КӨЛЕҢКЕЛI ҚАРЖЫНЫҢ ЖАРЫҚҚА ШЫҒУЫ КIМГЕ ТИIМДI, КIМГЕ ТИIМСIЗ?

КӨЛЕҢКЕЛI ҚАРЖЫНЫҢ ЖАРЫҚҚА ШЫҒУЫ КIМГЕ ТИIМДI, КIМГЕ ТИIМСIЗ?

КӨЛЕҢКЕЛI ҚАРЖЫНЫҢ ЖАРЫҚҚА ШЫҒУЫ КIМГЕ ТИIМДI, КIМГЕ ТИIМСIЗ?
ашық дереккөзі
305

Осыдан 4 жыл бұрын "бiрiншi капитал ешуақытта әдiл жолмен келмейдi" деген ұран тасталынып, Қазақстандағы әлеуметтiк жағдайды тұрақтандыру үшiн және жаңа туып келе жатқан кәсiпкерлердi қолдау мақсатында көлеңкелi жолмен тапқан табыстарды заңдастыру шаралары iске асқан едi.

Алайда, арада төрт жыл өтпей жатып-ақ, бұл шараның қажеттiлiгi туралы қайта айтыла бастады. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында Қазақстандағы экономика "шок терапиясын" қолдану арқылы жүргiзiлгенi белгiлi. Осы сәттi пайдаланған сол кездегi аудан, ауыл және облыс әкiмдерiнiң көбiнiң мемлекеттiк меншiктi заңсыз иеленiп кеткенi бүгiнде жасырын емес. 2001 жылы заңсыз иеленген капиталды заңдастыру шарасы мен оған рақымшылық жарияланғанда, бiрiншi болып мемлекеттiк қызметкерлердiң өзi бөркiн аспанға атқаны аян. Ал, бұл жолы кiмдердiң заңсыз қаржысын заңдастырып, кiмдердiң жылжымайтын мүлiгiне рақымшылық жарияланғалы жатыр?

Әдiлет министрлiгiнiң мәлiметiне сүйенсек, қазiр Қазақстандағы барлық мүлiктiң 30%-ы заңсыз жекешелендiрiлген. Ал, бизнес элита 5 мыңға жуық кәсiпорынның заңсыз жұмыс iстейтiндiгiн айтып отыр. Бұл елiмiздегi көлеңкелi экономиканың ең басты қайнар көзi. Егер, бұл мүлiктердi заңдастырсақ, оның ел экономикасына берер басты пайдасы — бұған дейiн төленбей келген салық төленiп, бюджеттiң кiрiс бөлiгi қампаймақ. Сөйтiп, осы жылдар аралығында көлеңкелi экономикадан зардап шеккен ел экономикасы бiраз қалпына келмек. Ал, зияны — рақымшылықтардың жиi қайталануы экономикадағы ұрылардың жолын ашқан үстiне аша түспек. Бiр рет ұрлық iстеп, онысына кешiрiм алған адам, екiншi рет оны қайталамайды деу қиын. Демек, ел байлығын тонап, бiрақ, онысына ешқандай жауап бермей отырған бизнесмендерге бiр емес, екi рет рақымшылықтың жариялануы жақсылықтың нышаны емес.

"Мүлiктi заңдастару" туралы заң биылғы жылдың наурыз айында Парламентке келiп түскен болатын. Ол кезде Үкiметтiң атынан келген Әдiлет министрiнiң орынбасары Убайдулла Стамқұлов:

— Бiз азаматтардан немесе заңды тұлғалардан мүлкiн заңдастыруды талап етiп отырмыз. Бұл үшiн олар қылмыстық және әкiмшiлiк жауапкершiлiктен босатылатын болады, — деген едi.

Бiрақ, парламентарийлер Үкiметтiң бұл жобасымен келiспей, мүлiктi заңдастыруды кейiнге қалдырған. Ал, 2006 жылдың табалдырығында аталған заңның қайта қолға алынғаны, Үкiметтiң бастамасының аяқсыз қалмайтындығынан хабар берсе керек.

Негiзiнен бұл заң заңсыз салынған жылжымайтын мүлiкке арналуы тиiс болатын. Яғни, заңсыз салынып жатқан құрылыстардың заңды иесi анықталып, оны қара базарда емес, тиiстi заң жүзiнде саудалау ұсынылған. Бұған Алматы маңайында бой көтерген "Ұлжан", "Шаңырақ", "Қалқаман", "Әйгерiм" сияқты ықшам аудандарда тұрып жатқан тұрғындардың шағын үйлерi де енбек. Өйткенi, бұл тұрғындардың 70-80%-ының заңды құжаты жоқ. Билiк иелерi ол жерлерден бұл тұрғындарды көшiруге және үйлерiн күреп тастауға бiрнеше рет әрекет жасағанымен, қыстың қысымшылығында саман үйлерде тұрып жатқан дүйiм жұртты баспанасыз қалдырудан сескенген. Егер бұл тұрғындардың заңсыз салынған баспаналары заңдастырылса, әлеуметтiк жағынан аз қамтылған бiраз отбасының баспана мәселесi шешiлер едi. Алайда, бұл заң қарны жуан шенеунiктердiң заңсыз салынған "особняктарын" заңдастыру үшiн қажет болып жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ, бұл жолғы рақымшылық тек қана жылжымайтын мүлiкке жарияланбайды, сонымен қатар көлеңкелi қаржы да жарыққа шығуы мүмкiн.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары