АЙТ ПЕН РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕЛЕРІН ДЕПУТАТТАР ТАЛҚЫҒА САЛДЫ

АЙТ ПЕН РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕЛЕРІН ДЕПУТАТТАР ТАЛҚЫҒА САЛДЫ

АЙТ ПЕН РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕЛЕРІН ДЕПУТАТТАР ТАЛҚЫҒА САЛДЫ
ашық дереккөзі
344

Осыдан оншақты күн бұрын Қазақстан халықтары Ассамблеясының съезінде Елбасы мұсылмандардың Айт мейрамы мен христиандардың Рождествосын республикалық дәрежедегі мерекелер санатына қосып, ол күндерді демалыс етіп жариялауды ұсынған еді. Сол кездің өзінде-ақ, бұл мерекелерді қазір-ақ жариялап жіберейік, Елбасыға қолдау көрсетейік деген депутат Киселевтің (Асар партиясының өкілі) екпінін Мәжіліс төрағасы әрең басқан. Орал Мұхамеджанов осы мерекелердің жайын реттеп отыратын арнайы заңның бар екендігін, оған кәдімгідей толықтырулар мен өзгерістер енгізудің қажеттілігін алға тартқан еді.

Мұхамеджановтың ескертпесіне құлақ қойған депутаттардың тобы енді «ҚР мерекелер туралы» Заңға өзгеріс енгізу жөнінде арнайы жоба ұсынып үлгерді. Бастамашысы «Отанның» өкілі, депутат Төлеген Мұхамеджанов.

Алайда, депутат Тоқтар Әубәкіров: «Елбасы бұл жобаны пысықтап дайындауды Үкіметтен сұраған еді. Бұл арада депутаттардың қатысы қанша? — деген аң-таң қалпын жасырмады. Ол ел Конституциясына сілтеме жасай отырып, «Қазақстан діни емес, зайырлы мемлекет, сондықтан да бұл заң жобасы Конституцияға сай емес» деп айтты. «Біздің елде дін таңдау құқығы азаматтардың еркінде. Сондықтан, діни мерекелерді қазір таңатын болсақ, ертеңгі күні әртүрлі ағымдар өз мерекелерінің республикалық дәрежеде тойлануын талап етіп шықпай ма?» дейді. Әубәкіров «Конституция бойынша ешбір діннің бір бірінен артықшылығы жоқ деп көрсетілген» деп, қазір мұны дұрыстап талқылаудың қажеттігін ескертіп, заң жобасын тез қабылдауға депутаттардың асықпауын өтінді.

Әубәкіровтың сөзіне депутат Бекболат Тілеухан дау айтты. Ол: «Бүкіл мәселені дін тұрғысынан іздеудің қажеті жоқ. Бұларды дәстүрлі мерекелер ретінде қабылдау керек. Болмаса, қазір бәріміз тойлатып жүрген Наурыз зороастрлардың мейрамы. Жексенбі күні демалатын болсақ, ол Христостың жанының аспанға көтерілген күні. Діни астар іздесек, осы жексенбі күні дем алмай- ақ қояйық немесе Наурыз мерекесінен бас тартайық. Болмаса, кісінің туған күнінің өзі жанға періштенің кірген уақыты деп есептелінеді. Бәлкім, діни мереке деп туған күнімізден де бас тартармыз» деп уәж айтты.

Бекболат Тілеуханның сөздерінде жан бар. Әубәкіровтің де кейбір сөздерімен қосылуға болады.

Ал негізінен, елдің негізгі тұрғындарының ұстанатын діні Ислам екендігін, Қазақстан халқының 70 пайызынан астамын мұсылмандардың құрайтындығын ескерсек, православтардың Рождество мерекесін республикалық дәрежедегі мереке етудің қажеттілігі қанша деген сауал туындайды.

Айтпақшы, дәл осындай заң жобасын, яғни, ислам мен православ дінінің мерекелерін Қазақстан Республикасының мерекелері санатына қосу жайлы жобаны депутаттар Амангелді Айталы мен Алимпиада Черкашина 2003 жылғы ұсынған кезде, Үкімет міз бақпаған еді. Енді, Президенттің Ассамблеядағы айтқан сөзінен кейін, Әділет министрлігі жапа- тармағай осы мерекелердің Қазақстан Республикасы мерекелерінің қатарына қосылуын қамтамасыз ететін заң жобасын дайындап қойыпты.

Ал, Айт пен Рождество мерекелерін республика мерекелерінің қатарына енгізу жайлы жобаның Парламент Мәжілісінің жұмыс тобына қою мәселесі дауысқа салынғанда бір-ақ депутат қарсы болды.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары