ӨЗ АҒАМ

ӨЗ АҒАМ

ӨЗ АҒАМ
ашық дереккөзі
425

Сазгер Шәмшi Қалдаяқов туралы үзiк сыр

1988 жылдың күз айы болатын. Мектептерде жаңа оқу жылы басталып та кеткен. Аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Исмат Тұрсынқұлов шақырып жатыр дегеннен соң жұмыстарымды тез-тез жинастырып болдым да, аудандық партия комитетiне келдiм.

– Мына кiсiнi танисың ба? – дедi Исекең сәлемдiктен соң сұраулы кейiппен, жүзiне күлкi үйiрiп.

– Танимын Исеке, бұл кiсi менiң «өз ағам»– Шәмшi аға ғой, – дедiм Шәкеңнiң қолын қыса ұстап тұрып.

Шәкең бетiме барлай қарап отырды да:

– Қарағым «өз ағам» дегенiңе қарағанда бiр сыр жатқан сияқты, әкел беттi,– дедi. Сөйттi де орнынан тұрып, екi бетiмнен кезек-кезек сүйдi.

– Шәке, бұл жiгiт – журналист. Аудандық газеттiң редакторы Серiкбай Дәулетбаев деген iнiңiз – деп, хатшы «отыр» дегендей алдындағы бос орындықты нұсқады.

Исекеңнiң бiр қасиетi өнер адамдарын қабылдағанда сол кiсiлерге қатысты жан-жақты әңгiме қозғап, ерекше көңiлдi отыратын. Аракiдiк айтып қойып отырған әзiлдерi де жарасымды шығатын. Осылай әңгiмелесiп отырып менiң әлгiндегi «өз ағам» деген сөздiң де сырын ашуға мүмкiншiлiк жасаған Исекең:

– Сонымен редактор, ендi сен не айтасың?– деп менi тыңдауға кiрiстi.

…Ұмытпасам 1962 не 1963 жыл. Кентаудағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептiң 9 класында оқитынмын. Бiр күнi таңертең екiншi сабақта класқа мектеп директоры Бақтияров Аппақша ағай кiрiп келдi. Өзi сондай насат келген, көрiктi кiсi болатын. Бәрiмiз орнымыздан тұрып iзет көрсеттiк. Сабақ берiп тұрған класс жетекшiмiз Халида апай да күтпеген жерден директордың келгенiне алғаш тосылып қалған болуы керек, артынша «келiңiз, келiңiз, ағай» деп жатыр.

– Қалай балалар, сабақ жақсы ма? – деген директор алдындағы партаны саусағымен тықылдатып тұрып. – Дәулетбаев, сен берi шық – дедi де апайымызға бұрылып. – Қазiр ғана қалалық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы Шпилянская звондады. Бүгiн кешке Шәмшi Қалдаяқовпен кездесу болады екен. Соған музыка мектебiнiң оркестр құрамындағыларды тез жинақтап жатса керек. Сондықтан мына Дәулетбаевты сұрап жатыр. Қазiрден бастап сабақтан босатып, сонда жiбергiн, – деп тапсырды.

– Қалалық комсомол комитетiне келгенде менен өзгелердiң бәрi жиналып, қабылдау бөлмесiнде күтiп тұр екен. Iшке кiрдiк. Бiрiншi хатшы Шпилянская:

– Ал, түгел жиналсақ онда оркестрдiң репертуарында Шәмшiнiң қандай әндерi бар, алғаш қайсысын орындаған жөн? – деп жетекшiмiзге қарадық. Ол:

– Шәкеңнiң бiраз әндерi бар ғой, ара-арасында өзге әндер де орындалатын шығар, – дедi. Хатшы маған иек қағып, айтарың бар ма дегендей нышан бiлдiрдi. Мен де кiдiрместен:

– Бiрiншi кезекте «Ана туралы жыр» әнiнен бастағанымыз дұрыс, – дедiм. Жетекшiмнiң түсi бұзылып:

– Мұның қалай, Серiкбай, ол бiздiң орындауда жоқ емес пе? – деп ыршып түстi.

– Жоқ болса үйренемiз, – дедiм.

– Үлгересiңдер ме? – дедi хатшы.

– Үлгеремiз апай. Егер бiз осы әндi бiрiншi орындасақ Шәмшi ағаға деген үлкен сыйлығымыз сол болады, – дедiм мен.

– Әндi кiм айтады?

– Орындаушыны табамыз.

Жетекшiм етегiмнен тартқылап, аяғымнан басып, әлекке түсiп жатыр.

Оркестрге тиiстi тапсырмамызды алып хатшыдан шыққан соң жетекшiм маған «Ендi табан астынан не iстеймiз? Оны орындайтын әншiнi қайдан табамыз?» – деп аһылап-уһiлеп қатты ренжiдi. Ал басқалар болса «үлгеремiз, ағай» – деп менi қостады. Мектепте өзiмiзден екi класс жоғары оқитын Мәрия атты бишi әрi әншi қыз бар едi. Соны тауып алып, «Ана туралы жырды» орындау керектiгiн айтып, өтiнiш жасадым.

– Айналайын, Серiкбай iнiм-ай, табан астынан осындай қолқа салатының-ай, – деп қиналғанмен Мәрия бiраздан соң келiскендiк сыңай танытты. Рас, бiз сол күнi кешке дейiн әндi дiттеген жерiмiзге жеткiзгенше бiр тынған жоқпыз. Шаршадық деп ешкiм де айтқан жоқ. Өйткенi бiз кешке Шәмшi ағаны көргенше, көрiп ән салып бергенше үлкен құмарлықпен асығулы едiк.

Шағын да әсем, таза қаланың қақ ортасында орналасқан Мәдениет сарайының iшi кешкiсiн халыққа толды да кеттi. Залда ине шаншар жер жоқ. Асыға күткен уақыт та жетiп, сахна төрiне Қазақстан халқын өзiне ғашық еткен қадiрлi композитор Шәмшi ағамыз шыға келгенде жиналған көпшiлiк орындарынан тұрып,қол соғып құрметпен қарсы алды.

Облыстық және қалалық комсомол комитетiнен әдейi арнап бiрге келген хатшылар Шәкеңдi ардақтап құрметтi орынға жайғастырып, бола берген кезде оркестр жайлап «Ана туралы жыр» әнiн орындауға кiрiстi. Мен халыққа көрiнбестен микрофон арқылы бұл әннiң шығу тарихын қысқаша айтып өттiм де, «Сол Шәмшi аға, өз ағамыз ортамызда» дегенiм сол едi, сахнаға Мәрия шығып, әндi нақышына келтiре бастап кеттi. Кездесудi бұлай басталады деп күтпестен бейғам отырған Шәмшi аға өзi бастап орнынан тұрып қол соғып, бiз отырған жаққа масаттана қарап, ортадағы әншi қыздың ән ырғағына ризашылық таныта, асқан мейiрiмдiлiкпен зейiн қоя тыңдап, оның өлең айтқандағы нұрлана түскен сұлу келбетiне құмарлана қарап қойып, көңiлдi отырды.

Ән аяқталған соң Шәмшi аға тағы да орнынан тұрып, ана алдында тағзым еткендей бас иiп, көпшiлiкке сәлем бере рахаттана қол соқты. Бұл кезде халықтар да үстi-үстiне қол шапалақтап Шәкеңдi құрметтеп жатқан едi. Осындай қошаметтеу үстiнде екi жас бүлдiршiн, октябряттар келiп, Шәмшi аға мен әндi тамылжыта орындаған Мәрияға гүл тапсырды. Шәмшi аға бiрiншi кезекте қасында құнтиып тұрған жас бүлдiршiндi, содан соң әншi қыздың бетiнен сүйiп, ыстық ықыласын бiлдiрдi. Сөйттi де оркестр орналасқан бiз жаққа қарап тұрып:

– Айналайын, жаңағы әннiң тарихын айтып, менi «өз ағам» деген бала қайда? – дедi. Қасына жақындай бергенiм сол едi, бар ынты-шынтысымен қапсыра құшақтап бетiмнен сүйiп:

– Мiне, Ана деген осылай. Одан ардақты адам жоқ. Сендер де аналарыңды ардақтап, тiптен бұдан артық қадiрлей бiлiңдер, – деп, қолындағы гүлiн ұсынды. Қарасам Шәмшi ағаның жанарынан жас тамшылары мөлдiреген күйi iркiлiп тұр екен.

Шәмшi ағаға осы болған жайды есiне салдым. Столдың төр жақ қарсы бетiнде отырған ол қолымды жайлап қысып, қос алақанының арасына салып отырды да, одан соң үстi-үстiне сипалай түсiп: «Рахмет, iнiм, өркенiң өссiн!» – дедi үнi дiрiлдеп. Исекең де бiрауық үнсiз қалған.

Сол жылы Шәмшi аға бiздiң үш бөлмелi тар үйiмiзде бiр апта болды. Алғаш үйге кiрген бойда бiрден төрге озып барып, қабырғаға iлулi тұрған әсем көмкерiлген қамшыны олай аударып, бұлай аударып көрiп шықты да:

– Серiкбай, шамасы бұл үйде өзi өнерлi, өзi көреген, өзi ақылды кiсi болғаны ғой… Солай ма? – дедi. Мен жетi атадан келе жатқан атақты ұста Дәулетбай деген әкемнiң болғанын, 1976 жылы 92 жасында дүние салғанын айттым.

– Ал мынаны кiм қолданушы едi? – деп ақ матамен мұқият оралып, iлiнiп қойылған шанышқыны қолына алды.

– Мұны анам Құрманкүл пайдаланушы едi, бұл әлгi… – дей бергенiмде:

– Жарайды арғы жағын маған түсiндiрмей-ақ қой. Неден жасалғанын өзiм де бiлемiн, – дедi де Шәкең сөзiн қайта жалғады.– Сендер болса да Шанышқылы емессiңдер. Сонда анаң Шанышқылының қызы болғаны ғой, – дедi таңырқай сөйлеп. Мен ол кiсiнi құптадым.

Шәмшi аға:

– Онда сен де, мына келiн де жаман болмадыңдар. Мен әлгiнде үйге кiрген кезде-ақ мына келiннiң иiлiп сәлем бергенiн, осы үйде ұлттық салтымызды қастерлеген, дана кiсiлердiң болғанын бiлiп едiм. Сол ата-ене тәрбиесiн көрген мына келiн де әдептi әрi ұқыпты екен. Үлкен кiсiлер қолданып, солардың көзiндей болған мына дүниелердiң ұқыпты күтiлiп, осы уақытқа дейiн таза сақталуы осы келiннiң iсi, – деп жадырай сөйлеп, масаттанып қалды.

Бiз ертеңiне совхоздарды аралап, кештетiп қайтып келсек, Шәмшi ағаның есiк алдына қалдырып кеткен сұр «Жигулиiнiң» iшiндегi киiлiп, кiр тартып қалған бiрсыпыра киiмiнiң жуылып, үтiктелiп қойылғанын көрiп:

– Мен Үкiметтiң бағалауы мен құрметтеуiне соншалық ие болған жан емеспiн, шырағым. Есесiне мына Күнқияш келiнiм секiлдi қарапайым қазақтың әдептi де iзеттi келiнiнiң құрметi мен ардақ тұтқанына ризамын. Рахмет, айналайын! Көп жаса! Мына бала-шағаңның рәтiн, қызықшылығын көре бер! – Шәкең шын жүректен ризашылығын бiлдiрiп, анадай жерде ойнап жүрген үш жасар Алмасты көтерiп алып сүйе бердi, сүйе бердi.

Иә, бiз сол жолы ауданның көптеген шаруашылығын аралап, мектептерде де талай-талай кездесулер өткiздiк. Қай жерде болмасын Шәкеңдi құрметтеп, пионерлер қатарына қабылдап, мойнына алқызыл галстуктер тағып жатты. Бiрде қазiргi Ақмешiттегi «Жетi отау» деп аталатын тарихи орынға бардық. Ол жердiң «Жетi отау» деп аталатын тарихын есiтiп бiлгеннен соң, Шәкең ойланып тұрып:

– Қой қарақтарым, қайтайық. Көрдiк, тарихын бiлдiк. Бұл да өнеге алар iс болды. Ендi «Жетi отаудың» iшiн аралаймыз деп әбестiкке бармайық. Өйткенi бұған дейiн де жiберiп алған талай-талай әбестiктерiмiз де жетер бiзге. Мұндай киелi орынды аяқасты етуге болмайды. Лажы болса бұл секiлдi жерлердi ерекше күтiмге, қорыққа, қамқорлыққа алып, қастерлеп-қадiрлей бiлгенiмiз жөн,– дедi.

– Ендi ойлап отырсам, сонда бiзге Шәмшi аға, аталық та, даналық та сөз айтқан екен-ау. Шiркiн, шын өнер адамдары жан-жақты ойлампаз, көкiрегi ояу болып келедi-ау.

Мен сол кездесуден соң Шәмшi ағаны көрмедiм. Исекең, Оразкүл Асанғазиевамен бiрге менi де шақырған, баласының үйлену тойына да бара алмадық. Тойы былай тұрсын, қайтыс болғанда азасына қатысып, бiр уыс топырақ та сала алмадым. Тек қана оқтын-оқтын тамаша әндерiн домбырада қайталап, Шәкеңмен болған сол бiр күндердi көз алдыма елестетiп отырамын. Шiркiн Шәмшi ағаның, «өз ағамыздың» әндерi-ай! Жиын-тойларда орындалса бүкiл бойымды шабыт кернеп, Шәмшi ағаны әсте ұмыттырмайды.

Серiкбай ТҰРЖАН

Серіктес жаңалықтары