Мешіттердің тіркелмеуі қашанға созылады?

Мешіттердің тіркелмеуі қашанға созылады?

Мешіттердің тіркелмеуі қашанға созылады?
ашық дереккөзі
265

Діни басқарма құрылған 90-шы жылдардан бері оның алдына еліміздегі мешіттерді тіркеп, өз бөлімшесіне айналдыру мәселесі қойылумен келеді. Бұрынғы басшылық бұл мәселеге тиісінше мән бермегеніне мына бір дерек айқын көз жеткізсе керек. 2000 жылдың маусымына, яғни басшылық ауысқанша Қазақстандағы 1405 мешіттің Діни басқармаға небәрі 284-і ғана қараған. Әрине бұған басшылықтың селқостығымен қатар, 1992 жылы қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» Заңның да өз әсер-ықпал бар.

Жаңа басшылық іске кірісімен аталмыш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынумен қатар өз алдына дербес бірлестіктерге, яғни «бас-басына би болған» мешіттерді қайтарып, бір орталықтан басқаруға күш салды. Діни басқармаға филиал болып тіркелудің артықшылығы өз қарауындағы мешіттермен күнделікті тығыз қарым-қатынасымен де көрсетуде. Iле-шала орта және төменгі буындағы имамдар аттестацияланып,олардың білімін жетілдіретін қысқа мерзімді Ислам институты тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар діни қызметкерлері Пәкістан мен Түркиядағы осындай қысқа мерзімді курстарға да жіберілуде. Имамдардың білімін көтеру бір жүйеге түсті. Одан 300-ден астам имам білім алып шықты. Бұл күрделі мәселені түпкілікті шешу жолын Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінен екінші жыл қатарына түлеп ұшқан түлектері еліміздің мешіттерінде қызметтерін атқару үстінде. Діни басқармаға қарасты мешіттерде ханафи мәзһабына сай ақида бойынша құлшылық амалдары жүргізілуде.

Ал тіркелмеген мешіттердің ҚМДБ-ға филиал болып тіркелуіне неге мүдделіміз? Бұған бір сөзбен жауап беру мүмкін емес. Халық бірлігі мен ел тұтастығын сақтауда барлық мешіттердің бір орталықтан басқарылуы аса маңызды. Орта Азия мен Қазақстан халқы қашаннан тек ханафи мәзһабын ұстанып келеді. Діни алауыздықтың осы кезге дейін болмауының бірден-бір түпкі сыры да осында. Сан ғасыр орныққан бұл бірлікті қазір де, алдағы уақытта да сақтауға тиіспіз. Тәуелсіз еліміздің ғұмыры ұзақ әрі берік болсын деген әрбір елжанды, ұлтжанды, дінжанды парасат иесі осы мақсатты берік ұстанары хақ. Жасырып-жабары жоқ, бірқатар өңірлерде қазақ топырағында өніп-өспеген, Ислам атын жамылған жат ағымдар қылаң беріп, халқымыздың бірлігі мен ынтымағына сызат түсіре бастады.Мұндай бірқатар ағымдардың қызметіне тыйым салуы ел бірлігі мен ынтымағын сақтауды көздейді. Жеке діни бірлестіктің атын жамылған мешіттерде қай ағымның уағыздалып жатқаны белгісіз. Ондағы имамдар мен молдалардың діни білімінің бар-жоғы, ал болса деңгейі, қай ағым мен мәзһабты ұстанатыны да жұмбақ. Оның салдары күні ертең-ақ жамағатының іс-әрекетінен айқын сезілсе керек. Түрлі келеңсіздіктің ұясы да осындай мешіттер болмасына кім кепіл? Мақсаттас, мүдделес дейтін мұсылмандардың өзара бірлігі әлсіреп, көзқарастары мен ақидасы әрқалай шығып жатса, одан бүтін ел опық жемек.

Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жүйелі де табандылықпен жүргізген әрекеттерінің нәтижесінде қазіргі таңда еліміздегі 1700-ге тарта мешіттің тіркелмегені бар болғаны 150-ден сәл астамы ғана. Олардың бірқатары өз алдына жеке діни бірлестік. Бір жарым мыңның үстіндегісі бір орталықтан басқарылуда. Діни басқармаға тіркелмеген мешіттердің біршама бөлігінің, тіпті Әділет департаменттерінің де есебіне ілікпеуі әбден мүмкін. Біздің білуімізше олардың Әділет департаменттері арқылы Діни басқармаға тіркелуіне қаржы тапшылығы қол байлау. Бұған жергілікті дін жанашырлары тарапынан қолдау-көмек қажеттігі өзінен-өзі түсінікті. Тіркелмеген мешіттердің жартысындайы бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында. Осындай себептермен 87 мешіт тіркелмей отыр. Олардың мұң-мұқтажы аудандық, облыстық деңгейде әлсін-әлі көтерілмегенімен, сағызша созылған уәдеден әріге асар емес. Бәріне ұйытқы болады деп сенім артқан өкіл имам А.Керімбеков дәрменсіздікке салынуда.

Жамбыл облысында да 23 мешіт тіркелмеген. Ал Жуалы ауданындағы бір мешіттің ғимараты қираған. Ауылдардың мешітсіз қалуы жергілікті тұрғындар үшін үлкен сын. Бүгінгі таңда халық дінге жаппай бет бұрып жатқанда, азан шақырылмайтын, намаз оқылмайтын ауылдар жамағатының обалы кімге?!

Талдықорған өңірінде 44, ал Ақмола облысында 12 мешіттің әлі күнге тіркелмегенін немен ақтап, түсіндіруге болады?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жыл қорытындысына арналған төралқа мәжілісінде бұл мәселе күрделі күн тәртібіне өткір қойылды. Жанашыр сын да, нақты ұсыныс та аз айтылмады. Өз ретімен есеп берген облыс пен өңір имамдары мәселенің шешімін келер жыл еншісіне қалдырды. Төралқа мәжілісінде мұнан өзге де көптеген өзекті мәселелер қаралып, Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі тарапынан қатаң талап қойылды. Оның қалай жүзеге асарына әділ уақыт төреші.

Оңғар қажы ӨМIРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары