Журналист және “Ережесiз “белдесу”

Журналист және “Ережесiз “белдесу”

Журналист және “Ережесiз “белдесу”
ашық дереккөзі
325

Н.Жүнiсбайұлының “Ережесiз “белдесу” кiтабынан туған ойлар

Елге танымал журналист-жазушы, белгiлi қаламгер, 30 жыл ғұмырын аса қиын әрi тума талант пен шексiз төзiмдiлiктi талап ететiн спорт тақырыбын жазуға арнаған, қазақ журналистикасында көтерiлмеген тың болып жатқан осы күрделi тақырыпқа алғашқы боп түрен салушылардың бiрi ­ Несiп Жүнiсбайұлының үстiмiздегi жылы “Арыс” баспасынан жарық көрген “Ережесiз “белдесу” атты кiтабы дерттi қоғамымыздағы дауасы жоқ кеселдердi ашық та ашынып жазуымен ерекшеленедi. Осыған дейiн оқырмандар қолдан-қолға тигiзбей iздеп жүрiп оқитын он бес шақты кiтап, сандаған мың ойлы, өткiр мақала жазған танымал автор “жер ортасы – Көктөбе” жасқа келген шағында өз тағдыры көкпарға айналып, жүректерiнде еш жылуы жоқ, азаматтық биiгi де бәкене, орынтақ үшiн өткенiн, бойындағы барша адамдық қасиетiн құрбандыққа шалуға әрқашан дайын түйсiксiз шенеунiктердiң аяусыз додасына түскенiн ештеңеге жалтақтамай, боямасыз баяндайды. Жалпы, билiк қызметкерлерiне дәп басып анықтама беруге талпынсақ, ауызға алынар жақсы қасиеттерден гөрi, жамандық жағы ылғи басым түсiп жатқаны.

Несiп Жүнiсбайұлының аталмыш кiтабының аннотациясында: “… Ережесiз “белдесу” хикаятына жеткiзген оқиғаның бiр себебiн, осы бөлiмдегi мақалаларынан көрiнгендей, Н.Жүнiсбайұлының бүкiл творчестволық соқпағынан iздеп табуға болатын секiлдi”, – деп жазылған. Журналист-жазушының тағдыры нелiктен шенеунiктердiң, бетпақ бюрократияның тәлкегiне түстi?! Елге танымал, белгiлi азаматтың қалыпты тiршiлiгiн “бiр тарының қауызына сыйғызған” ожар да оспадар бюрократия кiмдi аяйды? Бiр таңданарлығы, “Мемлекет дегенiмiз–мен!” дейтiн көргенсiз бонопартсымақтар мен байшiкештер кейiнгi кездерi қоғамымызда жауыннан соңғы улы саңырауқұлақтай тым көбейiп кеткен жоқ па өзi? Олар “ақ дегенiм – алғыс, қара дегенiм – қарғыс!” деп дандайсып алған жоқ па осы!?

Сонымен детектив жанрына бергiсiз шытырман оқиға 2004 жылдың 17 қаңтар күнi “Егемен Қазақстан” газетiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң назарына ұсынылған Несiп Жүнiсбайұлының “Қазақ спорты, қайда барасың?!” атты көлемдi мақаласы жариялануынан күрт басталады. Расын айту керек, бұл мәселе қазақ спортына жаны ашитын әрбiр жанкүйердiң талай жылдар бойына жанын мазалаған, әр ортада айтылып, шолақ жазылып, бүйрегiнде тас боп жатқан өзектi жайт. Ал елiмiздегi бiрден-бiр кең ауқымдағы спорт газетi ­ “Sport KS” газетiнiң бас редакторы, спорт тақырыбының у мен дәрiсiн тең iшкен Н.Жүнiсбайұлы тура осы мәселенi кең әрi бiлiктiлiкпен көтермегенде кiм көтермекшi?! Бар көзiр оның қолында ғой, бұл тақырыптың өзгеге белгiсiз ұңғыл-шұңғылы ол кiсiге бес саусақтай емес пе?! Иә, турасын айтып, кәсiби шеберлiктiң биiк деңгейiнде жүрегiнен қан тама отырып, жаны шын аши жазған бұл мақала спорт сүйер қауымды дүр сiлкiндiрiп, елiмiздегi спорт жағдайына жаңаша көзқараспен қарауға мәжбүрледi. Ол ол ма, журналистердiң көбi спортымызда қалыптасқан жағдайға шын мәнiнде назар аударып, аталмыш мақаланы бiрнеше күн өзара талқыға салды. Белгiлi суретшi, кiтап безендiрушi, спорт десе iшкен асын жерге қоятын Балтас Оспановтың осы мақаланы газеттен қиып алып, әбден жұқарып жұлымдалғанша қылқаламдары мен бояуларын салып арқалайтын сөмкесiне салып, өзгелерге оқытып жүргенiне барлық жерде куәлiк ете аламыз. Ал ондайлар аз болған жоқ.

Бiрақ автор ұлы Мұхтар Әуезовтың “Қорғансыздың күнi” әңгiмесiн ерiксiз ойға алып, сондағы бейшаралармен өзiн үнсiз салыстырған сияқты және: “… Жалпы ақылы, парасаты бар жандардың, ой-өрiсi биiк, елiне жаны ашитын жандардың пiкiрлерi дұрыс… Журналист алғыс немесе сыйлық үшiн жазбайды ғой. Тек адал ойымен, игi мақсатпен талай түн ұйқы көрмей отырып жазған дүнием түсiнiксiз ұлықтан, болмаса саяз ойлы кiшiктен қарғыс әкелмесе десеңшi…” дейтiнiндей бар. Сiрә, атының сыры иесiне мәлiм болатыны сияқты – қазақ шенеунiктерiнiң жай–жапсары баршаға мәлiм ғой. Мiне, автордың басына қарлы құйын ойнатқан өрескел iстер мемлекетiмiмiздегi спортқа жанашыр делiнетiн, қаржы қазанының басында, майлы шөмiшке ие болып отырған Туризм және спорт комитетiндегi таяз ойлы шенеунiктердiң тарапынан жасалды. Кiнә жалғыз және адам көтере алмастай “ауыр” айып – “осындай мақала жазғаныңды бiзге неге хабарламадың?!” Қысқасы, жақсы, өскелең iске мұрындық боламын деп шырылдаған жайсаң журналист жазықсыздан-жазықсыз жұмыстан қуылды. Ол жайында бұған дейiн де жақсы хабардар оқырман қауым жаңа, батыл әрi қызықты етiп жазылған хикаятынан шынайы ләззат алу мүмкiндiгiн өздерiне қалдырайық. Ең бастысы, қарапайым оқырман қазақ бюрократиясының сырт көзге онша түсе бермейтiн қитұрқыларынан кең хабардар болып, үрейлi “қызығынан” тәлiм алады. Автордың азаматтығы сол, ол аштықта жеген құйқаның дәмiн ұмытпай, кiтабында өзiне, шын мәнiнде, жазықсыз қиянат шеккен әдiлдiкке ара түскен адамдар, мерзiмдiк басылымдарды да осы шытырман оқиғаның белдi кейiпкерi ете бiлген. Гүлбиғаш Омарованың “Өзiмiздi өзiмiз қорғамасақ… бiздi кiм қорғайды?” атты мақаласын толықтай келтiре отырып, “Осы күндерi қиянатқа ашық қарсы шығып, менiң де кәсiби бағамды беруге ерекше батылдық танытқан халықаралық “Түркiстан” газетi болды. Газеттiң жоғарыдағы баспасөз мәслихатынан жазған хабары батыл да бағалы, дер кезiнде әрi нысанасына дәл тиген мергеннiң оғындай едi”, – деуi де Н.Жүнiсбайұлының авторлық кредосы – әдiлдiк, шындықты айтудан танбаймын дейтiн азаматтық позициясының айқын көрiнiсi. Жеке журналистiң басынан өткен ауыр ахуал (мейлi, ол бас редактор-ақ болсын) қазiргi кезде елiмiзде қалам иелерi, шығармашылық адамдардың шын мәнiнде мүлдем қорғансыз екенiн, қоғам енжар, ақпарат құралдарының бiрқатары жасқаншақ, екiжүздi екенiн ашық әрi аяушылықпен танытар сорақылық. Бiрақ, түбi әдiлдiк туы асқақтарына үмiт мол. Хикаяттың соңғы аккорды – автор ойлары да осыған жетелейдi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары