БIЗ КIМГЕ ЕЛIКТЕДIК?
БIЗ КIМГЕ ЕЛIКТЕДIК?
Тура Жаңа жылдың қарсаңында Парламенттің қос палатасы бірдей алдағы қаңтар айында болатын мұсылман және православие мейрамдарында халықтың демалуын қамтамасыз ететін заңи шешімнің дүниеге келуіне жағдай жасады. Алдымен бұл мәселені Мәжіліс қарады. Бұл үшін ҚР «Мерекелер туралы» емес, «Еңбек туралы» заңына толықтырулар енгізілді. Сонымен, православиенің Рождествосы мен исламның Құрбан айты бүкіл жұрт бірдей дем алатын мейрам күндеріне айналды. Осындай шешімнің арқасында Қазақстан ТМД-ның байырғы халқы мұсылман болып табылатын елдерінің ішіндегі бірде-бір ресми діни мейрамы жоқ жалғыз мемлекеті болудан қалды. Әрине, заң жүзінде православиенің Рождествосы мен исламның Құрбан айты мемлекеттік мереке емес, өйткені олар тиісті заңға енгізілмеген. Айтқалы отырғанымыз — ҚР «Мерекелер туралы» заңы.
Бірақ аталған діни мейрамдар енді демалыс күндері болып жарияланғандықтан, оларды енді ресми мейрам деп тануға тура келеді. Себебі, оларға мемлекет өз заңы негізінде тиісті статус беріп, халықтың бұл күндері жұмыстан толықтай босатылуына мүмкіндік берген. Қалай болғанда да, сенбі мен жексенбіге тура келмегенмен, мемлекет тарапынан бүкілхалықтық демалыс күні ретінде танылған кез келген мейрам ресми мереке болып табылады.
Бірақ бұл дұрыс шешім бе? Осындай сұраққа салған жерден біржақты жауап ұсыну асығыстық болар. Себебі қазіргі заманда біз зайырлы мемлекет құрып жатырмыз дегенмен, атеизмнен бас тарттық. Демек, дін атаулыға тиісті құрмет пен сый көрсетуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет тарапынан діни мейрамдардың мойындалуы игілікті іс саналуға тиіс. Бұл – дұрыс. Бірақ әр діннің басымдық ететін қоғамдық ортасы болады. Ол сонда мейлінше кеңінен танылуға тиіс. Ал басқа жерде бұл дін өзінің жергілікті дінмен қатар танылуын қамтамасыз етуге талпына бастаса, оның арты көп жағдайда өзара түсіністіктің бұзылып кикілжіңнің тууына ұласады. Өйткені, діндер де мемлекеттер сияқты өз мүдделері мен таралу шектерін барынша қорғауға талпынады.
Мәселен, осы жерде сөз етіліп отырған православие де католицизм сықылды христиан дінінің құрамына енеді. Дегенмен, Орыс православие шіркеуінің қарсы болуы салдарынан католиктердің басшысы болып табылатын Рим папасының Ресейге баруына рұқсат болмады. Ресей Федерациясы зайырлы мемлекет болғанымен, оның Кремльдегі басшылары елдің ғасырлар бойғы бас діні жетекшілерінің көңілінен аттап кете алмайды. Ал сол Ресейде жалғыз православиелік христиандар ғана емес, католиктер мен мұсылмандар, лютерандар мен иудейлер де бар. Әсіресе, ислам дінін ұстанушылар көп. Дегенмен, зайырлы Ресей мемлекетінің бүкіл идеологиясы православиелік христиан мәдениетін негіз етіп ұстауға ыңғайланған. Бұл жайт бұрынғы патшалық Ресей империясын да, қазіргі Ресей Федерациясын да талай шатаққа араласуға итермелеген.
1914 жылы патшалық империя православиелік Сербияны католиктік Австро-Венгрияның агрессиясынан қорғаймын деп, австриялықтар мен немістерге қарсы соғыс ашқан. Бірінші дүниежүзілік соғыс осылайша басталған. Арты не болғаны белгілі.
1999 жылы көктемде АҚШ бастаған НАТО әскери күштері Косоводағы мұсылман дінін ұстанатын албандарды православиелік серб-черногор мемлекетінің күш көрсетуінен қорғаймын деген желеумен Югославия астанасы Белградты бомбылай бастады. Осы хабар Ресей Федерациясының сол кездегі премьер-министрі Примаков мырзаға оның ұшақпен Америкаға ұшып бара жатқан жерінде жетіпті. Ол сол бойда ат басын кері бұруға шешім қабылдаған. Сөйтіп, оның ұшағы АҚШ-қа жетпей, кейін қайтқан. Бірақ бұл жолы тікелей қақтығыс болған жоқ. Бірақ ресейлік десантшылар Косово аймағына ешкімнің шақыруынсыз, тіпті күтпеген жерден НАТО әскерлерімен қабаттаса кірді. Сөйтіп зайырлы Ресей Федерациясы өзінің православиелік рухты аяққа таптатпауға жол бермеуге кез келген уақытта талпынатынын кезекті рет дәлелдеп берді.
Бұдан туатын қорытынды қандай? Ол мынадай. Қай мемлекетте де бірнеше дін өкілдерінен тұруы мүмкін. Бірақ екі бірдей тең дәрежелі діннің болуы тіпті сирек. Болғанда да олар екі бөлек дін емес, бір діннің екі басқа тармағы ғана. Мәселен, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде бірге өмір сүріп жатқан католиктер мен протестанттар.
Немесе Американы алайық. Онда демократия да, зайырлылық та жеткілікті. Ұлыбританияда мемлекет басшысы болып табылатын король немесе королева сонымен қатар англикан шіркеуінің де басшысы саналса, АҚШ-та ондай жағдайды көз алдыңа елестету қиын. Өз тарихының бастапқы кезеңінде американдықтар тағайындалған немесе үкімет тарапынан қолданатын дін концепциясынан бас тартты. Ондай дін Еуропаның соншалықты көп елінде үстемдік құрған және оларды бөліп отырған еді. Шіркеу мен мемлекеттің екі бөлек болуын АҚШ Конституциясына қатысты Бірінші Түзету талап етеді. Онда мынадай талап қойылған: «Конгресс дінді тағайындауға және оны еркін түрде қолдануды тиюға қатысты ешқандай заңды жасамауға тиіс…».
Егер біздің Ата Заңда да осындай шарт болса, «Еңбек туралы» заңға жаңа 2006 жылдың қарсаңында мұсылманның Құрбан айты мен, әсіресе, православиенің Рождествосын тең құқықты негізде демалыс күндері деп жариялауға мүмкіндік болмаған болар еді. Неге? Себебі, екі бөлек діннің екеуі де бірдей бүкіл халыққа ешбір айырмашылық жасаусыз таңылуға тиіс емес. Мемекетті құрған шақта бір діннің жергілікті басты дін ретінде және жергілікті мәдениеттің діңгекті негізі ретінде танылуы — қалыпты жағдай. Өйткені рухани негізсіз мемлекет болмайды. Ол болуға тиіс. Және оның бірегей болуы шарт. Конституция оны жұрттың бәріне бірдей міндеттемейді, бірақ ол мемлекеттің рухани негізі ретінде мойындалуға тиіс.
Сол АҚШ-та заң мемлекет пен дінді бөлектейді, бірақ кейде, тіпті, Америка Конституциясы маман-ғалымдарының өзі үшін де Америка Құрама Штаттарындағы мемлекет пен діннің арасын айыратын нақты сызықты жүргізіп беру қиын. Жалпыға бірдей мектептердегі оқушыларға өздерінің мектептегі күнінің бір бөлігі ретінде ашық түрде дұға оқу міндет емес, ал АҚШ Конгресінің сессиялары ұдайы священниктің дұғаларымен басталады. Қалалар үшін қоғамдық не мемлекеттік меншікке жататын жерде Рождество яслиін қою міндет емес, бірақ АҚШ ақшасында «Біз Құдайға Сенеміз» деген жазу бар және діни құрылымдарға берілген ақша оны берген адамның салық салынуға жататын табысынан алынып тасталады. Бұның бәрі сол бірегей діннің мемлекеттің рухани негізі ретінде танылуының көріністері болса керек. Осының арқасында АҚШ мемлекетін құрған протестанттарға қатысты екі бірдей діни мейрам – Пасха мен Рождество — әуел бастан ресми мереке ретінде танылған. Басқа бірде-бір ресми мойындалған мереке жоқ. Оны қазір енгізуге талпыныс жасалса, салған жерден Конституцияға қайшы келеді.
Әрине, Америкадағы түрлі этникалық топтар өздері үшін ерекше маңызы бар күндерді олардың ұлттық мейрамдар болып табылмайтынына қарамастан, атап өтеді. Еврейлер, мәселен, өздерінің қыркүйекте болатын аса қасиетті күндерін тиісінше атау дәстүрін ұстанады, ал жұмыс берушілердің көпшілігі оларға осыған орай демалыс алуға рұқсат беру арқылы өз ілтипатын танытады. Ирландтық американдықтар 17 наурызда атажұрттарының әулие иесі Патрик әулиенің күнін атап өтеді. Бірақ бұндай мейрамдар біздің жағдайдағыдай ұлттық мейрам болып танылмайды. Өйткені, бөлек этникалық топтардың діни мейрамдарын бүкіл мемлекетке таңуға болмайды. Бұл мемлекет пен діннің екі бөлек болуы қағидасына қайшы келеді.
Бұл жерде қандай шешім болуға тиіс еді? Біріншіден, о баста ТМД-ның басқа мұсылман республикаларында істегендей қылып, басты ислам діни мейрамдарын ресми мейрам ретінде бекітіп тастау керек еді. Сонда олар мемлекеттің құрылуымен қатар ел өміріне еніп, бүгінге дейін бүкіл қоғамдық санада берік қалыптасып қалған болар еді. Бұл мейрамдарды ресми мереке ету оларды басқаларға діни тұрғыдан мойындату үшін емес, елімізде дәстүрлі мәдени негіздің бар екені және осында тұратын түрлі этникалық топ өкілдерінің уақытында сырттан келгендердің ұрпақтары ретінде бұл жайтпен санасуға тиіс екені турасында нақты түсінік қалыптастыру үшін керек.
Бұндайға жол бермей отырған АҚШ-тағы Конгресс мүшелері ақымақ емес. Пасха мен Рождество ресми мейрам болып жарияланған кезде Америка азаматтарының ішінде оларды діни тұрғыдан мойындамайтындар жоқтың қасы болған. Сондықтан олар ұлттық мейрам болып кетті. Кейін бірақ ешқандай басқа ондай мейрамдар жарияланған жоқ. Тіпті XX ғасырда өмір сүрген афроамерикандық қайраткер Мартин Лютер Кингті еске алу күні — қаңтар айының үшінші дүйсенбісі — 1986 жылы ұлттық мейрам деп жарияланды. Ал түрлі этникалық топтардың көптеген діни мерекелерінің ешқайсысына да осы күнге дейін ондай мәртебе берілген жоқ. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Ал біздегі халық қалаулылары, өкінішке орай, осындай жайттерді байқамай қалған.
Аққали КӨПТІЛЕУОВ