ҰЛЫҚТАЛМАҒАН ҰПАЙ НЕМЕСЕ ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ

ҰЛЫҚТАЛМАҒАН ҰПАЙ НЕМЕСЕ ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ

ҰЛЫҚТАЛМАҒАН ҰПАЙ НЕМЕСЕ ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ
ашық дереккөзі
309

(Аяқдоп жанкүйерінің маусымаралық жансарайына үңілгенде)

Тағы бір маусым артта қалды. Жанкүйердің жүйкесін тоздырған маусым. Кезекті ақталмаған үміттің маусымы. Әр жүректі әдеттегіден тыс алып-ұштырып, алаңдатумен өткізген, бірақ алысқа назар салған патша көңілді су сепкендей басқан маусым.

Әр матчта жасыл алаңды дуылдай қоршап, әр маусымды әрқилы сараптап аяқтайтын үрдісіміз бұрыннан да бар. Жыл сайын желпініп басылатын жанкүйер емеспіз бе? Бұл жолғы көңіл күйіміз басқа. Ол маусымның әйтеуір аяқталғанымен байланысты басылған өткінші дүмпу болса бір жөн. Мәселе маусымның қалай тынғанында болып тұр емес пе? Бәріміздің жанымызға байыз таптырмай, енді не істеу керек деген сұрақ төңірегінде түн ұйқыны төрт бөлгізіп жүрген нақ осы маусым болып тұр ғой. Мұның сыры – мөлдек сөз. Аша алсақ.

Шүкір, ішкі сайыс шиеленіссіз өткен жоқ. Әркім әліне қарай, дайындалған деңгейіне қарай, алаңдағы ауанына қарай өзіне лайықты орнын иемденді.

Оңтүстік астананың бір командасын (әйгілі «Қайратты» айтып отырмын) биыл тағы жеңімпаз болар деп күткен едік, бұл дәме желдей ұшты. Қырық жылдан бері бүйрегің бұрып келген аса тәжірибелі команда ретсіз сүрініп, жүрісінен жаңылса қабырғаң қайысып, қабармай қайтесің? Осы қаланың екінші командасын төбелі топтан шығып қала ма деп ширығып жүр едік. Ол мың болғыр айдарымыздан жел естіртіп, тағы да мықтылардың қатарынан орын алды. Әрең деп алған жоқ, нығарлап алды. Сүйсінбей қайтесің?

«Жетісу» жанкүйерлерін ұятқа қалдырды. Шұрайлы өңірдің шырайлы жұрты үкілеп жарысқа қосып,үлкен үміт артқан балақты бүркіттей сүйкімді команда еді. Жол жарымына жетер-жетпесте болдырып қалды. Амал нешік? Аңқылдаған жанкүйерінің еңсесін еріксіз түсіріп, жүнін орынсыз жықты. Жетісулық әріптестерімнің иі жығылып қалды-ау деп мен де мұңаям. Бірақ, оларға жасымаңдар, бауырлар, алда талай маусым бар. «Жетісу» да үйіріне қайта айналып қосылар. Қайыры да болар. Алдымызға ақ үмітпен қарайық дегім келеді.

Бір ұтылып, бір ұтқан спорт жарысы ғой бұл. Жеңімпаз жаңарып тұрмаса бәсеке бойкүйез өтті деп тағы бұртаңдаған болар едік. Оған негіз болған жоқ. Бүгінгі биікке бүгінгі мықты шықты.

Өткен маусымның баяны осы ғана ма? Әңгіме көп. Алақұйын аяқдоп әңгімесінің қызуы әлі басылар емес, әзір басылмайтын да шығар. Өйткені, арқамызды қыздырып, өңезімізді жасыл алаңға әдеттегідей артық аудартқан бұл маусымның жөні бөлек еді. Жанкүйердің күйгелек көңілі бұл жолы жұдырықтай жұмылған ішкі тартыстан гөрі оты өршіп түрған әлемдік додаға құлаш сермеп жанталасқан азулы командалардың жанкешті айқасына ауған еді.

Өйткені, оның сапына Алланың әмірімен, Еуропалық аяқдоп қауымдастығының құзырымен өзіміздің осы туған жұртымыз – Қазақстанның да құрамасы қосылған болатын. Жанкүйердің жанына тыным бермеген мәселе де сол ғой. Алманияда өтетін жаһандық біріншіліктің іріктеу жарыстарына тұңғыш рет қатысып отырғанымызға қарамастан, әлденеден дәмелі алабөлек сезіммен сол құраманың тілеуін тілеп, алты ай жазды ұйқысыз болмағанмен, күлкісіз атқардық. Бірақ бұл ретте де қуанышымыздан күрсінісіміз тағы басым болды.

Тәңір жарылқап Еуропа алаңдарына аяқ басқанымызға төртінші жыл. Біраз елін араладық, біраз жерін көрдік. Ал биылғы шашбаулы бәсекенің тұсында Алматыға Еуропа жеңімпазы Греция мен өткен жолғы әлемдік байқаудың қола жүлдегері Түріктің арқалы арыстарын және басқа айдарынан жел ескен қабырғалы құрамаларды келтірдік. Бұл әрине көңілге жұбаныш болар оқиға. Бірақ, сол ортаның арынды айқастарында өзіміз кеуде керіп, сайран салып жүре алмағанымыз жүрегімізді сыздатады. Әзір өйтіп жүре алмайтын да шығармыз.

Басында арманымыздай-ақ асығып едік сол жұмаққа. Әлімұлыққа жетер жеріміз сол дегенбіз. Алайда кешегі еншімізге тиесілі 36 ұпайдан біреуін-ақ игергенімізден кейін ел бетіне не деп қарарымызды біле алмай қалдық. Ойландырмай қоймайтын жағдай. Сондықтан да алаңымыз әлі басылар емес. Тағы да қаламға жармастық. Ақ қағазға үңіліп санамызды сілкілейміз. (Жанкүйердің басқа қандай шарасы бар?)

Отандық аяқдоп шеберлерін сол сұлу алаңдарға, сол қызу додаға әр аттандырған сайын «Алла, өзің жар бол!» деп аңқылдап шығарып саламыз да, олар Еуропа есігінен аттаған күні-ақ маңдайымызды тасқа тіреп, меселіміз майысып қайтамыз. Елімізді мойындап, туымызды сыйлай бастаған басқа жұрттан ұят екен. Қашанғы өстіп жігеріміз құм болып жүретінін кім білсін?

Неге бұлай? Әлде біз сол жаққа әсем алаң мен әдемі футболды қызықтау үшін ғана бардық па? Аяқдоп жарысы бізге таңсық емес қой. Осы өнермен біз де жарты ғасыр айналысқан жоқпыз ба? Қызықтаудың не жөні бар? Бірден білек сыбанып, пәрменді әрекетпен өзімізді көрсетпейміз бе? Сөйтіп ақын да әнші қазақтың, сонымен қатар малшы да дихан қазақтың, ат үстінде ойнақ салған қамшыгер қазақтың, жарты ғасыр бұрын Римді тамсандырған желаяқ жүйрік қазақтың, әлемнің алаңында әлденеше айқын басымдық танытқан палуан қазақтың, бүгін жұртты жұтындырып жүрген жұдырықшы қазақтың доппен де дос екенін дәлелдемейміз бе?

Қарт Еуропаның алаңдарында тағы бір ат ойнатпаймыз ба? Жер қойнауындағы қазынамыз бой бермей жанартаудай аспанға шапшып жатқанда жерлестерімізді жоталы жеңістерімізбен сол байлықты шашаусыз игеріп, тиянақты тізгіндеуге жігерлендіріп, еселі еңбекке жұмылдырмаймыз ба? Бұл заңды сұрақ қой. Біз о бастан қолға алған ісімізден шуақ көруге жаралған ел емес пе едік? Мына қылығымызға не жөн?

Алайда бүгінгі аяқ алысымыздан әзір бізге шуақты күндер шаң бере қоймас. Тіпті 2030-ға дейін қатарға қосылып, анау алпауыттармен үзеңгі қағыса алмайтын сияқтымыз. Сонда біз сол жанарыңды сағымдандырған сарабдал сардарлардың сапына қосылғанда олардың шаңына тұншығып, етегін сүрту үшін жаралғанымыз ба? Қашан қимылдап, қашан бой көрсетіп, мінез танытамыз? Бізде мінез жоқ па, жігер жоқ па, намыс жоқ па? Бұл не өзі? Жаныңды жегідей жеген осы сұрақ төңірегінде әрі ойланасың, бері ойланасың. Алып-қашпа ойдың жетегінде қаның ойнап, қанша ысып-суығаныңды да білмейсің.

Меніңше, мәселенің мәні мынада болса керек. Бізде тәуелсіздік жоқ. Мен спорт саласындағы, соның ішінде нақ осы аяқдоп шаруашылығыңдағы бостандық туралы айтып отырмын. Біз еліміз еркіндік алғанмен, футболда егемендікке қол жеткізе алмай жүрген жұртпыз. Біздің елде бұл тірлік күні бүгінге дейін жат қолында. Қамқоршы боп көрінуге кірмелер мен келімсектер майлы қалаштай жылмаңдап жүріп меймандос қазақтың ішіне кіріп алады да бекіте береді. Қазір біз осы ахуалды бастан кешудеміз. (Ана заманда бас иіп «сіздікі жөн» деп бұға түсер едік. Ал бүгінгі бүкшеңдеуімізге не жосық? Әлдекім бұл пікірді ағат көрер немесе оғаш көрер – қалайда менің көңіліме ұялаған шындық осы. Менің күдікті сезімім негізсіз дегендер дәлелдеп берсінші – мен де қуанып тыныш ұйықтайын).

Міне, солар бүгін спорттың майлы жіліктей осы бір маңызды саласына бұлжымас билік жүргізіп отыр. Олардың қазақтан айырмашылығы неде? Олар өздерін істің маманы етіп көрсете алады. Соған өзгені сендіре алады. Сөйтіп білгіш ролінде маңындағыларға уағыз айта бастайды. «Қазақ күрес пен бокс үшін жаратылған, аяқдоп ол үшін қол емес, аяқдоп қазақтың оң жамбасына келмейді. Әркім өз шаруасымен айналысу керек» деген негізсіз тұжырымды шығарып жүргендер де солар. Олар өзінің осы уәжіне қазақтың сенетінін де біледі, «е, солай екен ғой» деп бас шұлғып жүре беретінін де біледі. Сондықтан да тізгінді қолдан шығармай отыр.

Осы жерде қазекең ойланбас па? Ау, біз доп тебуге жоқ болсақ Тимур қайдан шықты? Құралбек пен Сейділдә қайдан шықты? Бүгін шаршы алаңда жай оғындай жарқылдап жүрген Жұмасқалиев, Қадырқұлов, Жейлітбаев, Мазбаев, Кенжеханов, Әшірбеков, Смақов, Бөлешов пен Тілешевтер қайдан шығып жатыр? Демек, бар ғой. Бүгін қай аулаға кірсең де доп қуалаған қазақ баласы қалыпты көрініске айналған. Мәселе солардың басын қосып, баулып, бабына келгенше жаратуда емес пе? Бабына келген қазақтың аты бәйгеден келмеуші ме еді. Қазақтың жас өрімдерін неге солай баптамаймыз? Жас сүйекті қай қалыпқа салсаң сол қалыптан сыптай болып шықпаушы ма еді? (Анау Дәулет Тұрлыханов, анау Бахыт Ахметов анау Ержан Ерімбетов, анау Марат Мәзімбаев, анау Заира Жақыпова өз өнерінде кімнен кем еді?) Ал енді осы бапты кім жасау керек?

Билік қолында тұрғанда әлгі жатжұрттықтар оған бармайды. Оларға қазақтың мерейі үстем болуы – тақтан таюмен тең. Сондықтан да жергілікті бәйгеге (біріншілікке) қатысып жүрген командалардың бас бапкерлері әлгі «білгіштерден» тағайындалады. Олар қарадомалаққа көңіл бөлмек түгілі, назар да салмайды. Өткен жылғы жарысқа түскен командалардың құрамына көз жүгіртіп көріңізші. 16 команданың сапында жасыл алаңға 385 ойыншы шыққан екен. Соның ішіндегі қаракөзі 65 қана. Сонда бұл біріншілік қай елдің біріншілігі өзі? Неге бұлай болды!

Таңданатын түгі жоқ. Әлгі командаларды жасақтап отырған 16 бас бапкердің екеуі ғана қазақ болса, басқаша қалай болуы мүмкін? Оның да біреуін кеше біріншілік бітісімен алып тастады. «Ақтөбенің» бас бапкері Рамазановты айтып отырмын. Оның не жазығы бар еді. Айыбы командасын маусымның жеңімпазы қылғаны ма? Жоқ, жоғарыдағы көзге көрінбейтін өзге түсті мықтылар қуырдақты орынды қазаққа қимайды. Ол команданы қазақтандырып жіберуі мүмкін. Гәп сонда ғана.

Осы командаға бұдан былай басшылық жасау үшін мол ақша беріп, сонау Украинадан алдырған Сергей Морозов «мен ұжымның құрамын өзгертпеймін» деп отыр. Ал команданы құраған жігіттердің басым бөлігі әр жерден жиналған жалдамалы «жампоздар». (Осы топтың ішінде екі ғана қазақ бар, олардың өзі де ойын кезінде үнемі алаңға шыға бермейді). Мүмкін сондықтан да өзгерткісі келмейтін шығар. Осы құраммен ел біріншілігін ұтып алды дейтін желеу бар.

Әр басшы бүгінгі шығар биігін ғана көздейді. Өкінішке қарай, нарық заманында футбол да бизнеске айналып кеткен. Бұл істің басында жүргендер ең басты мүдде – табыс көзі деп біледі. Сондықтан олар жергілікті ұлт өкілін даярлап жатуға бас қатырмайды. Оның орнына ойдан қашқан, қырдан қашқан – негізінен көсіп алар ақша көздеп жүрген бір мезгілдік жемі мол жұмыстың құлдарын қазақтың қаржысын беріп шақырып алғанды қалайды. Өйткені, оларға дайын ойыншылар керек, солардың күшімен жан қимай табысқа жету керек. Қазақ футболының ертеңгі тағдыры қандай болады – оларға бәрібір, өзі бүгін биіктен көрінсе болды. Жемтігі толады.

Ал бізге қазақтың ертеңгі футболын жасаған жөн шығар. Әр қоғам үшін футбол тек табыс көзі ғана емес, үлкен өнер де. Жанкүйер де жасыл алаңды сол сұлу өнерді көру үшін қоршауға алады. Әр елдің бұл өнерде өз әдісі, өз әдібі, демек өз аяқ алысы, өз өнері бар. Сондықтан да мынау Бразилия футболы, анау Англия футболы, ал мынау Италия футболы дейміз. Түріктің командасын алыңызшы. Құрамы да, ойыны да жанарыңа жылу береді. Енді мынау қазақтың футболы деп айтатын күнге жетсекші. Біздің еліміз оған лайық деп білем. Сондықтан елдің елдігін танытып, жеңістің шоқтығын биіктететін, көк байрағымызды көп жерде желбіретіп, әнұранымызды қолын кеудесіне қойып тұрып жатқа айтатын намысты жігіттер дайындау керек сияқты.

Ол тек өзіміздің қаракөзден ғана шығады. Өйткені, ол ақша үшін ғана ойнамайды. Көлденеңнен қосылған жолбикелер сияқты: «сыйақыны бұл рет те алмасам келесі жолы ойнамаймын» демейді. Ол елімнің мерейі үстем болсын дейді. Сондықтан да ол шаршағанмен жанаярлыққа жол бермейді, қиналса да салғыртсымайды, алаң ортасында екі бүйірін таянып тұрмайды, қос өкпесін қолына алып алға ұмтылады. Ол солай бапталады, ол солай тәрбиеленеді.

Солай тәрбиелеу үшін де оның бас бапкері қазақ болу керек. Еліміздегі әр команданың бас бапкері қазақ болғаны мақұл. (Көпұлтты қоғамда өмір сүріп отырмыз ғой – көңілі үшін 16 бапкердің бір-екеуін өзге ұлт өкілдерінен қоюға болар). Жетпей жатса, жүйелі түрде әзірлейік. Керек болса жылына екі-үш қазақ бапкерін шет елге оқуға жіберіп алайық. (Дмитрий Огайды жіберіп жүрген жоқпыз ба?) Сонда ғана жергілікті командалардың қасындағы даярлық топтарына қазақ балаларын көптеп тартуға болады. Сонда ғана сонау дағдарыс тұсында тарап кеткен Несіп Жүнісбаевтың «Намыс» клубын қайта қалыпқа келтіріп, тіпті оны арнайы мектепке айналдыруға болар. Сонда ғана анау жалпақ даламыздағы қалың командалар қатарына жаппай қазақ жастарын тартуға болар. Сонда ғана біз құраманың сапынан көз қарықтырар 11 қазақ өренін көретін болармыз. Сонда ғана сырт жұрт, бұл ел Қазақтың елі екен-ау деп айта алар.

Логикаға сүйенсек солай шығар. Бірақ бүгінгі футбол тізгінін ұстағандардың ішінде осыны талап етер бір пенде табылмай-ақ қойды. Нақ осы жерде кесіп айтып, табан тіреп отырар, алдаспанын жарқылдатып алға сүйрер Бауыржан сықылды бір көке керек-ау. Әзірше басшылықта ондай қазақ жоқ.

Асылы, нақ бүгін шап беріп жалына жабыса кетер жеңіс болмаған соң түбі біз осы бағытта жұмыс істеп, осы жолмен жүргеніміз абзал-ау деймін. Асықпаған арбамен қоянға жетеді деп атам қазақ айтқандай, осы жолмен жүрсек жеңіске жетпей қоймаймыз. Мүмкін 2030-дан әлдеқайда бұрын жетерміз. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген. Игіліктің ерте-кеші жоқ. Ұлттық өремізді айғақтайтын осы бағытқа бет бұрайық! Мерейіміз үстем бола берсін! Қазақ соған лайық жұрт.

Мені біреулер ұлтшыл адам екен деп түсінер. Енді біреулер ойбай мынау әдемі қалыптасқан ұлтаралық қарым-қатынасымызға жік салып отыр, мұны ауыздықтау керек деп байбалам салып, жарияға жар етер. Ете берсін. «Қорқақты қуа берсе батыр болар» демекші, менің қазір батыр болған кезім – тайқу дегенді білмеймін. Айылымды жимаймын. Өйткені мен 37-ші жылы туғанмен, тәуелсіз елдің азаматымын. Өз жерім, өз Отанымда отырмын. Ата заңымызды білемін. Артық талап қойып отырғаным жоқ. Сондықтан бұл мәселеге «деген адам дей берсін» деп қараймын. Өкпелегендер көшке берген тайлағын алсын. Жаяу жүрсек те жасампаз елімізде еркін жүрейік.

Кеше егемендік алған кезде азды-көпті жиғанымызды «өрт шалып», тыр жалаңаш қалмап па едік. Шүкір, бүгін етегіміз жиылды. Енді бізді ешкім ірке алмайды. Бұдан былай аяқасты болғым келмейді.

Алдымызда жаңа маусым бар. Аз күнде соған дайындық басталады. Осы тұста қатты ескерер басты мәселе әлгі мен айтқан бұйымтай. Сол ұсыныс жөн деп табылып жатса, биылдан бастап қимылдай берген абзал-ау. Бәрін бірден табан астында нақ осылай өзгерте салу керек деп кесіп айтып отырғаным жоқ қой. Ондай ой әзірленбеген жолдағы авантюра деп танылып, күлкі тудырары ғажап емес. Өйткені, шынында жарға соқтыруы мүмкін. Өйткені, оған дәл бүгін қажетті мүмкіндік те жетіле қоймағаны бесенеден белгілі. Менің айтып отырғаным: принципті түрде етіп осындай бағдар ұстану. Ол жүйелі жұмыс болуы керек. Оны қазіргі аяқдоп алаңында жүргендер жасай алмайды. (Осы саланың басындағыларды айтамын да: бірі – қаламағандықтан, екіншісі – жарамағандықтан). Жоғарыда айттым ғой. Сондықтан «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дегендей, Үкіметтің құлағына алтын сырға.

Садықбек Хангелдин

Серіктес жаңалықтары