1337
BBC ҚАЗАҚША ХАБАРЫН НЕГЕ ТОҚТАТТЫ?
BBC ҚАЗАҚША ХАБАРЫН НЕГЕ ТОҚТАТТЫ?
Желтоқсан айының ортасына таман Батыс радиоларының Орталық Азияның жергiлiктi ең iрi екi тiлiнде – өзбекше және қазақша – хабар тарататын өз бөлiмшелерiн жапқаны туралы ақпарат тарады. Бұның бiрi – Прагадан хабар тарататын және АҚШ Конгресi тарапынан қаржыландырылатын «Еркiн Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» (Radio Free Europe/Radio Liberty — RFE/RL). Екiншiсi – Ұлыбританияның әлемге әйгiлi Би-Би-Си атты телерадиокорпорациясы.
«Еркiн Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» өзiнiң Өзбекстандағы бөлiмшесiнiң қызметiн тоқтатты. Және өз бетiмен емес, жергiлiктi билiктiң қысымының салдарынан.Турасын айтқанда, ресми Ташкент «Еркiн Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» құрылымының Өзбекстандағы бөлiмшесiнiң жұмысын әрi қарай жалғастыруына рұқсат бермей қойған. Бұл осы ел басшылығының АҚШ пен Еуропа Одағы тарапынан өзiне қарсы жасалып жатқан қысымға берген жауаптарының бiрi болса керек. Өзбекстан Сыртқы iстер министрлiгi «Еркiн Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» тiлшiлерiнiң аккредитациясын ұзартудан немесе оның Ташкенттегi бюросының жұмыс iстеуiн заңдастыратын келiсiмшартты қайтадан жаңартудан бас тартқан. Бұл – ақпарат саласындағы бiрiншi оқиға емес. Осыдан бұрын бiрқатар басқа да белгiлi ақпараттық ұйымдар қауiпсiздiк мәселесiне алаңдап, Өзбекстандағы өз тiлшiлерiн керi алдыруға мәжбүр болған. «Еркiн Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» да қарап қалған жоқ. Оның атқарушы президентi Джефф Тримбл ресми Ташкенттiң өздерiне қатысты шешiмiн «Каримов өкiметi тарапынан өзбек халқының негiзгi адамдық құқықтарына қарсы жасалған тағы бiр шабуыл» деп бағалады (Gulnoza Saidazimova «UZBEKISTAN: RFE/RL FORCED TO CLOSE TASHKENT BUREAU AFTER GOVERNMENT DENIES ACCREDITATION», EurasiaNet, 13.12.05 ж.). Сонымен, бұл жайдан-жай болған өзгерiс емес. Джефф Тримбл өз радиостанциясының Өзбекстанда қалыптасып жатқан жағдай туралы нақты және объективтi түрде хабар берiп тұруын жалғастыра беретiнiн жария еттi.
Бiрақ Өзбекстан басшылығы да қарап қалып жатқан жоқ. Жақында болып өткен Конституция күнi мерекесi қарсаңында сөйлеген сөзiнде президент И.Каримов былай дедi: «Осы жалған дақпыртты дүниежүзiне таратқан кiм сонда? Оны өздерiңiз көрдiңiздер. Бұл күнде кiм күштi болса, әлемдi сол билейдi. Бұқаралық ақпарат құралдарын бақылаушылар, ақпараттық кеңiстiктi бақылаушылар, басқаларға ықпал жасау ырғағын ұстаушылар әлемдi билеп отыр. Ал бiз болсақ әлсiз күйiмiзде қалып отырмыз». Сонымен, Өзбекстан басшысы көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда, бүгiнгi таңда батыстық iрi радиолар мен басқа да БАҚ түрлерiнiң жергiлiктi жерде еркiн жұмыс iстеуiне тосқауыл қоюдың ешбiр артықтығы жоқ. Қазiргi ресми Ташкент осындай түсiнiк тұрғысынан қолынан келгенiн жасап жатқан сияқты.
Ресми Астананың жөнi басқа. Сондықтан бiздегi оқиғаның орны бөлек. Би-Би-Си қазақ тiлiнде хабар жүргiзуiн доғарды да, Лондон мен Алматыда осы жұмыспен айналысқан қазақ журналистерiн қызметтен босатты. Корпорация басшылығының осындай шешiм қабылдауына Қазақстандағы билiктiң немесе саяси жағдайдың ешбiр қатысы жоқ. Би-Би-Си өткен 2004 жылдан бастап өзiнiң бүкiл әлемдi қамтитын құрылымдық жүйесiн қайта құру реформасын бастаған. Үстiмiздегi жылдың көктемi мен жазында оның ауқымында түбегейлi өзгерiстерге жол ашылды. Мәселен, корпорацияның жаңа стратегиялық жоспарлау бағдарламасына сай, бұрынғы социалистiк Шығыс Еуропадағы 10 шақты елдiң мемлекеттiк тiлдерiнде хабар таратуды тоқтату ұйғарылды. Себеп – бұлардың 2004 жылдан бастап Еуропалық Одақ құрамына енгенi. Яғни ендi бұл мемлекеттер бiртұтас Еуропаның құрамдас бөлiктерiне айналды, сондықтан оларға қатысты түрде бұрынғыша хабар тарата берудiң ендi мәнiсi жоқ. Қазiр осы Шығыс Еуропа елдерi – ортақ еуропалық семьяның тең құқықты мүшелерi. Сондықтан бұдан былай Ұлыбританияның Би-Би-Си радиосына олармен жеке-дара жұмыс iстеуiнiң қажетi жоқ деп табылған.
Бұның дұрыс шешiм екенiне бiз күмән келтiре алмаймыз. Өйткенi осы мәселе шынында да ортақ Еуропаның өз шаруасы. Бiздi таңдандыратыны – сол Шығыс Еуропа тiлдерiнде жүргiзiлген хабарлармен қоса қазақ тiлiнде хабар жүргiзудiң де тоқтатылуы. Би-Би-Си корпорациясының қазақ тiлiнде хабар жүргiзетiн қызметi ТМД-ның ең болмаса тағы бiр мемлекетi тiлiндегi қызметпен қатар жабылса, бұл, әйтеуiр, түсiнiктi болған болар едi. Бiрақ осы жолы бүкiл бұрынғы кеңес республикалары тiлдерiндегi қызметтердiң iшiнде жабылып жатқаны – тек қазақ тiлiндегi қызмет. Басқасының бәрi дiн-аман.
Иә, рас өткен қазан айының аяғында сол Би-Би-Си өзiнiң Ташкенттегi бюросын ондағы қызметкерлердiң жергiлiктi билiк тарапынан қуғындалуы және қысым көруi себебiне бола жабатынын жария еткен. Бұл шындыққа ұқсайды. Би-Би-Сидiң кем дегенде, жетi журналисi Өзбекстаннан қашып кетуге, не өз бетiмен кетуге мәжбүр. Олардың iшiнде шетелдiк тiлшi Моника Уитлок та болған. Би-Би-Си корпорациясының штатына кiретiн екi өзбек қызметкерi Ұлыбританияда саяси қуғын статусын алған. Яғни Өзбекстанға қатысты өзбек тiлiнде хабар жүргiзетiн не ұйымдастыратын журналистер жұмысы доғарылуының себебi тiптi басқа. «Еркiн Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» түгiлi, Би-Би-Сидiң өзi өзбек тiлiндегi хабарларын жалғастыра беруге мейлiнше пейiлдi. Бiрақ бұл Өзбекстан басшылығына жақпай отыр. Мәселенiң түбiрi осында.
Қазақстанда болса, әлгi Би-Би-Си қазақ бюросын өз бетiмен және өз еркiмен жауып жатыр. Бiр қызығы, оның Қазақстандағы бөлiмшесi жалпы жабылмақ емес екен. Ондағы Қазақстанға қатысты орыс тiлiнде хабар тарататын бөлiмшенiң мұрты қисаймапты. Ол өз жұмысын одан әрi жалғастыра бермек. Яғни Би-Би-Сиге керек болмай қалғаны жалпы Қазақстанға хабар тарату iсi емес, тек қазақ тiлiнде хабар тарату iсi ғана. Корпорация бiздiң елде еш кесел көрiп жатқан жоқ. Бұны оның өкiлдерi ашық мойындайды. Қазақша хабарын жапқандағы олардың айтатын уәжi – оны тыңдаушылардың аздығы. Бiрақ тап сондай қырғызша хабарларды Би-Би-Сидiң тоқтатпағанын ескерсек, мәселенiң тап осы себепте ғана емес екенiн аңғарамыз. Өйткенi Қырғызстандағы қырғыздардың саны Қазақстандағы қазақтардың санынан 3 есе аз. Бұны бiр деңiз. Екiншiден, Қазақстанның стратегиялық маңызы Қырғызстандыкiнен әлдеқайда зор. Үшiншiден, сол Ұлыбритания компанияларының бiздегi инвестициясы Қырғызстанды былай қойғанда, солардың бүкiл қалған Орталық Азиядағы инвестициясынан көп. Яғни, мәселе Би-Би-Сидi қазақ тiлiнде тыңдайтын адамдардың аздығында емес.
Қалай дегенде де, бұлардың саны осы корпорацияның қырғыз тiлiнде тарататын хабарларын тыңдайтындар санынан әлдеқайда көп болмаса аз емес. Мәселен, сол британиялық «Бритиш Петролеум» сияқты алып компаниялар нақты жұмыстарын iстеп жатқан Батыс Қазақстан облыстарында, мәселен, Атырау мен Маңғыстау өңiрiнде – жергiлiктi халық негiзiнен қазақтар. Және орысша емес, қазақша сөйлейтiн қазақтар. Оны сол Би-Би-Сидегiлер сiз бен бiзден артық бiлмесе, кем бiлмейдi. Дегенмен, олар қазақ тiлiнде хабар жүргiзуiн уақытша емес, бiржолата тоқтатып отыр. Сонда осы уақытқа дейiн жинақталған тәжiрибе зая кетпек пе? Ал кадрлар ше? Оларды қалыптастыру үшiн ұзақ жылдар керек. Ал айырылып қалу үшiн бiр сәт те жеткiлiктi. Сондықтан бiр жабылған нәрсенiң қайта ашылуы неғайбыл.
Өзбекстаннан қуса да кеткiсi келмейтiн Би-Би-Сидiң қазақ тiлiнде хабар таратуды өз еркiмен доғаруға оп-оңай бара салуының астарында не жатыр? Салған жерден айтарымыз: бұл кездейсоқ шешiм емес. Британдықтар – негiзiнен қатып қалған прагматик адамдар. Олардың аталмыш жағдайда осындай шешiмге баруы Би-Би-Си корпорациясының Қазақстанға қатысты қазақ тiлiнде радио хабарын тарату iсiнiң ешбiр болашағы жоқ екенiне көзi жеткенiн бiлдiредi. Бұған олардың көзiн кiмнiң жеткiзуi мүмкiн? Ең алдымен – Астанадағы үкiмет басындағылар. Олардың қазақ тiлiне деген шынайы көзқарасын шетелдiктер, оның iшiнде Би-Би-Си корпорациясының өкiлдерi мен Ұлыбритания елшiлiгiндегi тиiстi мамандар көрмей отырған жоқ. Бұған олардың көзi баяғыда-ақ жеткен. Шетелдiк қандай лауазымды адам болмасын, оның Қазақстанмен айналыса бастағанда ең алдымен көретiнi кiм? Бiздiң елшiлiктiң, Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлдерi. Ал бұлар уақытында бiр кiсiдей ұйымшылдық көрсетiп, бiзде қабылданған «Дипломатиялық қызмет туралы» заңнан дипломаттың мемлекеттiк немесе қазақ тiлiн бiлуiн талап ететiн бапты алдырып тастаған. Және де осыны нақты түрде iстеген басқа бiреу емес, Қазақстанның Ұлыбританиядағы қазiргi елшiсi Ерлан Ыдырысов. Ол уақытында ҚР Сыртқы iстер министрi де болған. Осының бәрiн Ұлыбританияда, оның iшiнде Би-Би-Си корпорациясындағы Қазақстанға қатысы бар адамдар бiлмейдi емес. Тамаша бiледi. Би-Би-Сидiң қазақша хабарын тоқтатуға басты себеп — осындай жайт. Басқа жұртты өзiмiзден гөрi ақымақ деп есептеуге болмайды. Өзiмiз сыйламаған тiлдi басқаға сыйлата алмаймыз. Ендеше таңданудың қажетi жоқ.
Аққали КӨПТІЛЕУОВ