Сәттiбек Оңғарбаев: ӘДIЛДIК ОРНАМАЙ ҚОЙМАЙДЫ
Сәттiбек Оңғарбаев: ӘДIЛДIК ОРНАМАЙ ҚОЙМАЙДЫ
Ата Заңымыздың 1 бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын жазылған. Бұл ретте прокуратура конституциялық құқығын қорғау үшiн бiрiншi кезекте прокуратура органдарына жүгiнерi анық. Екiншiден, ол өркениетке қадам басу жолдарын белгiлеп, заңдылықтың үстемдiгiн қамтамасыз етедi. Және сол заңдылық деңгейiн көтеру арқылы ұлт алдындағы әдiлдiкке жететiндiгiмiздi меңзеген. Демек, заңсыздыққа жол бермеу арқылы ғана бiз прокуратура органдарына жүгiнемiз. Сөйтiп, ұлтымыздың құқықтық сауаты ашылып, құқықтық мәдениетi қалыптасады. Үшiншiден, әрқандай қылмысты ашып, қылмыскердi жазалаумен шектелмеген ләзiм. Қайта қылмыстың алдын алу арқылы қоғамымызды алға бастыру қажет.
Осындай сан-салалы мәселелерге сәйкес облыс прокуроры, III дәрежелi мемлекеттiк әдiлет кеңесшiсi, облыстық үйлестiру кеңесiнiң төрағасы Сәттiбек Оңғарбаев мырзамен сұхбаттасқан едiк.
— Сәттiбек Оңғарбайұлы, әуелгi кезекте заңдылық негiздерiне түсiнiк берсеңiз.
— Егер заң болмаса, әдiлдiк де болмайтыны белгiлi. Сондықтан бiздiң қоғамдағы басты мәселе әдiлдiктi сақтауды талап ету, заңсыздыққа жол бермеу. Демек, бiздiң Парламентiмiз талқылап, бекiтiп, Елбасы қол қойып, күшiне ендiрген заңды бұзбауға мiндеттiмiз. Бұл дегенiмiз – әдiлеттiлiк. Әдiлеттiлiк хақында өткендi сараласақ, барлық қоғамда заңның орындалуына баса назар аударылыпты. Сол арқылы азаматтардың мұқтажсыз еркiн өмiр сүруiн қамтамасыз етiп отырған. Сөйтiп, қоғамдағы әлеуметтiк, экономикалық, моральдық қарым-қатынастың дұрыс жүйесiн қалыптастыруға талпынған. Бес саусақ бiрдей емес және әрқандай дүниенiң шетi, шегi болатыны тағы бар. Мүлiктiк теңсiздiк пен еңбектiң бөлiнуi пайда болған кезден бастап, ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен жүрiп, өзгенiң еңбегiн жеу, оңай жолмен баю тәсiлдерiн iздестiру секiлдi пендешiлiктер жазылмас дерт болып жабысты. Қалыптасқан тәртiп бұзылып, әдiлетсiздiк қанатын жая бастады. Бiрақ, қоғамның қарым-қатынасын реттеу мәселесi де қатар көтерiлдi. Сол себептен ежелгi Египет жерiнде Аристотель, Платон, Геродот секiлдi ұлы ойшыл философтар қоғамның құқықтық реттелу негiздерiн қалауға кiрiстi. Ғылыми туындыларында мемлекеттiлiкке тән принциптердi ойлап тапты. Халықтың дәстүрлi тәртiбiне негiзделген құқықтық талаптарға әдiлеттiлiк қағидаларын, даму жолдарын ұсынды. Әр адамның бостандығы мен еркiндiгiне ерекше мән бердi. Мысалға, Платон: «Бостандық – өмiрге қожалық ету, ештеңеге тәуелдi болмау, өз қалауымен ғұмыр кешуге деген мүмкiндiк, мүлiкке иелiк және оны жұмсаудағы жомарттық» деген.
Заңдардың орындалуын бiрiншi орынға қойған қоғамдық қауымдастықтар әрқашанда мықты мемлекеттерге айналып отырған ғой. Айталық, Хамурапи заңдарының жинағы Вавилон мемлекетiнiң, «он екi тақта» заңдары Рим империясының өсiп-өркендеуiнiң басты себептерi болды.
Қазақ халқының мемлекет құру тарихына көз жүгiртсек, әз Тәукенiң «Жетi жарғысы», Қасым ханның қасқа жолы, Есiм ханның ескi жолы деген деректер бар.
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы бiрер мысал келтiрсеңiз?
— Үстiмiздегi жылы облыс бойынша 7460 қылмыс тiркелдi. Соны бағандарға бөлсек, iшкi iстер органында – 6817, экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi департаментi (қаржы полициясы) – 557, ұлттық қауiпсiздiк комитетi – 26 болып отыр. Қылмыстық тергеу органдары бойынша 82 сыбайласқан қылмыс ашылды. Олар ҚР ҚК баптары бойынша қызметтiк қатынас, қызмет бабын асыра пайдалану, пара алу, пара беруде ағайындық көрсету, өзгенiң мүлкiн иемденiп кету немесе жұмсап жiберу болып бөлiнедi. Бiр мысал ретiнде облыстық жол және коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Әкежан Изенбаевтың Талдықорғандағы «АКЛ» базарының iшiне асфальт төсеп беру жөнiнде тендер өткiзiлiп, сол тендер жеңiмпазы болған «Гордорстрой» ЖШС-мен 677899 теңгеге келiсiм-шарт жасасып, сосын атқарылған жұмыс ауқымын көбейте көрсетiп, базардың iшiндегi жолға сауда алаңдарын, авто тұрақты қосып, 6 млн.999,373, теңге ақы төленген. Талдықорған қалалық сотының ұйғарымымен (ҚР ҚК 307 бабы 2-тармағы бойынша қаралып), Ә.Изенбаевқа 300 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде айып салынды.
Сондай-ақ, Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлiгi мен автокөлiк жолдары басқармасының бастығы Арон Угай қызмет бабын асыра пайдаланып, ҚР ҚК 176 бабы 3-тармағы «б», «г» тармақшаларын, 307 бабы 2-тармағын өрескел бұзып, мемлекет мүлкiн iрi мөлшерде қымқырып кету мақсатында, яғни «Мақсат» ЖШС-нiң директоры С.Ню мүддесi үшiн қылмыс жасаған. Осы iс бойынша Талдықорған қалалық сот үкiмiне прокурорлық наразылық келтiдi.
— Тiзбелей берсек, жасалған қылмыс жайлы дерек те, дәйек те жетерлiк. Бiрақ оның қоғамға тигiзер пайдасы шамалы. Сондықтан кәсiби шеберлiгiн шыңдалған маман ретiнде әрқандай қылмыстың алдын алу жөнiнде айтсаңыз?
— Шыны керек, қылмыстық iс жылдан-жылға өсуде. Себебi, қылмыстың алдын алу шаралары өткiзiлмейдi. Бұрындары қоғамдық негiздегi «сақшылар» дегендей қозғаушы, мүмкiн қылмысқа тыйым салуға ықпал етушi күш болған. Ал, қазiргi қоғамда ол жоқ. Демек, тұрмыс қажеттiлiгiне орай, әлде басқа себептермен қылмыс жасауға оқталған адамға еш тосқауыл болмайды. Яғни, «әй, осы iсiмнiң арты не болар екен» деп ойлауға, сескенуге ешкiм ықпал етпейдi. Мiне, соның бәрiн екшей келе ой елегiнен өткiзiп, әр қала, әр ауыл, тiптi әр қыстақтарды шағын бөлiктерге бөле келе онда жасалған қылмыстарға талдау жасайтын, себеп-салдарын iздейтiн мобилдi топ құруды жөн санадым. Бұл мобилдi топтың құрамында прокурор да, полиция қызметкерi де, ауыл ақсақалы да, ауыл жастарының өкiлi де болуы тиiс. Мұның тигiзетiн пайдас сол – прокурор кiшкентай бiр көше тұрғынының ауыл әкiмiне, иә болмаса уңчаскелiк полиция инспекторына жазған арызының, өтiнiшiнiң заң талабына сай қаралуын қадағалайды. Яғни, әлеуметтiк көмекке мұқтаж зейнеткер, жалғыз басты қарт адамдар күн сайын әкiмнiң табалдырығын тоздырып, әуреге түспейдi. Кiшкентай көшеде жасалған ұрлық, тонау секiлдi қылмыстар учаскелiк инспектордың суырмасында жабылып қалмайды. Сондықтан қала, аудан прокурорларына осындай мобилдi топтардың құрылуына ықпал етiп, сол арқылы әрқандай қылмыстың алдын алуға ұмтылып жұмыс жүргiзуге нұсқау бергем. Негiзi жасалатын қылмыстарды сатыларына қарай бөлiп, талдау жасау керек. Сонда бәрi көрiнедi. Мысалға, Талдықорған қаласындағы нашақорлыққа орай жасаған талдауымыз есiрткi саудасының ошағы Заря ауылында екiндiгiн анықтап бердi. Сол сияқты бiр ауданды алып, қай ауылда мал ұрлығы көп жасалатынын анықтап, оның себеп-салдарын iздестiру керек. Бұл талдау қорадағы мал жайлы ақпарат беретiн адам бар ма, мүмкiн мал жоғалтқан адамның өзi қылмысқа қатысты болар, әлде малды шығарып беретiн топ бар шығар деген дүдамал сауалдарға нақты жауап табады. Сөйтiп, ұры ұсталып, ұрлық тоқтатылады. Сондай-ақ, бiр ауылда арақты бiрге iшiп жанжалдасып, тiптi пышақтасатын адамдарды және ерлi-зайыптылардың бiрiгiп арақ iшу себептерiн ашу керек. Сол арқылы «қиын баланың» кәмiлеттiк жасқа толмай жатып терiс жолға тұсетiн бүлдiршiндердiң азаюына, тiптi жоқ болуына ықпал етемiз.
— Құқықтық мәдениет дегенiмiз не?
— Бiрiншiден заңды, яғни, әр азамат өзiнiң мiндетi мен құқығын бiлуi қажет. Оны бiлмеген адамды құқықтық мәдениетi бар деп айта алмайсыз. Мысалға, әлеуметтiк аз қамтылған отбасына жеңiлдiкпен көмiр секiлдi күнделiктi тұрмыс қажеттiлiгiн әкелiп беруi керек. Ал, ол адам күн сайын ауыл әкiмiне бара бередi, ал ауыл әкiмi әне-мiне деп кейiнге сырғыта бередi. Сондай-ақ учаскелiк инспектор өзiне түскен арызды тiркеп, белгiлi уақытта шешiмдi сөзiн айтуы, шара көруге тиiстi. Егер заң бұзылса прокурор наразылық келтiрiп, жөнге қояды. Сөйтiп, қылмыстың алды алынады. Ауыл әкiмi мен учаскелiк инспекторға қатысты мәселенi қайталап, шегелей айтып отырған себебiм, ауылдағы жиынға аудан прокуроры не оның көмекшiлерi мiндеттi түрде қатысып елге мына жағдай бойынша мынандай шара қолдандым, мына қылмыстың алдын алуға ықпал еттiм, сондықтан әрқандай жағдайды ашық айтыңыздар; ендi жарты, мүмкiн бiр айдан кейiн тағы келемiн, ауыл әкiмiнiң де, учаскелiк инспектордың да жұмысының заңдылығын тексеремiн деуi керек. Сонда халықтың прокуратура органдарына деген үмiтi жанып, әдiлдiкке қол жеткiзетiн органға деген сенiмi күшейерi хақ.
— Прокуратура органдары заңның дәл де, бiрыңғай қолданылуын қадағалаумен қатар тексеруге де құқылы ма?
— Әлбетте, тексерiп, қылмысты ашып, халыққа жеткiзуi керек.
Заңның дұрыс, дәл және бiрыңғай қолданылуын қадағалау нәтижелерi арқылы бiздiң жұмысымыз сараланады. Қызмет бабымен неше түрлi, тiптi жан түшiгерлiк қылмыстарға куә болып, қылмыскердiң лайықты жазасын алуына ықпал етемiз. Жалпы, қылмыстың өзi екiге бөлiнедi. Абайсызда жасалған және қасақана қылмыс. Оның iшiнде адам өмiрiне қауiп төндiретiн қылмыс, ұрып-соғу, тонау, ұйымдасқан түрдегi шабуыл жасау болады. Құқық қорғау органдарының алдына қойылған басты мiндет «Топталған қылмыстың алдын алу керек. Бiрақ өкiнiшке орай, бұл жұмыстың жоғары деңгейде жүргiзiлмейтiнiн мойындауға мiндеттiмiз.
– Облыс аумағында кәсiпкерлер құқығы қалай қорғалуда?
— Күнделiктi тұрмыста қажеттi азық-түлiк пен өзге тауарлардан бөлшек саудадағы бағасының белгiленген мөлшерден аспауын бақылау, яғни кәсiпорындардың заңдылықтарды сақтауын қадағалау барысында «ГазТрейд Маркет» ЖШС мен «Жетiсу-Газ» корпорациясы басшыларының әрекеттерi ашылды. Монополияға қарсы органның келiсiмiнсiз «Жетiсу-Газ» корпорациясы өзiне тиесiлi негiзгi жабдықтарын, көлiктерiн және жұмысшы күшiн «Газ-Трейд Маркет» ЖШС-не берiп, газдың бағасын өсiрген. Корпорацияның атынан жұмыс жүргiзген серiктестiк газ бағасын мемлекеттiк реттеуден қашып, заңсыз бизнестерiн жасырмақ болған. Сөйтiп, аймаққа газ әкелудi тоқтатып артынша бағаны өсiрген. Бұл қылмысқа орай ҚР ҚК-нiң 190 бабы 2-тармағы «б» тармақшасы, 196 бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық iс қозғалып, iс облыстық экономикалық және сыбайлас қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi департаментiне жiберiлдi.
— Сәттiбек Оңғайрбайұлы, Сiз Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, екi облыстың прокуроры, үлкен мегаполис Алматы қаласының прокуроры болып қызмет атқардыңыз. Бұл көп нәрсенi аңғартары анық. Сондықтан ұлтымыздың болашағы, өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын қай жастан бастап ашқан жөн деп санайсыз?
— Жастар тәрбиесi өте маңызды дүние. Ертең осы жастар кiм болады, болашағы қандай деген мәселеге келгенде алға қоятын бiр талап – жастар өз құқығын бiлуi шарт. Ол үшiн титтейiнен құқықтық мәдениеттi санасына сiңiре бiлген ләзiм. Әйтпесе, өсiп, жетiлген бала «құқықтық бiлiмнiң маған керегi не, менiң заң органдарына қатысым болмайды» деген ұғымға иек артады. Бiрақ әр адамның заңға қатысы болады. Айталық, әр адам қоғамда құқықтық мiндетiн бiлуi ғана емес, өзiн-өзi алып жүру ережесiн ұғыну мiндет. Мысалға, көшенi кесiп өтетiн кезде кiшкентай баланың өзi бағдаршамның қай түсi жанғанда жүру, қайсысы жанғанда тоқтау керек екендiгiн бiлуi тиiс. Бұл да тәрбиенiң бiр саласы.
— Осы жайттарды жiктеп, салалап айтсаңыз?
— Бес-алты жасынан көшеде, қоғамдық орында бала өзiн алып жүру ережесiн бiлсе, 10-11 жасында құқықтық сауатын ашу басталса дұрыс болады. Өйткенi, бiздiң елiмiзде де 14 жастан бастап, қылмыстық жауапқа тартатын заңдар бар. Әрине, ол өте ауыр қылмыстарға орай. Ал негiзгi жауапқа тарту 16 жастан ғой. Сондықтан баланы бала деп қараумен қатар заңға деген құрметiн туындату арқылы жауапкершiлiгiн де сезiнтуге мiндеттiмiз. Солай iстей жүрiп, ересектер қателiктерiн түзетуге тиiс. Яғни, маңдайымызға келiп тигенше күтiп отырмай, өзгенiң қателiгiн көру арқылы өзiмiз қателiк жiбермеуге ұмтыламыз. Заман ағымына iлесемiз деп жасайтын бiр қателiгiмiз, мүмкiн солай iстеуге мәжбүр болатынымыз несие алу. Бiрақ несие алу жолдарын көпшiлiк бiле бермейдi. Соның салдарынан банкирдiң, әкiмнiң, тiптi салық инспекторының аузына қарайды. Бүгiнгi таңда қос палаталы Парламентiмiз жыл бойы көптеген заң қабылдайды. Яғни, мемлекет пен азаматтар, адам мен адам, қоғам мен заңды тұлғалар арасындағы құқықтық қарым-қатынасты реттеушi заңдар шығарылады. Әр жұмыстың өз ережесi болуы керек. Ал оны адамдар бiлмейдi. Бiлмеген соң заңсыздыққа түседi. Екiншiден, бiлмеген адам өзгеге тәуелдi болады. Демек, азаматтық құқының қандай да бiр жолмен орындалуын талап етедi, көмек сұрайды.
— Жер жаннаты Жетiсу жерiнiң таңғажайып тамаша табиғатын қорғау, өз кезегiмiзде дұрыс пайдаланып, бүлдiрмей келер ұрпақ өкiлiне өткiзу перзенттiк парзымыз емес пе?
— Ен байлықты жергiлiктi атқарушы органдар дұрыс бағаламай, бюджет қаражатының тапшылығына итерiп, ластауға жол беруде және заңдылықтарды белден басып, жағалаулардан жер учаскелерiн, демалыс орындары құрылысын жүргiзуге берiп те жiберген. Бүгiнгi таңда Қапшағай су қоймасы мен Алакөл көлiнiң жағалауларында қызу құрылыс қарқынды жүруде. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 16 қаңтар 2004 жылғы « Қорғалатын су аймақтары және жолақтарын белгiлеу ережесiн бекiту жөнiндегi» демалыс орындары құрылысын жүргiзуге 183 жер учаскесi, Балқаш көлiнiң Сарқан ауданы аумағынан екi жер учаскесi берiлгенi соның бiр дәлелi. Қапшағай көлiнiң оңтүстiк батыс жағалауында Гатаулин, Буравлев деген азаматтар өздерiне тиесiлi 1,3062 га. жердi заңсыз 2,6210 гектар жерге дейiн кеңейткен. Өкiлеттi органның ешқандай құжатын алмастан Жер Кодексiнiң 22 бабын, 140 бабы,1-тармағы, 4-тармақшасын өрескел бұзып, өз беттерiмен әрекет етiп, басқасын айтпағанда жергiлiктi рельефтiң өзгеруiне ықпал жасаған. Бұл дәйек бойынша аталған азаматтар әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылып, Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк-құқық бұзушылық туралы» Кодексiнiң 118 және 250 баптары бойынша 14580 теңге көлемiнде айыппұл төледi. Көлдi ластап, заңдылықтарды бұзған «Алтын құм», «Айна су», «Толқын», «Парус», «Старая крепость» демалыс орындары мен «Рахат К» ЖШС әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды. Сондай-ақ, Қапшағай қалалық әкiмдiгi Қазақстан Республикасы Су Кодексiнiң 116 бабы және 39 бабының 2-тармағын өрескел бұзып отыр. Мұндай заңсыздықтар Алакөл, Сарқан, Балқаш, Қаратал аудандарында да кездеседi.
— Қандай қылмыс болмасын санкция шығарарда нақты дерек пен дәйекке жүгiну мiндет. Десек те, заң шеңберiнде адамгершiлiк тұрғысынан алғанда абайсызда, я болмаса, бiлмей жасаған қылмыстарды жеңiлдету жағы қалай?
— Өмiр болған соң көп жағдайлар кездеседi ғой. Қазiргi Заңға енгiзiлген бiр жаңалықты өзара келiсу дейдi. Егер азаматтар кiнәсiн түсiнiп, жасаған қылмысының орнын толтыруға, материалдық-моральдық қолдау көрсетуге қарсы жақпен келiссе жеңiлдiктер болады. Мысалға, жол көрсетуге қарсы жасалатын қылмысқа жатады. Сондықтан байқаусызда болған апатқа жақтар келiссе, кешiрiм жасалады. Осындай келiсiммен жеңiл, орташа, ауыр емес қылмыстар қысқартылуда. Бұл заңның имандылығы. Демек, қылмыс жасаған адамның бәрiн түрмеге тоғыту мiндет емес. Оларды түзеу мекемелерiнде тәрбиелеу мүмкiншiлiгi жоқ. Түрмеден шыққан адамдардың 10 пайызы ғана түзелмесе, өзгелерi қайта кетуге ыңғайланып жүредi. Өйткенi, темiр тордың арғы жағында адамның психологиясы өзгередi. Әрине, кездейсоқта жасалған қылмыстылар сотталып жатады. Бұрын азамат сотталмаса, екiншi жақ кешiрiп тұрса ауыр қылмысты жеңiлдету Заң жүзiнде қаралған.
— Ал дәлелденбеген қылмыс болса ше?
— Әрине, ондай дәйектер де бар. Кейде заңсыз қамалып жатады. Ол дегенiмiз, азаматтың құқығын бұзу болып саналады. Ертең адам сотқа барғанда ақталып, әйтпесе тергеу амалдарын жүргiзгенде қылмысы дәлелденбей қысқартылады. Мұндай жағдайлар көп емес, бiрақ сирек болса да кездеседi. Ал сол азаматтарға Үкiмет тарапынан моральдық-материалдық шығындары өтелiп берiлуде ғой. Бiрақ екiншi жағы жала жабушы бекер қалмай жауапқа тартылады. Яғни, неге мына азаматты қаралап, күйе жақтың деген әңгiме айтылуы керек қой.
— Әдiлдiк дегеннен туады, бiр жақты тергеудiң салдарынан бiр бейшара жан сотталып кетiп, бiрнеше жылдан соң елiне оралып, есiн жиып, сiздiң алдыңызға келiп, прокурор мырза мынандай жағдайға байланысты зардап шектiм, ендi конституциялық құқымды қорғап берiңiз деуi мүмкiн бе?
— Әрине, келедi. Қашанда азаматтың конституциялық құқын мiндеттi түрде қорғаймыз. Мысалға, Қарасай аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерлерi Бердiбеков пен Мәндiбаевтар азамат Белгiбаевты заңсыз iшкi iстер бөлiмiне әкелiп, аталған азаматты ұрып, денесiне жарақат түсiрген. Осы дәйек бойынша, облыстық прокуратурада ҚР ҚК 307,308 баптары бойынша қылмыстық iс қозғады.
— Бұл сұрақты қойып отырған себебiм, сiз облыстық үйлестiру кеңесiнiң төрағасы ретiнде де елге шығасыз. Сонда қарапайым халықтың iшiнен осындай дәйектердi көлденең тартқан жандар болды ма? Екiншiден, газет билiк пен елдiң ортасындағы алтын көпiр болғандықтан бiз журналистер халықтың көкейiндегi сауалдарды дөп басып, сiздерге жеткiзуге мiндеттiмiз. Үшiншiден, бiздiң бiр мақсатымыз – елге әдiлдiктiң бар екендiгiн паш етiп, дәлелдеу.
— Әрине, нақты мысалдар келтiруге болады. Көп жағдайда заңсыз ұсталғандарға байланысты қозғалған iстер бар. Заңсыз азаматты ұстаған, қамаған, содан прокурордың алдына санкция шығару үшiн әкелгенде еш дәлел таба алмаған. Жәбiрленушi «сiзге дейiн пәлен күн ана жерде, түген күн мына жерде ұстады» дейдi. Бұл облыс орталығындағы ойынханада болған жай. Мәселенiң мәнiсi екi жақтың ерегiсiнен туындаған. Азаматты қамауға құқық қорғау органы қызметкерлерiнiң негiзi болмаған. Сондай-ақ тергеу амалдарының дұрыс жүргiзiлмегенi туралы да дәйектер бар. Қапшағайда тергеушi мен жедел iздестiру тобының қызметкерлерi полицияға әкелген азаматты камераға кiргiзер кезде мобильдi телефонын тартып алып әкетiп өздерi және отбасы мүшелерi пайдаланып жүрген. Мұны қалай түсiнуге болады? Құқық қорғау органының қызметкерi бола тұра өзгенiң мүлкiн иемденуi қалай?
Отырып келген азаматтар туралы айтсам, Алматы қаласында қызмет iстеп жүргенiмде заңның бұрлануымен екi жылға сотталған бiр әйел шағымданды. Заңға сәйкес пәтерiн, тағы басқа заттарын қалпына келтiрiп, конституциялық құқығын қорғап бердiк. Сондықтан ондай дәйектер болады. Бiрақ сирек кездесетiн жағдайлар. Әйтенуiр әдiлдiк түптiң түбiнде жеңетiнiне кәмiл сенiңiз.
— Әңгiмеңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан Н.Әлдiбаев