Жазбек Әбдиев: ...АЙТПАЙДЫ ҒОЙ, АЙТПАЙДЫ

Жазбек Әбдиев: ...АЙТПАЙДЫ ҒОЙ, АЙТПАЙДЫ

Жазбек Әбдиев: ...АЙТПАЙДЫ ҒОЙ, АЙТПАЙДЫ
ашық дереккөзі
481

КӨШI-ҚОН КОМИТЕТI АҚШАНЫ ИГЕРЕ АЛМАЙДЫ. АЛ, МҰНЫҢ СЫРТЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТҰРҒАНЫ СЕЗIЛЕДI

Халықаралық «Транспаренси Интернейшнл» ұйымының мәліметіне сәйкес осы ұйым жұмыс жүргізетін әлемнің 150-ден астам мемлекетінің арасында Қазақстан «Коррупцияны қабылдау индексі» бойынша 130-шы орында тұр екен. Бұл арада коррупция деңгейінің жоғарыдан төменге қарай есептелетіндігін ескерсек, сыбайлас жемқорлыққа қатысты санақта еліміздің алғашқы жиырма мемлекеттің қатарында тұрғаны қатты алаңдатады. Соңғы он бес жылдықта Қазақстанның коррупциямен және заңсыз табысты «жымқырумен» күресетін халықаралық келісімдердің ешқайсысына қосылмағандығын да айта кету керек. Ол келісімдерге тек 2006 жылдардың көлемінде қосыламыз деген жоғары жақтың берген уәдесі ғана бар.

Елдегі коррупциялық іс-әрекеттерді бұқара көбінесе қазанның құлағын ұстайтындармен байланыстырады. Өйткені, қаржыны діттеген жеріне жеткізбей жұтатындар үшін ол қаржы түпсіз, мемлекеттікі…Ол қаржыға шын мәнінде мұқтаж жандардың ахуалына бас ауыртқысы да келмейді. Қазіргі күні шет елдерден көшіп келетін қандастарымыз мемлекет бөлген қаржыға қол жеткізе алмай, ол қаржыны алғанның өзінде теңдей бөлігін қазанның құлағын ұстайтындармен бөлісуге мәжбүр. Әйтпесе, аздаған тиын-тебеннің өзі бұйырмай қалуы мүмкін.

Парламент Мәжілісінің депутаты Оңалбай Аяшев осы оралмандарға бөлінетін квотаға байланысты «әлеуметшіл» министр Қарағұсоваға депутаттық сауал жолдаған. Бірақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан Парламентке қарай бетбұрғаны арада 22 күн өткеннен кейін ғана байқалды. Онда да Қарағұсова ханым келіп өзі есеп беруді артық көрді ме, әйтеуір, парламентарийлер алдына Көші-қон жөніндегі комитеттің төрағасы Жазбек Әбдиевті жіберіпті. Айтпақшы, бұдан біраз уақыт бұрын өткен Парламенттегі Үкімет сағатында да осы Жазбек Әбдиевтің көлеңкесі көлбеңдеген.

Мәжіліс депутаты Оңалбай Аяшев өзінің «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңының 27- бабына сәйкес өз құқығын пайдалана отырып жолдаған депутаттық сауалында елге оралып жатқан оралмандардың саны жылдан-жылға көбейгендігімен, олардың квота алу мәселесінің қиындап бара жатқандығын айтып, «Мұның себебі неде? Үкімет оралмандарға бөлінетін қаржының көлемін неге көбейтпейді?» деген-ді.

Ал депутаттық сауалға жауап беруші Жазбек Әбдиев 22 күннің ішінде аяңдап Парламентке жеткенше, халық қалаулыларының оған қояр сауалдары да қордаланып қалыпты. Оңалбай Аяшев енді квота алумен қапталдаса жүретін коррупциялық іс-әрекеттерді алға тартты. Ол тіпті сөзі айқынырақ шығу үшін Астанада тұрып жатқан Лашын есімді оралман азаматтың өзіне жіберген хатынан да үзінді оқып берді. Онда қандасымыз: «Квотаның жан басына шаққандағы құны 91700 теңге. Мұның өзі қалталы азаматтардың үлесіне тиеді.Әрі оралмандар «оралман» деген мәртебесінен айрылса, өзіне тиесілі квотадан де құралақан қалады» деп жазыпты.

Ал бұрынғы депутат Жазбек Әбдиев қысқа мерзімнің ішінде шенеунік шекпенін өзіне шақпа-шақ қондырып алыпты. Парламентке келетін атқарушы биліктің өкілдeрі секілді ол да ұзыннан созбақтап, мәселенің төңірегінде жүрді де қойды.

Оның бұлай етуіне кейбір депутат мырзалардың мәселені төтесінен қоймай лағып кеткендігі де әсер еткен шығар. Мәселен, депутат Төлеген Мұхамеджанов айдаладағы Америка Құрама Штаттарының миграциялық саясатымен арада параллель жүргізбекші болды. «АҚШ жылына 1 млн. мигрант қабылдайды. Олар дүние жүзінен сараптап жинайды. Біз де сөйтуіміз керек. Қандастарымызды ғана емес, үлкен мамандарды да жинауымыз керек. Болашаққа ұмтылуымыз қажет» деп ақыл айтқан депутаттың мұнысы бізге қызықтау көрінді. Ол Үкімет сағатында да осылай білгірсіген еді. Өз қандастарымызды дұрыс жарылқай алмай, алатын азын-аулақ ақшасына ортақтасып, қомағайланып жатқанымызда, бұл депутаттың «болашақпен» бас ауыртқаны несі деп те ойладық. Өйткені, біз шет елден жылына Үкімет бекіткен квотаға сай республиканы мекендейтін бүкіл халықтың 0,36 пайызына шақ жұмыс күшін елге шақыртып, қандастарымызға жасамайтын қамқорлықты соларға жасап, барымызды аузына тосып, тіпті алатын еңбекақыларын қазақстандық жұмысшылардан артық етіп жатқанда, Мұхамеджанов мырза жылына миллион адамды «жұмыспен қамтамасыз етпекші». Ал бұл кезде жергілікті қазақтар мен шет елден келетін қандастарымыз жұмыс орнына зар болып жүр.

Депутат Амангелді Айталы жақсы мәселе көтерді. «Жыл сайын шет елдерден мамандарды шақыртамыз. Сол шетел қазақтарының арасында да сондай мамандар бар емес пе? Мүмкін, солардың арасынан іздеп көру қажет шығар?»дейді ол. Оның сөзіне қарағанда, Астрахань қазақтары «кемелеріңе капитан таба алмай, Ресейден адам іздегенде, бізді ескеріңдер, өйткені, Ресей қазақтары арасында теңіз училищесін бітіргендер баршылық» деп айтыпты.

Ал әріптестері Жазбек Әбдиевті әрі-бері сұрақтарымен айналдырып жатқанда, депутаттық сауалдың иесі Оңалбай Аяшевтың сауалы далада қалғандай болып көрінді. «Жыл сайын бөлінетін 11 млрд. ақша діттеген жеріне жетпейтін болды ғой. Жұрттар алатын квотасының үстінен бір нәрсе сұрайды дейді. Мұны тоқтату керек қой. Біз қашанғы кейбіреулерге май шелпек бола береміз?» – деп ашынады ол.

Әдетте, Парламентте квотаға қатысты коррупция мәселесі аса көп көтеріле бермейді. Сондықтан да, Оңалбай Аяшев айтқан сөз қазіргі күні оралмандардың еңсесін түсіріп жүрген жайт екені белгілі.

— Бұл өзі, тіпті етек алып кетіпті. Мына оңтүстікте осы Көші-қон комитетінің облыстық бөлімінің тізгінін ұстауға құмарлар көп. Бара-бара базарға айналып барады. Жыл сайын қыруар қаржы кетіп жатыр. Былтыр он бір миллиард теңге, биыл он бір миллиард екі жүз миллион теңге бөлінді. Бұл көп ақша ғой. Бөлінген қаржы тиісті жеріне баруы керек емес пе? Ал бізде Көші-кон комитетінің облыстардағы бөлім басшылары осы Көші- қонды табыс көзіне айналдырып алған. Жаудың малындай шашады. Сол ақшаны оралмандарға бергені үшін үстінен жиырма, отыз пайыз ақша алып қалып отырады деген сөз көп…

— «Бизнеске» айналдырып алған десеңізші…

— Бизнес болғанда бұл – барып тұрған сорақылық! Былайша айтқанда, біз ақшаны шашып, біреулердің байлығын, дәулетін көтеріп жатырмыз. Мұны тоқтату керек. Басқа жолдарын таyып, өзге әдіс-тәсілдер жүргізу қажет шығар. Қайткен күнде бұл ақша делдалдарға бармайтындай ету керек. Бәлкім, бұл ақшаны орталыққа қойған дұрыс шығар, оны осы жерден алып кететін механизм жасаған ыңғайлы болар? Бұл көші-қон мәселесін бұлайша созбаққа салмай, белгілі бір мерзімнің ішінде, мысалы он жылдың ішінде бітіру жоспары қолға алынса, мүмкін бөлінген ақша тиімді жұмсалар ма еді… Біз қазір айтуымыз керек: шетелдік қазақтарды он жыл ішінде көшіріп әкелейік. Жылына он бір емес, жүз он бір миллиард берейік. Бәлкім сол кезде он-он бес жылдан бері сағыздай созылып келе жатқан мәселені аяқтауға мүмкіндік туар. Экономика көтеріліп келеді. Ондай ақшаны бөлуге болады. Бұл не деген созбақай тірлік аяқталмайтын? Ол ақшаны біз салық төлеушілердің аузынан жырып беріп отырмыз ғой. Ал бұл кезде ол ақшаға ортақтасуға әзір тұратындар табылады.

Осы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, оның ішінде де осы комитет қазір ақшаны игере алмай жүр. Өйткені, қаптың аузын ашпай, қашан менімен бөлісетін адам табылады деп отыратындар көп. Игерілмеудің сыры осы ғой.

Ал Көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиев парламентарийлер алдында бұл сауалдарға анық, нақты жауап бере алмағанымен, мұның мән-жайын бізбен бөліскен кезде батылдау болып шыға келген түрі бар.

«Түркістан» газеті: Сіздің өз басыңыз осы квота төңірегіндегі коррупцияны тыю үшін не тындырдым деп ойлайсыз?

Жазбек Әбдиев, Көші-қон комитетінің төрағасы:

– Бізде сенім телефоны бар. Лауазымды адамдар жұртты бір айда бір-ақ рет қабылдаса, мен бір айда төрт рет қабылдаймын. Әр аптаның жұма күні оралмандар үшін менің есігім ашық. Мен олардан осы мәселелерге қатысты, «Кім сұрап отыр, ақшаны кім талап етіп жатыр? — деп сұрасам, айтпайды ғой, айтпайды. «Міне, қазір аты-жөнін жазып бер, ертең тексертіп, орнынан алып тастаймын» десем де, ешкім жақ ашпайды. Бұл жұрттың қалыптасып қалған психологиясы. «Менің алатын бес жүз мың теңгемнің жүз мыңын алып қояды» деп айтса болады ғой. Бірақ, мен жалынсам да, айтпайды. Не істеймін енді? Депутаттар да тіпті… Депутат болып көрдік. Депутаттың өмірі жеңілдеу ғой… Менің орныма бір күн отырып көрсінші, қалай боларын…

Дегенмен, Жазбек Әбдиевтің оралмандардың алатын бес жүз мыңының жүз мыңын көлденең көк аттылардың алып қоятынын «жақсы білетіні» таңдандырды. Егер оралмандар ол жайлы айтпаса, Әбдиев бұл мысалдарды қайдан біледі? «Оралмандардың психологиясы сондай… қалыптасып қалған. Айтпайды» дейді ол. Бәлкім, оралмандар бұл арада кім-кімнің қатысы барын іші сезіп, сондықтан да айтпайтын шығар?

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары