұрандыққа ұсынғаным рас. «Менің Қазақстаным» да мықты, рухты ән. Ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ «Елім менің» азаттықтың алғашқы жылдары шыққан, еркіндіктің қарлығашындай әуен дегенім ғой. Жалпы, келешекте біздің әнұранымыз бәрібір өзгеретін сияқты.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары