ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА ТАРИХИ БАҒА БЕРУ ҚАЖЕТ

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА ТАРИХИ БАҒА БЕРУ ҚАЖЕТ

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА ТАРИХИ БАҒА БЕРУ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
1461

Тәуелсiздiк күнiне орай Алматы қаласының Тарих мүзейiнде «1986 жыл. 17-18 желтоқсан. Алматы» атты Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу болып өттi. Кездесуге Желтоқсан оқиғасын зерттеушi ғалым-тарихшылар Бейбiт Қойшыбаев, Тоқтар Бейiсқұлов, «Аллажар» фильмiнiң режиссерi Қалдыбай Әбенов, Хасен Қожа–Ахмет пен ел азаттығы үшiн құрбан болған ер-жүрек қыз-жiгiттердiң туған-туыстары қатысты.

Алаңға шыққан әрбiр қазақ – батыр

Кездесуге жиналған зиялы қауым өкiлдерi мен Желтоқсан құрбандарының туыстары 1986 жылғы оқиғаға әлi де болса толыққанды баға берiлмегендiгiн қынжыла айтады. Желтоқсан оқиғасына қатысушы Хасен Қожа-Ахмет: «Бiз жылда кездесiп, өз мұңымызды өзiмiзге айтамыз. Бiрақ өкiметтiң құлағы тас-керең, оны емдейтiн халық жоқ. Ол құлақ ашылмайды, оған көз жеттi» – деп мұңын шақты. Шынымен-ақ, 1986 жылғы оқиға әлi күнге дейiн толыққанды бағасын алмады. Желтоқсаншылардың айтуынша, бас көтеруге қатысқандардың не бары 30 пайызы ғана ақталған. Ал, қалған ұлтжанды азаматтардың еңбек кiтапшаларында әлi күнге дейiн «жазаланды» деген сөз бар. «Жаза бар да, бiрақ ақталу туралы қаулы жоқ. Осы күнге дейiн Желтоқсанның ашылмаған беттерi жеткiлiктi. 1990 жылдан берi төрт мәрте комиссия құрылса да, өз iсiн аяғына дейiн жеткiзбедi. Ендi Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай тәуелсiз комиссия құрылып, оны халық бақылауында болуын талап етемiз» – дейдi шыдамы таусылған желтоқсаншылар.

1986 жылы үнқағаздар даярлап, жастарға таратқаны үшiн еңгезердей әскерилердiң тепкiсiне ұшыраған Гүлнәр Лепесбай Желтоқсан оқиғасының саудаға салынып жүргенiн өкiнiшпен айтады. «Шынтуайтына келгенде, Желтоқсанға тарихи көзқараспен қарау керек. Тарихи баға бiзге емес, келешек ұрпаққа қажет. Бүгiн Желтоқсан десе, тек қана сотталғандардың атын атайды. Негiзiнен бұл оқиғаға 30-40 мыңдай қазақ қатысты. Олардың әрбiрi – батыр» – дейдi, «Халық дабылы» қозғалысының мүшесi. Ал, кездесуге келген режиссер Қалдыбай Әбенов «Аллажар» фильмiнiң қудалау көрiп жүргенiн де ашына жеткiздi. «Бiз кiмге жалтақтаймыз? Кiмнен сескенемiз?» деген сауалдар ерiксiз көкейдi торлады. Сiрә, Желтоқсан оқиғасының толықтай ақталып, ашылуына мүдделiлер баршылық. Солардың кесiрiнен Желтоқсанды «көтерiлiс» деудiң орнына, кiшiрейтiп «оқиға» деп бағалауға мәжбүрмiз.

«Ләззаттың әруағына тиiскен адам жер қарап қалды»

Биыл Желтоқсан оқиғасына – 19 жыл. Осы жылдар iшiнде тарихи оқиға саудаға салынып та, саяси қолшоқпар болып та үлгерген сияқты. Желтоқсан оқиғасында құрбан болған Ләззат Асанова сияқты желтоқсаншыларды қаралау да бар. 8 ай бойы соттан сотқа сандалып, 15 сот процесiнен кейiн Ләззат Асанованың атын ақтап алған анасы Алтынай Асанова желтоқсаншыларды қаралау үрдiсiне қынжылады. Естерiңiзге салар болсақ, Ләззат Асанова оқыған училищенiң ұстазы «Ана тiлi» газетiне өз мақаласын жариялап, онда Л.Асанова өлiмiнiң Желтоқсанға еш қатысы жоқтығын жеткiзген едi. Алтынай Асанова: «8 айдан соң сотқа нүкте қойылды. Сот кезiнде бiз құжаттарды көтерiп, қызымыздың Желтоқсан оқиғасына қатысқанын дәлелдеп шықтық. Желтоқсан оқиғасына қатысқан басқа да куәгер азаматтар келiп, ақиқатты айтты. Ләззаттың әруағына тиiскен адам жер қарап қалды. Мен Желтоқсан оқиғасында баламды жоғалтып алдым. Мұны қалай айтпаймын, баламды қалай жоқтамаймын?» – дейдi.

Ләззат Асанова 1997 жылы Бас прокуратураның тексерiсiмен ақталған. Оның анасы: «Баламыз толық ақталып, басына үй берiлiп, құны төлендi. Қаһармандық атақ-дәрежеге көтерiле бергенде, аяғынан шалып, әруағына тиiстi. Мен көзiм тiрiсiнде балам үшiн күресем, менен кейiн бұл – халыққа аманат. Мұның бәрi тарих», – дейдi. Саясаттан алыс кейуана саяси ойындарды түсiнбейтiнiн айтады. Оған көп нәрсе түсiнiксiз. «Аллажар» фильмiнiң Кино үйiнен басқа жерлерде көрсетiлмеуi, «Желтоқсанда адам шығыны болмады» деген ақпардың таратылуы, желтоқсаншыларға мiннiң тағылуы, тiптен, көкейiне қонбайды. Бiрақ ол мұның артында да бiр себеп барын бiледi.

Желтоқсан оқиғасының 19 жылдығы қарсаңында бас қосқан азаматтар 1986-ның құрбандары – Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова сияқты қазақтың ержүрек ұл-қыздарының ерлiгiн ұмытпау қажеттiгiн баса айтты. Бұл мақсатта Желтоқсан оқиғасына қатысты тәуелсiз комиссияның құрылып, Республика алаңына «Желтоқсан көтерiлiсшiлерi алаңы» деп атау берiлуiн ұсынып отыр. Бiрақ бұған әуелi Үкiметтiң назарын аудару керек.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары