САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ ДОДА

САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ ДОДА

САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ ДОДА
ашық дереккөзі
305

Президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңетініне ешкімнің күмәні жоқ. Сайлау алды жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындылары осындай нәтижені көрсетіп отыр, саясаттанушылар да осындай пікірде. Олардың көпшілігі Н.Назарбаевтың алпыс пайыздан артық дауыс жинайтынына сенімді. Бірақ бұл сайлауда кімнің жеңетіні маңызды мәселе емес. Маңыздысы— кімнің екінші орын алатындығы. Сайлау алды науқан кезінде жүргізілген пиар кампаниялардың бағыт-бағдарына қарап осындай тұжырым жасауға болады.

Қоғамдық пікірді жиі-жиі қоздырып, өзінің қияңқы пікірлерімен танымал болған Президенттің кеңесшісі Е.Ертісбаевтың да негізгі шұғылданған шаруасы осы болған сияқты. Оның айтуы бойынша, екінші орынды Әлихан Бәйменов иемденеді. Бұл өз кезегінде оппозициядан ортақ кандидат шығарған «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының дегбірін кетіріп отыр. Тұяқбайшылдардың жүргізген сайлауалды үгіт-насихат жұмысының бір бағыты, тіпті басты бағыты деп айтайықшы, Ә.Бәйменовке қарсы. Одан «сатқынның» образын жасап, «саяси өлік» етіп тұқыртып, саяси аренадан жоқ қылып жібермек болды. Әзірге бұл жоспар жүзеге аса қойған жоқ. Тіпті, керісінше болатын түрі бар. «Ақ жол» партиясының төрағасы Ә.Бәйменов осы аптада мәлімдеме жасады, екінші турда Н.Назарбаевпен тартысқа түсетініне сенімді екенін айтты. Ал, саясаттанушы Сәбит Жүсіпов сауалнама қорытындыларын жариялай келіп, «екінші орынды Жармахан Тұяқбай алады» деп отыр. Осы тұста мына жайды айта кеткен жөн:

Саясаттанушы С.Жүсіповтың үміткерлердің рейтингі туралы жүргізген әлеуметтік сауалнамасы осыдан екі-үш апта бұрын дайын болған. Бірақ оны жариялауды созбақтап келді. Неге? Сірә, мұнда саяси процестерге сараптама жасап отыратын саясаттанушыдан гөрі, әмісе қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысатын саяси технологтың әрекеті жатыр. Сөйтіп, С.Жүсіпов «Кім қанша дауыс жинайды, кім кімнен кейін болады?» деген сұрақтың ең соңғы жауабын бергісі келген сияқты. Қорыта айтқанда, билік те, «тәуелсіз» сарапшылар да, үміткерлердің үгітшілері мен насихатшылары да «Назарбаевтан кейінгі орындағы саясаткер – мынау» деген кесімді сөзді халықтың миына сіңіруге тырысып жатыр. Неге?

Бұл сұрақ— биылғы сайлаудың басты мәселесі.

Н.Назарбаев осы сайлауда жеңіске жетсе де, бұл оның президент тағындағы соңғы мерзімі. Оған ешкімнің таласы жоқ. Осы «соңғы мерзім» деген сөз көптің дегбірін кетіріп отыр. Тіпті, кейбір бизнес және саяси топтар үшін Н.Назарбаевтың «соңғы мерзімге» аяқ басуы «әне-міне цунами басталады» деген қорқынышты хабармен тең. Әлді, қаржысы бары, саяси амбициясы бары президенттік таққа ұмтылады. Шама-шарқын білетіндер мен көлеңкеде көрінбей жүруге әдеттеніп қалғандар осы бастан ерте-жарықта Назарбаевтан кейінгі ел басқаратын адамды іздейді. Дәл таңдау жасап, «президент болады-ау» деген саясаткердің маңайынан табылуға ұмтылады. Бұл ретте «2005 жылғы президенттік сайлауда мынау екінші орын алып еді» деген атақ та абырой болары анық. Қазір бизнес элитаның ішінде болсын, саяси элитаның ішінде болсын, кімге қолдау көрсетерін білмей дағдарып отырғандар көп. Олардың бәрі 4-желтоқсаннан кейін «кімнің соңынан еру керек, осы бастан кімге қолдау көрсеткен дұрыс» деген сұрақты жан-жақты талқылай бастайды. Олардың бірқатары науқан кезінде Ә.Бәйменов пен Ж.Тұяқбайды астыртын қаржыландырып келді. Әрине, оларға екі саясаткердің — Ж.Тұяқбай мен Ә.Бәйменовтың қайсысы дұрыс деген тар ауқымдағы таңдау берілмесі анық. Егер мұндай таңдау берілсе, олар, сөз жоқ, радикал-авантюрашыл Тұяқбайдан гөрі, конструктившіл Бәйменовты таңдаған болар еді. Тіпті де бас қатырып, көп ойланбаған да болар еді. Бірақ бұл екеуінен де басқа, ашық саясатқа әлі шықпаған, солай болса да президент тағынан үміткерлер билікте де, оппозицияның ішінде де жетерлік. Олар: Алтынбек Сәрсенбайұлы, Рахат Әлиев, Иманғали Тасмағамбетов, Нұртай Әбіқаев, Қасымжомарт Тоқаев. Бұлар көзге көрініп, ара-тұра амбициясының бар екенін білдіріп қоятын саясаткерлердің бірпарасы ғана. Мұның сыртында түпкі ойын әлі білдірмеген, бірақ президенттік тақтан дәмелі болып жүргендер қаншама. Олардың мүмкіндігі, саяси ресурсының қаншалықты екені бізге беймәлім.

Оппозициядан ашық додаға шыққан Ж.Тұяқбаймен қатарласып А.Сәрсенбайұлы шауып келеді. Ол соңғы 4-5 айдың ішінде билікті ащы сынға алып бірнеше мәлімдеме, мақала жариялады. Бірақ оның іс-әрекетіне қарап, «демократияшыл-оппозицияға қысым жасап жатқан» билікті ғана емес, «келешекте саяси бәсекелес болады-ау» деген адамдарға соққы беріп жатқанын байқауға болады. Олардың кімдер екенін тағы қайталап жатудың керегі жоқ — жоғарыда олардың аттары аталды. Және А.Сәрсенбайұлы мұны оппозицияның ортақ лидері Ж.Тұяқбай үшін жасап жатпағаны анық. Өйткені, ол саяси және бизнес элита оппозициядағы бір адамға сенім артайық деп шешсе, оның Тұяқбайға емес өзі екенін біледі. Сондықтан да ол белсенді іс-әрекетке көшті. Бұл белсенділік 4-желтоқсаннан кейін тіпті үдей түсуі мүмкін.

И.Тасмағамбетовтің де енді ашық саясатқа шығып, келесі президенттік таққа талас жүргізуіне толық қақы бар. Қақы бар дейтініміз, ол осы күнге дейін Н.Назарбаевты қолдап келді, сенімін ақтады. Және тек президентке ғана жаққан адам емес, Атырауда болсын, Алматыда да болсын, жасаған жұмысы халықтың көңілінен шықты. Қазақ қоғамының алдындағы беделі де мықты— былайғы жұрт қазақ тілінің жоқшысы, ұлттың жанашыры деп біледі. Енді Н.Назарбаев оған саяси додаға түсіп, бағын сынауға рұхсат береді, тіпті қолдау білдіруі мүмкін.

Рахат Әлиевтің де ашық саясатқа шығатын түрі бар. Оның шет елдегі дипломатиялық жұмыстан қайтып оралуы, «Асар» партиясын қайта құрылымдау жұмыстарының басталуы осындай ойға жетелейді.

Ал, саясаттанушы С.Жүсіповтың «алдағы жылдары Қазақстан парламенттік басқару жүйесіне көшуі мүмкін» деген болжамы Парламент сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаевтың да тартысқа түспей-ақ конституциялық өзгерістер жолымен мемлекет билігіне келуін жоққа шығармайды.

Бір-біріне қырын саясаткерлер, яки саяси топтар бірінің бірі етегіне жармасып, аяқтан шалуы – заңды құбылыс. Осы жағдайға компромистік тұлға деп Қасымжомарт Тоқаевты айтып жүр. Бірақ постназарбаевтық кезеңге ымырашылдықпен баратын саясаткерлер жоғарыда аталғандардың ішінде жоқ.

Сонымен, қай саясаткер үстем шығады? Бұл сұрақтың жауабын әзірге дөп басып айту қиын. Дегенмен, бұл турасында үш жайтты атауға тура келеді: бірінші, президент Н.Назарбаев кімге бүйрегі бұрып, өзінің мұрагері деп кімді атайды; екіншіден, саяси және бизнес элита қайсы үміткердің сөзіне иланады; үшіншіден, сыртқы фактор, ол — сөз жоқ, өзінің мүддесін күйттеген ресми Мәскеу. Бұл – ең маңызды фактор. Әрине, «сайлаушылар, қарапайым халық қайда қалады?» дейтіндер де табылатын болар. Бірақ мұны маңызды анықтаушы факторлардың қатарына жатқызуға болмайды. Қазақстан — Польша немесе Германия емес. Саяси технология арқылы қазақ қоғамының пікірін жүз сексен градусқа кері бұруға болатыны бұдан бұрынғы саяси науқандар кезінде байқалды. Мұндай жағдай әлі он-он бес жылға дейін созылады.

«Спектр» сараптама орталығы

Серіктес жаңалықтары