ПАРЛАМЕНТ ОН ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАМАҚ, БIРАҚ...

ПАРЛАМЕНТ ОН ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАМАҚ, БIРАҚ...

ПАРЛАМЕНТ ОН ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАМАҚ, БIРАҚ...
ашық дереккөзі
374

Қаңтар айы Қазақстанды мерекелермен жарылқап тастады. Енді алда тағы бір мереке күтіп тұр. Астана Қазақстан Парламентінің он жылдығын тойлайын деп жатыр. Заң шығарушы билік өкілдерінің бұл мерекесі осы айдың 20-21 жұлдызына жоспарланып отыр. Алыс және жақын шет елдердің заң шығарушылары Қазақстан парламентарийлерінің мерекесін бөлісуге келеді деген ақпарат бар. Әзірге, тек Грузия Парламентінің спикері Нино Бурджанадзе келетіні жайлы хабар расталды.

Парламенттің 10 жылдығын тойлауға дайындалған депутаттардың бойында бір қорқыныш барын да айту керек. Ол «Парламентті таратуы мүмкін» деген сыбыстың жайылуы…

ПАРЛАМЕНТТIҢ ТАРАТЫЛУЫНА КIМ МҮДДЕЛI?

Сөздің тас жармаса да бас жаратынын ата-бабамыз қалай біліп айтқан. «Парламенттің қайта жасақтаулы ғажап емес» деген сөз парламенттің төменгі палатасында біраз шу шығарды. Тіпті, кейбір депутаттардың бір-бірін жекпе-жекке шақыруының да куәсі болдық.

Президенттің «елдің саяси өмірінде реформалар жүргізуді бастаймыз» деген сөзінен кейін-ақ, Астананы мекендейтін шенеуніктер мен халық қалаулыларының саяси реформа сөзінен үрейі ұшып, жүректерінің лүпілдеп жүргендігін аңғару қиынға түспеген. Ал Президент тағына нық отырып алғаннан кейін, Парламент таратылады-мыс деген жел сөз Астананың билік дәліздерінде соңғы кезде тіпті жиілеп кеткен. Осыған байланысты ма, әйтеуір, бірқатар әріптестерінің басылым беттеріндегі ойлары демдерін ішіне тартып отырған депутаттарға жойқын әсер етіпті. Яғни, даудың басы депутат Амангелді Таспиховтың «Парламенттің қазіргі құрамының саяси реформалар жасауға шамасы келмейді. Сондықтан, қайтадан қабылданар заңдарға сәйкес жаңа Парламент жасақтау керек» деген пікірінен және Ерасыл Әбілқасымовтың «Парламент қалталы» деген сөзінен басталды. Бұл тектес пікірлер олардың әріптесі Нұртай Сабильяновтың жүйкесіне жағымды әсер етпепті. Оның Парламент қабырғасына үш рет жақындап келіп, өте алмай, төртінші рет қана Мәжіліс депутаты деген «бақытқа» ие болғаны белгілі. Әрине, бұл тек қана Сабильяновқа ұнамады деп ойлауға болмайды. Бірақ, депутаттардың өздері тісқаққан және «стажы» аз болып бөлінетіндіктен де, кейіннен сайланған депутат Сабильянов өз эмоциясын жасыра алмаған секілді. Ол «Залда отырған депутаттардың барлығы да өз қызметіне лайық адамдар. Оларды халық сайлады. Бізді Таспихов емес, халық сынауы керек. Біз бір-біріміздің сыртымыздан жамандағанмен ештеме өнбейді. Ал егер, айтыс, пікірталас керек болса, жеке шығып сөйлесейік» деп сөзін әупірімдеп бітірді. Оның өзге әріптестерінің ойларының да осындай болғандығын топшылау қиын емес. Тіпті, Сабильянов Таспихов пен Әбілқасымовқа шабуыл жасағанда, әшейінде уақыттың тығыздығын ескертетін спикер Мұхаммеджанов та, өзге депутаттар да Сабильяновтың сөзін бөлген жоқ. Бұрындары әріптестерінің пікірлеріне аса шулы реакция танытпайтын депутаттардың бұл жолғы әрекеттері олардың өте «жоғарғы қысымда» отырғандығынан тағы бір хабар берді.

Жалпы отырыс кезінде болған бұл жайт жөнінде Әбілқасымов: «Көңілдеріңе келсе де айтайын, бұрынғы Парламент қалталы болса, қазіргі Парламент суперқалталы» деді. Ал Таспихов: «Мен бұл Парламентте Сабильяновпен салыстырғанда, екі-үш шалбарды бұрын тоздырдым. Сондықтан, өз ойымды айтуға құқығым бар» деп, сөздерін жалғастыра бергені сол еді, депутаттар да, төраға да оның сөзін әрі сабақтауына мүмкіндік бермеді.

Жалпы, бұл жайттың «Отан» партиясының фракциясында орын алғандығын ескеру қажет. Өйткені, Таспихов та, Сабильянов та «Отанның» мүшелері. Бұл әрине, партияның Парламенттегі өкілдері арасындағы ауызбіршіліктің нығыз еместігін аңдатады. «Отан» партиясының міндетін атқарушы, соңғы кезде аса белсенді болып кеткен Бақытжан Жұмағұловтың «Отанның» фракциясы толық дұрыс жұмыс істемейді» деп жыларман болып жүргені де сол екен ғой… Елу адамның басын бір қазанға тоғыстыру оңай ма…

Сонымен не керек, Таспиховтың әдеттен тыс пікір айтуына «диагноз» қойылды.

Әріптесінің пікіріне көңілі толмаған Нұртай Сабильяновқа сөз берейік:

— Парламентті таратса да, таратпаса да, бізді халық сайлағаннан кейін халықтың игілігіне жұмыс істеп жатырмыз. Бір-бірімізге күйе жақпай, сыйласып іс атқарған дұрыс қой. Біз елдің, халықтың береке-бірлігін ойлауымыз керек. Жан-жақтан сайланған әр депутат өз сайлаушыларына аз да болса пайдамды тигізсем деп ойлауы керек. Жаңа айтып отыр ғой: мен бәленбай шалбарды бұрын тоздырғанмын деп. Ал мен осы сайлауға төрт рет түстім. Бәлкім, менің жолым болмай қалған шығар, жолымды бөгеген шығар. Бірақ, мен ешкімге ренжімей, өзімнің алға қойған мақсатыма онан әрі қарай жүре бердім.

— Оған күмән жоқ, енді жаңағы Таспиховтың сөзінің астарынан не іздеуге болады?

— Оның астарынан «Мен ғана кереметпін. Басқа ешкім де емес» дегендей өзін басқалардан биік қоюын көруге болады. Мен ешкімді кінәламаймын. Әркім өз сөзіне жауап беруі керек қой. Әсіресе, журналистер алдында…

— Жоғарыдан түзілген сценарий бойынша айтылды деп ойламайсыз ба?

— Мүмкін солай болса, солай да шығар. Ертеңгі күні Парламентті таратып жатса, біз қайта барып, дауысқа түсеміз, қайта барып сайланамыз. Бұл жерде ешкім ешкімнен жасқанып отырған жоқ ғой. Әркім өз қызметіне сай жұмыс істеп жатыр.

Дау бастауға мұрындық болған Амангелді Таспихов өз сөзі әріптестеріне бұлайша әсер етеді деп, тіпті, ойламаған секілді. Себебі, кабинетін көк түтін еткенінен, темекі тұқылын күлсалғышқа нығыздап салғанынан оның өте толқып отырғандығын байқауға болар еді…

— Менің бұл мәселені көтеруімнің өзі былайша, қызық басталды, — дейді ол. — Сіз секілді бір журналист келіп, Парламенттің таратылуына қалай қарайсыз деп сұрақ қойған еді, соған берген жауабым газет бетіне шыққан. Ал Парламенттегі әріптестерім «Намысымызға тиетін сөздер айтты, Парламенттің рөлін төмендетті» деп жаңа біраз пікірталастың тууына түрткі болды. Мен негізінен Парламентті тарату керек деп айтқам жоқ. Тек саяси реформалар басталса, Парламенттің қайта жасақталуы әбден мүмкін деген едім. Енді, Қонституцияға өзгерістер енгізілсе, солай болады ғой. Партиялық тізіммен сайланатын депутаттар саны көбейеді. Мен соны ғана айттым. Әлі де ойым сондай. Әрине, жеке басымыз тұрғысынан қарағанда, осында отбасымызбен көшіп келіп, жұмыс істеп жатқан кезде, қараптан-қарап жұмыссыз қалу оңай емес. Бірақ, реформаларға сай солай шешілсе, біз онымен келісеміз ғой.

— Сонда сіз Президент саяси реформалар жүргізуді бастаса, оның соңынан Парламент міндетті түрде таратылады. Сөзімде тұрған еш ағаттық жоқ дейсіз бе?

— Иә, солай. Бірақ, бұл бір күнде істелінетін нәрсе емес. Оған кем дегенде екі-үш жылдай уақыт кетеді. Бәлкім, ол реформалар қазіргі Парламент шақырылымының аяғына дейін жүргізілетін шығар. Сондықтан, ойбай Парламент таратылайын деп жатыр екен деп қазірден бастап, шу шығарудың қажеті жоқ. Ол мәселелер жөнінде ақылдасу, заңдарға өзгерістер енгізу процесі де біраз уақытты алады ғой.

— Бірақ, әріптестеріңіз сіздің айтқаныңызды өте ауыр қабылдады…

— Ауыр қабылдады. Себебі, мен өткен Парламентпен салыстырғанда, бұл Парламенттің шоқтығы аласа дегем. Сол пікірмен олардың келіскісі жоқ. Бұрын заңгерлер көп еді. Әрине, барлық депутаттың заңгер болуы шарт емес. Бірақ, депутаттардың ең кемінде 10-15 пайызының заңгер болғаны дұрыс еді. Өйткені, заңдық тұрғыдан сауатымыз жетпеген кезде, заңгер әріптестерімізге жүгінетін едік. Соны айтып едім, әріптестерім біздің олардан қай жеріміз кем деп шу ете қалды. Кейбір заңгерлердің атын атаған едім, солардың орнына сайланған депутаттар мұны өздерінің атына тіке қабылдаған секілді. Өкінішке қарай, кейде мемлекеттік жүйе туралы, заң туралы өз пікірлеріңді айтсаң, пікірлерің баз-біреулердікімен сәйкес келмесе, олар бірден өзіне қарсы айтылған сөз деп қабылдайды. Өкінішке қарай, солай…

— Комплекс ғой…

— Бекболаттың сөзі бар, «Биге құлсың десең, күлкісі келеді, ал құлға құлсың десең, өлгісі келеді» деген…

— Сіздің сөзіңізге қарап, пікірлеріңізде еш арам ой жоқ, тек қазіргі Парламентпен бұрынғы Парламентті ғана салыстырыпты деп ойлауға болады. Дегенмен, бізде барлық нәрсені шешетін Президент, атқарушы билік қой, бұл онсыз да белгілі жайт. Ал сіздің айтқан пікірлеріңіздің астарынан атқарушы биліктен түскен тапсырыстың ізі көрінетіндей…

— Жоқ, ондай ой жоқ. Жалпы саясатта мұндай сценарийлер жиі кездеседі. Мысалы: бірінші ақпаратты жібереді де, сонан кейін шешім қабылдайды. Тіпті, Парламентте де сондай әдіс-тәсілдер қолданылады. Ал менің айтқан сөздерімнің астарында ондай ештеме жоқ. Жаңа әріптестерім жаныма келіп: «Саған анау жақтан құлағыңа бірдеме деп сыбырлаған жоқ па?» деп сұрап жатыр. Жоқ, бұл менің өзімнің ойым. Біз пәленбай жылдан бері осы жерде отырып, талай шалбарды тоздырдық қой. Оның үстіне, президенттің «Отан» партиясының съезінде «Саяси реформалар жасаймыз» деп айтқаны бар. Тек сол ойды дамытайын деп өз ойымды қосқаным ғой. (Бұл өзге депутаттардың Таспиховқа қаратып, «өзін ерекшелегісі келеді, жоғарыға жағынғысы келеді» деген сөздерін айғақтай түсетіндей. — Г.М) Негізі, бәріміз де Парламенттің кәсіби деңгейінің бұдан да гөрі жоғары болуын қалаймыз ғой. Қазір біз Үшінші шақырылымдағы Парламенттің төбесінде тұрмыз. Қайта солардың тәжірбиесін пайдаланып, солардан артық болуымыз керек еді. Өйткені, қазір біздің конституциялық құқығымыз да мол. Премьерді атына теріс мінгізіп жіберетін құқығымыз бар. Алайда, біздің депутаттық сауалымызға жауап беру үшін премьер түгілі министрлер де келмейтін болды. Бұл біздің көпшілік жағдайда өз азуымызды көрсете алмағандығымыздан шығар Бірақ, маған шамданғаны үшін, менің сөзімді түсінбегені үшін әріптестерімді кінәламаймын. Біз шынын айтқанда, депутат болып сайланғанымызға, камераның алдында жылтырап көрінгенімізге, бізге жұрттың сәлем бергеніне өзімізді керемет, Құдайдай сезінетініміз рас. Бірақ, шын мәнінде олай емес екенін ішім сезеді, көріп те жүрмін, елмен араласамыз ғой. Біздің депутат болып сайланғанымыз өз еңбегіміздің арқасында деп ойлайтынымыз бар. Сөйтіп, кейде өзімізді артықтау бағалайтын сияқтымыз.

— Сіздің бұлай ойлауыңызға не себеп болды? Сайлаушыларыңыздың алдына барғанда, олар сіздің кемшіліктеріңізді бетіңізге баса ма? Себебі, ешбір депутат бұлайша өзін жерге түсіріп суреттемейді. Қайта «Менің сайлаушыларым» деп сайлаушылары тарапынан сөйлейді ғой…

— Мен енді объективті түрде, сырт көзбен қарап айтқаным ғой, бұған дейін де депутат болдым, сайланбай қалған кезім де бар. Кейіннен қайта сайландым. Барлық жайтты сол кезеңдермен салыстырамын. Халықтың Парламентке деген көзқарасының аса жақсы емес екенін білемін. Әлде олай емес пе?

— Жоқ, менің сізден білгім келіп отыр ғой!

— Біз әдетте бұлай деп айтпаймыз. Бірақ, өз деңгейімізді біліп, соны мойындауымыз керек. Арқамыздан қаққанға мәз болып, отыра бергенімізге қарнымның ашатыны рас. Үкіметтен келетін заңдардың, шешімдердің қалай қабылданатындығын білеміз. Онда істеп те көрдік. Өкінішке орай, бір қайнауы ішінде кетіп жататын заң жобалары көп. Соған ренішімді білдіріп, кәсіби деңгейіміз ондай болмауы керек еді» деп айтқаным сол еді, әріптестерім ренжіді.

Жалпы Парламенттің депутаттарын Парламенттің таратылуына мүдделі және мүдделі еместер деп бөліп қарастыру қажет секілді. Әрине, бір қарағанда, ешқайсысы да жылы орнын суытуға мүдделі емес. Өйткені, депутат болып сайлану мүмкіндігі кез келген жанның маңдайына жазыла бермейтін «бақыт». Ол үшін жоғарғы жақтың қолдауы мен қаржы-қаражат факторы үлкен рөл ойнайды. Алайда, Парламенттің таратылуы секілді процестің өздеріне келіп-кетері жоқ депутаттар бар. Себебі, олар суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды. Сондықтан, бұл депутаттар сөйлегенде де, әрекет жасағанда да, барлық тұрғыдан алып қарағанда, кәсіби дипломаттардан да асып түседі. Ертеңгі күні шын мәнінде Парламент таратылып жатса, олар «Бұл өте дұрыс шешім болды» деп қолдауға дайын…

