ШӘКИЗАДА: ӘДЕМІ ӘН ӘНШІНІ ТАНЫТЫП ЖАТАДЫ

ШӘКИЗАДА: ӘДЕМІ ӘН ӘНШІНІ ТАНЫТЫП ЖАТАДЫ

ШӘКИЗАДА: ӘДЕМІ ӘН ӘНШІНІ ТАНЫТЫП ЖАТАДЫ
ашық дереккөзі
533

Бала кезімде “Атамекен” келе жатыр” деген атқа ие болдым

— Өзім мектеп қабырғасынан, тіпті, кішкентайымнан әнге әуес болып өстім. Ол кезде көбінесе Ресейдің әншілеріне еліктейтін едік қой. Кейін менің мамам “Қызым-ау, сен қазақша өлең үйренбейсің бе?” дейтін болды. Сонда анамның алғашқы үйреткені қазақтың халық әні “Дедім-ай-ау” деген әні еді. Сосын Шәмші ағаның “Ана туралы жырын” жаттатқызды. Кейін сол әндердің мәнерін жаттап алып, тойларда айтып жүрдім. 1984 жылы Шымкентте “Жігер” фестивалі өтті. Сол кезде “Арысым – әнім” атты ансамбльде әнші болып жұмыс істеп жүргенмін. Роза Рымбаеваның орындауындағы “Әлия”, “Кең дала” әндерін, ал “Атамекенді” концерттің басы мен аяғында міндетті түрде айтатынмын. Содан көшеден ары-бері өткенде жұрт мені “Атамекен” келе жатыр“ дейтін болды.

Алғаш 1984 жылы Шымкентте өткен “Жігер” фестивалінде Сейдолла Бәйтерековтің “Әлия” әнін айтып, екінші орынға ие болдым. Кейін Алматыдағы эстрада әншілерін дайындайтын студияға 1985 жылы түстім. Осында оқып жүріп “Ән-шашуға”, “Тамашаға” қатыстым. 1985 жылы “Тамаша” бағдарламасында Марат Илиясовтың “Мерекем — Сен” атты әнін бірінші болып айтқан едім. Сол кездерде көбінесе жолдасым Байбатшанов Асқар екеуміз дуэтпен айтып жүрдік. Әйтеуір 1987 жылы оқуымды бітіргеннен кейін бізді жолдамамен Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясына жұмысқа жіберді.

Солтүстік Қазақстанда филармонияда жүргенде бір үлкен концерт өтті. Сол концертте “Аққу арман” әнін бір топ айтқан болатын. Сахнаның сыртында тұрған маған қатты әсер етті, бірден жаттап алдым. Содан өздеріңізге белгілі әртіс Қадырғали Көбентайдан “мына ән кімнің әні?” деп сұрап едім, ол “әні Қыдырбек Мәлібековтікі” деді. “Осы әнді мен айтайыншы” деп өтіндім. Сөйтіп, эстрадамен айтып шыққан өзім едім. Әнді шын көңіліммен, жүрегіммен беріліп айттым. Өйткені, талай концерттерде әйелдердің көзіне жас үйіріліп, жылап отырғанын өз көзіммен көрдім. Сондықтан да, тыңдаушының ойынан шықтым-ау деген ой келеді. Кейде жұрт менің атымды білмесе де, “е, әлгі “Аққу арманды” айтатын әнші ме” деп танитын көрінеді. Міне, әдемі ән әншіні танытып жатады. Содан бері мағынасы мен әуені осы әнге ұқсас әндерді орындауға тырысамын.

“Жұлдыз” қарапайым болуға тиіс

— Қазақ эстрадасы күннен-күнге өсіп жатқанына біз ғана емес, тыңдаушы да куә. Дегенмен, біз жаңадан эстрада өнеріне қадам басып жатқан жастарға жол көрсетуіміз керек сияқты. Меніңше, қазіргі жастарда ізденімпаздық аз. “Қазақстан — 1” ұлттық телеарнасы ұйымдастыратын “Сағыныш” фестивалі ұмытылып кеткен әндерді насихаттап, қайта тірілтіп жатыр. Әрине, халық әндерін тек үлкен кісілер ғана тыңдайды деген пікір жоқ. Сондықтан халық әндерін ұмытып кетпей, жастардың санасында жаңғырту үшін қайтадан өңдеп шығару қажет.

Кейде не туралы айтып тұрғанын білмейтін жастар бар. Оларға ақыл айтсаң да, бәрібір сені тыңдамайды. Өйткені, олардың продюсерлері “сен жұлдызсың” деп көтеріп қояды. Қандай керемет “жұлдыз” болсаң да, қашан да қарапайымдылық керек.

Ақын-сазгер әнін ақшаға сатса, өңдеуші де бір нота жазғаны үшін ақша сұрайды

Баяғыда теледидарға бір-екі ән айтсаң, ақша төлейтін еді. Ал бүгінде ақын-сазгерлер әнін ақшаға сатады. Оны сатып алу үшін тағы қаражат керек. Содан амал жоқ тойға барасың. Ал бұл біз үшін тегін жарнама секілді ғой. Қысқасы, “шақырған жерден қалмау керек” деген қағида бар. Оның үстіне өңдеушілер бір нотаны жазса да, ақша сұрайды. Ал, менің қанша қаржыға клип түсіретінім де құпия болсын. Оны қарапайым халық білмегені жақсы. Егер айтсам, “Ой, байғұс-ай, соншама ақша жұмсапты ғой” деп аяушылық білдіруі мүмкін. Ол да менің жұмысым, бейнеклипімді теледидардан шығару да өзімнің шаруам. Егер де ертең ол маған ұнамаса, жанымды салып әрекеттенбес едім. Сол себептен де әр әншіге жарнама қашан да керек. Ал, кейбіреулердің “Анау әнші 15 мың долларға бейнеклип түсіріпті” деген сөздері бергі жағы ғана ғой.

Мақсат көп, бірақ уақыт тапшы

Ұлым — Олжас, А.Жұбанов атындағы мектептің флейта класын 5 жыл оқып бітірді. Екеуміз “Ана мен бала” әнін айтқанда, біраз ілтипатқа ие болдық. Енді қазір: “айтайықшы” десем, “Қойшы, мама, мен ол кезде кішкентай едім, қазір өстім ғой. Дауысымды жөндеу керек”, – деп қояды. Қазір Астанада “Жас ұлан” деген әскери мектепте оқып жатыр, 3 жыл болды. Үнемі “Болашақ генералым” деп астына көпшік қойып отырамын.

Менің ұлым және досым Қадырғали Көбентаймен, Бауыржан Исаевпен айтқан дуэтім бар. Қазір Кеңес Дүйсекеевтің “Өмір, өмір”, жас сазгер Мақсат Арыстанбаевтың “Махаббат туған күнімде” деген әндерін дуэтпен айтып жүрміз. Болашақта эстрада өнерінде 20 жыл дос болған Жеңіс Ысқақовамен, сол сияқты Жеңіс Сейдоллаұлымен, яғни, екі Жеңістің ортасында жаңа ән айтсам деген жоспарым бар. Осы секілді алға қойған жоспар көп, бірақ уақыт тапшы. Тіпті, демалуға да қолымыз тимей жатады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары