Қарақат: КӨРЕТIН ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БӘРIН ЕЛМЕН БIРГЕ КӨРСЕК ИГI

Қарақат: КӨРЕТIН ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БӘРIН ЕЛМЕН БIРГЕ КӨРСЕК ИГI

Қарақат: КӨРЕТIН ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ  БӘРIН ЕЛМЕН БIРГЕ КӨРСЕК ИГI
ашық дереккөзі
459

Қарақаттың қазақ эстрадасына келгенiне көп болмаса да, ол халықтың сүйiп тыңдайтын әншiлерiнiң бiрiне айналып үлгердi. Талантты әншi, сүйiктi жар, аяулы ана, әдемi әйел…

Әйел бақыты отбасының берекесiнде деп бiлетiн танымал әншi Жаңа жылдың алдында бiзбен бiраз сыр бөлiскен едi.

– Қарақат, сiздiң репертуарыңызда халық әндерiнiң орны бөлек. «Асыл әже» сияқты әндерiңiздi тыңдағанда, ерекше ықыласқа бөленемiз. Жалпы тыңдарман қауымның халық әндерiне деген сұранысы қандай?

– Құдайға шүкiр, қазiр қарттың да, жастың да бетi ұлттық өнерге бұрылып, дәстүрлi нақышты әндерге кәдiмгiдей көңiл бөлiне бастады. Нұрғиса Тiлендиевтiң әнiне, Қадыр Мырзалиевтiң сөзiне жазылған керемет әндердi әрбiр жаңа ұрпақ жаңа туынды сияқты қабылдады. Неге? Заман өзгерген сайын өнер туындысын сол заманға сай етiп өңдеп, жаңалық енгiзiп отырмаса, халық оны ұмытуы мүмкiн. Осы сияқты көптеген жас әншiлер ретро әндер мен халық әндерiнiң табиғатын бұзбай, жаңаша өңдеп, домбырамен қазақ әнiнiң құдiретiн жеткiзе бiлсе игi. Бүгiнде жастардың көбi таза домбырамен айтылатын әндердi қабылдай алмайтыны жасырын емес. Жастар түгiлi ойлары тоғысқан бiзбен қатарлас қаракөздерiмiз әңгiме-жыр, термелер сияқты құнды дүниелердi тыңдай бермейдi. Сәл эстрадаға түсiру арқылы әндердi өңдеу қазақтың әнiне деген, ескi әндерге деген сұранысты тудырып келедi. Оның дәлелi – Республика сарайында ұйымдастырылатын қазақ әндерiнiң концерттерiнде ине шаншарға орын болмай қалады.

Мен әншi ретiнде болдым-толдым деген ойдан аулақпын. Менiң айтқан әндерiмдi, өнердегi жасаған кiшкентай ғана дүниемдi елеп-екшеп, тыңдап, өз жүрегiне медеу етiп жүрген сiңлi-iнiлерiмiздi көрген кезде қуанамын. «Қарақат апай, сiздiң әнiңiз ұнайды, киiмiңiз ұнайды» деген кезде, мен шын мәнiнде осындай ой қорытам. Құдайға тәубә, кiшкентай ғана жасаған дүниеңнен бiр нәтиже көрiп жатсаң… Және оның тәрбиелiк мәнi болып, кейiнгi жастар бiр үлгi алып жатса, бұл нағыз бақыт қой. Менiңше, ән айтудың жөнi осы екен деп даңғырлаған эстрадаға келсiн-келмесiн ән салу дұрыс емес. Елдiң бетiн берi қайтарып алдық па, қолымызға домбырамызды алып, күйiмiздi де, әнiмiздi де, жырымызды да өз қалпында жеткiзiп, сол арқылы ұрпақтың санасына сiңiре беруiмiз абзал. Бұл iсте телевидение, радио да үлес қосып, атсалысуы керек.

– Сiз орындайтын әндер назды да сазды келедi. Ол әндердi өзiңiз таңдайсыз ба?

– Иә, өзiм таңдаймын. Жалпы, «әншi Қарақат» жобасы ретiнде менi сахнаға қолымнан жетектеп әкелген азамат – Қыдырәлi. Бұл ешкiмге жасырын емес. Сондықтан бүгiнгi таңда менiң продюсерiм де Қыдырәлiнiң өзi. «Бiссiмiллә» деп сахнаға бiрiншi рет шыққан күннен бастап, менiң репертуарым, гастрольдiк сапарларым, әйтеуiр мен бiле де, түсiне де бермейтiн жұмыстармен айналысып келе жатқан да – Қыдырәлi. Әрине, оның тәжiрибесi мол. Көптi көрген, өнердi шын мәнiнде түсiнетiн азамат. Өнер жанашыры болғаннан кейiн мен мiндеттi түрде оның пiкiрiмен санасам. Келiспейтiн тұстарда, әрине, өз ойымды айтам. Екеумiз ортақ талқыға салып отырып, әйтеуiр бiр нәтижесiн шығарамыз. Кейде бiр-бiрiмiзге ұнамай жатса, аталған мәселенi қолға алмаймыз. Яғни, әрбiр нәрсенi бiрге келiсiп отырып жасаймыз.

– Қазiр қандай жобаларды қолға алып жатырсыз?

– Осыдан бiраз уақыт бұрын мен есептiк концертiмдi бердiм. Жалпы, өнерге ат басын тiреген кезден берi сахнада домбырамен де, эстрадамен де көрiндiм. Бiрақ әншi тыңдарманына әрқашан қызық болуы үшiн өз репертуарына жаңалықтар енгiзiп тұруы қажет. Оның үстiне елдi есеп беру концертiне шақырғаннан кейiн, ол концерттiң бiр дәмдi тұздығы болуы керек сияқты. Қазiр кейбiреулер қазақтың жетiген деген аспабын бiле де бермейдi. Жетiгенмен ән айту бұрын болды деп өтiрiк айта алмаймын. Ал, жетiгенмен орындалатын әндердiң репертуары өте керемет. Қазақтың мұңға, сырға толы әндерiн жетiген арқылы әдемi етiп жеткiзуге болады. Концертте мен жетiгенмен бiр күй, бiр ән орындадым. Екi ай бойы концертке дайындық барысында аптасына бес рет мұғалiмге барып жүрдiм. Ең алғаш рет қолыма жетiгендi ұстағанымда ерекше толқығаным рас. Есептiк концертке екi айдай уақыт қалған кезде жетiгендi ең алғаш рет қолға алған едiм. Өзiңнiң алдыңа мақсат қойып, талантыңды, ниетiңдi, құлқыңды соған салсаң, кәдiмгiдей нәтиже шығады екен. Өзiм алдыма жеке концертiмде бiр жаңалық болуы керек деп мақсат қойған соң, өзiмнiң табиғатыма, болмысыма сай өнер көрсетудi жөн деп бiлдiм. Нұргүл деген апайым қол ұшын берiп, жетiген аспабында ойнауды сол апай үйреттi.

Концертте «Балапан қазы» деген керемет қазақтың әнiн орындадым. Бұл ән «Көшпендiлер» фильмiнде де пайдаланылған. Халықтың ынта-ықыласына қарағанда, бұл ән жаман шықпаған сияқты. Мен бастаған дүниемдi ары қарай да дамытпақпын. Мұны қолға ала отырып, клип түсiрiп жiберуiмiз де мүмкiн. Клип түсiретiн әндер, Құдайға шүкiр, қазiр көп. Жаңа әндер де жазылып жатыр.

– Мәселен…

– Мәселен, жақында ғана Ескендiр Хасанғалиевтiң «Алматының алмасы» деген ретро-әнiн қолға алдық. Менiң үлкен апайым бар. Сол кiсi бiрде: «Шiркiн-ай, сонау 70-шi жылдары «Алматының алмасы» деген ән болатын. Сол әндi студент болып отырыстарда, жиындарда айтатын едiк. Сол ән айтылмай кеттi» – деп өкiнiшiн бiлдiрген едi. Апайымның ұсынысымен сол әндi қайта тыңдап, оны қайтадан iштей қорытып, таяуда жазып бiтiрдiк. Менiңше, заман осылай екен деп тарсылдата бергеннен гөрi адамның жанын жылытып, жүрегiне қуаныш сыйлайтын ескi әндердi қайта түлетiп, елдiң есiне салып тұру жөн. Адамның жүрегiн ерiксiз тебiрентетiн әндер, ол – ескi ән-жырлар екенiн сiз де мойындауыңыз керек. Бұл ескiлiк үннiң бояуын бұзбай жеткiзу ғой. Сол сияқты қырғыздың халық әнi – «Жылқышы» әнiн де қолға алдық. Бұл әндi мен әке-шешемнiң орындауынан бiлетiнмiн.

– Әлбетте, ескi әндердiң орны бөлек. Байқауымызша, сiз көбiне ретро әндердi көп орындайсыз. Ал, бүгiнгi таңда ескi әндердей бiртума туындыларды жазатын ақын-сазгерлер жоқ па?

– Бiлесiз бе, бар, бiрақ олар өте сирек кездеседi. Оларды шырақ жағып жүрiп, тауып алуға болатын сияқты. Оның үстiне өзiңнiң бойыңда ән таңдайтындай талғам болу керек. Бұл менiң өзiме берген үлкен бағам деп есептемеңiз. Мен қазiр «Ару-ғұмыр» деген әндi орындап жүрмiн. Сөзi – Нәзира Бердалынiкi, әнi – Бағлан Бәбiжандiкi. Екеуi де менiң замандас құрбыларым. Бұл ән арнайы маған жазылған сияқты.

«Мен әйелмiн, әлемнiң анасымын,

Үмiт жеңген кей кезде жан ашуын,

күлкiсi – күн, әнi – нұр, санасы – мұң, менмiн…»

«Менмiн» дей отырып, мен әр қазақтың қыз баласының жан дүниесiндегi әйел затына тән, анаға тән барлық болмыс-табиғатты ашқан сияқтымын. Бұл әннiң өңделуi, құрылымы қазiргi заманға сай келгенiмен, бұл әнде әйелге, қыз балаға, анаға, келiнге тән бiр наз бар. Наздана айта отырып, өзiңнiң әйел екенiңдi паш ету… Тәрбиелiк мәнi де керемет. Мен ойлаймын, мұны тыңдап отырған әрбiр қыз бала мiндеттi түрде өзiн табады. Өкiнiшке қарай, өнер саласында бiр үрдiс бар. Жаңа жыл келе жатыр ма, не Наурыз келе ме, әйтеуiр, мерекелiк, тақырыптық әндерге әншiлер өздерi тапсырыс бередi. Бiрақ ол әнде дәм болмайды. Тақырыбы жақсы болғанмен де, ондай дүниелер сәтсiз болып жатады. Сондықтан жан-дүниеңдi ол жарып шығуы керек, әндi жазатын ақында да, оны орындайтын әншiде де бiр толғаныс болуы шарт. Сол сияқты нағыз ақындар бар, бiрақ көп деп те айта алмаймын.

– Жалпы, сiз өз репертуарыңызға тың жаңалықтар енгiзуден қорықпайсыз ғой деймiн. Жетiгенмен де ән шырқап үлгердiңiз…

– Неге бұдан қорқу керек? Қайта өнерде өзiндiк жаңалықтар енгiзуге ұмтылу қажет.

– Яғни, домбыра сияқты өнердегi ендiгi серiгiңiз жетiген болуы мүмкiн ғой?

– Бұған мен сенiмдiмiн. Себебi мен жетiгенмен ән шырқап, күй орындауды бастадым. Басында қиналғаным рас. Негiзi 24 шектi және 12 шектi жетiген болады. Мен жеке өзiме жетiген аспабын жасатуға тапсырыс бердiм. Құдай қаласа, ол жақында дайын болуы керек. Өзiме жеке жетiген алғаннан кейiн, мен әрине, күнi-түнi дайындалып, репертуарымды кеңейте берем. Сондай-ақ, жетiгенмен шетелдiк сапарларға көп шығам. Әрине, бiз шет елдi эстрадамен емес, ең алдымен, ұлттық аспаптармен насихаттап көрсетемiз ғой. Сахнада домбырамен әнiмдi шырқап болғаннан кейiн жетiгенмен отыра қалсам, кiм маған «қой» дейдi? Бұл, керiсiнше, нұр үстiне нұр емес пе? Кейбiреуде «ой жеттiм ғой, осы әндермен жүре тұрсам жетедi» дегендей пiкiр де болатын шығар. Жалпы, бiз ондай пiкiр мен көзқарастан аулақпыз. Шын мәнiнде, халықтың сүйiктiсi, сүйкiмдiсi болғың келе ме, сен өнерде жаңалық аша беруiң керек. Сол кезде ғана сен тыңдарманға қызықтысың.

– Бiлуiмiзше, Қыдырәлi Болман өте дiншiл адам ғой. Әйтеуiр аузынан «Алланы» тастамайтынын бiлемiз. Ал, өзiңiз дiнге қалай қарайсыз?

– Әрине, көбiне ерлi-зайыптылардың ойы да, көзқарасы да бiр жерден шығып жатады. Мен бiр отырыста Бауыржан Момышұлының келiнiнiң өсиет әңгiмесiн тыңдаған едiм. Қысқаша айта алсам, айтып көрейiн. Бұл өсиет маған өте ұнады. «Әйел еркектiң қабырғасынан жаратылған» дейдi. Ал, қабырға ешқашан түп-түзу болмайды. Оны түзете алмайсың, қабырғаны түзетсең шашылып қалуы мүмкiн. Бұл не деген сөз? Әйелдi тәрбиелеу мүмкiн емес. Сондықтан ол қабырғаны сылап-сипасаң, оған май бiтедi, ет бiтедi. Ол өз қалпында, әдемi күйiнде тұрады. Әйелдi де сылап-сипау арқылы отбасында екi адамның бiр-бiрiмен тiл табысуы, өмiрдегi аяқалысы да түзу болатын сияқты. Жаңағы сауалыңызға келсек, екеуiмiздiң дiн жөнiндегi ойымыз бiр жерден шығады. Мен ауылда көпбалалы отбасында өскен адаммын. Менiң көргенiм не? Қашанда ауылда әруақтарға бағыштап, жұма сайын шелпек пiсiрiледi. Пiтiр- садақа берiледi.

Мен баламды дүниеге әкелiп, үйiмде отырған кездерi намазға жығылғанмын. Ол кезде мен бiрыңғай үйде отырдым, бес уақыт намазымды оқыдым. Дiн жолына жүрегiммен келдiм. Қазiр сахнаға шығып, өнер жолына кәдiмгiдей кiрiскесiн жүрiс те көп. Уақыт жағы жетiспейдi. Бұрынғыдай үйде балаңды әлдилеп отырған тiрлiк бөлек екен де, өнер жолында жүру бөлек екен… Кейiннен маған, тiптi, ыңғайсыз болды. Негiзi барлық сүре-дұғаларды бiлем. Алла Тағала кешiре гөр деймiн. Қазiрше бүгiнгi өмiрiмнiң тыныс-тiршiлiгiне байланысты ғибадат жасауды үзе тұруға тура келдi. Менiңше, мен мiндеттi түрде намаз оқуды қайта қолға алам. Өйткенi ол менiң қанымда бар. Әкем бес уақыт намаз оқиды. Өзiм де дiни тәрбие көргем. Оның үстiне менiң жарым дiншiл. Ер азаматқа парыз деп, бiрде-бiр рет жұма намазын бос жiбермеген адам. Құдайға шүкiр, кiшкентай бес жасар ұлымызға «Фатиха», «Ықылас» сүрелерiн жаттатып, «Лә иллаһа иллаллаһ» деп аузын кәлимаға келтiрдiк. Бұл менiң мақтанғаным емес. Бiрақ кейде өзiнiң руын-тегiн айта алмайтын балаларды кезiктiргенде қынжыласың. Қазiргiдей ушығып тұрған заманда бала тәрбиесiн тек қана дiн арқылы ретке келтiруге болады. Дiн деген адалдық, дiн – бiлiм, кеңдiк. Баламды сол бағытта тәрбиелесем, жаман болмайды деп ойлаймын.

Қанша дегенмен, ол бала ғой. Кейде нанды жерге түсiрiп қояды. Сонда мен: «Балам Алла Тағала сенi көрiп тұр» – деймiн. Бұл – жай ғана тәрбиенiң бiр мысалы. Қазiр баламды Алланың бар екенiне, Алладан қорқу керектiгiне, Оның бәрiн есiтiп-көрiп тұратынына үйретiп жатырмын. Ертең, Құдай қаласа, оның нәтижесiн өмiр көрсетер. Әйтеуiр, нәтиже жаман болмайтын сияқты. Сондықтан әр отбасы дүниеге келген баласын тәрбиелеуден бұрын, өзiн жөндеуi керек сияқты. Өзi адал адам ертең баласына да жақсы тәрбие бере алады. Ал, тек ән айтып, әншi ретiнде қалуды құптамаймын. Табиғи заңдылық болған соң, ертең бәрiмiз қартаямыз. Сондықтан өмiрбойы сен сахнада жүре алмайсың ғой. Сол кезде мен бұл өмiрде не тындырдым, не iстедiм, балама қандай тәрбие бердiм деп есеп алмайсың ба?! Балаңның алдында қандай анасың, қоғамда қандай орның бар деген сияқты сауалдар ертелi-кеш пе толғандырады. Бүгiн ойланып, сол үшiн де қызмет етуiң керек. Бұрындары әжелерiмiз: «Алла Тағала бейнет бере көр, қартайғанда зейнетiн бере көр» — деушi едi. Қазiр бiз бейнеттенiп, жүгiрiп шаршап, кей нәрсеге қолымыз тимей жүрсе, ол жарасымды. Солай болуы да керек. Алла бәрiн көрiп тұр. Ертең Ол бәрiн де өз орына салып бермей ме? «Қыдырәлiдей күйеуiм бар, Құдайға шүкiр, бәрiне малынып отырмын» деп отыра да аламын. Маған бар жағдайды ол жасап отыр. «Әннiң керегi жоқ, үйде отыр» десе, мүмкiн бала бағып, үйде отыра берер ме едiм. Шын мәнiнде, ол менiң бойымда қазақы өнердiң барын таныды, көрдi. Сол өнердiң көзiн ашуға және халықтың алдына ұсынуға үлкен ықпал еттi. Мен бәрiне де шүкiр деймiн. Аллаға тәубә.

– Қазiр жолдасыңыз Алматы қалалық Мәдениет департаментiнде қызмет етедi. Өзiңiз де қызу жұмыстасыз. Жалпы, ата-ана ретiнде бала тәрбиесiне уақыт жетiп жатыр деп ойлайсыз ба?

– Өте дұрыс сұрақ. Мен басында тым қиналғанмын. Тiптi, жылаған кезiм де болған. Гастрольге бару керек. Ол той қуған гастроль емес, мәнi бар, жөнi бар гастроль. Кейде бiр аптаға кетесiң. Көп жағдайда сапарға шығар алдында жүрегiм қысылып, баламды көру үшiн жәутеңдеп артыма қарай берем. Әсiресе балам үшке толғанында гастрольге көп шықтым. Есiн жаңа бiлiп жатқан кезi. Ондайда қиналған кездерiм де болды. Осы жақта үлкен апайым бар, сол кiсi балама қарады. Кезiнде тәрбиешi ұстап та байқадым. Нәтижесiнiң дұрыс болмайтынын дер кезiнде түсiне қалдым да, мүлдем оның қызметiнен бас тарттым. Бiрақ Қыдырәлiмен бiрге кетiп қалып, баланы жападан-жалғыз тастап кеткен кезiмiз болған жоқ. Не баламен Қыдырдың өзi қалады, не мен қалып, Қыдыр сапарға шығады. Көп жағдайда балам үшiн гастрольден бас тартып жатам. Қазақстан қалаларынан әр түрлi ұсыныстар келетiнi жасырын емес, бiрақ мен басым бос жас әншiлер сияқты еркiн ұшып жүрген құс емеспiн. Сондықтан гастрольден бас тартуға тура келдi. Қазiр балам бесте. Есiн бiледi, бәрiн жақсы түсiнедi. Жақында Австрия, Ресейге баламызды ертiп, бiрге барып келдiк.

– Әңгiме соңында өзiңiздiң арманыңыз жайлы не айтар едiңiз? Арманыңыз бар ма?

– Бағанадан берi айтып отырғанымыз отбасы ғой. Менiң маңайымда жүрген жанашыр ата-анам, бауырларым, ағайындарым, менiң жолдасым мен балам, достарым аман болса екен деймiн. Ғұмырлары ұзақ болып, көретiн жақсылықтың бәрiн бiрге көрсек игi. «Көппен көрген ұлы той» – дейдi ғой. Елiмiздiң де амандығын тiлеймiн.

Мүмкiн, бүгiн мен бiрiншi баспалдаққа шығып тұрған шығармын. Өнер есiгiн ашып, өнер шаңырағына ендi кiрдiк қой. Баяғыда апам айтушы едi: «Сендер базарға кiрiп келе жатырсыңдар, бiздер базардан шығып бара жатырмыз» – деп… Мiне, өнерге ендi кiрген кездегi абыройымызға абырой қоса берсек деген арманым бар. Әншi бiр-ақ әнмен не абыройын төгiп алуы мүмкiн, не керiсiнше абырой жинауы мүмкiн. Әншi тағдыры тез шешiледi. Өйткенi бiздiң көзқарасымыз, әнiмiз, киiмiмiз елдiң көз алдында. Менiң тiлегiм, арманым менi алысқа жетелей берiп, биiктерге самғатса екен. Айналамдағы туыстарыммен бiрге шығар шыңды, биiктердi бiрге көрсем екен. Арманым сол.

Бұл өмiрде мен абыройсыздықтан қорқам. Абырой менiң өмiрiмде үлкен роль ойнайды. Сондықтан қашанда абыройлы болсам деп ойлаймын. Бала-шағамның да көп болып, шаңырағымыздың кеңейе беруiн армандаймын.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары