«ҚАРА КЕМПIРДЕГI» КӨП ӘТТЕГЕН-АЙ...

«ҚАРА КЕМПIРДЕГI» КӨП ӘТТЕГЕН-АЙ...

«ҚАРА КЕМПIРДЕГI» КӨП ӘТТЕГЕН-АЙ...
ашық дереккөзі
491

Өзінің 80-маусымын ашқан Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр репертуарын жаңа премьерамен толықтырды. «Қара кемпір» пьесасын жазған жамбылдық драматург Ә. Әмзеұлы. Спектакльдің режиссері – Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев.Пьесаның негізгі желісі композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнінде жатқанға ұқсайды. Қосшығұлы мен Жексенқұлын жоқтаған әйгілі «Қара кемпір» бәріңіздің есіңізде шығар. Сондай-ақ, «Жалғыз өзі әскерге кеткен ұлдарын жоқтап, көше кезіп жүретін сондай бір жынды кемпір болыпты» деген аңызға бергісіз әңгіменің ел аузында қалғаны да рас. Екі бірдей ұлын жалмаған ананың қасіретін ол заманда біреу ұқса, біреу ұқпаған да шығар. Бар өмірі соғыс атты жалмауызға қарсы нағылет айтумен өткен байғұсты кінәлағандар да бар шығар. «Әне, жынды кемпір келе жатыр деп» қолын шошайтқандар да табылған шығар. Бірақ, сұм соғыстың өрті шарпымаған отбасы болды ма, сол жылдары. Әлде «Қара кемпір» зары – екі ұлын жоқтаған жалғыз ананың қасіреті үшін жазылды ма екен, сонда. «Қара кемпір» – бүкіл аналарымыздың жоқтауы емес пе еді. Әлемді жайпаған соғыс атаулыға қарсылықты ана зарымен білдірмеуші ме еді. «Қара кемпір» музыкалық-драмасының негізі де сол азалы аналардың бірі, әрі жиынтық бейнесі болуы керек еді. Режиссердің көксегені де азалы аналардың бірі арқылы бүкіл ана атаулының зұлымдыққа, жауыздыққа деген қарсылығын көрсету болатын. Ал спектакль сол негізден шыға алды ма?Сахнаға ә дегеннен-ақ, қара киімге оранған ана шыға келеді. Тіпті жаулығына дейін қап-қара. «Қара кемпір» дегенге киімі де қап-қара болуы керек деп ойласа керек режиссер. Ананың жаулығы қай уақытта қара болып еді? Сахнаға шыққаннан-ақ ананың азалы даусын естисіз. Сол баяғы «Жексенқұл мен Қосшығұлды» жоқтау. Алтынбек Қоразбаевтың әйгілі «Қара кемпірінен» бастаған соң, спектакльдің мазмұны да сол соғысқа қарсы негізде өрбитін шығар деп ойлағанбыз. Бір сәтте сахнаның төріне қойылған экраннан Бесланда, Америкадағы терактіні көрсете бастағанда, не болып кеткенін түсінбей қалдық. Жарайды, ананың барлығының зары бір делік. Өйткені, ананың аты– ана. Америкадағы да, Ресейдегі де, Қазақстандағы да ананың тілегі бір. Ол – ұрпағының амандығы, ұрпағының қасірет шекпеуі. Режиссер «Қара кемпір» арқылы осыны көздеген шығар деп тағы бір ойладық та қойдық. Қызықтың көкесі содан кейін басталды. Спектакль үш этапқа негізделіп құрылған. Ананың жастық шағын басқа бір актриса сомдаса, келіншек болып жүрген кезін басқа бір актриса сомдайды. Тағы бір қызығы, қай кезеңде де бір сахна. Сахнаның безендірілуі өзгермеген. Сол қалыпты сақталады. Бүкіл қайғы атаулыны көтеріп тұрған ағашқа ана да барып зарын айтады, қыз бен жігіт те сырларын шертеді, келіншек те мұңын шағады. Қайғы ағашы болсын-ақ делік, бақытты жастардың сол ағашқа барып, махаббат сырын шертуін қалай түсінеміз?! «Қара кемпірдің» көрмеген азабы жоқ. Сүйіп қосылған жары «халық жауы» боп ұсталып кете барды. Ал, «халық жауының» жас жарына құмартушылар көп-ақ. Әсіресе, ауыл басқармасының ертелі-кеш аңдитыны да сол. «Келіншекті қайтсем қолға түсіремін» деп, тіпті күйеуінен келген хатты да қойнына салып жүреді. «Халық жауынан» келген хатты қалай қорықпай ұстап жүрді екен дейсіз басқарманың батырлығына таңданып. Ең қызығы, күйеуінен келген сол хатқа келіншектің той жасағанын көрсеңіз. Сол тойға ауылдың тайлы-таяғы қалмай жиналғанын көрсеңіз. Тек басқарма ғана жоқ. 37-ден жапа шеккен халық қайда? Халықтың трагедиясы неге көрінбейді? Музыкалық-драма болған соң, спектакль әнсіз болушы ма еді. Әрбір минут сайын ән айтылады. Ән болғанда қандай? Спектакльде емес, Қазақконцерттің залында отырмын ба деп қаласыз. Әндердің көбі-бүгінгі эстрадаға негізделіп таңдалып алынған. «Амалым қанша..» деп аңыратқанда, бір қарасаңыз, Бекжан Тұрыстың шығармашылық кеші ме дейсіз. Азалы ананың, азалы келіншектің зарын шертетін ән қайда? Неге ән таңдағанда автор да, режиссер де, осыны ескермеді екен?! Көрерменді селт еткізе алмаса, спектакльдің ұтқаны қайсы? Зұлымдыққа, жауыздыққа деген ана қарсылығын көріп, жүрегіміз қан жылап қайтудың орнына спектакльдің «әттеген-айын» көріп, ренжіп қайттық.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары