БІЗДІ ҚҰРТАТЫН ҮШ СӨЗ ОЛАР ҚАЙСЫ?

БІЗДІ ҚҰРТАТЫН ҮШ СӨЗ ОЛАР ҚАЙСЫ?

БІЗДІ ҚҰРТАТЫН ҮШ СӨЗ ОЛАР ҚАЙСЫ?
ашық дереккөзі
961

Соңғы уақытта Қазақ еліндегі қазақ қоғамы Ұлттық мәселелелердің шешілмеуінің басты себептерін іздей бастады. Бұған да шүкіршілік. 90-жылдардың бас кезінде көтеріліп, кейіннен тоқырап қалған өзекті мәселелер айтыла да бастады, соны қолға алып, нақты жүзеге асырамыз деген азаматтар мен қоғамдық ұйымдар да саясат сахнасына шығуға күш салуда. Бұның бәрі тек қана қазақ қоғамының көтерілгендігін, ояна бастағанын көрсетпейді, сонымен қатар, осы мәселелердің мемлекеттен, мемлекеттік органдар тарапынан шешімін таппайтындығына халықтың көзінің жеткендігін де білдіреді. Бұл-өте ауыр тұжырым, бірақ талассыз шындық. Қазақтар өз еліне өзі қожа болып, билік құра алмай отыр.

Тәуелсіздік қазаққа не берді деген сұраққа нақты жауап беру қазіргі кезеңде мүмкін де емес. Егер де осы он төрт жылдың ішінде қазақ тілінде қанша газет, қанша интернет сайт ашылды, қанша мектеп, қанша оқу орны бар деп есептей бастасақ, төбе шашымыз тік тұрады. Ал сол оқу орындарында, мектептерде қанша бала қазақ тілінде оқиды деген деректерге келсек, тағы да үніміз шықпай қалады. Сол оқу орындарында қазақ тіліндегі сабақтарға бөлінген сағаттардың саны мен дәрістердің сапасына тоқталсақ, тәуелсіздігімізге он төрт жыл толды деп ешкімді сендіре алмайсыз. Тәуелсіздік тек қана ұлттық байрақ көтерумен немесе әнұранды жаңартумен шектелген сияқты. Біздердің қазіргі жағадайымыз Кеңес Одағы кезіндегіден тым алшақ кете қойған жоқ. Ол уақытта отар ел екендігімізді білдірмес үшін, әртүрлі ұлттық белгілерді жоғарыдан белгілі бір қолдау да болатын, ал қазір ол да жоқ. Сан түрлі заңдармен аузымызды байлап қойды. Ол заңдар елдің ішіндегі шовинистік ұйымдардың байбаламына ғана жарап жатқан сияқты… Солтүстік облыстарға бара қалсаңыз Ресейдің қалаларының біріне келгендей боласыз. Осының басты себептері неде? Біріншіден, қазақтың “Онда тұрған не бар?” деген сөзінде сияқты. Байтақ жатқан даланың берген жайбасар мінезі “аттан” салудан гөрі, әліптің артын бағып, қалғып-шұлғып отыра беруге үйреткен. Бұған билікке сеніп қалған, “үкімет жасайды ғой” деген менталитетімізді қосыңыз. Әлі есімде, 1988 жылы Абай атындағы Педагогикалық институтта “Ана тілі” қоғамын ашып жатқанда, жалынды бір жас, “Медео” дегенді өзгертіп, қазақ тілінде “Медеу” деп жазу керек дегенде, жасы үлкен жандар, “Әй, бір әріпте тұрған не бар!” деп шыға келген. Осыдан кейін бастарынан бір сөз асырмайтын қазақ бар дегенге кімді сендіре аласыз. Халықтың қысымымен қабылданған шалажансар тіл заңының жүзеге аспай жатқандығы да осы “онда тұрған не бар” деген сөзде сияқты. 90-жылдардың басында орыстілділер қазақ тілін үйренуге кіріскенде, Алматының автобустары аялдамаларды қазақ тілінде хабарлай бастағанда да, бәрін сиыр құйымшақтандырып жоғалтып жіберген осы – “онда тұрған не бар”. Заңды амалсыздан қабылдаған ( барлық республикалар өздерінің тілдеріне мемлекеттік тілдің дәрежесін беріп жатқанда үнсіз отыруға болмайды, халықтың қысымы тағы бар) толық дерлік орыстілді билік арты қалай болар екен деп аңдысын аңдап біраз отырды да, мемлекеттік тілді талап етушілердің даусын естімегеннен кейін, қуана-қуана баяғы қалыпқа қайта оралды. Баяғыда Қазақстанда екі мемлекеттік тіл болған жағдайда, іс жүзінде тек қана орыс тілі жұмыс істесе , енді қазақ тілі ғана мемлекеттік дәрежеге алғанда – қос тілділікке көшуге күш салудамыз. Ал бейшара қазақ “Ей, онда тұрған не бар” деп тағы да қарап отыр. Меніңше, бұдан шығудың жолы біреу-ақ сияқты ­үйдегі және мектептегі ұлттық тәрбиені жандандыру. Үйдегі тәрбиені өздеріңіз көріп отырсыздар, ал мектептегі ұлттық тәрбиенің берілу жолдары ешқандай да сын көтермейді. Қазақ мектептерінде әлі күнге дейін 300 жыл бойы бізді отарлап, тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүрімізді жою саясатын жүргізген Ресейдің “Орыс тілі” мен “Орыс әдебиеті” оқытылып жатқанда, мектептегі ұлттық тәрбие жөнінде сөз қозғаудың өзі ұят. Айта кету керек, бұрынғы Кеңес өкіметінің ішіндегі республикалардың барлығы дерлік орыс әдебиетін мектеп бағдарламасынан баяғыда алып тастаған, ал тағы бір елдерде орыс тілі де құрдымға кеткен… Олардың жиырмадағы жастары тек өздерінің тілдерін және ағылшын тілін ғана меңгерген, біздің сұрағымызға “орыс тілінің бізге қандай қатысы бар?” деп таң қалды. Шынында да, мектептерде неліктен тек орыс әдебиеті оқытылуы керек, әлде украина, қырғыз не неміс әдебиеті олардан кем бе? Мектептерде орыс әдебиетінің орнына “Әлем әдебиеті” неліктен оқытылмайды ? Осыдан келіп, екінші себеп шығады. Ол – “Барлығы бір күннің ішінде жасалмайды. Біртіндеп жасаймыз ғой” деген, ешқандай сын көтермейтін сылтау. Біріншіден, он төрт жыл–аз уақыт емес. Екіншіден, жыл сайын белгілі бір алға жылжушылық (“біртіндеп”…) болу керек қой. Оны да көрмей отырмыз. Қайта, керісінше, алға басушылықтан гөрі кері кетушілік көзге ұрып тұр. Оған дәлел де жетерлік. 1. Мемлекеттік тілдің деңгейін, нақты жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттік орган мүлдем жоқ. Комитетті жауып, қазір ақпарат министрлігінің бір бөлімі деңгейіне түсірді. 2. Барлық жерлердегі халықтың өз ынтасымен құрылған, қазақ тілін дамытуға қоғамдық тұрғыдан көмек көрсететін “Қазақ тілі” қоғамдары бірте-бірте жойылып, өз еліміздегі барлық мәселені тындырғандай, халықаралық деңгейдегі қазақ тілін мемлекеттің аясында, соның нұсқауымен және қаржысымен жұмыс істейтін қоғам құрылды. Оның қандай жұмыстармен айналысып жатқанын білмейміз, бірақ республика көлемінде құрып бара жатқан қазақ тілін қорғап қалатын мәселелерді ұйымдастырып, бітіспес күрес жүргізіп жатыр деп айта алмаймыз. 3. Осыдан үш жыл бұрын бухгалтерлік есеп барлығын электронды жүйе арқылы тапсыруға көшіріле бастады. Мемлекеттік тілді “асықпай, біртіндеп” жасайтын мемлекет электронды есептің жүйесін жасайтын шетелдік компанияға компьютерлік есептің барлығын… орыс тілінде жасауға тапсырма берді. Сол жұмысты орындаушы мамандардың бірі “сендерде мемлекеттік тіл қазақ тілінде емес пе, біз оны қазақ тілінде де жасай аламыз, неліктен орыс тілінде болуы керек?” деп маған келгені есімде. 4. 1989 жылдың аяғынан бастап Алматыдағы көпшілік көлігінің барлығында аялдамаларды қазақ және орыс тілінде хабарлау басталған. Қала басшылары шет елдерден сол мәселеге байланысты магнитафон алып, автобус, трамвайларға орната бастағанын да білеміз. Бірақ, кейіннен “біртіндеп” жоғалып кетті. Бұған жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тілінің қысқартыла басталуын, депутат Айталының қазақ депутаттары қазақ тілі мен тарихын білуі керек деген бастамаға Парламенттің қалай дауыс бергенін, Қазақстан дипломатиясының өз жұмыстарына қазақ тілін ендіруге қарсы болып, жеңіп шыққанын, т.б. қосыңыз. 2000 жылдың басында Мажарстан (Венгрия) елі елшілігін бір өкілінің: “Біз барлық дипломатиялық құжаттарымызды Қазақстанға қазақ тілінде дайындап жібереміз, бірақ олар бізге жауаптарын орыс тілінде береді” дегені бар. Осылардан кейін үкіметтің “барлығы бір күнде жасалмайды, ақырындап жасаймыз” деген сөзіне кім сенеді?! Осы уақытқа дейінгі жасалған жұмыстарды талдап отырсаңыз, біздің үкімет алдарқата отырып, орыс тілінің мәртебесін көтеріп келе жатқан сыңайы бар. Бізді құртатын үшінші сөз – “Қазақстан көп ұлтты мемлекет, бізде 130 ұлт өмір сүреді” Бұл сөз сонау Кеңес үкіметінен бері қарай аузымыздан түспей келеді. Миымызда жатталып қалғаны соншалықты­130 ұлттың бізде тұратындығы басқа мемлекеттердің ешқайсында жоқ, ұлы жетістік көрінеді. Ал біздің ел, жер шарындағы басқа елдерден ерекше бар, теңдесі жоқ “рекордтың” иесі сияқты. Шындығында келсек, Қазақ елінің ешқандай елдерден айырмашылығы жоқ. Қазір дүниежүзінде бір ұлттан тұратын, мононациялық ел мүлдем жоқ. Тарихи, географиялық жағдайлардың әсерінен бір елде жүздеген, ал енді бір елдерде бірнеше жүздеген ұлт өкілдері өмір сүреді. Оған ерекше бір мән беріп, айтып жатқан бір де бір елді көрмейсіз. Түрлі ұлт өкілдері , түрлі діни конфециялар орын тепкен Франция не Англияның азаматтары осы мәселені айтып, ешқашан кеуделерін соқпайды. Меніңше, мақтануға солар лайық сияқты, себебі ондағы тұратын түрлі ұлт өкілдері өздерін сол елдің азаматымыз, патриотмыз деп санайды. Сол елдің тілін толық меңгеруін былай қойғанда, сол жердің халқының тарихы мен салт-дәстүрін де толық ұстануға тырысады. Ал біздің мақтаныш қылып отырған 130 ұлтымыздың көпшілігінің қазақ тілін үйренуге деген ниетін былай қойғанда, Қазақ елін өзінің тұрғылықты отаны деп те танымайды. Н.Масановтың зерттеуі бойынша Қазақстанда тұратын орыстардың 80 пайызына жуығы Қазақстанды өзінің отаны деп санамайды екен. Ең қорқыныштысы, солардың 73 пайызы Қазақстанда туып өскен жандар… Бұлардың көпшілігінде, С.Дувановтың тілімен айтқанда «квартиранттық психология» қалыптасқан. Бұл психологияның негізі – «Қазақ еліндегі өмір сүру жағдайы жақсы ма, біздер қаламыз, ал қиыншылық туа бастаса Ресейге кетемізде» жатыр. Ал қазақ еліндегі өмірді жақсарту жұмысы – қазақтардың ғана міндеті сияқты. «Қазақстан – көп ұлтты мемлекет» дегенді шаршамай қайталай беруіміздің басты себебі – өзіміздің ұлттық негіздегі мемлекет құрудан жалтаруымыз. Сол жасқаншақтықты, жігерсіздігімізді жасыру мақсатында, ұлттың өзекті мәселелерін көтермеу не көтергізбеу мақсатында ғана осы бір «тамаша» сөзді қолданамыз. Орыстілді азаматтарды қалқан қылып ұстау саясаты – ұлттық негіздегі мемлекет құрудың басты тәсілі. Бұл саясаттың басы Кеңес өкіметі кезінен бері келе жатқан «Қазақ республикасы» деген атауды – «Қазақстан республикасына» айналдырудан басталды. Күреспей жатып-ақ жеңілуге ыңғайлы екенімізді көрген орыстілді саяси күштер мен біздің елдігімізді танығысы келмей, бұрынғы Кеңес Одағын аңсап отырған басқа ұлт өкілдерінің кейбір азаматтары біршама мойындалып қалған қазақ тіліне де теріс қарап шыға келді. Бұл жерде орыстардың ешқандай кінәсі жоқ. Бәрін бүлдіріп отырған өзіміз, соның ішінде – биліктің тұтқасын ұстап отырған жандар. Бізді не «солтүстік облыстардағы сепаратизммен» не «орыс мамандарының жаппай көшуімен» қорқыта отырып, билік басындағы шенеуніктер шолақ ойлайды. Он бес жыл болса да Президентіміздің екі тілде сөйлеуі, 2001 жылы Премьер-министр Қасымжомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға орыс тілінде ғана ресми мәлімдеме жасауы да осы, қолдан жасалған қорқыныштың салдары. Орыстілді саяси күштердің қоқаңдауы да, олардағы кейбір сепаратистік пиғылдар да біздің жасқаншақтығымыздың нәтижесі. Сепаратизмді өзіміз тудырып отырмыз. Сенің қорқақтығыңды көргендер басыңа шығуға дайын тұрады. Қазақ елінде бой көтеріп келе жатқан тағы бір қауіп – орысшыл бағыттағы оппозицияның пайда болуы. 90-жылдарда, Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрес кезеңінде, байлық жинап, биліктен орын алуға жандарын салып жүрген жандар бір сәттің ішінде «әділет пен демократия үшін жандарын пида ететін азаматтар» болып шыға келді. Олардың қазақ ұлтына, қазақ мемлекетіне, ұлттық мүддеге деген көзқарасы биліктен алшақ кетті деп айтуға болмайды. «Жармахан Тұяқбайдың сайлауалды бағдарламасындағы» (бұл мақала жарық көргенше сайлау да аяқталады. Сондықтан бұл жолдарды Жармаханның президент болуына қарсы пікір деп ойлап қалмаңыздар): «ұлттық-мәдени орталықтарға бюджеттен қомақты қаржы бөлген жөн»; «Бүгінгі жағдайды ақылмен түсініп, болашаққа бет алысты дұрыс пайымдасақ, ортақ үйімізді қымбат санаған әрбір азамат ынтамен атсалысса, қазақ тілі «Қазақстан халқы» деп аталатын қайталанбас азаматтық-саяси қауымдастықтың табиғи қажеттілігіне, достығының, мәңгі тұтастығының нышанына айналар еді»: «Орыс тілін кең қолдануға жағдай жасау арқылы біз қазақстандықтардың орыс мәдениетінің жауһарларынан сусындауына мүмкіндік береміз» деген пікірлердің өзі неге тұрады. Сондықтан да біздердің бар сенеріміз – қазақтың қарапайым азаматтары.
Дос КӨШIМ, Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы

Серіктес жаңалықтары