ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЛҒАУЫ

ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЛҒАУЫ

ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЛҒАУЫ
ашық дереккөзі
454

Шабыт туын желбiретiп әр таңым,

Еркiндiктiң күйiн күнде тартамын.

Сiрә дамыл көрмей өтер бұл жүрек,

Жасап болмай болашақтың бар қамын.

Ақ арманның алдаспанын серметiп,

Күнде оянам жаңа бiр ой тербетiп.

Ел мерейiн барады алып қияға,

Тосын келген егемендiк ержетiп.

Қалай бүгiн тебiренбей тұра алам?

Қалай бүгiн жыр ұшырмай жүре алам?

Бақыт құсы қонды келiп қолыма,

Талай ғасыр тәңiрiмнен сұраған.

Ынтымағым ер беделiн өрлетiп,

Жер құнары ел ырысын көлдетiп,

Бүгiн әлем назар салды өңiме,

Кiрем мен де сан сарайға төрлетiп.

Көкжиекке жеткен жоқпыз әлi бiз,

Ендi кiрiп келе жатыр сәнiмiз.

Аларымыз анық арман асуын,

Ұлы көшке ере бiлсек бәрiмiз

Бейбiт өмiр бүгiн басты мүддемiз.

Қол соғамыз әрбiр достық үнге бiз.

Татулықты ту ғып берiк ұстасақ–

Бұзылмайды берекелi iргемiз.

Сан ғасырлық салтымызды саралап,

Ұлтымыздың ұлықтығын бағалап,

Түсiнiсiп жүрсе жұрты елiмнiң –

Қонды дей бер әр ошаққа дара бақ.

Әлдилеген тәуелсiздiк ұраны,

Туған жерiм – берекенiң бұлағы.

Көк байрағым Астанадан аспандап,

Асқақтасын бостандықтың ұлы әнi!

Садықбек Хангелдин

Серіктес жаңалықтары