Парламенттің бұған дейін де бірнеше рет таратылғаны белгілі. Спикері Серікболсын Әбділдин болған кезде және Парламент тізгінін Әбіш Кекілбай ұстаған кезде…

Келесі бір депутаттың сөзіне мән беріңіз:

Серік Әбдрахманов:

— Парламентке жоғарғы жақта отырған әкімшілік пен Үкіметтің ықпалы өте зор. Нұсқаулары қатаң. Былтырғы Парламенттік сайлауға араласты. Ендігісі сол… «еңбегімізді қайтар» деп, жұмысымызға батыл араласып жатқаны болар. Біздің премьер-министрге сұрақ қоюға батылымыз бармайтынын мойындауымыз керек. Оны естіген халық «Бұл қандай депутаттар, халық мүддесін қорғап, таласып, күресу үшін сайлаған жоқ па едік, әркім өз бетімен жүр ғой» деп ойлауы да мүмкін. Жалпы, біздің Мәжіліс бұрынғыға қарағанда жуас. Бір депутаттың жалғыз өзі ештемені шешпейді. Бірдемені шешейін десе, дауысқа қою мәселесі бар.

— Сонда Парламенттің Үкімет алдындағы қауқарсыздығын тек Парламентті тарату арқылы жоюға бола ма?

— Енді таратуға Құдай жеткізбесін! Өйткені, менің өзім үш рет таратылған депутатпын. Тек Парламенттің рөлін күшейту керек. Енді, барымыз да, сазымыз да осы. Қайтеміз енді? Жуас болсақ, жуас шығармыз. Тіпті, өткен жолы премьер-министрге сұрақ қоюға да жарамай қалдық. Жоғарғы жақ тыныш отырыңдар деп жұдырықтап жіберді де, кейбір әріптестеріміз тыныш отыруға мәжбүр болды.

— Ертең таратылып жатса… Өзіңіз айтпақшы, оған Құдай жеткізбесін! Бірақ, дегенмен де таратылса, сіз қайтер едіңіз?

— Енді Парламент таратылып жатса, «Сен қалай қарайсың?» деп Әбдрахмановтың дауысын ешкімнің сұрамайтыны анық.

— Енді сіз билік партиясы «Отанның» өкілісіз ғой!

— Мен енді «Отанның» сол ең шетінде жүрген жауынгерімін ғой. Ал қатардағы жауынгерінің пікірін сұрамайтыны белгілі.

— Сіз сонда Парламент таратылып жатса, көніп отыра беретін болдыңыз ғой…

— Негізінен, ол таратылу деген сөздің өзі жоғары жақтан жіберілетін сөз ғой. Алланың өкімімен болатын жәйт.

— Алланың өкімімен емес енді, өкім сәл бері жақтан келетін шығар!

— Иә-иә, барлығы да Алланың өкілінің, Президенттің айтқанымен шешіледі ғой!

Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда қазіргі Парламент өкілдері атқарушы биліктің өз шекпенінен шыққандығы себепті, олардың жуас болатын да орны бар. Мысалы: қазіргі Мәжіліс депутаттарының басым бөлігі бұрын атқарушы биліктің сойылын соққандар. Бірақ, солай бола тұра, дәл қазіргі күні Парламенттің таратылғанынан гөрі таратылмауына мүдделілердің шоғыры биік екені сөзсіз. Сабильяновтың жан-айқайы соны білдірсе керек. Бұл тек оның ғана емес, әріптестерінің де дауысы. Қарбаласқаны. Таратылғысы келмейтіндіктерін аңғартқаны.

Алайда, бізде бәрін Алланың «өкілі» шешеді ғой…

Бірақ, барлық мәселе Парламенттің Үкімет алдындағы қауқарсыздығына келіп тірелсе, бұл Парламенттің орнын жаңа Парламент басқан күннің өзінде бірдеме өзгереді деп күту қиын. Өйткені, атқарушы биліктің бетінен алып отыратын адамдарды Парламентке өткізу мүмкіндігі өте аз…

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары